Морфология – грамматикалық категориялар мен грамматикалық тұлғаларды зерттейтін тіл білімінің саласы. «Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы»



бет25/61
Дата29.10.2023
өлшемі290,73 Kb.
#121004
түріБағдарламасы
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   61
Байланысты:
kazirgi kazak tilinin morfologiyas nan daris tezisteri (1)

Синтаксистік қызметі
Субстантивтенген есімдіктер сөйлемнің барлық мүшесі бола алады, ал атрибутивтік есімдіктер анықтауыштық қызметке бейім тұрады. Сөйлемнің өзге мүшелерінің қызметін субстантивтенген жағдайда атқарады.
Есімдік сөздердің жалпы синтаксистік бір ерекшелігі, есімдіктердің өзіне бағыныңқы сөздері болмайды. Яғни есімдіктер сөйлемде қолданылғанда, ешқашан өзіне тән анықтауыш немесе пысықтауыш мүшелерін қажет етпейді. Сонымен, қорыта айтқанда, есімдіктер – мағыналары тым жалпы, контексте қолданылу мақсатына қарай әр түрлі нақтылы мағыналарға ие болатын, субьективті-обьективтік нұсқаушы сөздер.
Есімдіктердің түрлері
Есімдіктер мағыналық ерекшеліктері жағынан жеті топқа бөлінеді.
1. Жіктеу есімдіктері.
2. Сілтеу есімдіктері.
3. Сұрау есімдіктері.
4. Өздік есімдіктері.
5. Жалпылау есімдіктері.
6. Белгісіздік есімдіктері.
7. Болымсыздық есімдіктері.
Жіктеу есімдіктері
Жіктеу есімдіктері әрқашан белгілі бір жақты көрсету үшін қолданылатын сөздер боп саналады. Сол себепті олар үнемі адаммен байланысты, яғни сөйлеуші, тыңдаушы, бөгде кісі деген ұғымдармен байланысты. Мысалы: мен - 1жақ сөйлеуші, сен – 2 жақ тыңдаушы, ол – 3 жақ бөгде кісі деген ұғымдарды ұғынамыз.
Мен - сөйлеушіні көрсетуші; Сен – тыңдаушыны көрсетуші ; ол – бөгде кісіні көрсетуші ; Біз – сөйлеушіге тән топты көрсетуші; Сендер – сөйлеушінің сөзі арналған топты көрсетуші ; Олар – бөгде топты көрсетуші.
Жіктеу есімдіктері өздерінен басқа да сөздермен жалғастырып байланыстыратын әрқилы морфологиялық түрлендіруші формаларды қабылдай алады. Жіктеу есімдіктері өзінің негізгі жақтық мағынасында қолданылғанда, тәуелдік жалғауларының тек абстракциялы меншікті білдіретін түрі – нікі, - дікі қосымшаларын қабылдайды.
Менікі де кетті. Сенікі жөн. Оныкі емес.
Есімдік қай жақта тұрса, оған сол жақтың ғана жіктік жалғауы жалғанады.
Мысалы : менмін, сенсің, бізбіз.
Сөйлемде бастауыш жіктеу есімдіктерінің бірінен болса, баяндауышпен жақ жағынан қиысып тұрады.
Мен жылы сөзді осы күнгі Ахмет деген кісіден естідім.
Жіктеу есімдіктерінің бәрі де септік жалғауларын қабылдайды .
Атау септік : мен, біз;
Ілік септік : менің, біздің ;
Барыс септік : маған, бізге;
Табыс септік : мені, бізді ;
Жатыс септік : менде, бізде;
Шығыс септік : менен, бізден;
Көмектес септік : менімен, бізбен ;
Жіктеу есімдіктері сөйлемде бастауыш, баяндауыш, толықтауыш қызметін атқарады. Пысықтауыштық қызмет жіктеу есімдіктеріне тән қасиет болып саналмайды.
Сілтеу есімдіктері
Сілтеу есімдіктеріне тән сөздердің негізгі лексикалық мағыналары аралық қатынастарды көрсету болып табылады. Сол себепті сілтеу есімдіктері әрқашан сөйлеушіге не сөйлемдегі субьектіге субстанциялар мен құбылыстардың әр алуан жақын не алыстық сияқты аралық қатынастарын білдіріп отырады.
Анау – қалмақтың иті, мынау – қасқыр тымақтың иті.
Сілтеу есімдіктері аралық қатынастарды білдіру жағынан ішінара жақын-алысырақ, алыс-жақынырақ сияқты қарама-қарсы мағыналарда қолданылатын сөздер болып бірнеше жікке бөлінеді. Сілтеу есімдіктері кез келген бірыңғай немесе әр қилы субстанциялар мен құбылыстардың ішінен белгілі біреуін даралап бөліп алып, соған тыңдаушының көңілін аудару мақсатында қолданылады.
Үндемей жүріп мына Әбіш бәрінен озды. Ана бір Ахметжан, Құлтас деген қулар бар, бәрі қосылып қыздың басына ерік қағазын алыпты.
Осы мысалдардағы мына, ана сөздері кісі біткеннің ішінен белгілі бір кісіге ғана, тыңдаушының көңілін аударып тұрғаны айқын көрінеді.
Сұрау есімдіктері
Сұрау есімдіктері заттар мен құбылыстардың атын, санын, сапасын, мекенін, мезгілін, амалын білу мақсатында айтылатын сөздер. Сұрау есімдіктеріне кім, не, қай, қандай, қалай, қайда,қайдан, қашан, қанша, неше, нешінші, қаншасы сөздері жатады. Демек, сұрау есімдіктерінің мағыналары тым жалпы түрде берілетіндіктен кім?, не? сияқты субстантивтік және қай?, қайсы? деген атрибутивтік сөздерден тұрады.
Сұрау есімдіктерінің бәріне бірдей тән өзіндік ерекшелік деп айтарлықтай бірыңғай морфологиялық түрленуі не синтаксистік қызметі жоқ. Олар қай сөз табына байланысты сұрала айтылса, сол сөз табының орнына қолданылады. Сондықтан олардың грамматикалық формалары мен синтаксистік қызметтері сол жауап боларлық сөздерінің қасиеттеріне байланысты ғана белгіленеді. Мысалы : кім?, не? сөздері зат есімше түрленіп, солардың қызметін атқарса, қай?, қандай? сөздері - сын есім, қалай?, қайда?, қайдан?, қашан? Сөздері – үстеулер, қанша?, неше?, нешінші? Сөздері – сан есімдер сияқты түрлену формаларын қабылдап, синтаксистік қызметтері де сол сөз таптарымен бірдей боп келеді. Демек, сұрау есімдіктердің өзге есімдік сөздерден бөліп алатындай іштей грамматикалық бірлігі болмайды. Белгілі бір формалар не қызметтер арқылы бастары бірікпейтін сөздер боп саналады. Сұрау есімдіктерінің басын қосып, біріктіріп тұратын негізгі белгі – олардың сұраулық мәнде қолдануы. Сөйлемнің жалпы мағыналық ерекшелігіне және қолданылу өзгешелігіне қарай сұрау есімдіктері кейде өзінің негізгі сұраулық мағынасын бермейтін кездері байқалады. Яғни заттар мен құбылыстар амал, мекен, мезгіл ұғымдар дәрежесінде қолданылады. Ондайда бұл есімдіктерге жауап болатын сөздер қажет етілмейді, ол жауап сұрау есімдігінің өз бойынан жалпылама түрде сезілетін заттық және белгілік, мекендік, мезгілдік, экспрессивтік мағыналар арқылы беріледі.
Не дерімді білмедім. Тұратын үйлері қандай!
Тәуелдік жалғаулары сұрау есімдіктерінің бәріне бірдей жалғанбайды. Мәселен : қай?, қашан?, неше?, қалай? деген сұрау есімдіктері мүлде тәуелденбейді. Кім?, не?, нешеу? сөздері тәуелденеді.
Жіктік жалғаулары сұрау есімдіктерінің ішінен тек кім?, қандай?,қалай?, қайсы? сөздеріне ғана жалғанады.
Септік жалғаулары да сұрау есімдіктерінің бәріне бірдей жалғана бермейді. Қандай?, қалай? Есімдіктері мүлде септелмейді. Неше?,қанша? сөздері барыс, жатыс, шығыс, қашан? барыс, шығыс, қай? жатыс, шығыс жалғауларын ғана қабылдай алады.
Сұрау есімдіктерінен кім, не, қайсы, нешеу сөздері септеледі.
Көптік жалғауы кім, не, қайсы, неше сөздеріне ғана жалғанады. Сұрау есімдіктері сөйлем мүшелерінің бәрінің де қызметін атқара алады. Кім, не және тәуелденген сұрау есімдіктері бастауыш болады, қай сөзі ешқашан баяндауыш қызметін атқармайды. Қашан, қалай есімдіктері тек пысықтауыш болып келеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   61




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет