2. Киім және аяқ киім гигиенасы. 2.1. Киім гигиенасы. Киім әр түрлі қызметтерді атқарады. Ол адамды сыртқы ортаның қолайсыз факторларынан қорғайды, қолайлы жылылық жағдай қамтамасыз етеді, теріні ластанудан, механикалық зақымдалудан қорғайды. Пайдаланылуына қарай киімнің бірнеше түрлері болады: тұрмыстық, кәсіптік, спорт, балалар, әскери, ауруханалық киімдер. Киімдердің әрбір түріне өзіндік гигиеналық талаптар қойылады, бірақ олар үшін келесі гигиеналық талаптар жалпы болып табылады:
1. Жергілікті жердің белгілі климаты, ауа райы және жыл мезгілі жағдайында қолданылатын киімдердің осы жағдайларда ағзаның қолайлы жылулық жағдайын қамтамасыз ететін жылу сақтайтын қасиеті болу керек.
2. Киімнің ауа өткізгіштігі мен су өткізгіштігі адам жүрген орта жағдайыларына байланысты болуы керек.
3. Киімнің пішімі адамның еркін қимылдауын шектемеуі, тыныс алу мен қан айналымын қиындатпауы, дененің жеке бөліктерін қыспауы керек.
4. Ағзаға қосымша дене жүктемесін түсірмеу үшін, киім шектен тыс ауыр болмауы керек, оның салмағы адамның дене массасының 8-10% аспауы керек.
5. Синтетикалық материалдардан тігілген киім спецификалық иіс шығармайтын, денсаулыққа зиянды химиялық заттар бөлмейтін, сол сияқты, киімнің бетіне статикалық электрлікті жинамайтын болуы тиіс.
6.Киім берік және оңай тазартылатын болуы керек.
Қоршаған ортаның жағдайларына сәйкес киімнің қолайлылығы киім астылық микроклимат пен адамның жылу сезінуі көрсеткіштері бойынша анықталады. Киім астлық микроклимат деп, киім мен тері арасындағы ауа қабатының физико-химиялық сипаттамаларының (температура, ылғалдылығы, көмірқышқыл газының концентрациясы) жиынтығын атайды. Олардың шамасы мен динамикасы ағзаның жылу реттейтін үрдістерімен, метеожағдайлармен және киімнің қасиеттерімен анықталады.
Киімнің қасиеттері, негізінен киімнің пішімі мен киім тігуге қолданылған матаның қасиеттерімен анықталады. Киімді тігуге табиғи және химиялық талшықтардан жасалған маталар пайдаланылады. Табиғи талшықтардан жасалған мата бұрыннан қолданысқа ие, адамға гигиеналық жағынан қолайлы қасиеттері болғандықтан, басқа маталарға қарағанда, әлі күнге дейін артықшылығын сақтайды. Оларға өсімдік текті (мақта, зығыр, пенька, джут және т.б.) және жануар текті талшықтардан (жібек, жүн) жасалған маталар жатады. Химиялық талшықтарды жасанды және синтетикалық деп бөлінеді. Жасанды талшықтарды табиғи шикізатты - целлюлоза мен басқа материалдарды өңдеу урдісінде алады. Жасанды талшықтар тобына вискоза, ацетат, үшацетат, казеин талшықтары жатады. Синтетикалық талшықтарды көмірсутек шикізаттарынан (мұнай, газ, таскөмір) және басқа да органикалық қосылыстардан химиялық синтездеу реакциялары арқылы алады. Синтетикалық талшықтарды алу жолы мен қасиеттеріне байланысты біріктірлген бірнеше топтарға бөледі: полиамидтік (капрон, нейлон, перлон, ксилон және т.б.), полиэфирлік (лавсан, терилен, дакрон, т.б.), полиуретандык, поливинилхлоридтік (хлорин, винол), поливинилспирттік (винилон, куралон), полиакрилнитрильдік (нитрон, орлон, т.б.). Талшықтардан дайындалатын жіптер иерілген және тығыз немесе борпылдақ, жеңіл болады. Матаның құрылымы маталық және тоқылған (трикотажды) болады.
Маталарды сипаттайтын қасиеттеріне: ауа өткізгіштігі, бу өткізгіштігі, ылғал сыйымдылығы, гидрофильділігі (су сорғыштығы), гидрофобтылығы, жылу өткізгіштігі, гигроскопиялылығы (ылғал кабылдағыштығы), липофильділілігі, газ сіңіргіштігі, күн энергиясына қатынасы жатады.
Ауа өткізгіштігі деп, өзінің саңылаулары арқылы маталардың ауаны өткізу қабілетін айтады. Жақсы ауа өткізгіштігі киім астылық кеңістікте ауаның қозғалуы мен алмасуын қамтамасыз етеді, бұл теріден бөлінетін және микроағзалардың тіршілігі нәтижесінде түзілетін су буларының және зат алмасуының ұшқыш өнімдерінің шығарылуына жағдай жасайды және ағзаны қызып кетуден сақтайды. Ауа өткізгіштігі мата талшықтарының тоқылуы сипатына, саңылаулардың мөлшері мен көлеміне, қалыңдығына, ылғалдану және ластану деңгейіне байланысты. Борпылдақ және саңылауы көп, жүннен жасалған, тоқылған және жібек маталардың ауа өткізгіштігі жеткілікті дәрежеде болады, ең нашар ауа өткізгіштік – тығыз драп, брезент, тығыз мақта маталарына тән. Егер, киім көп қабатты болса, қабаттарының ішінде біреу ауа өткізбейтін жағдайда, барлық киім ауа өткізбейтін болады. Киім суланған және ластанған кезде, ауа өткізгіштігі төмендейді, себебі матаның саңылаулары су мен кір бөлшектеріне толады. Өте қалың маталардың ауа өткізгіштігі төмен болады.