Функциялық етістіктер
Қазақ тілінде етістік негіздерінің болымды және болымсыз түрлеріне арнайы форма тудырушы қосымшалар жалғану арқылы етістікке тән әртүрлі грамматикалық формалар пайда болады. Етістіктің мұндай формалары : есімше, көсемше, тұйық етістік, шартты рай формасы, -ғы тұлғалы және ортақ етіс тұлғалы қимыл есімдері. Осы формалар өздерінің морфологиялық және синтаксистік қызметіне қарай үш түрлі функция атқарады.
Бұлардың бір тобы өзінің семантикасы және синтаксистік қызметі жағынан зат есімдерге жақын келеді. Бұл топқа тұйық етістік, -ғы тұлғалы және –с тұлғалы қимыл есімдері жатады. Сондықтан бұл үш форма қимыл есімдері деп аталады. Қимыл есімдерден зат есімге айналған сөздер көп. Мысалы : оқу, жазу, бояу, соққы, түрткі, айтыс, сөгіс.
Тұйық етістік пен ортақ етіс тұлғалы қимыл есімі зат есімге тән септік , тәуелдік, көптік формаларымен түрленіп, қимылдың есімі түрінде зат есім мағынасында қолданылады. Сөйлемнің бастауышы және толықтауышы қызметін атқарады. –ғы тұлғалы қимыл есім тәуелдік жалғауы арқылы үш жақта қолданылады да, кел көмекші етістігімен тіркесіп, күрделі етістік түрінде жұмсалады, басқа түрде –ғы тұлғалы қимыл есімі тілімізде қолданылмайды.
Етістік формаларының екінші тобына жататындары – есімшелер. Есімшелер өздерінің морфологиялық түрленуі және синтаксистік қызметі жағынан сын есімнің функциясын атқарады. Яғни есімшелер зат есімнің тікелей алдынан келіп, анықтауыш қызметін атқарады, сол анықтайтын затының қимылдық белгісін білдіреді.
Мысалы : мінетін ат, айтар сөз, келген кісі.
Сонымен бірге есімшелер септік, тәуелдік, көптік формаларында қолданылып, сын есім тәрізді субстантивтенеді, яғни зат есім мағынасында қолданылады. Сөйтіп, есімшелер сын есіммен функциялық ұқсастығына қарай, қимыл сын деп аталады.
Етістік формаларының үшінші тобына жататындары - өткен шақ көсемше( -ып,-іп,-п), келер шақ көсемше (-а, -е, -й ), мақсатты көсемше (- ғалы, -гелі ), шартты рай формасы (- са, -се ). Бұл формалар өздерінің морфологиялық белгісі және синтаксистік қызметі жағынан үстеу сөз табына жақын, яғни үстеудің функциясын атқарады. Сондықтан бұл аталған формалар қимыл үстеу деп аталады. Қимыл үстеуге жататын етістік формалары өз алдында жеке тұрғанда, мағынасы тиянақсыз болады, сөйлем ішінде және сөз тіркесі құрамында басқа етістіктермен қарым- қатынасқа түсу арқылы ғана белгілі ұғымға ие болады. Қимыл үстеулері жақ жалғаулары арқылы жіктелгенде немесе басқа бір көмекші етістіктермен тіркескенде ғана олардың мағыналары тиянақталады ( оқыпсың, айтсаң етті ).
Қимыл үстеу етістік формаларының қимыл есім және қимыл сын етістіктерінен өзгешелігі бұлар зат есімге тән септік, тәуелдік, көптік формаларымен түрленбейді, тек жақ жалғауларымен түрленіп, предикаттық қызмет атқарады.
Сөйтіп, етістіктің жіктелетін формалары, белгілі сөз таптарының функциясын атқаруына байланысты функциялы етістіктер деп аталады.
Етістік формаларының ішінде басқа сөз таптарының функциясын атқармайтын, тек жақ жалғауларымен түрленіп, предикатив қызметінде етістік мағынасында ғана жұмсалатын жедел өткен шақ формасы мен бұйрық рай формасы.
Достарыңызбен бөлісу: |