Инвазивтілікті және агрессивтілікті қамтамасыз ететін патогенділік факторлар(16 - сурет).
Микробтардың макроорганизмде жайылып таралу және оның қорғаныс факторларына қарсы тұру қабілеттілігі микробтар түзетін ферменттермен байланысты, ол әсіресе жасушадан тыстық облигатты паразиттерге тән. Ферменттер әрі жеткілікті, әрі кең жайылып (генерализованно) әсер ете алады. Олар токсиндердің әсерін күшейтіп және де протоксиндерді токсинге айналдырып жасушаларды және тіндердің талшықтарын бұзады. (нейраминидаза және гиалуронидаза) немесе макроорганизм үшін үлы заттар пайда болуы нәтижесінде өздері токсин ретінде әсер етеді. Мысалы, уреаза ферменті мочевинаны аммиак пен көміртек диоксидіне (көмірқышқыл газы) дейін гидролиздейді, немесе ішекте бактериялар түзейтін аминқышқылдарды ыдырататын декарбоксилазалар биогенді улы аминдардың пайда болуына әкеп соғады. Легионеллалардың протеазалары, көкжөтел қоздырғышының аденилатциклазасы т.б. макроорганизмге улық әсер етеді. Бір қатар микробтар эритроциттерді және лейкоциттерді бұзатын ферменттер (гемолизиндер және лейкоцидиндер) өндіреді. Бәлкім, кейбір жағдайларда ферменттер мен токсиндердің айырмашылығы шартты түрде болуы мүмкін, өйткені қазіргі кезде кейбір токсиндердің ферменттік белсенділігі анықталған.
Микробтардың макроорганизмге инвазиялануын және онда сақталуын қамтамасыз ететін ферменттерге жатады:
гиалуронидаза, бөтен заттардың енуіне кедергі жасайтын денелер тіннің негізгі кампоненті – гиалурон қышқылын ыдыратады;
нейраминидаза (син.: сиалидаза), жасушалардың беткейлік рецепторларының құрамына кіретін сиал қышқылын ыдыратады, соның нәтижесінде жасуша рецепторы микробтардың адгезиндерімен немесе олардың токсиндерімен өзара әсерлесу қабілеттілігіне ие болады. Осы ферменттің көмегімен микробтар макроорганизмнің бірінші тосқауылынан (барьерінен) өтеді. Бұл тосқауыл – шырышты қабықтардың бетін жауып тұратын және құрамында көп мөлшерде сиал қышқылы бар муциндік қабат. Кілегей каллоидтық қасиетін жоғалтады және толық бұзылады, ал шырышты қабықтың эпителиялық жасушалары (қалыпты жағдайда кілегеймен жабылған) колонизациялау үшін қолайлы жағдайға айналады. Бұл фермент микробтардың жасуша ішіне енуіне және олардың жасушааралық кеңістікпен таралуына әсер етеді. Өйткені сиал қышқылы әр түрлі тіндер мен ағзалардың құрамына кіреді. Сонымен, нейраминидаза кең спектрлі әсер етеді;
фибринолизин, қабыну процесі кезінде тіндерде пайда болатын фибрин ұйындысын ерітеді. Фибрин ұйындысы қабыну ошағын шектейді және макроорганизмде микробтардың жайылып таралуына кедергі жасайды. Фибриннің еріп кетуі (лизистенуі) микробтардың макроорганизмде инвазиялануына әкеледі;
плазмокоагулаза, плазманың коагуляциялануы қабыну ошағындағы микробтар айналасында қапшық (капсула) пайда болуына әкеледі, соның нәтижесінде микроб фагоцитозға және комплементтің әсеріне қарсы тұра алады;
ДНК-аза, жасушалар өлген кезде ортаға шығатын ДНК-ы деполимеризациялайды. Ол қоршаған ортаның тұтқырлығының төмендеуіне әкеледі, нәтижесінде тіндерде микробтардың дамуына қолайлы жағдай туындайды;
лецитиназа С (фосфолипаза), бұлшық ет талшықтарының, жасушалық мембраналардың т.б. құрамына кіретін лецитинді және басқа фосфоглицеридтерді ыдыратады. Лецитиннің гидролиздік өнімдері макроорганизмге улық әсер етеді.
Микробтардың макроорганизмде инвазиялануына әсер ететін агрессиялық және инвазиялық ферменттер, өзінің агрессивтік және жасушаларды бұзушылық әрекетімен қатар, макроорганизм жасушалары мен тіндерінің ыдырауынан пайда болған микробтардың тіршілік етуіне қажетті төменгі молекулалы өнімдерді дайындап, микробтар үшін трофикалық (қоректік) функциясын атқарады. Ол өз кезегінде жұқпалы ауруларға тән макроорганизмнің жүдеуіне әкеледі. Мысалы, фибринолизин менингококтарға фибрин ұйындысының арасымен таралуына әсерін тигізумен қатар, микробтардың тіршілік етуіне қажетті фибрин ыдырауының өнімі – амин қышқылдармен қамтамасыз етеді. Жұқпалы аурулар кезінде көптеген симптомдардың болуы микробтардың ферменттер өндіруімен түсіндіріледі. Мысалы, стафилококтар қоздырған пневмония кезінде іріңді ошақтардың пайда болуы, обамен ауырған адамдарда қақырықтың сұйықтануы т.б. Жұқпалы аурулардың патогенезінде арнайы ферменттер немесе жүйе ферменттері жетекші рөл атқарады. Мысалы, безгек қоздырғыштарының гемоглобинді бұзатын спецификалық протеазасы, немесе фибринолизин – оба қоздырғышының коагулазалық жүйесі, оба қоздырғышын тасымалдаушы бүргелерде обалық блок түзілуіне, адам организміне еніп оның таралуына әсерін тигізеді, және де гонококтар, олардың шырышты қабыққа адгезиялануына кедергі жасайтын А сыныпты секреторлық иммунды глобулиндерді гидролиздейді т.б. Бір қатар жағдайларда науқасқа ферменттерді тежеуіштерді (ингибиторларды) тағайындау қажеттілігі микробтардың ферменттер өндірушілік қабілеттілігімен түсіндіріледі. Сонымен, микробтардың ферменттері улық әсер етеді, микробтардың инвазиялануына және агрессиялық әсер етуіне көмектеседі, трофикалық (қоректік) функциясын атқарады.
Ферменттерден басқа патогенділік факторлар ретінде микроб талшықтары (қозғалу қызметін атқарады және фагоцитозға кедергі жасайды), және де гетерофильді антигендер (макроорганизмде микробтардың персистенциялануына көмектеседі) маңызды рөл атқарады. Гетерофильді антигендер – ол ұқсас антигендік детерминанттары болатын, бірақ тасушылары (носители) әр түрлі, бірнеше микроб түрлерінің өкілдеріне жалпы ортақ антигендер. Мұндай антигендер оба қоздырғышында және қаны бірінші топқа жататын адамдарда табылған. Оларға мерез қоздырғышының кардиолипидті антигені, В тобына жататын менингококтардың, мидың гликопептидтеріне ұқсас, капсулалық полисахаридті антиген және бірқатар басқа антигендер жатады. Гетерофильді антигендердің болуы арқасында макроорганизм микробтарды бөтен зат ретінде тани алмауы мүмкін, нәтижесінде микробтардың макроорганизмде сақталуына әсерін тигізеді. Осындай антигендердің пайда болуы ақырғы өнімдер биосинтезінің кездейсоқ қайталануы немесе бірнеше түлер өкілдерінің ұзақ уақыт бірге эволюциялық дамуының нәтижесі болып табылады. Бұл құбылыс антигендік мимикрия (ағылшынша: mimicry – тәріздес, ұқсас) деп аталады. Микробтарда осындай антигендердің болуы макроорганизмде аутоиммунды реакциялардың дамуына әсер етеді, өйткені мұндай антигендердің тасушылары (носители) әр түрлі болатындықтан жасушалардың тиым салынған клондары іске қосылады. Макроорганизмнің қорғаныс факторларының әсеріне төзімді антигендік варианттардың пайда болуы микробтардың маңызды қорғаныс механизмі болып табылады. Антигендік варианттардың пайда болып қалыптасуы иенің бір организмде де (безгек, эидемиялық және эпидемиялық қайталама сүзек, трипаносомоз т.б. қоздырғыштарына тән) және популяциялық деңгейде де (А типті тұмау вирусына тән) атқарылуы мүмкін.