Модуль 1 Мәдениет теориясы: мәдениет типологиясы, мәдени процестер Тақырып 2 Мәдениет анатомиясы Сұрақтар және тапсырмалар
1. Мәдениет формалары. Өнер генезисі. Өнер қызметтері Мәдениет (арабша “маданият” – қала, қалалық; латынша – өңдеу, өсіру деген ұғымдарды білдіреді) – 1) белгілі бір халықтың қол жеткізген табыстары мен шығармашылығының жиынтығы; 2) адамзат қауымының белгілі бір тарихи кеңістіктегі қызметі мен өзіндік ерекшеліктері (палеолит мәдениеті, крит-микен мәдениеті, т.б.); 3) адамдық әрекеттің белгілі бір саласының жетілу деңгейі (сөйлеу мәдениеті, еңбек мәдениеті, құқық мәдениеті, т.б.); 4) агромәдениет (дәнді өсімдіктер мәдениеті, цитрустық мәдениет, т.б.). Мәдениет – адамның өз қолымен, ақыл-ойымен жасағандары және жасап жатқандарының бәрін түгел қамтиды. Жай ғана сауат ашудан және тазалық ережелерін сақтаудан бастап, өмірдің асқан үлгілі шығармаларын жасағанға дейінгі ұғымды қамтып жатқан – мәдениет саласының өрісі кең. Мәдениет – тарихи құбылыс. Оның дәрежесі мен сипаты қоғамдық өмірдің жағдайларына байланысты өзгеріп отырады. Тарихи дәуірлердің алмасуы мәдениеттің мазмұны мен формаларына сөзсіз терең өзгерістер енгізеді.
Мәдениет – қоғамның өмір сүруінің қозғаушы күші. Қазақстанның мемлекеттік басшысы Н.Ә. Назарбаев: «... бүгінгі таңда біздің төл мәдениетіміздің міндеттерін өзіміз айқындай алатын мүмкіндігіміз бар. Оны шешу мәдени санаткерлеріміздің еншісінде екенін атап көрсетті. Қазақ мәдениетінің үш мың жылдық тарихы ұрпақтарға жалғастық пен сабақтастық арқылы жетіп отыр. Мәдениеттің басты таратушылары болған көшпенді ата-бабаларымыз рухани қазынаны ең биік құндылыққа қоя алғандықтан және өздері сол рухани құндылықты бойына жинақтай да білді. Қазіргі бізге жеткен ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптардың қайсысын алып қарасақ та осыны аңғарамыз. Кешеге дейін өткеніміз бен бүгінгіміз жалғастырған нәзік жіп үзілмей, ұрпақ пен ұрпақты байланыстырып келеді. Сәби кезімізден анамыздың әлдиі мен әжеміздің ертегісін тыңдадық. Демек, ұрпақтар сабақтастығы үзілген жоқ. Мәдениетіміз тірі, оған серпін мен ырғық керек. Ғасырлар бойы екшеленген мұраларды бір сәт те естен шығармаған абзал» - деген.
Мәдениет – жеке адамның өмір сүру мақсаты мен құндылық жүйесі, адамның өмір сүрген ортамен қарым-қатынасы. Ол- өзара қарым-қатынас нәтидесінде қалыптасатын ерекше құбылыс.
Адамдар өздерін қоршаған ортаға, оның әлеуметтік және мәдени қатынасына әсер етеді, өзгертеді. Олар оны мақсатына пайдаланады. Болашақ қоғамға, ұрпаққа мұра етіп қалдырады, ал ол мұра белгілі жағдайда үнемі дамуда болады.
Мәдениет - әлеуметтік фактор, қоғамның қозғаушы күші. Мәдениеттің дамуы қоғамды ілгері жылжытады. Жеке адам мәдениеті мен қоғам талабы тікелей байланысты.
Мәдениеттің тұрақты жағы – мәдени дәстүр, соның арқасында тарихтағы адамзаттық тәжірибесіне сүйеніп, оны кемелдендіреді, дамытады.
Адамдар арасында келісім, ауызбіршілік, бірлік болмайынша, тұрақты дамуды бағдар тұтқан қоғамды қалыптастыру мүмкін емес. Сондықтан еліміз үшін басымдық танытушы идеяға айналған мәселе әлеуметтік-экономикалық қиындықтардан, әр түрлі тарихи кедергілерден мемлекетіміздің тұтастығын сақтай отырып, өркениетті елдер қатарына қосылу болып табылады. Бұл жерде мәдениеттің гуманистік –адамгершілік принциптеріне сүйену, рухани бағдарды ұстануы терең мағынаға ие болды. Өйткені мәдениеттің құлдырауы адамның рухани дүниесін аздырады, оның шынайы даму жолынан ауытқуына әкеліп соқтырады. Бұл еліміздің ұлттық қауіпсіздігінің түп негізіне әсер ететін құбылыс болып табылады.
Өмірдің заңына сәйкес мәдениет үнемі жаңғыруды қажет етіп отырды. Өзен өзінің мөлдірлігін суы ағып жатқан кезде сақтайды, тазалығымен адамды тәнті етеді, әлемділігімен табиғатты құлпыра түседі. Сол сияқты кез келген мәдениет жаңа толқынға, жаңа мағынаға ұмтылады, оған зәрулік танытады. Әрине, бұл дегеніміз ғасырлар сынағынан өткен дәстүрлі құндылықтарды түбегейлі жоққа шығару дегне сөз емес. Өйткені, тарихи сабақтастықтың логикасына сәйкес мәдениеттің ілгері үлгілері болады, онсыз ұлттық мәдениеттің қабырғасы сөгіледі, іргесі шайқалады /1/. Міне, сондықтанжаңа үлгілерге жаппай бетбұрыс жасаудың өз қисыны, өз ырғағы, өзіндік келбеті бар. Сондықтан, өтпелі кезеңнің мәдени өзгерістерінен дәстүрлік пен жаңашылдықтың ерекше синтезін, симбиозын іздеуіміз қажет сияқты. Әрбір жаңа нәрсені ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып қабылдаған абзал.
Мәдениеттің басқа салаларында жіктелген заттық және руханилық, объектілік және идеалдық, рационалдық жәнеэмоционалдық... – осылардың бәрі өнерде жігі бұзылмай, бірлесе, біте қайнасып жатыр.
Өнер – адамның әлемді көркемдік жағынан игеру жөніндегі әрекеті. Өнер арқылы адам өзінің эстетикалық дүниетанымын білдіреді. Өнерге неғұрлым дұрыс анықтама берген Н.Г. Чернышевский: "...Өнердің мазмұны – өмірдегі жалпы қызығушылық... өмірде адамның қызығушылығын тудырғанның бәрін бейнелеу" ("Өнердің шындық болмысқа эстетикалық қатынасы") деп жазған.
Өнер – өмір шындығын көркем образдар жүйесі арқылы бейнелейтін, қоғамдық сана мен адам іс-әрекетінің өзіне тән ерекшеліктерімен дараланатын форма. Өнер халықтың өмірін жай сәулелендіріп қана қоймай, ойын жетілдіреді, шығармашылығын дамытады. Өйткені өнер – әсемдіктің ең жоғары түрі.
Өнер өмірде болған оқиғаларды қаз-қалпында алмай, өзгертіп, түрлендіріп, көркем образдарды типтендіру арқылы сомдайтын эстетикалық құбылыс. Оны қоғамдық сананың өзге формаларынан даралайтын белгісі де адамның шындыққа деген эстетикалық қатынасы болып табылады. Өнердің мақсаты – дүниені, адам өмірін, қоршаған ортаны көркемдік-эстетикалық тұрғыдан игеру. Көркем шығарманың бел ортасында нақты бір тарихи жағдайда алынған жеке адам тағдыры, адамдардың қоғамдық қатынастары мен қызметтері тұрады. Олар суреткер қиялы арқылы өңделіп, көркем образдар түрінде беріледі. Шығарманың суреттеу тәсілі, құрылымдық келбеті, көркем бейне жасаудың материялдық арқауы өнер түрлерінің ерекшеліктерін айқындайды. Осыған сай өнердің: