ӨЗІНДІК ЖҰМЫС тапсырмалары мен рефераттар таҚырыптары
Өзіндік жұмыстарды орындаудың талаптары мен шарттары. Жоғарғы оқу орнының оқу жоспарына сәйкес, әрбір студент философиялық пәндер бойынша бірнеше өзіндік жұмыстарды жазып өткізуі керек. Өзіндік жұмыстарға арналған тақырыптар екі бөлімде топтастырылған, себебі жұмыстардың әрқайсысы әр бөлімдегі тақырыптар тізімінен таңдап алынып, бірін-бірі қайталамауы керек. Тақырыптар саны жеткілікті мөлшерде құрастырылған, сондықтан да бір топтағы екі магистр бір тақырып бойынша жұмыс орындауына болмайды.
Әрбір бөлімдегі тақырыптар теориялық немесе тарихи кезеңдерді қамтитындықтан тиісті деген әдебиеттердің тізімімен қамтамасыз етілген, дегенмен, соңғы уақыттарда баспадан шыққан жаңа кітаптар тақырыпты ашуға көмектессе, тізімде көрсетілмеген әдебиеттерді де пайдалануға болады.
Студент өзіндік жұмыстарды жазбас бұрын, сабақ жүргізетін ұстаздарынан мына мақсатта тиісті кеңестер алуы қажет:
1. Таңдап алынған тақырыпты мұғаліммен келісу, себебі көрсетілген тақырыптар шеңберінен шығуға студент мәжбүр болса жетекшімен ақылдасуы қажет.
2. Керек болған жағдайда ғылыми әдебиеттер, мақалалар туралы кеңес алу.
3. Өзіндік жұмыстардың жоспарын бекіту.
4. Жұмысты жазу және талапқа сай формада көркемдеу.
5. Түсінбеген мәселелер, сұрақтар жайында мағлұмат алу.
6. Өзіндік жұмыстарды белгіленген мерзімдерде тексеруге беру.
7. Ұстаз тарапынан жасалынған ескертулер мен түзетулерді толықтырып, жұмысты көрсетілген уақытта тапсыру.
Өзіндік жұмыстардың мазмұны мен формасына мынандай талаптар қойылады:Жұмыс жоспары екі немесе төрт тараудан артық-кем болмауы керек, ерекше бір жағдайда ғана бес тарау болуы мүмкін. Жұмыстың мазмұны, әртүрлі монографиялар мен ғылыми мақалаларды оқып-талдаудың нәтижесінде құрылуы керек. Аяқталған өзіндік жұмыстардың мынандай көрсеткіштері болуы қажет: біріншіден, студент зерттеп отырған тақырыбының мәнін, теориясы мен тарихын терең танып-білгендігін көрсету; екіншіден, автор мәдени құбылыстарды талдай отырып, оларды әртүрлі ғалымдар мен ғылыми ағымдар көзқарасы тұрғысынан түсініп, бағалай білу; үшіншіден зерттеп отырған мәдени құбылыстың өзектілігін, оның тарихтағы орны мен қазіргі заманғы маңызын ашып дәлелдеу.
Өзіндік жұмыстарда осы мәселеге қатысы бар деген пікірлер мен концепцияларды атап көрсетіп, олардың авторлары мен жазған еңбектерінің атын атап, тексте келтірілген сілтемелер болса нөмірлеп белгілеп қою қажет. Бір мәселе бойынша көп түрлі пікір қалыптасқан болса, оларды салыстыра отырып, автор өзінің түсінігіне сәйкес келетін біреуін негізге алуға тиіс. Ғылыми жұмыстың құндылығы да, студенттің жеке өзінің пікірінің қалыптасуы және соны айғақты түрде дәлелдей алуымен бағаланады. Мәселенің мәнін ашатын жақтарына назар аудара білу, фактілер мен уәждер арқылы тұжырым жасай алатындығы, жұмыстың деңгейін көтере түседі. Жұмыстың мазмұны логикалық тұрғыдан дұрыс және жасалған жоспарға сәйкес болуы шарт. Жұмыстың құрылымы кіріспе, негізгі бөлім және қорытындыдан тұрады. Кіріспеде, автор, осы семестрлік жұмыстың мақсаты мен мұратын, тақырыбтың өзектілігін атап өтіп, осы мәселеге қатысты әдебиеттерге қысқаша шолу жасайды. Қорытынды бөлімде негізгі тұжырымдар айтылады және солардың нәтижесі ретінде түйіндеме жасалып, семестрлік жұмыс аяқталады. Жұмыстың сыртқы формасына келсек, оның көлемі 8 - 10 компьютерлік қағаз беті шамасынан кем болмауы керек, кіріспе, қорытынды және сыртқы бетін қоспағанда. Жұмыстың әрбір бетінде орын қалдырылып, тараулардың аттары жазылып, сілтемелер бет соңында көрсетілуі қажет. Жұмыстың сыртқы беті ғана машинкада немесе компьютерде теріліп, негізгі мазмұны көрнекті және түсінікті жазумен, таза және түзетулерсіз қолмен жазылған болуы керек.