4. Мақсат мәнді келершақ есімше Есімшенің бұл түрі етістікке –мақ/-мек/-бақ/-бек/-пақ/-пек жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Бірақ –мақ/мек/ жұрнағы жалғанған сөздің барлығынан мақсат мәнді келер шақ есімше жасала бермейді.
Мысалы: Кел демек бар, кет демек жоқ – дегенде мақсат мәні жоқ, қимыл есімін жасап тұр. Есімшенің бұл түрі барлық түрінен де өзгеше. Осы жағынан келіп не көптік, не септік, не тәуелдік жалғауын қабылдамайды. Тек жіктеліп, баяндауыш қызметін атқарады. Бұл ерекшелігі – бұл форманың есімшеге қатысын жоққа шығаратын тәрізді. –мақ формалы есімшеге қолданыс барысында –шы, -ші қосымшасы қосылып та айтылады. Бірақ бұл қосымша морфема емес, өйткені есімшеге жалғанғанмен не лексикалық, не грамматикалық мағына үстемейді. Сондықтан да-мақ формалы есімше мен – мақшы формалы есімше бір мағынада жарыса қолданыла береді.
Мысалы: Мен бармақпын. Мен бармақшымын.
Сондықтан –мақ жұрнағына қосылып тұрған –шы, -ны тұлғасын (субморф) деп таныған жөн. –шы, -ші тұлғасының мағынасы болмағанымен атқаратын қызметі бар. Ол қызмет –мақ формалы етістіктердің ішінде тек мақсат мәнді есімшеге жалғанып, оны ерекшелеп тұрады.
Мысалы: «Айналайын әкемдей болмақ қайда жар-жарау» - дегендегі болмақ сөзіне –шы тұлғасын жалғап айтуға болмайды. Демек, -шы тұлғасының қызметі мақсат мәнді келер шақ есімшені қимыл есімінен айрықшалап тұрады.
5. Осы шақ есімше -ушы,-уші жұрнағы етістік түбіріне не туынды етістікке жалғанып, осы шақ есімше түрін жасайды.
Есімшенің бұл түрі де атрибуттық және предикаттық қызметте жұмсалып, есім және етістік белгілерін аңғартады. Мысалы: Хабарлаушы жігіт, бақылаушы кісі, бағалаушы мекеме дегенде атрибуттық қызмет атқарып, қимыл-әрекет нәтижесінде пайда болған белгіні білдіріп тұр. Ал, хабарлаушымын, хабарлаушысың, хабарлаушы дегенде үш жақта жіктеліп, предикаттық мағынаны беріп тұр. Бірақ бұл белгілер есім сөзге тән белгілер. Сондықтан –ушы жұрнағы арқылы жасалған форманың етістікке (есімшеге) тән екендігін аңғару үшін салт және сабақты, болымды және болымсыз формалары бар ма, жоқ па, сол жағына назар аудару қажет.
Мысалы: бар-барушы, кел-келуші (салт)
ал-алушы, жаз-жазушы (сабақты)
барушы-бармаушы, жаратушы-жаратпаушы
Демек, -ушы жұрнағын (есімше) зат есім орнына қолдануға қанша бейім болғанымен етістікке тәндігін жоймайды.
Есімшенің бұл түрі көптеліп, тәуелденіп, септеліп жиі қолданылады. Мысалы: Қолдаушылар көп болды. Айтушының өз аузынан естідім. Тыңдаушыма түсінікті болсын деген әрекетім ғой.
Алайда қазақ тілі мамандары арасында аталмыш формаға әр түрлі көзқарастың бар екендігі айқындалады. Мәселен: Ы.Маманов «Түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде осы шақ есімше етістік мәнінен ажырап, бірте-бірте кәсіптік мәнді білдіретін зат есімге айналып бара жатқандығы аңғарылады. Осының салдарынан түркі тілдерінде осы тұлғаны есімше категориясына жатқызуға қарсы пікірлер де кездеседі. Қазақ тілі фактілеріне қарағанда, осы шақ есімше тұлғасын бүтіндей зат есім категориясына ауысты деуге болмайды. Себебі: 1. Етістіктің болымсыздық жұрнағын қабылдайды – деп көрсетеді. 2. Осы шақ есімше етіс, күшейтпелі етістік және күрделі етістік негіздерінен жасалып, солардың мағыналық қасиеттерін толығымен бойында сақтайды. Мысалы: кетіп қалушылар, жаздырушылар» – делінген (Қ.қ.т. 118 бет).
Ал А.Ысқақов: «Қазақ тілінде –ушы, -уші, -аған, -еген, ашақ,-ман, -ды,-ді ерте кезде есімше жұрнақтары болған. Бірақ бұлардың ішінен тек –ды, -ді формасы ғана бірыңғай таза өткен шақтық көрсеткішке айналған. Өзге формалар шақтық мәнді білдіре алмайтындықтан, есім жұрнақтарына айналған», -деп ой қорытындылаған. (Қ.қ.т. 305 бет).
Бұдан бұл формаға әр түрлі көзқарастың барлығы анық көрінеді.