Дәріс
Сөз таптарының формалану мүмкіндіктері. Зат есім.
Типтік оқу бағдарламасынан көшірме
Есім сөздердің сөз таптарына топтастырылуы. Зат есім,сын есім, сан есім және есімдік. Есім сөз таптарына тән грамматикалық категориялар.
Зат есім. Лексика-граматикалық сипаты. Адамзат және ғаламзат есімдер, ерекшеліктері. Жалқы және жалпы есімдер, оладың семантика-морфологиялық сипаты. Көптік мәнді білдіретін зат есімдер. Эмоционалды-экспрессивті мәнді зат есімдер, жасалу жолдары.
Көмекші есімдер, лексика-грамматикалық сипаты. Құрылымына қарай жалаң(негізгі, туынды) және күрделі(біріккен, қосарланған, қысқарған, тіркескен) зат есімдер болып бөлінуі, ерекше сипаттары. Зат есім тудыратын жұрнақтар. Есімдерден зат есім және етістіктерден зат есім тудыратын жұрнақтар, олардың өнімді және өнімсіз түрлері. Зат есімнің реңк мәнін тудыратын жұрнақтар (-еке, -й,-тай,-жан, -қан, -қай, -шақ, -шық, -ша, -ш, -сымақ, -шығаш, - екеш). Зат есімдердің көптік, тәуелдік, септік, жіктік жалғаулармен түрлену жүйесі.
Зат есімнің синтаксистік қызметі, зерттелуі.
Дәріс жоспары
1. Зат есімнің жалпы сипаттамасы.
2. Зат есімнің мағыналық топтары.
3.Зат есімнің синтаксистік қызметі.
Дәріс мақсаты: Студенттерге зат есім және оған тән негізгі белгілері, мағыналық топтары жайлы теориялық мәлімет беру.
Айналамыздағы қоршаған дүниедегі зат пен жан-жануар атаулыға, барша құбылыс пен уақиғаға – болмыс атаулыға есім, атауыш болып келетін сөздердің бәрі – зат есімдер. Лексикалық тұрғыдан алғанда зат есімдер өз алдына мағыналық дербестігі бар, заттық ұғымды білдіретін сөздер. Лексика-семантикалық өрісі аса кең сөз таптарының бірі – зат есімдер. Мысалы: күнделікті тұрмысымызда жиі айтылып, жиі қолданылатын түрлі бұйымдар мен нәрселердің аттары ( ыдыс-аяқ, қасық, табақ , жүген, асық) , тағамдардың аттары ( сорпа, қазы-қарта, жент, өрік-мейіз,,нан, сүт, шұжық ), жан-жануарлар аттары ( жылқы, түйе, киік, түлкі, мысық, ит), өсімдік атаулары( қайың, тобылғы ,бидайық), табиғат денелері мен құбылыстардың аттары( ай, жұлдыз, жауын-шашын, боран, аяз), адамның кәсібін, тегін, мамандығын , қабілетін, қоныс-тұрағын білдіретін сөздер( мұғалім, тілші, диқан, қаламгер, мүсінші, саудагер, алыпсатар, саятшы, керей, найман, қазақ), тұрмыс-салтқа, әдет ғұрыпқа байланысты айтылатын сөздер(айтыс, көкпар, шілдехана, жар-жар, қыз қуу).
Зат есім деп аталатын сөздердің өздеріне тән морфологиялық ерекшеліктері де бар. Олар өздерінің лексика-семантикалық сипаттарына қарай, сөйлемдегі өзге сөздермен еркін қарым-қатынасқа түсетіндіктен, сол қатынастарға аса қажетті көптік, тәуелдік, септік және жіктік жалғауларын қабылдап , түрленіп отырады, екіншіден зат есімдердің сөз тудыратын және форма тудыратын арнаулы жұрнақтары бар.
Зат есімдер тілдегі өзге сөздердің барлығына әрі ұйытқы, әрі өзек болып қызмет атқаратындықтан, әдетте сөйлемнің барлық мүшелері ретінде қолданыла береді. Зат есімдердің ең негізгі қызметі – бастауыш, толықтауыш, анықтауыш болу.
Өзара бір-бірімен байланысты осы үш түрлі белгіні семантикалық, морфологиялық, синтаксистік белгілерді ұштастыра қарағанда ғана, зат есім деп аталатын негізгі сөз табының сыр-сипаты толық ашылады.
Зат есімнің лексика – грамматикалық сипаты.
Зат есімдердің қай-қайсысы болсын заттық ұғымды білдіретіндіктен, олар негізінен біркелкі болғанымен іштей нақтылық және абстрактілік, жалпылық және жалқылық, даралық және жинақтылық, жекелік және топтық сияқты семантикалық категорияларды қамтиды.
Тілімізде немесе өмірде көзбен көріп, қолмен ұстап тануға болатын заттарды деректі немесе нақтылы я конкретті зат есімдер деп аталады.
Мысалы : сөздік, кітап, домбыра, кілем, бөрік.
Сол сияқты тілімізде ой арқылы сезілетін яғни көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін зат есімдер де қалыптасқан. Оларды дерексіз я абстракты зат есімдер деп аталады. Мысалы : сезім, қиял, әсер, інкәрлік, ой, сана.
Заттардың ішінде даралау және жинақтау ұғымын білдіру қабілеті де жоқ емес. Мысалы : құрт, құмырсқа, апа, қарындас,төсек, шөп тәрізді дара сөздер белгілі заттардың аты болса, құрт –құмырсқа, апа – қарындас, төсек –орын, шөп – шалам сияқты қос сөздер белгілі бір ұғымдарды жинақтап, олардың топ-тобының атын білдіреді. Ал мая-мая , қора –қора , тау-тау сияқты қос сөздер бөлу я даралау ұғымын білдіреді.
Зат есімдерді семантикалық ерекшеліктеріне қарай іштей мал атаулары, өсімдік атаулары, құрт-құмырсқа атаулары, үй-мүліктерінің атаулары, саяси- әлеуметтік салада қолданатын атаулар деп бөлуге болады .
Зат есімнің ішінде өздеріне тән семантикалық және грамматикалық ерекшеліктері бар кейбір топтарда кездеседі. Мысалы : адамзат( кімдік) және ғаламзат(нелік) есімдерін, жалқы есімдерді, көптік мәнді есімдерді, эмоциялы –экспрессивтік зат есімдерді, көмекші есімдерді жатқызуға болады.
Тіліміздегі зат есімдерді семантикалық және грамматикалық сипаты жағынан талдаған кезде , олардың бір саласы адам атаулары, екінші саласы адамнан өзге жан- жануарлар мен заттардың атаулары болып келеді. Осы аталған екі топтың біріншісіне қатысты сөздердің бәрі тек кім?-деген сұрауға жауап береді. Кім?-деген сұрауға жауап беретін зат есімдерге жалпы адам атаулары жатады. Зат есімнің бұл тобына адам атаулымен байланысты ұғымдардың аттары және кісі аттары енгендіктен , оларды семантикалық ерекшеліктеріне қарай адамзат есімдері деп атауға болады(Персондық есімдер).
Не?- деген сұрау адамнан өзге барлық жан-жануарлардың және күллі заттар мен нәрселердің атауларына қойылады. Мысалы : топырақ, су, күлкі, ағаш, жусан, нан, ірімшік, аю, жолбарыс,үй . Зат есімдердің бұл тобы адамнан өзге жан-жануарлардың, заттар мен нәрселердің, заттық ұғымдардың атауларын түгел қамтитындықтан, оларды семантикалық ерекшеліктеріне қарап ғаламзат есімдері(наперсондық есімдер) деп аталады.
Тілдегі әр алуан деректі және дерексіз ұғымдарды білдіретін зат есімдер әдетте жалпы есімдер деп аталады. Мысалы : ағаш, ат, ас, дала, су.
Ал заттар мен заттық ұғымдарды жалпылама түрде атайтын осындай жалпы есімдермен қатар белгілі бір ғана затты арнай, даралай атайтын жалқы есімдер де бар. Жеке я дара заттарға берілген осындай зат есімдерді жалқы есімдер дейміз.Мысалы : Асқар, Тайбурыл, « Еңбек», Көкшетау, Абылай хан алаңы, Абай проспектісі.
Затты жеке – даралап атамай, оның жиынын тобымен атайтын зат есімдерді көптік мәнді есімдер деп атайды. Мысалы: ұн, алтын, жел.
Зат есімдердің ішінде затты я заттық ұғымды әдеттегідей атаумен қатар, сол аталған заттың сын-сипаты жағынан қандай екендігін қоса-қабат білдіре атайтын, олардың кейбір өзіндік сипатын нақтылай түсіп, әсерлеу не бейнелеу жолымен қолданылатын топтары да бар . Мысалы: көл, тау, төбе, арба деген жалпы есімдердің көлшік, таушық, төбешік, арбашық деген түрлері , сандық, кітап деген зат есімдердің сандықша, кітапша деген түрлері бар. Сонымен қатар бастықсымақ, өлеңсымақ деген қомсыну мағыналы зат есімдерді де атап өтуге болады.
Сол сияқты адамға байланысты әке, шеше, апа тәрізді туыс атауларын әкей, шешей, апай деп, шешетай, ағатай, әкежан деп те қолданылу бар. Сондай-ақ бала,бота сөздерін балақан, ботақан деп, бөпе, қалқа, сәуле секілді жалпы есімдер мен Әлия, Нұрлан тәрізді жалқы есімдерді бөпеш, қалқаш, Сәулеш, Нұрыш, Әлкен деп айту да кездеседі. Сөйтіп, кейбір зат есімдердің әдеттегідей бейтарап түрде жалпы қолданылуымен бірге, үлкен тұтып құрметтеу я сыйлау, кіші тұтып еркелету, кем тұтып қомсыну тәрізді эмоциялық әсер, экспрессивтік рең бере қолданылатын формалары болады. Бұл формалар мен жай түрде айтылған сөз формалардың араларында өзара ерекшеленетін семантикалық айырмашылық болады.
Зат есімдердің көпшілігі өздерінің лексикалық мағыналарында жұмсалып, өздеріне тән түрлену жүйелерін және сөйлемде өз алдарына дербес мүше болу қасиеттерін сақтап отырады. Ал кейбір зат есімдер өздеріне тән байырғы қызметтерінен жартылай айрылып, көбінесе көмекші сөздер, яғни көмекші есімдер есебінде жұмсалады.
Көмекші есімдер деп лексикалық мағыналары бірде бүтіндей сақталып, бірде солғындап, өзге сөздермен тіркесу ерекшеліктеріне қарай, синтаксистік жағынан кейде жеке-дара мүше есебінде кейде күрделі мүшенің құрамындағы дәнекер элемент есебінде қолданылып, морфологиялық жағынан зат есімдерше түрленіп отыратын жәрдемші сөздерді айтамыз. Көмекші есімдер сан жағынан көп емес, оларға: алды, арты, асты, үсті, жаны, қасы, арасы, ортасы, іші, сырты, басы, беті, шеті, түбі, тұсы, маңы сияқты сөздер жатады.
Көмекші есімдердің негізгі сөздерге үстейтін қосымша мағыналары көбінесе көлемдік, мезгілдік қатынастарды білдіреді. Көмекші сөздердің мағыналары қаншалықты солғындағанымен, шылау сөздердегідей бүтіндей я жартылай жоғалып кетпейді.Көмекші есімдер алдында тұрған ілік жалғаулы сөзбен әбден жымдасып, сонымен біртұтас семантикалық бірлік түзеді. Көмекші есім деп грамматикалық өзгеріске түсіп дерексіздену нәтижесінде заттық мағынасынан айрыла бастаған тәуелдік жалғаулы көбіне мекендік септіктерде қолданылып, матаса байланысқан тіркестің екінші сыңары қызметінде жұмсалатын зат есімнің кеңістік мәнді ерекше бір тобын айтады. Лексикалық жағынан алғанда, қазақ тіліндегі көмекші есімдерді білдіретін мағынасына бір нәрсенің үстіңгі, астыңғы жағын, алдыңғы , артқы жағын, шеті мен жанын, айналасын, ішкергі тұсы мен ортаңғы тұсын білдіретін ыңғайына қарай оларды шартты түрде горизанталь бағыттағы кеңістік қатынасты білдіретін, вертикаль бағыттағы кеңістік қатынасты, көлемдік кеңістік қатынасты білдіретін көмекші есімдер деп бөлінеді.
1.Горизанталь бағыттағы кеңістік қатынасты білдіретін көмекші есімдерге : алды, арты, қасы, жаны, маңы, тұсы, шеті, жан-жағы, айналасы, төңірегі секілді сөздер жатады.
2.Вертикаль бағыттағы кеңістік қатынасты білдіретін көмекші есімдерге : асты, үсті, беті, түбі секілді көмекші есімдер кіреді.
Құрылымы жағынан зат есім жалаң да, күрделі де болады.
Жалаң зат есімдер екі салаға бөлінеді: біріншісі – түбір зат есімдер, екіншісі – туынды зат есімдер.
Түбір зат есімдер деп қазіргі кезде тиісті морфемаларға(түбірге және жұрнаққа) бөлшектенбейтін, демек, түбір сөзден жұрнақ арқылы жасалған заттық атауларды айтамыз.
Күрделі зат есімдерге кемінде екі я онан да астам түбір морфемадан құралған формалар жатады. Олар:
1)Бірккен зат есімдер(бәйшешек, белбеу,көкпар);
2)Қосарланған зат есімдер(жігіт-желең, жауын-шашын);
3)Құрама зат есімдер(қоғамдық еңбек, сары май);
4)Қысқарған зат есімдер(КарМУ, КМУ).
Достарыңызбен бөлісу: |