Бастауыш білім беру деңгейінің 1-4-сыныптарына арналған «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәнінен жаңартылған мазмұн бойынша үлгілік оқу бағдарламасы
1- тарау. Жалпы ережелер
1. Бастауыш орта білім беру деңгейінің 1-4-сыныптарына арналған «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 6 тармақшасына сәйкес әзірленген.
2. «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәнін оқыту мақсаты – білім алушылардың оқу мен күнделікті өмірде есептей білу дағдылары, робототехника, базалық білім, заманауи ақпараттық технологиялармен жұмыс жасаудағы білік және дағдыларды тиімді қолдануын қамтамасыз ету.
3. Негізгі міндеттері:
1) білім алушыларға компьютер туралы, қазіргі заманғы цифрлық құрылғылар және олардың қоғамдағы рөлі туралы бастапқы ақпараттар беру;
2) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, білім алушылардың есептей білу, роботтарды жинау және программалау, іздеу, жинақтау, өңдеу, ақпараттарды сақтау және тарату дағдыларын қалыптастыру;
3) білім алушылардың әртүрлі қолданбалы программаларды қолдану арқылы өз идеяларын ұсыну дағдыларын қалыптастыруға ықпал ету;
4) байланыс, ақпарат алмасу және ынтымақтастық үшін ақпараттық- коммуникациялық технологияларды пайдалануын ынталандыру;
5) білім алушыларды компьютермен қауіпсіз жұмыс істеу ережелері мен авторлық құқықтарды құрметтеуді үйрету.
4. Оқу бағдарламасында үш тілде оқыту ғана емес, сонымен қатар білім алушылардың мектептен тыс сабақтарын үш тілде (қазақ, орыс және шетел тілдерінде) ұйымдастыруды көздейтін үш тілде білім беруді жүзеге асыру қарастырылған.
5. Оқу бағдарламасының ерекшелігіне оның пән бойынша білім мен білігінің қалыптасуына бағдарлануы ғана емес, сонымен қатар, білімді функционалдық және шығармашылық жағынан қолдану, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, ақпараттық және коммуникациялық технологияларды, әртүрлі коммуникациялық әдістерді пайдалану, топта және жеке жұмыс істей білу, проблемаларды шешу және шешім қабылдау сияқты кең ауқымды дағдылар жатады.
6. Жеке тұлғалық қасиеттердің кең спектрлі дағдылардың табиғи үйлесімде дамуы - білім алушылардың бойында: «қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік», «құрмет», «ынтымақтастық», «еңбек және шығармашылық», «ашықтық», «өмір бойы білім алу» сияқты базалық құндылықтарды қалыптастырудың негізі болып табылады. Бұл құндылықтар білім алушылардың мінез-құлқына және күнделікті іс-әрекеттеріне ынталандырушы болуға арналған оның тұрақты тұлғалық бағдары болуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |