Тұрақты препараттарды әзірлеу. Соңғы кездері көбіне миксоспорийлерден глицерин-желатинді препараттар дайындайды.
Зерттелуші дененің мүшелерінен жағынды жасап, паразиттің вегетативті кезеңдегі немесе споралары көрінген жағдайда жағындысы глицерин- желатинге салынады. Ол үшін заттық шыныдан ақырындап жабынды шыныны алып, жағындысын жоғары қаратып қойып қояды. Жағынды кепкен соң, скальпельдің ұшымен глицерин-желатиннің кішкене кесегін алып, спиртовка жалынында балқығанша қыздырады. Шамалы кебіңкіреген жағындыға глицерин-желатиннің 1-2 тамшысын тамызады. Тамшының шетіне бұрын алынып қойылған жабынды шыныны препараттық инемен ақырын жақындатып глицерин-желатинге салады. Жабынды шыны астында ауа көпіршіктері қалмауы тиіс. Глицерин-желатин қалың болып кетпеу үшін препараттық иненің сырт жағымен жабынды шыныны инемен ептеп басып та қояды. Кесіндіні ұзақ мерзімге сақтау үшін, құрғап кетпеуі үшін жабынды шынының шеттеріне ағаш таяқшаның көмегімен канифольді балауызды (кедр (балқарағай) немесе канадалық бальзамы да болады) жағады.
Паразиттің тіршілік циклын зерттеуге жағындылар әзірлеу керек. Дайын жағындыны шыныда қалған ірі су тамшылары кепкен соң, 1-2 минутқа абсолютті метилді спиртте (метанол) бекітеді. Содан кейін жағындыларды Романовский бояуымен бояйды. Бояу уақыты неғұрлым тез өтсе, соғұрлым боялу да көрнектірек болады, Бекітілген жағындыларды 2 сағатқа бояғыштың 2% ерітіндісіне салып қояды. Жағындылар әлсіздеу боялып, немесе ұзақ сақтау кезінде түссізденіп қалса, қайта бояуға болады. Ол үшін жағындыларды алдын-ала 70° тұз қышқылында ұстап толық ағартып, ағынды суда жуып, арықарай жоғарыда келтірілген әдіспен бояйды.
1.6.1 Diplostomidae метацеркарийлерінен тотальді препараттар әзірлеу. Өткір қайшымен айналасын қиып алып, көз алмасын шығарып, заттық шыныға қояды, көзді кесіп, шыны тәрізді дене мен көз бұршағын бөліп алып, МБС микроскопымен қарайды. Көз бұршағын екі заттық шынының арасына қыстырып, ортасында «ақ ядро» көрінгенше жаншып, МБМ пен қарайды. Шыны тәрізді денені де компресс тәсілімен көреді. Заттық шынының біреуін алып тастап, препараттық иненің көмегімен және ұшы имек шыны таяқшаның көмегімен метацеркарийді бөліп алып, 2-3 сағатқа сүзілген тоған суына салып қояды. Одан кейін судан тірі метацеркарийлерді алып, таяз қысқа пробиркаға ауыстырып, 15-20 минутқа сірке қышқылды кармин құяды. Карминді пробиркамен жинап алып (70°) тұз қышқылды спирт қосады. Мүшелердің боялуын МБС пен қарап анықтайды.
Гельминттерді 70°,80°, 90° және 96°спирттердің әрқайсысында 10 мин. ұстап сусыздандырады. Метацеркарийлерді диметилфталатта ағартады. Ол үшін гельминттерді ақырын, алдын-ала 96°спирт және диметилфталат құйылған бюкске салады. түссіздендіру басында, метацеркарийлер спирттің жоғарғы қабаты мен диметилфталаттың төменгі қабатында көрінеді. түссіздендіру біткен соң, гельминттер бюкстің түбіне түскен соң, жіңішке тамызғымен заттық шыныға ауыстырады. Екінші заттық шыныға бальзам жағып, 5-6 метацеркарийді препараттық инемен орналастырады да, МБС арқылы жаншуын бақылап, жабынды шынымен жабады. Препаратты этикеткалайды.