Н. Ж. Жақашов, Ж. Ж. Бекмағамбетова, М. Е. Жоламанов, Қ.Қ. Тоғызбаева


Тері және ауыз қуысының гигиенасы



бет284/296
Дата02.10.2023
өлшемі9,48 Mb.
#112645
түріОқулық
1   ...   280   281   282   283   284   285   286   287   ...   296
Байланысты:
Учебник Гигиена-каз

1. Тері және ауыз қуысының гигиенасы.
1.1. Тері гигиенасы. Тері көптеген қызмет атқарады. Оның бірі - қорғаныш қызметі. Зақымдалмаған тері белгілі бір дәрежеде ағзаны көптеген химиялық ластаушы заттардан, микроағзалардан, ыстық пен суықтан, ультракүлгін сәулелердің радиациясынан және басқа да физикалық факторлардан, механикалық зақымдалулардан қорғайды. Қорғаныш функциясының іске асуы барысында, эпителийдің табақшалы құрылымының, суда ерімейтін және ферменттердің әсеріне тұрақты сыртқы мүйізді қабаттың, тер және май бездерінен бөлінетін заттар мен терінің рН ортасы маңызды рөл атқарады. Терінің, қолтық асты, маңдай, мұрын-ерін тері қабаты және мойыннан басқа, көп бөліктерінде, бөлінген тердің реакциясы өте қышқыл болып, оның бактерияларға қарсы әсерін қамтамасыз етеді. Май бездерінен бөлінетін тері майы да, бактерицидтік қасиетке ие болып, қорғаныш қызмет атқарады. Терінің жоғары иілгіш қасиеті және серпінді тері астылық май қабатының болуы түрлі механикалық әсерлерді төмендетеді.
Терінің коллагенді, серпімді және аргирофильді талшықтары, сонымен қатар тығыз мүйізді қабаты, оның беріктік қасиетін қамтамасыз етеді. Терінің үнемі физиологиялық жаңарып отыруы тері беттерінің ағза үшін зиянды заттар мен микроағзалардан тазарып отыруына ықпал етеді, ал меланин пигментінің болуы ультракүлгін сәулелерінің зиянды әсерін азайтады. Тері, ағзаның жылу беру үрдістеріне қатыса отырып, жылу реттегіш құралдардың бірі болып табылады.
Тері арқылы жылу беру жолдарының ішінде тер бөлінуінің маңызы ерекше болып табылады. Ауаның температурасы жоғары болған кезде, тер бөлінуі, ағзаның қызып кетуіне мүмкіндік бермей, 10-12 есе өсуі мүмкін. Терінің маңызды қызметі - заттарды ағзадан сыртқа шығару болып табылады. Тер және май бездерінің сөлімен бірге зат алмасудың соңғы өнімдері және ағзаға түскен көптеген ксенобиотиктер бөлініп шығарылады. Бүйректің шығару қызметі бұзылған кезде, тер бездері арқылы азотты шлактардың едәуір бөлігі шығарылады.
Теріде, ағзаға әсер ететін факторлар жөнінде мәліметтерді орталық жүйке жүйесінің қабылдауын жүзеге асыратын, өте көп рецепторлар – жылулық, суықтық, тактильді, ауыру, т.б. жинақталған. Тері қоршаған ортамен ағзаның газ алмасу қызметіне қатысады. Терінің тыныс алу қызметінің нәтижесінде, ол тәулік бойына көмірқышқылының 7-9 г шығарып, оттегінің 3-4 г сіңіреді, бұл ағзаның барлық газ алмасуының 2% құрайды. Терінің беткі қабаттарында Д дәруменінің синтезі жүреді.
Осы барлық алуан түрлі қызметтердің іске асуы, едәуір дәрежеде терінің тазалығына байланысты. Терінің күтімі нашар болғанда, теріде шаңның бөлшектері, кір, микроағзалар, тер және май бездерінен бөлінетін зат алмасу өнімдері жинақталады, нәтижесінде осы бездердің шығару түтіктері бітеледі, терінің тыныс алу және заттарды шығару қызметтері бұзылады, бактерицидтілігі күрт төмендейді.
Теріден сыртқа шығарылған органикалық заттар жағымсыз иісті, ұшқыш қосылыстар түзе отырып, ыдырайды. Бактериялар, вирустар, микроскопиялық саңырауқұлақтар, дамуына қолайлы жағдай тауып, өсіп-өне бастайды, бұл дерматиттердің, іріңді, саңырауқұлақтар тудыратын және басқа да тері ауруларының дамуына әкеп соғады. Қол терісі және артқы өтіс аймағы мен шат аймағының терісі микроағзалармен ең көп ластанады. Тағам өнімдерінің, ыдыстың және басқа да тұрмыстық керек-жарақтарының бактерияларымен және гельминт жұмыртқыларымен негізгі ластаушы көзі жиі қол болып табылады.
Сондықтан, денені үнемі таза ұстап отыру керек және тері мен шаштарға жақсы күтім жасау қажет. Бұл үшін, теріні және шашты әр түрлі жуғыш заттардың көмегімен үнемі шайып, жуып отыру қажет. Күнделікті ұйықтар алдында және таңертең бет, қол, мойынды, сонымен қатар, қолтық астын, артқы өтіс аймағы мен шат аймақтарын міндетті түрде жуу қажет. Күнделікті ұйықтар алдында міндетті түрде аяқты сабынмен жуу және шұлықты уақтылы ауыстырып отыру қажет. Күнделікті таңертең және кешкісін душ қабылдау өте қолайлы болып табылады. Аптасына бір рет барлық денені душ астында немесе моншада, губка не жөке және сабын немесе қазіргі кездегі пайдаланатын жуғыш заттарын (сусабын, әр түрлі гель, т.б) қолдана отырып, тазарту қажет.
Сабын - майларды сілтілермен өңдеу арқылы алынған жоғарғы май қышқылдарының тұздары болып табылады. Сабынның құрамында болатын сілтінің әсерінен, терідегі майлар ерігіш болып, сабынға айналады. Сілті, сол сияқты белоктармен суда жеңіл еритін, су арқылы жақсы жуылатын, альбуминаттар түзетіндіктен, олардың да ерігіштігін жоғарылатады. Терінің тазаруына жөкенің механикалық әсері, сонымен қатар, кірді өзіне сіңіріп алатын көпіршіктер де жағдай жасайды. Дегенмен, сабынды жиі қолдану, әсіресе, құрғақ терінің майсыздануына әкеп соғады, терінің қышынуына, шашта қайызғақтың пайда болуы мен шаштың түсуіне әкеледі. Сондықтан, дене мен қол терісін жуу үшін, құрамында бос сілті аз мөлшерде қосылған сабындарды пайдалану қажет. Ондай сабындарға бейтарап және маймен асқын қаныққан сабындар жатады. Ең жұмсақ әсер ететін қасиеті бар «Балалар сабыны», «Глицеринді», «Ланолинді» сабындар болып саналады. Олардың құрамында бос сілті мөлшері 0,05%-дан аспайды. Сілтілі сабындарға жататын шаруашылық сабында бос сілтінің мөлшері 2% дейін жетуі мүмкін.
Дене гигиенасы үшін қазіргі кезде жуғыш және косметикалық заттардың кең ауқымы қолданылады. Иіс сабындар мен монша сабындарына әр түрлі иістендіргіш заттар, өсімдік қоспалар, емдік - профилактикалық және зарарсыздандыратын заттар қосылады. Алайда, қатты сабындар сілтілі өнімдер болатындықтан, тері сыртындағы гидролипидті қабықты бұзады, нәтижесінде, эпидермистің өткізгіштігі жоғарылап, әр түрлі зиянды әсерлерге әлсіз келеді. Сондықтан, жуыну үшін сұйық сабындар мен душқа арналған гельдер тиімді болып келеді, олардың құрамындағы жуғыш және тазартқыш негізі ретінде амфотерлі беттік-белсенді заттар (ББЗ) қолданылады. Бұндай жуғыш заттар терінің липидтік балансын бұзбайды және тері бетінде әлсіз қышқылды орта түзеді. Микробтарға қарсы заттар қосылған сабындарды жиі қолдануға болмайды, себебі олардың әсерінен патогенді микрофлора ғана емес, сонымен қатар, терінің өзіндік микрофлорасы да жойылып, оның қорғаныш қызметі нашарлайды.
Шаш та, тері сияқты, сыртқы ортаның көптеген - лас атмосфера, ыстық немесе суық, күннің зиянды сәулелері, хлорланған су тәрізді қолайсыз факторлар әсеріне ұшырап отырады. Шаштың құрғауы мен түсуінің себебі, көбінесе шашты дұрыс күтпеу, яғни, сілтілі сабынды жиі қолдану, ыстық фен, көпіргіштерді, шаш қатырғыштарды, бояуларды жиі пайдалану болып табылады. Шашты жуу үшін, құрамында амфотерлі және иондалмаған ББЗ бар, жұмсақ су сабындарды пайдалану керек. Олар теріге және шашқа қорғаныш әсер береді. Жұмсақ су сабындарды қолдану, шашты ластану кезінде ғана емес, тіпті, күн сайын жууға да мүмкіндік береді, ал бұрын, майлы шаштарды 5-7 күнде 1 реттен жиі емес және құрғақ шаштарды - 10-12 күннен кейін жуу ұсынылған болатын.
Дененің гигиеналық күтімінде өте күшті сауықтыратын әсері бар, ең жақсы құралдардың бірі монша болып табылады. Моншалардың көптеген түрлері бар, алайда, олардың ішінде ең көп таралғаны, орыстың булы және финнің құрғақ ыстық (сауналар) моншалары. Бұл моншалардың ерекшелігі - ондағы бу бөлмесінің болуы. Булы моншалардың бу бөлмесінде ауаның температурасы 40-50ºС дейін, ал салыстырмалы ылғалдылығы - 75-80% дейін жетеді. Құрғақ ыстық моншаларда ауаның салыстырмалы ылғалдылығы, керісінше, төмен - 15-20% болады, ал температурасы, әсіресе, жоғарғы сөрелерде, булы моншаға қарағанда, анағұрлым жоғарғы деңгейге жетеді. Бу бөлмесінде болу адамға өте күшті әсер етеді. Қан тамырлары және тері саңылаулары кеңейеді, тердің көп бөлінуі байқалады. Дене температурасы 38-39ºС дейін көтеріледі. Тамыр соғысы және тыныс алу жиілеп, артериялық қан қысымы төмендейді. Термен әр түрлі шлактар, микроағзалар кетіріледі. Монша бүйрек үсті бездерінің, орталық жүйке жүйесінің қызметін ынталандырады, терінің тыныс алуын жақсартады, ағзадағы зат алмасу үрдістерін күшейтеді, психоэмоционалдық тонусты жоғарылатады.
Бу бөлмесінде болғаннан кейін, ертеде жасалғандай, денеге суық су құю немесе «қарға шомылу» жүргізіледі, бұл тамырларды жаттықтырып, ағзаның шынығуына ықпал етеді. Сонымен қатар, бу бөлмесінде болу, ағзаның жүйелеріне, әсіресе, жүрек-қан тамырларының және орталық жүйке жүйелеріне үлкен жүктеме түсіреді. Мұнда жоғарғы температураның ғана емес, сонымен қатар, жоғары тау басындағы қысымымен бірдей болатын, ауадағы оттегінің парциалды қысымының төмендеуінің де үлкен маңызы бар. Нәтижесінде, айқын гипоксиялық эффект дамиды, оған ағзаның қызу салдарынан пайда болатын қан қысымының төмендеуі де өз үлесін қосады. Сондықтан, гипертониялық және журектің ишемиялық аурулары, жүрек кемістіктері, вегетативті-тамырлы дистония бар ауруларға, реконвалесценттерге, әлсіреген адамдарға бу бөлмесінде болуға болмайды. Ауа ылғалдылығы саунада аз болғандықтан, тердің бөлінуіне анағұрлым қолайлы жағдайлар қалыптасады, бұл бүйрекке түсетін қысымды азайтады. Саунадағы әсер ететін факторлардың деңгейін біртіндеп жоғарылатқанда, саунаның әсері, орыс моншасына қарағанда, біршама жұмсақ болады. Бірақ, құрғақ, температурасы өте жоғары, ауамен тыныс алу, тыныс алу мүшелеріне қолайсыз әсер ету мүмкін, сонымен бірге, кейбір зерттеулердің мәліметтері бойынша, тіпті, онкологиялық аурулардың да даму қаупін жоғарылату мүмкін.
Моншалар тек күшті емдеу-профилактикалық құралдарының бірі емес, сонымен бірге саңырауқұлақ, соз, тері ауруларының, сол сияқты насекомдар да берілетін фактор болуы мүмкін, сондықтан моншаларда жүйелі түрде күнделікті тазарту жұмыстары және зарарсыздандыру жүргізіліп отыру тиіс. Моншаға жұқпалы аурулары бар келушілер мен қызметкер жіберілмеуі керек. Саңырауқұлақ ауруларының алдын алу үшін аяққа резеңке немес пластик аяқ киімдер кию қажет. Шешінетін жер аяққа арналған душпен қамтамасыз етілуі қажет. Қазіргі кезде көптеген моншаларда хауыздар болады. Оларда шомылуға, тері, көз және де су арқылы берілетін, басқа да аурулары жоқ, дені сау адамдар ғана жіберіледі. Хауызға шомылар алдында келушілер, жуғыш заттарды пайдалана отырып, душқа түсу және хаузға түсер алдында, 0,1% хлорлы әк ерітіндісімен толтырылған кішкене ор арқылы өту тиіс. Хауыз суы зарарсыздандырылуы тиіс және үнемі жаңартылып отыруы керек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   280   281   282   283   284   285   286   287   ...   296




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет