Эпидемиологиялық әдіс - гигиенаның негізгі әдістерінің бірі болып табылады және әр түрлі факторлардың тек бір адамның денсаулығына ғана емес, сонымен қатар адамдар тобының – ұжымның, тұрғындардың, популяцияның да, денсаулығына тигізетін әсерін зерттеу үшін қолданылады. Осы мақсатта:
халықтың денсаулық жағдайын санитарлық-статистикалық зерттеу;
халық топтарына медициналық тексерулер жүргізіледі.
Халықтың денсаулық жағдайын санитарлық-статистикалық зерттеу үшін денсаулық сақтау органдары мен мекемелерінің ресми есепке алу құжаттарының, Орталық статистика басқармасының, кәсіподақтардың, жеке кәсіпорындардың мәліметтерін пайдаланады. Денсаулық жағдайын аурушаңдық, демографиялық көрсеткіштер (туып-көбею, өлім-жітім, халықтың табиғи өсімі және басқалар), балалар мен жасөспірімдердің дене дамуы және мүгедектік бойынша бағалайды. Халықтың денсаулық жағдайын санитарлық-статистикалық зерттеудің белгілі бір кемістіктері болса да, кеңінен қолданылады. Статистикалық көрсеткіштер, әсіресе аурушаңдықтың көрсеткіштері, шынайы денсаулық жағдайын толық көрсетпейді, себебі, ауырғандардың бәрі бірдей медициналық көмек алуға келмейді, мысалы, сырқаттың жеңіл түрімен ауырған немесе созылмалы, әлсіз түрде өтетін аурулармен ауыратындар. Бірақ халықтың үлкен топтарының денсаулық көрсеткіштері туралы мәліметтерді, іс жүзінде тек статистикалық зерттеу әдісінің көмегімен алуға болады.
Санитарлық-статистикалық әдістің көп кемшіліктері, денсаулықты санитарлық-статистикалық зерттеумен қатар, бір уақытта халықтың жеке топтарына медициналық тексерулер жүргізу кезінде жойылады. Медициналық тексеруді құрамына терапевт, хирург, педиатр, акушер-гинеколог, невропатолог, оториноларинголог, дерматолог, және басқалар кіретін арнайы ұйымдастырылған, әр түрлі салалардағы дәрігерлер тобы жүргізеді. Тексеру, тек маман дәрігерлердің қарауын қамтып қоймайды, сонымен қатар ағзаның жеке мүшелері мен жүйелерінің бағалауға мүмкіндік беретін әр түрлі клиникалық-функционалдық және зертханалық зерттеу әдістерін де қамтиды. Сонымен, медициналық тексеру үрдісінде зерттеуге алынған топтардың денсаулық жағдайы туралы жаңа ақпараттар пайда болады, себебі, аурудың алдындағы жағдайлар, аурудың ерте пайда болатын белгілері, бұрын бұл ауруы жөнінде медициналық көмек алуға келмеген созылмалы аурулар анықталады. Алынған мәліметтер, аурушаңдықтың шынайы деңгейін көрсететін және денсаулықты зерттеудің санитарлық-статистикалық кезеңінде және медициналық тексерулер кезінде анықталған аурулардың қосындыларын қамтитын аурушаңдықтың жаңа көрсеткіштерін есептеп табуға мүмкіндік береді.
Зерттеуге алынған адамдар тобының денсаулығын және оған фактордыңтигізетін әсерін бағалауды, халықтың бақылаудағы тобының көрсеткіштрімен салыстыру арқылы жүргізеді. Халықтың бақылаудағы тобында зерттелетін фактордан басқа, тәжірибелік тобындағыдан ешқандай айырмашылық болмауы тиіс. Қателіктер жібермеу және дұрыс нәтижелер алу үшін тәжірибелік және бақылаудағы топтарда зерттелетін адамдардың санын математикалық әдіспен есептеу арқылы табады.
Эпидемиологиялық зерттеу әдісі екі түрде жүргізілуі мүмкін: көлденеңінен және ұзынынан зерттеу түрінде. Ең қарапайым түрі- көлденеңінен (бірсәттік) зерттеу, бұл кезде әр түрлі факторлардың халық денсаулығына тигізген әсері, зерттеу кезінде бағаланады, яғни динамикасында бақылау жүргізілмейді. Көлденеңінен зерттеуді барлық уақытта жүргізуге болады, бірақ оның мүмкіншілігі шектеулі, себебі, тереңірек зерттеулерді қажет ететін мәселелерді салыстырмалы түрде тез анықтауға мүмкіндік берсе де, ол халықтың денсаулық жағдайының бұзылуы мен факторлардың әсерінің арасындағы байланысты дәлелдеу үшін жеткіліксіз. Ұзынынан зерттеулер деп, жеткілікті дәрежеде ұзақ уақыт бойына жүргізілетін зерттеулерді түсінеді. Оларды ретроспективті және проспективті деп бөледі. Ретроспективті зерттеулер, аурудың даму себептерін іздеуге бағытталған, яғни берілген сәттегі (уақыт кезеңінде) байқалған аурулардан зерттеуші, бұрын болған әсерлерді талдауға өтеді. Проспективті зерттеулер кезінде белгілі бір уақыт аралығы өткеннен кейін пайда болатын денсаулық жағдайындағы өзгерістер мен факторлардың әсері арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтау мақсатында, белгілі бір фактордың әсеріне ұшыраған және ұшырамаған халықтың топтарына ұзақ уақыт динамикалық бақылау жүргізіледі.