Мемлекеттің сыртқы қызметі – халықаралық қатынастар саласына қатысты оның сыртқы саяси міндеттерін шешуді қамтамасыз ететін бағыттар. Сыртқы қызметтің түрлері: елдің қорғаныс, дипломатиялық халықаралық қатынастарды қамтиды.
Мемлекеттік аппарат – мемлекеттік міндеттерді шешу, оның қызметтерін іс жүзіне асыру мақсатында құрылған мемлекеттік органдардың, сондай-ақ билікті ұйымдастырушы және ұйымдастыру-мәжбүрлеу құралдарының жүйесі болып табылады.
Мемлекет аппараты атқаратын қызметі мен өкілеттілігіне байланысты үш топқа бөлінеді: 1-топ, мемлекеттің заң шығарушы және өкілді органдары. (Парламент, жергілікті өкілді органдар);
2-топ, мемлекеттің атқарушы органдары – мемлекеттің Конституциялары мен заң талаптарын іс жүзіне асыру міндеті жүктелген органдар: Үкімет, министрліктер, т.б. органдар;
3-топ, құқық қорғау органдары: сот, прокуратура, ішкі істер органдары, әділет органдары.
Мемлекеттің нысандары үш топқа жіктеледі: мемлекеттің басқару нысаны, құрылым нысаны, саяси жүйесі. Мемлекеттің басқару нысаны екіге бөлінеді: монархия және республика. Монархиялық басқару - мемлекеттік биліктің бір адам қолына шоғырлану нысаны, яғни биліктің мұрагерлік негізде атадан балаға қалуымен жүргізілуі.
Республикалық басқару - бірнеше басқару органдар жүйесінің шектеулі мерзімге сайланбалы түрде жүзеге асырылуы нысаны.
Республиканың үш түрі бар: Президенттік, Парламенттік және жартылай Президенттік немесе Парламенттік.
Мемлекеттің құрылым нысаны үш түрге бөлінеді. Олар: Унитарлы - әкімшілік-аумақтық бөліністерге бөлініп құралған біртұтас мемлекет.
Федерациялы - бірнеше мемлекеттік құрылымдардан құралған мемлекет.
Конфедерация - бірнеше мемлекеттердің белгілі бір мақсатта біріккен одағы.
Саяси жүйе – демократиялық және антидемократиялық болып жіктеледі.
Құқық ұғымы екі үлкен мағынада түсіндіріледі: субъективті және объективті. Субьективті мағынада: құқық дегеніміз - тұлғалардың мүддесін қанағаттандыру мақсатында құқықтық нормалардың тұлғаларға берілген құқықтық мүмкіндіктері. Мұндай мүмкіндіктер құқықтық қатынастарға түсуші тұлғалардың мінез-құлқының шегін анықтайды.
Мәселен: әрбір азаматтың оқып, білім алу құқығы.
Обьективтік мағынада: құқық дегеніміз -жалпыға бірдей міндетті, мемлекет күшімен қамтамасыз етілетін, қоғамдық қатынастарды реттейтін, заңда және басқа да ресми құжаттарда анықталған құқықтық нормалардың жиынтығы.
Құқықтың белгілері: Жүйелілігі – бірнеше бөлшектен тұратын жүйелі құбылыс. Мысалы: адамның өмірі мен денсаулығы табиғи құбылыстар.
Нормативтік сипаты – құқықтың нормалары тұлғалардың іс-әрекетінің, мінез-құлықының үлгісі. Құқықтық норма қоғамдық қатынастарды қажетті арнаға бағыттап реттейді, ұйымдастырады, тұрақтандырады.
Формальды анықтылығы – құқықтың мемлекетпен байланыстылығын көрсетеді, яғни құқықты құрайтын заңдарды, нормативтік актілерді жасайтын мемлекеттік органдар болып табылады. Ол заңдар ресми түрде қабылданған ережелер жиынтығын құрайды.
Мемлекеттің күшіне сүйенуі – мемлекеттік органдар заңдардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді. Егер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қол сұғылса, мемлекет оларды қорғайды. Заң бұзғандар құқықтық жауапқа тартылады, мүмкіндігінше бұзылған құқық қалпына келтіріледі.
Адамдардың еркін білдіруі – құқықтық нормалары азаматтардың еркін білдіреді, яғни мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы – халық. Халық билікті тікелей еркін сайлау және өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға беру арқылы жүзеге асырады. Ол – халық үшін қызмет істейді.
Құқықтың қайнар көздері болып құқықтың негізгі бастау, идеялары табылады. Құқықтың қайнар көздері: нормативтік құқықтық актілер, соттық прецеденттер(үлгілер), әдеп-ғұрып нормалары, құқықтық келісім-шарттар.