Тұйық етістік
Тұйық етістік барлық етістік негіздеріне яғни түбір етістіктерге және күрделі етістіктерге -у жұрнағы жалғану арқылы жасалады .
Мысалы : алу, келу, сөйлеу, оқымау.
Барлық етістіктерді қимыл деп бір сөзбен айтсақ, әрбір жеке қимылдың атын білдіретін етістіктердің атауыш түрі қазақ тілінде осы тұйық етістік тұлғасында беріледі. Тұйық етістік формасы әрбір жеке қимылды білдіретін етістік сөздің атауышы болып саналады.
Тұйық етістік есім сөздерше септеледі, тәуелденеді, көптеледі. Тұйық етістік есім сөздерше түрленгенімен, ол өзінің етістік мағынасын сақтайды,яғни әр түрлі қимылдық қатынастарды білдіреді. Тұйық етістік тұлғасындағы кейбір сөздер әрі етістік, әрі зат есім ұғымын білдіретін омоним сөздер болып қалыптасқан.
Мысалы : егеу-етістік, егеу - зат есім, жаау – етістік,жасау – зат есім (қыздың жасауы ).
Зат есімге айналған тұйық етістік тұлғалы сөздер мағынасы жағынан мынандай топтарға бөлінеді :
Үй бұйымдары мен құрал-сайман аттары :
Жабу, егеу, бояу, көсеу.
2 ) Мекен-жай атаулары :
Қыстау, күзеу, асу.
3 ) Дерексіз ұғым білдіретін зат есімдер :
Тілеу, оқу, тергеу, нұсқау.
4 ) Грамматикалық терминдерді білдіретін зат есімдер :
Үстеу, қалау рай.
Есімше
Қазақ тіл білімінде етістіктің есімше түріне ғалымдар әр түрлі анықтама береді. Мәселен Ы.Маманов: «Есімше дегеніміз әрі етістік, әрі сын есім тәрізді түрленіп, солардың қасиеттерін бойына сақтайтын етістіктің грамматикалық категориясы болып саналады» - деп тұжырымдайды (Қазіргі қазақ тілі. А.1966 ж. 99 бет).
А.Ысқақов: «Көптік, септік, тәуелдік, жіктік жалғауларда түрленіп, сөйлемде барлық мүше бола алатын морфологиялық және синтаксистік сипаттары бар, амал-әрекеттің атауы болу, семантикасы мен шақтық ұғымды білдіру қабілеттері де бар телі формалар есімшелер категориясы деп аталады»,- деген анықтама берген (Қазіргі қазақ тілі, А.1991 ж.,300 бет).
Профессор С.Исаев: «Оқулықтар мен кейбір зерттеулерде етістікке байланысты жаңсақ баяндалып жүрген грамматикалық тұлға – есімше, көсемше және тұйық етістіктердің жеке-жеке грамматикалық категория деп берілді. Бұлар етістіктің грамматикалық категориясы бола алмайды, етістіктің ерекше тұлғалық түрлері болып табылады, басқа грамматикалық категориялар (рай, шақ) жасауға тұлға бола алады, өйткені есімше мен көсемше тек етістік тұлғалары мен түрленіп қоймайды, басқа сөз таптарынша түрленіп, немесе мән беріп, қызмет атқарады, ал тұйық етістік болса етістікше тіпті түрленбейді» - деген тұжырым жасаған (Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты, А.1998, 162 бет).
Бұл келтірілген пікірлерден есімшенің табиғатын түсінуде ғалымдар арасында түрлі көзқарас болғандығы көрінеді.
2002 жылғы «Қазақ грамматикасында» есімше етістіктің функциялық формаларының бірі деп тұжырымдалған.
Есімше мағынасы жағынан етістіктерше болымды және болымсыз, салт-сабақты болып бөлініп, жақтық, шақтық мағынаны аңғартады. Бірақ түрленгенде есімдерше көптеледі, септеледі, тәуелденеді. Осы ерекшелігіне байланысты сөйлемде атрибутикалық және предикаттық мағынаға ие болады да, әрі етістік, әрі сын есім орнына жүре береді.
Есімше – ған; (-ген; - қан; -кен;), -ар (-ер; - р; -с), -атын; (-етін; - итін), -ушы; (-уші), -мақ (-мек; -бақ; -бек; -пақ; -пек) жұрнақтарының негізгі және туынды түбір етістікке, етістіктің болымды және болымсыз формаларына, етіс категориясының барлық түрлеріне жалғану арқылы жасалады. Ал қалау рай, бұйрық рай, шартты рай формаларына есімше жұрнақтары жалғанбайды.
Есімше жұрнақтарының қызметі - өзі жалғанған етістіктің аңғартатын мағынасын өзгертпей, заттың қимыл-әрекет арқылы білдіретін белгісін жасау. Мысалы, кел – қимыл әрекетті білдіретін етісті, ал келген (адам), келер (сөз), келетін (поезд), келуші (бала) – заттың қимыл нәтижесімен аңғарылған белгісі.
Есімше жіктеледі, бірақ етістіктерше емес, есімдерше жіктеліп, сөйлемде баяндауыш қызметін атқарады.
Есімше формасының әрі сын есім, әрі етістік ретінде қолданылуына қарай күмәнді пікірдің пайда болуы анық. Шындығында да, екі сөз табына тән белгілері бар бұл форманы қай сөз табына жатқызамыз? – деген сұрақ туындайды. Сондықтанда екі сөз табына тән тұстарын санамалап барып таразыға салу лауазым.
1. Есімшенің есімдерге жақындығы мен өзгешеліктері:
а) Есімше формалары сын есім сияқты заттың белгісін аңғартып, сөйлемде қандай? деген сұраққа жауап береді, анықтауыш қызметін атқарады. Бұл жағынан есімшенің сын есімнен айырмашылығы байқалмайды. Бірақ сын есім мен есімшенің заттың белгісін білдіруі бірдей емес.
Мәселен:
Көк шөп көгерген шөп
Ақ шаш ағарған шаш
Қызыл алма қызарған алма
Бұдан егер сын есімдер заттың тұрақты (статистикалық) белгісін білдірсе, есімшелер қимыл-әрекет нәтижесінде пайда болған өзгерісті (динамикалық) аңғартып тұр.
ә) Есімшелер сын есім сияқты көптеліп, тәуелденіп, септеліп, заттанады. Сөйлемде бастауыш, толықтауыш қызметін атқарады. Жіктеліп баяндауыш қызметін атқарады.
Мысалы: Көрмес – түйені де көрмес, - дегенде бірінші көрмес атау септігінде тұрып бастауыш болса, екінші көрмес жіктеліп, 3-жақ нольдік форманы қабылдап, баяндауыш қызметін атқарып тұр. Айтарыңды айтып қал, енді айналып келгенше дегенде айтар есімшесі әрі тәуелденіп, әрі септеліп толықтауыш боп тұр.
б) Етістіктің болымсыз формасына есімше жұрнағы жалғанғанда да есімшенің болымсыз мағынасы аңғарылады. Бірақ есім сөздер сияқты есімшелер де жоқ, емес сөздері арқылы болымсыз форма жасайды. Мысалы, бармаған – барған жоқ, барған емес. Демек, есімшелер болымсыздық форманы етістіктерше синтетикалық жолмен де, есімдерше аналитикалық формамен де жасайды.
2. Есімшелердің етістікке жақын белгілері:
а) Есімшенің етістіктің бір түрі болып есептелуіне оның септік жалғауларындағы сөзді салт және сабақты етістік ретінде меңгеруі себеп болады. Мысалы: кітапты алған, қаламды берер, хатты жазатын, жүкті тасушы, үйді көрмекші – дегенде табыс септігіндегі сөздерді сабақты етістік ретінде меңгеріп тұр. Ал балаға қараған, үйге жеткен, үйде отырған, даладан кірген, бізбен келген дегенде салт етістік ретінде барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктеріндегі сөзді меңгерген.
ә) Есімшелердің шақтық мағына берудегі қызметі ерекше. – ған қосымшалы есімше жіктеліп, өткен шақ мағынасын берумен қатар, атрибуттық қызметте тұрып та сол өткен шақтық мағынаны сақтайды. Мысалы: келген қонақ, қайтқан мал дегенде де атрибуттық мағына болып өткен қимыл-қозғалысқа байланысты білдіріп тұр. Дегенмен атрибуттық мағынада тұрған есімшенің бұл түрінің өткен шақты білдіруіндей анық та тұрақты емес.
Мәселен: енді келген адам бұл үйге кірмейді – дегендегі келген есімшенің мағынасы келетін, келер есімше формасының мағынасында қолданылып тұр. –ар: (ер; -р; -е) формалы есімшелер әркез келер шақ мағынасын білдіреді.
Аталған белгілер есімшені етістіктің бір түрі, оның ішінде функционалдық етістік формасы деп есептеуге мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |