3. Музыка сабағын ұйымдастыру. Музыка сабағы — музыкалық білім беру процесін ұйымдастырудың негізгі формасы болды. Оның мақсаттары мен міндеттері, мазмұны, әдіс-тәсілдері музыка сабағының типтері мен құрылымын анықтауға арқау болады. Басқа да оқу пәндері сияқты музыка сабақтары мұғалімнің жоғары музыкалық-педагогикалық даярлығын, оқушылардың педагогикалық-психологиялық ерекшеліктерін білуді, музыка сабақтарын ұйымдастырудың бұған дейін белгілі болған амал-жолдарын біліп қана қоймай, оның жаңа үлгілерін іздестіруді, сөйтіп музыка сабақтарын оқыту тәжірибесін үнемі байытып отыруын талап етеді. Музыка пәні мұғалімінің сабақтарды өткізуге даярлығы басты екі кезеңнен, яғни оқу пәнін жүргізудегі жалпы және әрбір жеке сабақты өткізуге даярлығынан болады. Жалпы даярлық кезінде мұғалім оқушылардың пәнге деген қызығушылығын, қарым-қатынасын, бейімділіктерін және музыкалық даму деңгейлерін зерттейді. Келесі ретте музыка пәнінің оқу бағдарламасының, оқу материалының мазмұнын, пәннің білімділік, тәлім-тәрбиелік маңызын анықтайды. Соның негізінде бағдарламадағы оқу материалдарымен жұмыстарды жарты жылдықтарға топтастырып, күнтізбелік-тақырыптық жоспар құрады. Ондай жоспарды құруда міндетті түрде оқу процесін ұйымдастыру формалары (экскурсия, семинарлар, практикалық сабақтар және т.б.) және білім, іскерлік, дағды қалыптастыру немесе бақылау, түзету жалпылау сияқты сабақ түрлері алдын ала ескеріледі. Сондай-ақ оқу-техникалық базасының (оқу кабинеті, көрнекіліктер, көру-есту құралдары, музыкалық аспаптар және т.б.) жағдайы да есепке алынады.
Музыка сабақтарын жүргізу үшін үлгілік бағдарлама негізінде құрылған күнтізбелік-тақырыптық жоспарда жоспарланған тақырыптардың білімділік, тәрбиелік, дамытушылық мақсаттары, қысқаша мазмұны, сабақтың түрі, әдістері, қолданылатын көрнекіліктері, оқушылардын өз бетімен орындайтын жұмыстары, білім жетістіктерін бағалау және тексеру формасы, әр тақырыптың өткізу мерзімі болуы шарт.
Музыка сабағы өнер сабағы болғандықтан оның барлық компоненттерінің көркем болуы талап етіледі. Бұл тек тыңдалатын музыка мен айтылатын әнге ғана қатысты емес, сонымен қатар орындалып отыратын кез келген жаттығуларға да қатысты болады. Әңгіме тек музыкалық материал туралы ғана емес, керісінше сол материалдың орындалу сапасы жөнінде болу керек. Яғни музыкалық дыбыс өте әдемі де көркем болуы қажет. Көркем орындау үшін еңбектену керек яғни материалмен техникалық түрде жұмыстар жүргізіледі.