Национальной академии наук республики казахстан



Pdf көрінісі
бет27/30
Дата06.03.2017
өлшемі2,69 Mb.
#8471
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   30

Резюме 
 
В    статье  описывается  формирование  социальной  работы  как  специальности  и  проведена  работа  социальных 
работников,  социологов  и  основателей  теории  социальной  работы.  А  так  же,  как  механизм  влияющий      на улучшение   
социального уровня людей различных категории .  
 
Summary 
 
This article describes the formation of social work as a profession and as a mechanism influencing the improvement of social 
standards of people of different categories. 
 
 
 
Г.А. АБЫЛХАНОВА 
Абай атындағы ҚазҰПУ, Ұлттық тəрбие жəне өзін-өзі тану  кафедрасының магистр аға 
оқытушысы 
 
МҰҒАЛІМ ТҰЛҒАСЫ ЖƏНЕ ОНЫҢ ҚЫЗМЕТІНІҢ 
БАҒЫТТЫЛЫҒЫ 
 
Кез-келген кəсіби қызмет белгілі бір талаптарға сəйкес келуді қажет етеді. Талаптардың ішінен 
барлық  кəсіп  өкілдеріне  тəн  негізгілерін  бөліп  көрсетуге  болады.  Олар  жоғары  кəсібилік  пен 
шеберлік.  Мұғалім  уақыт  пен  ұрпақ  жалғастығын  байланыстыра  отырып,  адамзат  мəдениетінің 
жетістіктерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, таратып отырады.   
«Мұғалім ұлтты тудырады» («Учитель создает нацию»). Əлі күнге дейін құнын жоғалтпаған бұл 
қанатты  сөзде  мұғалім  еңбегінің  əлеуметтік  жəне  гуманистік  мəні  жатыр.  Барлық  уақыттың 
алдыңғы қатарлы педагогтерінің тұжырымдарынан келіп шығатыны мұғалімдік қазіргі қоғамдағы 
шығармашылық күш болып табылады.  
Педагог оқушыларын ғылым негіздеріне ғана үйретіп қоймай, олардың жан-жақты дамуларына 
игі əсерін тигізуі керек.  
Мұғалімнің жоғары дəрежесі оған дəл сондай жоғары талаптар қояды. Мұны өткен ғасырлардың 
танымал педагогтері мен біздің қазіргі замандастарымыз (современники) жақсы түсінеді. Мұғалім 
олардың ойы бойынша төмендегідей талаптарға жауап беруі тиіс: 
•  Мұғалім  білімін  ұдайы  жаңартып  жəне  толықтырып  отыруы  керек: «Мұғалім  өзі  оқи 
отырып, өзгелерді оқытады» (К.Д.Ушинский); 
•  Балалардың психологиясын білу, олардың ішкі əлемін  тану, олардың жеке ерекшеліктерін 
зерттеу (К.Д.Ушинский); 
•  Ұлы  гуманист  болу,  балаларды  жақсы  көру,  балалардың  нағыз  тəрбиешісі  болу,  жүрегін 
суырып беруге даяр болу (В.А.Сухомлинский); 
•  Өз  Отанының  патриоты,  азаматы,  моралдық    тұрғыдан  сендірудің  белсенді 

Известия Национальной Академии наук Республики Казахстан  
 
 
   
174  
тасымалдаушысы болу (В.А.Сухомлинский); 
•  Я.А.Коменский мұғалімдерді өздерінің кəсібін сүюге, түсінуге шақырды. 
•  Терең  жəне  жан-жақты  білімнің  тасымалдаушысы  болу: «Терең  білімі  болмай  тұрып, 
басқаларды оқыту міндетін алу өнегесіздік танытады» (Гельвеций).  
Жоғарыдағы  танымал  педагогтердің  ойларына  қосыла  отырып,  мұғалімнің  өн  бойында 
төмендегідей  қасиеттер  болу  керек  деген  ойдамыз.  Олар:  биязылық,  бейімделгіштік, 
білімқұмарлық,  əзіл-оспақты  түсіне  білетін,  ерекше,  тілектес,  төзімді,  көпке  құрметті,  өмірлік 
тəжірибесі  мол,  ақылды,  тəрбиелі,  жігерлі,  өзгелерге  оң  энергия  бере  алатын,  адамгершілігі  мол, 
ділмар, сауатты жəне жақсы түсінісе алатындай болу керек.  
 
ХХ  ғасырдың  əлемдік  психологиясының  бірден-бір  классиктерінің  бірі  Карл  Роджерстің 
(1902-1987) «Егер  мен  мұғалім  болсам,  ең  алдымен,  өзіме  сұрақтар  қоятын  едім»  атты 
баяндамасымен  танысу  болашақ  мұғалімге  қызық  болары  сөзсіз.  К.Роджерстің  көзқарасы 
тұрғысынан, мұғалім өзіне төмендегідей сұрақтар қоюы тиіс:  
1.  Оқып, ер жетіп келе жатқан адамның ішкі əлемін тани аламын ба? 
2.  Мен  өз-өзіме  жеке  тұлға  болуға  ерік  беремін  бе    жəне  оқушыларыммен  ашық,  көңіл-күйі 
жарқын, рөлдік емес өзара қарым-қатынас орната аламын ба? 
3.  Сыныбымдағы əрбір баланың қызығушылықтарын тани аламын ба? 
4.  Мен қаншалықты дəрежеде шығармашылық адамымын? 
5.  Тынымсыз    жəне  мінез-құлқы  ерекше  шығармашылықтағы  балаларды  əрмен  қарай 
жетілдіре аламын ба? 
6.  Балаға тұтастай бір адам болып қалыптасуына көмек бере аламын ба?, т.б.  
Мектепте  мұғалімнің  жұмысы  бастан  асады:  өзі  білетінін,  өзінің  қолынан  келетінін  балаларға 
үйретеді,  жұмысындағы  əріптестерімен  пікір  алмасады,  тəрбиеленушілерінің  мектеп  өмірін 
ұйымдастыра  отырып,  еліміздің  болашақ  интеллектуалды  əлеуетінің  негізін  қалайды. 
А.К.Марковаға  сүйенсек, «мұғалімнің  мұндай  еңбегінің  нəтижесінде  мұғалімнің  тұлғасы 
қалыптасады» [1, 7-8].  Педагогикалық қызметте мұғалім субъект ретінде үлкен рөл атқарады. 
Психологтар педагог субъектілігінің төмендегідей ерекшеліктерін бөліп көрсетеді: 
•  мұғалімнің  кəсіби  рөлін  жүзеге  асырудың  алғышарты  ретіндегі  субъектінің 
психофизиологиялық (жеке) ерекшеліктері;  
•  бағыттылық жəне басқа да тұлғалық ерекшеліктер; 
•  кəсіби-педагогикалық жəне пəндік білім мен дағдылар [2, 185-186].    
Кəсіби педагогке қойылатын маңызды талаптардың бірі оның əлеуметтік-кəсіби ұстанымының 
нақтылығы болып табылады.  
Педагог тұлғасының əлеуметтік-кəсіби бағыттылығы 
Кəсіби  даярлық  үдерісінде  педагогикалық  кəсіпке  деген  уəждік-құндылықтық  қарым-қатынас 
қалыптасады.   Педагогикалық  кəсіпке  деген  уəждік-құндылықтық  қарым-қатынас  мұғалім 
тұлғасының «діңгегін» құрайтын бағыттылықтан көрінеді. Осы жерде «тұлға» жəне «бағыттылық» 
ұғымдарына тоқталып өтейік. 
 
Тұлға  белгілі  бір  қарым-қатынас  жүйесінде  қалыптасқан  адамның  жалпы  бітімі.  Басқа 
жағынан  алып  қарағанда,  бұл  нақты  бір  адам,  яғни  белгілі  бір  қызмет  түрімен  айналысатын, 
қоршаған ортаға деген қарым-қатынасын сезінетін  жəне өзіндік жеке ерекшеліктері бар белгілі бір 
əлеуметтік қауымдастықтың өкілі  [3, 64]. 
 
Біз тұлға бағыттылығынан іс-əрекеттердің уəждемелік негіздемесі дегенді түсінеміз.  
 
Мұғалім  тұлғасының  педагогикалық  бағыттылығы  мұғалімнің  əртүрлі  педагогикалық 
міндеттерді  шешуде  шығармашылық  тұрғыдан  келумен,  педагогикалық  кəсіпке  қызығушылық 
тудырумен  сипатталады.  Педагогикалық  бағыттылығы  айқын  көрінетін  мұғалім  кəсіби  өзін-өзі 
тану  үдерісіне  белсенді  қосыла  алады.  Н.В.Кузьмина  мұғалімнің  педагогикалық  қызметінің 
сипатын  анықтайтын  бағыттылықтың  үш  негізгі  түрін  бөліп  көрсетеді.  Олар:  шынайы 
педагогикалық, формалды педагогикалық, жалған педагогикалық  [4,9]. 
Мұғалім тұлғасының ізгілендірушілік бағыттылығы       
Мұғалім тұлғасының педагогикалық бағыттылығы əртүрлі сипатта  көрініс табуы мүмкін. Ол кəсіби 
өзіндік  байламға  келуге,  педагогикалық  əсер  құралына,  оқушыға,  оқушы  ұжымына,  педагогикалық 
қызметтің мақсаттарына бағытталуы мүмкін. Тек қана педагогикалық қызметтің басты мақсатына қол 
жеткізуге бағдарланған бағыттылық қана ізгілендірушілік болып танылуы мүмкін. 
Ең  алдымен, «ізгілендіру», «ізгілік»  ұғымдарын  анықтап,  нақтылап  алайық.  Ізгілендіру 
(латыннның humanus - адамзаттық)  адам құндылықтарын  тұлға  ретінде  тануды,  оның  еркін дамуға 
құқығын  жəне  өз  мүмкіндігін  көрсетуін  білдіреді.  Ізгілік  адамдық,  адамды  жақсы  көру,  адамның 
жеткен  жетістігіне  деген  құрмет  ретінде  түсіндіріледі.  Адамға  деген  ізгілік  қарым-қатынасы  адам 
бойындағы оң сапаларды қабылдау мен бағалау дегенді ғана емес, сондай-ақ адам тұлғасын кешенді 

№6. 2013  
 
 
175 
тану деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда адамдардың ізгілік қарым-қатынасы адамдардың өз-өздеріне 
деген сенімдерін нығайтуға, шығармашылық тұрғыдан дамуы мен өзін-өзі жетілдіруге бағытталған.  
Педагогикалық қызмет ізгілік бағытында болуы қажет. Бұл дегеніміз педагогтің барлық əрекеті 
бала,  оқушы,  ересек  адам  тұлғасының  шынайы  қызығушылықтарына  бағынады.  Тұлғаның  ізгілік 
бағыттылығы жалпыадамзаттық құндылықтар базасының аясында қалыптасады.  
Мұғалім тұлғасының танымдық бағыттылығы  
В.В.Маткин ұсынған мұғалімдердің бірнеше түрін қарастырып өтейік [5]. 
1  түрі.  Жаңаақпаратты  белсенді  тыңдайды,  қызықты  фильмдерді  жібермейді,  көп  оқиды  жəне 
т.б. Сөйте тұра ол саналы түрде мектеп тақырыбынан қашқақтайды.  
2түрі.  Жаңа  ақпаратты,  соның  ішінде  педагогикалық  жəне  тəрбие  беру  мəселелерімен 
байланысты ақпараттарды белсенді тыңдайды. Бірақ олар фильмді, кітапты немесе бағдарламаны 
таңдауды айқындамайды.  
3 түрі. Бұл топтағы мұғалімдерді белгілі бір деңгейде тəрбие беру қызметі, мектеп өмірі, жастар 
өмірі қызықтырады. Тіпті, мектепке тікелей қатысы  жоқ  əңгімеден  оқушыларға  қызық  болады-ау 
деген мəселелерді көреді.  
4  түрі.  Барлық  ақпараттарды  мектептік  жəне  мектептен  тыс  деп  нақты  бөледі.  Біріншісіне 
(мақалалар, пьесалар, фильмдер, мектеп жəне оқушылар жайлы тікелей айтылатын бағдарламалар) 
қызығушылықпен қарайды. Мектептен тыс ақпарат қызығушылық тудырмайды.  
Бірінші топқа өзінің жұмыс күнінің аяқталуымен бірге өз мүддесінің бағытын өзгертуге бейім 
тұратын  мұғалімдер  жатады.  Екінші  топқа  ақпаратты  жалпымəдени  дамудың  дереккөзі  ретінде 
қарастыратын  мұғалімдер  кіреді.  Үшінші  топқа  өздерін  кəсіби  тəрбиеші  ретінде  сезінетін 
мұғалімдер кіреді. Төртінші топқа өздерінің мүдделерін мектеп тақырыбымен ғана шектеп қойған 
тар шеңберде ойлайтын мұғалімдер тобы кіреді.  
Əрине,  болашақ  мұғалімге  жоғары  шығармашылықпен  жұмыс  істеу  керек.  Шығармашылық, 
педагогикалық қызметке бағдар белгілі бір ішкі бірлікті, кəсіпті терең игеруді қамтамасыз етеді.   
 
ƏДЕБИЕТ 
 

Маркова А.К. Психология труда учителя.- М., 1993.  

Зимняя И.А. Педагогическая психология.- М., 1997. 

Конюхов Н.И. Словарь-справочник по психологии. – М., 1996. 

Мижериков  В.А.,  Ермоленко  М.Н.Введение  в  педагогическую  деятельность:  Учебное  пособие  для    студентов 
педагогических учебных заведений. 
− М.:Педагогическое общество России, 2002. − 268 с. 

Маткин  В.В.  Введение  в  педагогическую  профессию:  Учебно-методическое  пособие  для  студентов 
педагогических университетов. Челябинск: Изд-во ЧГПУ «Факел», 1988.  
 
Резюме 
 
В статье рассматривается личность учителя и ее направленность.  
 
Summary 
 
In the articleconsidered theteacher's personalityand herfocus. 
 
 
 
Г.А АБЫЛХАНОВА 
Абай атындағы ҚазҰПУ, Ұлттық тəрбие жəне өзін-өзі тану кафедрасының магистр аға 
оқытушысы 
 
ДƏРІС – ЖОҒАРЫ МЕКТЕПТЕ ОҚУ ҮДЕРІСІН 
ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ БІР ФОРМАСЫ РЕТІНДЕ 
 
Жоғары оқу орнындағы дəріс – оқытудың дидактикалық циклінің басты негізі.  Оның мақсаты – 
студенттердің  оқу  материалын  қабылдауларын  қалыптастыру  болып  табылады.  Заманауи  жоғары 
мектептер үшін дəріс өте өзекті.  
«Дəріс»  латынның «lection» - оқу  сөзінен  шыққан.  Дəріс  ежелгі  Грецияда  пайда  болып,  көне 
Римде жəне орта ғасырларда өз жалғасын тапты.  
XIX  ғ.  орта  тұсынан    бастап  бүкіл  əлемдегі  ғылыми  жəне  техникалық  білімдердің  дамуына 
байланысты  дəрістерді  студенттердің  жеке  жəне  белсенділік  қасиеттерін  жандандыратын 
практикалық сабақтармен толықтырудың қажеттігі дами түсті. Танымал орыс хирургі жəне педагог 
Н.И.Пирогов егер дəріс оқушы жаңа ғылыми материалдарды  игерген немесе ерекше сөз құдіретіне 
ие  болса  ғана  дəріс  оқу  керектігін  мəлімдеген  болатын.  Н.Г.Чернышевский,  Н.А.Добролюбов, 

Известия Национальной Академии наук Республики Казахстан  
 
 
   
176  
Д.И.Писарев  студенттердің  өзіндік  жұмыстарына  үлкен  мəн  берді,  сондай-ақ  педагогикалық 
қарым-қатынас үдерісіндегі дəрістің эмоционалдық əсерін де басып көрсетті. 1896 ж. Техникалық 
жəне  кəсіби  білім  беру  жөніндегі  орыс  қайраткерлерінің  екінші  съезі  дəріс  оқуды  қолдады,  олар 
жанды сөзді ғылыми білімді хабарлаудың күшті құралы ретінде таныды.  
Ал 30 жж.  кейбір  жоғары  оқу  орындарында  тəжірибе  ретінде  дəріс  оқу тоқтатылды.  Тəжірибе 
өзін-өзі ақтамады. Студенттердің білім деңгейі күрт төмендеп кетті.  
Қазіргі  уақытта  оқу  материалын  дəріс  түрінде  мазмұндаудың  жақтастары  да,  қарсыластары  да 
бар. Олардың шешімдеріне тоқталып көрелік:  
1.  дəріс өзгелердің көзқарастарын пассив түрде қабылдауға үйретеді жеке ойлауды тежейді; 
2.  дəріс студенттердің өз бетімен білім алуларына кедергі жасайды; 
3.  егер оқу құралдары  жоқ немесе жеткіліксіз болған жағдайда дəріс қажет болады; 
4.  кейбір  студенттер  ойлап  үлгереді,  ал  кейбіреулері  механикалық  түрде  дəріс  оқушының 
сөздерін жазып алып отырады.  
Дегенмен тəжірибе көрсеткендей, дəрістен бас тарту студенттер даярлығының ғылыми деңгейін 
төмендетеді,  семестр  бойғы  жұмыстың  жүйелігі  мен  тепе-теңдігін  бұзады.  Сондықтан  дəріс 
бұрынғыдай  ЖОО-да  оқу  үдерісін  ұйымдастырудың  жетекші  формасы  ретінде  жалғасын  тауып 
келеді.  Ең бастысы, дəріс оқуда дұрыс əдісті таңдау жəне оқу материалын дұрыс құрастыру керек.   
Оқу  үдерісінде  дəрісті  оқу  формаларының  басқа  түрімен  алмастыруға  келмейтін  жайттар  да 
туындайды: 
•  жаңа  курс  бойынша  оқулықтар  жоқ  болып  жатқан  жағдайда  дəріс  ақпараттың  негізгі 
дереккөзі болып табылады; 
•  белгілі бір тақырып бойынша жаңа оқу материалы қолда бар оқулықтарда көрініс таппаған 
жағдайда; 
•  оқулықтың  жекелеген  тақырыптары  өз  бетімен  меңгеруге  қиын  жəне  дəріс  оқушының 
əдістемелік тұрғыдан қайта даярлауын қажет еткен жағдайда; 
•  курстың негізгі мəселелері бойынша қарама-қайшы тұжырымдар болған кезде; 
•  студенттердің  өзіндік  көзқарастарын  қалыптастыруда  дəрісті  оқытудың  басқа 
формаларымен ауыстыра алмайсың. Дəрістің эмоционалдық бояуы терең ғылыми мазмұны ойдың, 
сөздің жəне тыңдармандар қабылдауының үндестігін арттыра түседі. 
Дəрістің артықшылықтары: 
•  дəріс оқушының аудиториямен шығармашылық қарым-қатынасы; 
•  дəріс – білім негіздерін алудың ең үнемді жолы; 
•  егер дəріс жақсы түсінікті жəне мұқият тыңдалған болса ой қызметін белсендіреді.  
Кейінгі жылдары студенттердің лекторды еркін таңдау үрдісі белең алып келеді, бұл дəріс оқу 
шеберлігін өзектендіре түседі.  
Көптеген    оқытушылар  дəріс  оқушының  міндеті  пəнді  жақсы  білу  жəне  оны  түсінікті  баяндау 
деп  есептейді.  Ал  «баяндаудың  түсініктілігі»  дегеніміз  не?  Бұл  күрделі  педагогикалық  мəселе, 
яғни баяндаудың бірізділігі, көрнекілігі, тыңдармандардың сапалы белсенді меңгеруі, т.б.  
Дəріске  қойылатын  талаптар: дəріс  пен оқытудың байланыста  болуы, дəрістің  ғылымилығы 
мен    ақпараттылығы  (қазіргі  ғылыми  деңгейге  сəйкестігі),  ұтымды,  сенімді  мысалдардың, 
дəйектердің,  негіздемелердің,  ғылыми  дəлдемелер  санының  барынша  көп  болуы,  баяндаудың  
эмоционалды  формасы,  тыңдармандардың  ойын  белсендіру,  ой  қызметін  жетілдіретін  сұрақтар 
қою, баяндалатын мəселелерді шешудің нақты құрылымы мен логикасы; əдістемелік өңдеу – басты 
ойлар  мен  ережелерді,  шешімдерді  іріктеу,  түсінікті  тілмен  баяндау,  жаңа  енгізілген  терминдер 
мен атауларды түсіндіру, мүмкіндігінше аудиовизуалды дидактикалық материалдарды қолдану.  
Дəрістің құрылымы 
Дəріс  өзінің  құрылымы  бойынша  бір-бірінен  ерекшеленуі  мүмкін.  Барлығы  баяндалған 
материалдың мазмұны мен сипатына байланысты, дегенмен кез келген дəріске құрылымдық сипат 
тəн.  Ең  алдымен,  бұл  дəріс  жоспарын  хабарлау.  Жоспарға    емтихан  билеттерін  құрастыруға 
септігін тигізетін дəрістердің негізгі мəселелерінің атаулары кіреді. 
Өткен дəрістердің мазмұнын еске түсіру, оны жаңа материалмен байланыстыру, пəндегі, басқа 
ғылым жүйесіндегі орны мен маңызын анықтау пайдалы. Тақырыпты ашу барысында индуктивті 
əдісті, сондай-ақ дедукция əдісін қолдануға болады. Дəріс соңында тыңдалған мəселелер бойынша 
қорытынды  шығарып  отырған  дұрыс.  Дəстүрлі  ЖОО-ғы  дəріс  əдетте  ақпараттық  деп  аталады. 
Жалпы, дəрістің бірнеше түрі бар соларға жеке-жеке тоқталып өтейік: 
Кіріспе дəріс 
Аталмыш дəріс студенттерге курстың мақсаты мен міндетін, оқу пəндері жүйесіндегі орны мен 
рөлін түсіндіреді. Əрмен қарай курстың қысқаша мазмұны (аталмыш ғылым дамуының кезеңдері, 
танымал  ғалымдардың  аттары)  беріледі.  Мұндай  дəрістерде  ғылыми  мəселелер  қойылады, 

№6. 2013  
 
 
177 
болжамдар  алдыға  тартылады,  ғылым  дамуының  болашағы  мен  оның  тəжірибеге  қосқан  үлес 
салмағы белгіленеді.  
Шолу-қайталау дəрісі бөлімнің немесе курстың соңында оқылады. Дəрісте аталмыш бөлімнің 
немесе  курстың  ғылыми-ұғымдық  негізін  құрайтын  барлық  теориялық  мəселелер  көрініс  табуы 
қажет.   
Шолу дəрісі 
Бұл қысқаша конспект емес, барынша жоғары   деңгейде  білімдерді  жүйелеу  болып  табылады.  
Оқыту  психологиясы  көрсеткендей,  жүйелі  түрде  баяндалған  материал  есте  жақсы  сақталады. 
Шолу дəрісінде  сондай-ақ, емтихан билеттерінің күрделі сұрақтарын қарастыруға болады.  
Дəріс материалын баяндай отырып, оқытушы студенттердің конспект жазуына назар аударуы керек.  
Конспект  мұқият  тыңдауға,  жазу  үдерісінде  жақсы  есте  сақтауға,  семинарға,  емтиханға 
дайындық  кезінде  тірек  материалдардың  болуын  қамтамасыз  етеді.  Дəріс  оқушының  міндеті – 
студенттерге саналы түрде конспектілеуге мүмкіндік беру. Тыңдау, ойлану, өңдеу, қысқаша жазу. 
Бұл  үшін  оқытушы  студенттерге  көмектесуі  керек  жəне  барлығының  түсініп,  үлгеріп  отыруын 
қадағалауы қажет.  
Студенттерді  конспектілеу  əдісіне,  яғни  графикалық  тұрғыдан  дұрыс  орналастыруға  жəне 
жазбаны рəсімдеуге (абзацтарды бөлу, негізгі ойлар мен тірек сөздерді бөлу, т.б.) үйрету маңызды.  
Дəріс сапасын бағалау 
Дəріске қатысу жəне талқылау барысында оқытушы мен оның əріптестерінің арасында дəрістің 
сапасын  бағалау  қажеттілігі  туындайды.  Бұл  сапаларға:  мазмұн,  əдіс,  студенттердің  жұмысына 
жетекшілік, дəрістің нəтижелігі кіреді. Аталмыш сапалардың əрқайсысына тоқталып өтейік: 
Дəрістің мазмұны дегеніміз дəрістің ғылымилығы, ғылымның қазіргі даму деңгейіне сəйкестігі, 
дүниетанушылық жағы, əдістемелік мəселелердің болуы, олардың дұрыс баяндалуы. 
Дəріс  оқу  əдістемесі  бұл  дəрістің  нақты  құрылымы  жəне  мазмұндау  логикасы.  Жоспардың 
болуы, оған сүйеніп отыру. Дəріске қатысты  əдебиеттерді беру. Жаңа  терминдер мен ұғымдарды 
түсіндіру. Дəлелдік пен дəйектілік. 
Студенттердің  жұмысына  жетекшілік      студенттерден  конспектілеуді  талап  ету  жəне  оның 
орындалуын бақылау. Оларды жазу əдісіне үйрету.  
Дəрістің нəтижелігі дегеніміз дəрістің ақпараттық құндылығы, тəрбиелік аспектісі, ең бастысы 
дидактикалық мақсаттарға қол жеткізу.  
Білім  беру  жүйесінің  дамуы,  оны  ізгілендіру  (гуманизация),  жеке  адамға  бағыттау  үрдісі, 
студенттердің шығармашылық мүмкіндіктерін жүзеге асыру мəселелік дəріс, екеу аралық дəріс, визуалды 
дəріс, пресс-конференция дəрісі сияқты жаңа дəріс формаларының пайда болуына түрткі болды.   
Мəселелік  дəріс  жөнінде  оқытудың  белсенді  əдістерімен  байланысты  айтатын  боламыз.  Ал 
қазір оның мазмұндық жəне процессуалдық сипаттамасына тоқталамыз. Дайын ақпарат айтылып, 
түсіндірілетін ақпараттық дəріске қарағанда мəселелік дəрісте жаңа білім «ашуға» тиісті беймəлім 
ақпарат  ретінде  алға  тартылады.  Оқытушының  міндеті – мəселелік  жағдаят  тудыра  отырып, 
студенттерді  мəселенің  шешімін  табуға  жетелеу    болып  табылады.  Бұл  үшін  жаңа  теориялық 
материал мəселелік міндет түрінде беріледі.  
Мəселені оқытушымен бірлесе отырып шешу барысында студенттер жаңа қажетті білім алады.  
Визуалды дəріс  көрнекілік қағидатының жаңа мүмкіндіктерін жүзеге асыру нəтижесінде пайда 
болды.  Психологиялық-педагогикалық  зерттеулер  көрсеткендей,  көрнекілік  оқу  материалын 
барынша жақсы қабылдау мен есте сақтауға ғана емес, сондай-ақ құбылыстардың табиғатын терең 
түсінуге ықпалын тигізеді.  
Екеу  ара  дəріс  бұл  дəрістің  түрі  екі  оқытушының  диалогіндегі  материалды  мазмұндаудың 
жалғасы  мен  дамуы  болып  табылады.  Бұл  жерде  теориялық  жəне  практикалық  мəселелерді  екі 
маман талқылайды. Мұндай дəрістің төмендегідей  артықшылықтары бар: 
•  студенттердің бойындағы білімді өзектендіреді; 
•  мəселелік жағдаяттар туындатады, дəлелдемелік жүйелер ашады; 
•  екі  дереккөз  қорының  болуы  əртүрлі  көзқарастарды  салыстыруға,  таңдау  жасауға,  қандай 
да біреуіне қосылуға, өз көзқарасын айтуға мəжбүрлейді; 
•  педагогтің кəсібилігі көрінеді, оның тұлғасы тереңірек ашыла түседі.  
Пресс-конференция  дəрісі.  Бұл  дəрістеоқытушы  тақырыпты  айтқаннан  кейін    студенттерден 
аталмыш тақырып жөнінде сұрақтарын қағазға түсіріп берулерін сұрайды. Екі-үш минуттың ішінде 
студенттер  өздерін  барынша  қызықтырған  сұрақтарын  құрастырып,  оқытушыға  береді.  Үш-бес 
минуттың ішінде сұрақтар іріктеліп, олардың мазмұны бойынша дəріс басталады. Дəріс сұрақтарға 
жауап ретінде емес, керісінше біртұтас мəтін ретінде баяндалады, мазмұндау кезінде сұрақтардың 
жауаптары да ашылып жатады.  
Мұндай дəрісті тақырыптың басында, ортасында, соңында тиімді пайдалануға болады.  

Известия Национальной Академии наук Республики Казахстан  
 
 
   
178  
Жалпы, дəріс жоғары оқу орындарында оқу үдерісін ұйымдастырудың негізгі формасының бірі 
болып  қала  береді.  Ал,  дəріс  сабақтарын  түрлендіріп  өткізу  жоғары  оқу  орындарындағы 
профессор-оқытушылардың құзіретіндегі мəселе.  
 
ƏДЕБИЕТ 
 
1  Педагогика и психология высшей школы: Учебное пособие. – Ростов н/Д: Феникс, 2002.-544 с.  

Абдулина  О.А.  Личность  студента  в  процессе  профессиональной  подготовки // Высшее  образоваие  в  России. 
1993. № 3 

Андреев Г. Обучение и воспитание в вузах неразделимы // Высшее образование в России. 1996. № 3 
 
Резюме 
 
В статье рассматриваются формы организации учебного процесса в высшей школе
 
Summary 
 
The article deals withthe formof the educational processin higher education. 
 
 
 
А. ҚАЛИЕВА 
М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтының ғалым хатшысы, 
филология ғылымдарының кандидаты 
 
ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ДРАМАТУРГИЯСЫНДАҒЫ 
ЗАМАНДАС БЕЙНЕСІ 
 
Соңғы  жылдары  жарық  көрген  драмалық  туындыларға  көз  жүгірте  отырып,  біз  олардан,  ең  алдымен, 
қазіргі  замандастарымызды  іздейміз.  Шындығында,  бүгінгі  драмалық  кейіпкерлер  дəл  қасымызда,  қатар 
жүрген  тіршілік  иелеріне  ұқсай  ма?  Айрықша  өмір  өрімімен,  қайталанбас  азаматтық-адамгершілік 
келбетімен  көз  тартатын  тұлғалар  тағдыры  сахналық  туындыға  арқау  бола  алды  ма?  Бүгінгі  ұлттық 
драматургияда  қаһармандық  тұғырға  көтерілер  сом  тұлғалы  кейіпкерлер  бар  ма?  Көкейде  осы  тектес  сан 
алуан  сауалдар  бас  көтерері  анық.  Осы  мəселелер  төңірегінде  Д.Исабеков,  Б.Мұқай,  С.Балғабаев, 
Р.Мұқанова, С.Асылбекұлы, т.б. драматургтеріміздің бүгінгі күн тақырыбындағы туындыларын зерделедік. 
* * * 
Тəуелсіздікпен  бірге  ел  табалдырығынан  аттаған  саяси-экономикалық,  мəдени  жаңалықтар 
қоғам  кейпін  айтарлықтай  өзгертіп  жібергені  рас.  Ұзақ  жылдар  бойы  үстемдік  құрған  кеңестік 
державаның  күйреген  тарихи  мезетін,  образды  түрде,  алып  Титаниктың  құрдымға  кеткен 
аласапыран  күйіне  теңеуге  болар  еді.  Он  бес  республиканың,  оның  ішінде  бірнеше  ұлттар  мен 
ұлыстардың  саясаты  мен  мəдениетін,  экономикасын  ашса  алақанында,  жұмса  жұдырығында 
ұстаған  алып  державаның  «дəм-тұзы»  түгесіліп,  тарам-тарам  болып  ыдырауы  сол  кезде  ел 
көңілінде  əуелі  үлкен  үрей  тудырған  болатын.  Жетпіс  жыл  бойы  коммунизм  жайлы  санаға 
сіңірілген  тəтті  қиялға,  шынтуайтына  келгенде,  бұқара  халықтың  басым  бөлігі  құлай  сенетін.  Ал 
осы  жарқын  болашақ  жайлы  алып  арманның  санаулы  минуттарда  тас-талқан  болуы  елді  түрлі 
толқуларға салды. Біреулер «құрдымға кеткен алып кеменің» артынан аза тұтып, өткенін аңсады; 
енді біреулер елінің кемел келешегіне бастар сара жол іздеп шарқ ұрды. Халық болашағы жайлы 
үміт  пен  күдік  аралас  ой-толғамдарды  сол  кезде  босағадан  бас  сұққан  нарықтық  экономика 
тығырыққа  тірегендей  еді.  Ең  бастысы,  өзгеге  кіріптар  күндер  артта  қалды;  ел  тарихы  мен 
мəдениетіндегі  ойсыраған  тұстары  түгенделіп,  ұлттық  жады  жаңғырды.  Осынау  ұлттық  түлеу 
кезеңінде өмір сүріп жатқан ел бейнесі бүгінгі драматургияда қаншалықты толымды көрініс тапты 
деген сауал туады. 
Дулат Исабековтың «Алтын тордағы тоты (Актриса)» драмасының кейіпкері – Айгүл Асанова 
есімді өнер саңлағы. «Театр – менің екінші үйім. Əлде бірінші үйім десем бе екен?» [1, 192], - деп 
шынайы  толғанатын  актрисаның  кей  жаратылыс-мінезі  күрделі.  Əйел,  отанасы  ретінде  қарасақ, 
оның  отбасынан  қызметін,  театрды  жоғары  қойғандығын  кемшілік  деп  танитынымыз  рас. 
Дегенмен Айгүлдің тұлғасын асқақтатып тұрған да осы қасиеті екенін мойындау керек.  
Шығармаға  арқау  болған  идеяның  бір  ұшын  қашанда  ұлт  мəселесімен  сабақтастыратын 
Д.Исабековтың  қазақ  театрының  бүгіні  мен  келешегі  жайлы  толғамды  пікірлері  Айгүл  мен 
режиссер-Самат диалогтарында біршама өрбіген. «Бұл жерде не қызық қалды? «Ел үшін, ұлт үшін, 
халық  үшін!»  Бəрі  жалған  сөз,  жалаң  ұран!  Ел  үшін  егіліп  жүрген  ешкім  жоқ.  Шетелде  еден 
сыпырушы  болсаң  да  бұл  жердегіден  он  есе  артық  өмір  сүресің» [1, 208], - дейді  Самат.  Өнерге 

№6. 2013  
 
 
179 
коммерциялық    көзқараспен  қараудың  белең  алғандығы  туралы  өкінішті  жайттар – бүгінгі 
мəдениет пен өнердің басындағы ахуал.  
«Мен  қазақ  театрының  қазақ  тілінде  сөйлейтін  актрисасымын.  Тіл – виолончель  емес,  ол 
экспортқа шыға алмайды. Мен қазақ сахнасында туылдым, қазақ сахнасында көз жұмам» [1, 208]. 
Намысшыл  актриса  өнерін  саудаға  салғысы  келмейді.  Елде  етек  жайып  бара  жатқан  кедейліктің, 
тапшылықтың,  нарық  заманының  қоғамдық  санаға  салқын  əсерін  тілге  тиек  ете  отырып,  актриса 
өнер саңлақтарының ақша, атақ, бедел мен абырой үшін шетелге кетіп жатқандары жөнінде ызаға 
булығып,  тебірене  сөйлейді.  Режиссері  əрі  күйеуі  Саматтың  «Ертең  қазақ  театрының  ешкімге 
керегі  болмай  қалса  қайтесің?»  тəрізді  қыңыр  сауалына  жауабы  əзір.  Бұдан  əлдеқайда  ертеректе 
келісім  жасасып,  Италияға  аттанғалы  отырғанын  «қойнындағы  жарынан»  жасырған  Саматтың 
арамдығына қайран қала отырып, Айгүл ашына тіл қатады: «Онда ең соңғы қазақ көрерменіне ең 
соңғы  ойын  көрсететін  актриса  мен  боламын!» [1, 208-209]. Жоғары  пафоста  айтылған  сөздер 
Асанованың жасандылықтан ада, шынайы отаншыл тұлғасын алға тартады.   
Баққожа  Мұқайдың  осымен  тақырыптас  «Тəлкек  тағдыр»  атты  драмасындағы  Айсұлу – 
Д.Исабековтың  Айгүліне  кереғар  образ.  Көптен  күткен  жұлдызды  рөліне  қол  жеткізу  жолында 
отбасынан, əйел, ана бақытынан айырылған Айсұлу мен Айгүл тағдырларында ұқсастықтар да жоқ 
емес.  Бірақ  Айсұлу  жеке  тағдыр  иесі  деңгейінде  ғана  көрініп,  өз  қателіктерінен  опық  жеген 
кейіпкерді сомдаса, Айгүл Асанова одан əлдеқайда ірі əрекеттерімен көзге түседі. Өз өмірін ұлттық 
өнер  жолына  сарп  еткен  əйелдің  жеке  отбасылық  драмасы  басты  назарда  емес.  Айгүл  ең  əуелі – 
ұлттық өнер саңлағы. Мұндай айырым белгілер, əрине, авторлық идеяға тікелей байланысты. 
Баққожа Мұқайдың  «Тойы көп  үй» драмасында  мұңы  мен  күлкісі  қатар  жүретін өмірдің  қым-
қиғаш  кескін-кейпі  кестеленген.  Автор  «хикая»  деп  атаған  драмадағы  əр  кейіпкер – өз  алдына 
айшықты бедерленген өмір жолы бар тағдыр иелері. Көмек сұраған жанның бетін қайтармайтын, 
жатсыну, жатырқау  дегенді  білмейтін Заңғар мен оның жайдары  мінезді  ақкөңіл  жары Назгүлдің 
Алматыдағы небары «бір жарым бөлмелік» пəтерлерінің есігі кімге де болса айқара ашық. Бұл үй – 
тастанды  сəбиге  де,  жалғыз  қалған  қарияға  да  (Шорабай  шал),  туған  отбасы,  ошақ  қасына 
сыймаған  қарт  анаға  да  (Гүлшара  əже),  көлденең  киліккен  жолбикемен  көңіл  қосқан  өмірлік 
жарына өкпелі жас келіншекке де (Гүлназ) ортақ пана болған шынымен киелі шаңырақ. 
«Түсі игіден түңілмей», жылы шырайлы, көңілі таза адамдарды жанына жақын тартып жүретін 
бауырмал Заңғар бейнесі арқылы автор «риясыз жақсылық жасай алатын адамдар ортамызда бар, 
ағайын»  деп  жар  салатындай.  Қиналғанға  қол  ұшын  бергіш,  панасыз,  қорғансыз  пенделердің 
желеп-жебеушісіндей əрдайым қастарынан табылатын жігіттің көңілі жомарт, жаны жайсаң, жары 
да  өзіне  лайық  кең  пейілдің  адамы.  Табалдырығынан  аттаған  бейтанысты  Қызыр  келгендей 
құрметтейтін  Заңғар,  шынымен  де,  осы  бір  қайырымдылығының  өтелгенін  тілемейді. «Адамның 
күні адаммен» деген биік философиялық қағиданың парқын терең түсіне білген, жабылмас есік пен 
жиылмас  дастархандай  дархан  көңілді  жігітке  сайып  келгенде  осы  қонақжай  тіршілігінен, 
мейірімділікке мұқтаж жандарға құшақ жайғаннан артық ешнəрсенің қажеті де жоқ. Көркем дүние 
болғаннан  кейін,  əрине,  драмадағы  оқиғалар  қоюлатылған,  күнделікті  тіршіліктен  алшақтау, 
реалды шындыққа жанасымсыз көрінетіні де рас. Бірақ айналасына  шуақ шашып тұратын Заңғар 
мен Гүлназдың бейнелерінен өмірдегі жаны кіршіксіз таза адамдардың кейбір қасиет-белгілерінің 
жиынтығын  көреріміз  де  анық.  Автор  өмірде  жанарымен  ізгілік  нұрын  үлестіретін  осындай  да 
жандар  бар  деген  аңқылдақ,  ақ-адал  үмітіне  көрермен  қауымды  иландырғысы  келеді.  Заңғарды 
ілуде  бір  кездесетін,  жүз  жылда  бір  туатын  «Атымтай  Жомарт»  дейсіз  бе,  асылдың  сынығындай 
ізгілік атаулының шырақшысы дейсіз бе, əйтеуір автор көңілінен туған əсерлі романтикалық бейне 
екені  даусыз.  Елге  жасаған  жақсылығын  бұлдамайтын,  қайырымдылығы  үшін  арқасына  түскен 
салмақты  ауырсынбайтын  жəне  ең  бастысы,  ешқашан  жеке  мүддесін  алға  тартпайтын  азаматтың 
биік  тұлғасына  қарап  отырып,  өз  өмірлік  ортаңыздағы  осы  тектес  мейірбан  жандардың  келбет-
кескінін,  кей  мінездерін  көріп  қалғандай  боласыз.  Заңғарлар  өмірде  бар  дегенге  шүбəсіз  сенген 
сайын  айналаға  еңсеңізді  көтеріп,  құшағыңызды  ашып  көз  тастағыңыз  келеді.  Заңғарша  тіршілік 
кешкіңіз  келеді.  Автордың  да  көздегені – адамдар  арасындағы  салқын  қарым-қатынасқа  жылу 
беру, айналасына күдіктене қарап, кірпідей жиырыла беретін тоң мінездерді жібіту. 
Кейбір  кейіпкерлердің  мұңды  тағдырлары  драманың  трагикомедиялық  сипатын  айқындайды. 
Драматург дүние кілең күнгейден, қоғам тек Заңғарлардан құралмайтынын да еске салып отырады. 
«Тойы  көп  үйде»  жүректі  сыздататын  тұстар  да  жеткілікті.  Өмірінің  күзіне  аяқ  басқанда  жалғыз-
жарым қалған, сөйтіп ішімдікпен əуестене бастаған Шорабай; жалғыз ұлы ішкілікке салынып, үйінен 
безген, безбүйрек келінінің қаһарынан меселі қайтып, қарттар үйін іздеп шыққан Гүлшара; алданған 
ару,  тастанды  бала,  шаңырағы  шайқалған  Қамбар  мен  Гүлназ  тағдырлары  елдегі  əлеуметтік-
тұрмыстық жағдай мен соның салдарынан пейілі тарылған қоғамның бет-бейнесін аңғартады. 
Роза  Мұқанованың  «Шатыр  астындағы  Мен»  трагикомедиясының  басты  идеясы – жекелеген 
адамдардың  өмірлік  құндылықтары  туралы  тікелей  авторлық  көзқарас  позициясынан  қоғамға  зер 

Известия Национальной Академии наук Республики Казахстан  
 
 
   
180  
салу.  Кейіпкерлер  өздерін    «Шатыр  астының  халқы»  деп  атайды.  Драматург  шатыр 
астындағылардың  бір  күндік  өмірі  негізінде  олардың  қилы  тағдырларын,  адами  қасиеттерін 
айқындайды.  Күнделікті  қызмет  бабындағы  қарым-қатынастың  өзі-ақ  пьеса  кейіпкерлерінің  бір-
біріне ұқсамайтын түсінік-танымдарын, мақсат-мұраттарын əйгілейді.  
Мекеме басшысы Сапақ Саталович əр жерде бір бой көрсеткенімен, оның ішкі əлемі беймəлім, 
айналасына  көзқарасы  бейтарап  күйде  қала  береді.  Пьесада  оның  өзінен  гөрі  отырған  орны – 
қызмет  сатысы  мəндірек  көрінеді.  Анти-Шректің  көкейін  тесетін  Сапақ  Саталовичтің  лауазымы. 
Ішкі  əлемі  неғұрлым  айқара  ашылып,  тип  ретінде  танылатындардың  бірі – Анти-Шрек.  Өзінен 
жоғары лауазым иесінің алдында маңдайы жерге тигенше иілуді ар көрмейтін, ал төмен сатыдағы 
қызметкерлерге  мұрын  шүйіре,  пысқыра  қарайтын  мансапқорлығы  Анти-Шректің  басты 
ерекшелігі.  Ал  Буфо – адал,  жаны  таза  адам.  Бəлкім  оның  жолы  болмай  жүргендігі,  өз  өміріне 
көңілінің марқаймауы да содан. Айналасындағылардан жапа шегіп, «екі түйе сүйкенсе, ортасында 
қалып»  күн  кешуге  еті  үйренген  азаматтың  өмірі  екіұдайы.  Пьесадағы  əлсіз,  өз  мақсат-мүддесі, 
шындық  пен  əділет  үшін  тартысқа  түсуге  қауқарсыз  Буфо  Анти-Шрек  сияқтылардың  ығымен 
жүруге,  солардың  айтқанына  көнуге  мəжбүр.  Беймоның  (Беймезгілдің)  тарапынан  өзіне  қарата 
айтылатын  ащы сынға  ұқпаған,  естімеген  сыңай танытуы  Буфоның моральдық  əлсіздігінен хабар 
береді.  Оның  жалғыз  қорғаныс  амалы – Анти-Шрек  сынды  типке  ұқсас  адамның  бет-пердесімен 
тіршілік  кешу.  Мысалы,  ол  аяқ  астынан  болған  зілзаладан  көз  жұмған  Анти-Шректің  қазасында 
марқұм туралы жалынды жалған сөз сөйлей салуды ар санамайды. Түптеп келгенде, Буфоның ішкі 
əлемі мүлде бөлек. Жаны нəзік, шынайы талант пен хас өнерді саралай, бағалай білетін азамат.  
Ашық сөйлеп, əрнəрсеге əділ баға беруден қаймықпайтын ерекше мінезді Беймезгілдің (Беймо) 
образы пьесада жеткілікті дəрежеде сомдалмаған. Ол тек авторлық позиция тұрғысынан пьесаның 
ішкі  қабатында  жекелеген  кейіпкерлердің  мінін  ашық  айту  үшін  ғана  қызмет  ететіндей.  Мұндай 
пікір Беймоны тұлғаландыра түсіп, бірінші планға жылжытса, пьесаның идеялық құндылығы арта 
түсер ме еді деген пікірден шығады. 
Жалпы  пьесаның  негізгі  идеясы  адамдар  арасындағы  жалтақтық,  жағымпаздық,  бір-біріне 
тəуелділік сынды еркін тыныстап өмір сүруге кедергі келтіретін жағымсыз құбылыстардан арылар 
күн  туар  ма  екен  деген  толғаныстардан  тамыр  тартқан.  Қаламгердің  басқа  да  шығармаларында 
өрістейтін  өмірдің  терең  қайшылықтары  туралы  ой-толғаныстары  «Шатыр  астындағы  Мен» 
драмасында да өзінше тұжырым тапқан деуге болады. 
С.Асылбекұлының  «Күзгі  романс»  драмасында  отбасылық  драма  деңгейінде  көтерілетін 
проблемалар өмірге деген прагматикалық, идеалистік көзқарастардың бітіспес тартысынан тамыр 
тартады. Екі шаңырақты да шайқайтын мəселе – ерлі-зайыптылардың өзара түсініспеушілігі. Бірақ 
лирикалық  драмадағы  бірқатар  ситуациялардың  бұлыңғырлығын  атап  өтуге  тура  келеді. 
Кейіпкерлерді  бірыңғай  жағымды-жағымсыз  деп  саралап,  екі  лагерьге  бөлуден  аулақпыз.  Алайда 
отбасы ойран болып жатқанда, алаңсыз шарап ішіп, өзге біреуге сөз салатын Сайлаудың əрекеттері 
автордың  динамикалы  түрде  дамытатын  идеясымен  үйлеспейді.  А.Пугачеваның  «Күзгі  сүйіс» 
өлеңінің  құшағында  сары  күзде  танысып,  өзара  терең  түсіністікпен  тіл  табысқан  Сайлау  мен 
Сюзаннаның арақатынасын автордың біршама қолдайтыны анық. Ал екінші планда қалып қойған 
Сайлаудың əйелі Назымның жағдайына неліктен назар аударылмайды? Сайлау неліктен жан жары, 
балаларының анасы, өмірдегі серігі  Назымды емес, Сюзаннаны таңдады? Бір жағынан, жағдайды 
дұрыс  түсінбеген  Назымды  ақылға  шақырған  орнына,  үнсіз  күйде  Сюзаннаға  кете  баратын 
өнертанушы жігітті не аңғал, не есепшіл деп ажыратып айта алмайсыз. Сабырын ашуға жеңдірген 
Назымның  ішкі  арпалысына,  Сайлаудың  сыртқы  əрекеттерінің  мотивациясына  жете  көңіл 
бөлінбегендігі драманың айтар ойын тек бетінен ғана қалқып өткендей əсер қалдырады. 
Сайлауға  тəн  мінез  босаңдығын  Софы  Сматаевтың  «Көгілдір  такси»  атты  лирикалық 
драмасындағы Қайыржаннан көреміз. Бір сəттік сезім-күйге бола жан жарынан, баласынан қол үзіп 
қалған  Қайыржан,  бір  жағынан,  Сайлаудың  келешектегі  кейпі  тəріздес.  Қайыржан  курстасы – 
министрдің қызы Клараның қармағына ілігіп, отбасынан, тұнық арманынан айырылған еді. Дүние, 
билік,  мəнсаптың  шырмауында  қалған  азамат  ішкі  жан  дүниесімен  кезінде  өзі  опасыздықпен 
тастап кеткен жақындарын сағына күн кешеді. Ол өмір бойы кінə жүгін үнсіз арқалап келген жан. 
«Мен бүгін полковникпін. Ертең генералын да бермек. Бірақ одан не пайда. Жанымның рахаттарын 
карьераға алмастырып, өзімді-өзім тонаған қарақшымын мен...»  [2, 169]. 
Жалпы  Қайыржан  бейнесі  екіұдайы:  адал  заң  сақшысы  болуды  асқақ  арманға  балаған  бір 
кездердегі Қайырбай енді «екі жеп биге шыққандай» қызмет жолында өсудің жеңіл соқпақтарымен 
жүреді. Өзінше принципшіл: қоғамның, ұлттың бетіне шіркеу болған нашақор қазақ жастарымен, 
қылмыскерлермен  күреске  барын  салады.  Жоғары  лауазымдылардың  алдында  жағымсынуды  да 
артық  көрмейді.  Оның  үстіне  бірбеткей  принципшіл  болуға  қызметтегі  сыбайластары  да  мұрша 
бермейді (Оның небары жиырма мың теңгені құрайтын мардымсыз жалақысына қаратпайтын Гога, 
Вахит тəрізді сыбайластары жəне бар).  

№6. 2013  
 
 
181 
Сезім  жетегінде  жүріп,  ұйыған  отбасынан  айырыла  жаздайтын  азамат  бейнесін  Сұлтанəлі 
Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» пьесасынан да көреміз.   
Пьесадағы  кейіпкерлер  топтамасына  қарап,  пьесадағы  қозғалатын  негізгі  мəселе  бүгінгі 
зиялылар  өмірі  ме  деп  қаласыз.  Алайда  қаламгердің  бір  жанұядағы  отбасылық  драма  арқылы 
қазіргі  замандасдарымыздың  бақытқа  қол  жеткізу  мен  оны  бағалау,  адамгершілік  принциптер 
туралы көзқарас-пайымдарын саралағанына көз жеткіземіз. 
Шығармадағы  сүттей  ұйыған  отбасының  берекесі  мен  бақытын  азсынған  Қайырбай  драмалық 
ситуацияны  тудырушы  басты  кейіпкер  бола  тұра,  характерологиялық  жағынан  соншалық  ашыла 
қоймаған.  Алғашқы  актіде  ол  жолдас-жора,  ағайын  ортасында  Фаридамен  күміс  тойын  тойлап 
жатқан үлгі тұтарлық, мақтаулы азамат. Алыста қалған жастық күндерін еске алып отырғанда да, 
Қайырбай  мен  Фариданың  қол  ұстасып,  баянды  ғұмыр  кешіп  келе  жатқандары  мол  сеніммен 
суреттеледі. Аяғы ауырлаған ашынасы Нəзікеш мұны күте-күте тағаты таусылып, Фариданы ашық 
«əңгімеге»  шақырған  кезінде  де  Қайырбай  бейқам;  кешегі  күміс  тойдың  əсері  əлі  қарқамаған, 
мұрнының  астынан  əндетіп  те  қояды.  Əуелде  Қайырбайдың  бейне  бір  ешнəрседен  хабарсыз 
бейкүнə  түр-тұрпатына  қарап,  жас  қыздың  мына  қылығын  алаяқтық  па  деп  те  қаласыз.  Бірақ 
Нəзікеш те осал адам емес-ті. 
Өзге  шаңырақтың  шырқын  бұзып,  мұратына  жетуге  тырысқан  қыз  Қайырбайдың  бостығына 
ызаланып, мəселені өз қолына алады. Кеше ғана бақытты отбасылық өмірлерінің мерейтойын атап 
өткен  Фариданың  күмəніне  қарсы  Нəзікештің  дəлелдері  мықты,  куəлары  көп.  Орта  жолдан 
киліккен «жолбике» дүниеге өзінше ақын көзімен қарайды. Ақыры ол ойран салып, тартып əкеткен 
Қайырбаймен  де  бақытты  бола  алмайды.  Себебі  Қайырбай  ол  ойлағандай,  жер  ортасынан  ауған 
шақта  шынайы  махаббатқа  ұмтылған  бақытсыз  адам  емес  еді.  Қайырбай – бар  болғаны  серілік 
құрып, ауық-ауық тасыған көңілін басатын, түптеп келгенде бірқалыпты өмірді қалайтын жан.  
Пьесадағы  тақырыптық  жағынан  басты  назардағы  кейіпкерлер – өмір  бойы  Фариданы  сүйіп 
өтіп, оған қол жеткізе алмаған Руслан жəне Қайырбайдың серілік сезімін «Қозы мен Баянның» ұлы 
махаббатына  балаған  Нəзікеш.  Екеуі  мүлде  кереғар  бейнелер.  Бетбақтыққа  салынып,  біреудің 
ширек  ғасыр  бірге  жасасып  келе  жатқан  жарын  тартып  алып,  одан  сəби  сүйіп,  сезімі  сенімін 
ақтамаған соң, өзге біреудің етегіне жармасып тағы кете беретін Нəзікешке қарағанда, Русланның 
сезімі  тұнық.  Ол  ғашықтық  сезімін  іште  тұншықтырып,  Фариданың  бақытты  болуын  тілеген 
жігіттің өмірге, адамдарға деген ақ пейілі таза көңілден жол тартады. Ол – Фариданың сүйе тұра, 
Қайырбайдың жетістігіне қуана алатын, қайғысына ортақтаса алатын жан.  
Бүгінгі  өмір  келбетін  бейнелеген  драмаларды  зерделей  отырып,  біз  драматургтеріміздің  түрлі 
тақырыптарға қалам тербегенін байқаймыз. Олардың қатарында қоғамның əлеуметтік, саяси, мəдени-
рухани ахуалынан сыр шертетін туындылардың алуан түрі ұшырасады. Көркемдік деңгейі, идеялық 
нысанасы əрқилы драмалардағы халық арасынан алынған кейіпкерлер де түрлі сипатта көрінеді.  
Бүгінгі  драматургияда  саяси-экономикалық  дағдарыс,  нарықтық  қатынастардың  дендеп  енуі 
салдарынан  қоғамда  орын  алған  рухани-психологиялық  ахуалды  зерделеу  үрдісі  айқын 
аңғарылады. Ұлт тіршілігінің əлеуметтік-тұрмыстық, мəдени-рухани қабаттарын тереңінен қаузай 
ақтарған  шығармаларда  бүгінгі  замандастарымыздың  қилы  азаматтық,  моральдық  көзқарастары 
мен  өмірлік  ұстанымдары  бедер  тауып  жатады.  Сайып  келгенде,  тұтастық  күйінде  олар  қазіргі 
қоғамдық сананың қия-қалтарыстарына жетелейді. 
 
ƏДЕБИЕТ 
 
1 Исабеков Д. Бес томдық шығармалар жинағы. – Алматы, 2003. – Т.5. – 360 бет. 
2 Сматаев С. Көгілдір такси. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы, 2008. – Т.14. – 376 бет. 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет