Немат Келімбетов Үміт үзгім келмейді



Pdf көрінісі
бет1/18
Дата29.09.2023
өлшемі1,77 Mb.
#111684
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18
Байланысты:
1198 mit 1199 zgim Kelmeydi Nemat Kelimbetov





Немат Келімбетов
ҮМІТ ҮЗГІМ КЕЛМЕЙДІ
Жазушы Немат Келімбетовтың "Үміт үзгім келмейді" деп
аталатын хикаят-монологында ауыр науқасқа шалдығып, көп
жылдар бойы төсек тартып жатқан мүгедек жанның өмірге деген
шексіз құштарлығы, қайсарлығы, адамгершілігі, мөлдір махаббаты
сөз болады. Науқас адамның сын сағаттағы сан қилы ой-
толғаныстары бас қаһармандар Ержан мен Гауһардың монологтары
арқылы берілген.
1
— Гауһар! Бүгін ойым онға, санам санға бөлінігі, басым қатты.
Қайдағы-жайдагы жымысқы ойлар мені қыл мойынға тақап,
дегбірімді тауысып бара жатқан сияқты. Əттең, қас қылғандай тап
қазір қасымда емессің гой. Əйтпесе ішімде қазандай қайнап,
жанымды қоярга жер таптырмай буырқанып жатқан сыр сезімдерді
өзіңе түйдек-түйдегімен ақтарып, еңсемді езе түскен ауыр ойлардан
арылып, жеңілдеп қалар едім.
Қапасқа түскен құс тəрізді мына аурухананың еріксіз тұтқыны боп,
төсекке жіпсіз байланып, ой-қиялға шырмалып жатқаныма да екі
айдан асып барады екен-ау. Кейде маған сау-саламат, шапқылап
жүрген балауса өмір алты қырдың астында қалып қойғандай боп
көрінеді. Бірақ бостан-босқа ойға малтығып, салы суға кетпесін деп
күні бүгінге дейін өзіңе тіс жарып, сыр білдіргем жоқ. Əйтсе де, осы
бір дертке шалдыққалы бері менің ішкі дүниемнің астан-кестені
шығып, өзімнен-өзім ызаға булығып, жарылып кете жаздап
жүргенімді сен қас-қабагымнан-ақ қалт жібермей танисың ғой.
Рас, мұндай қатерлі науқас адамның бойына ғана емес, ақыл-
ойына да запыран зəрін құйып, аяусыз улап тастайды екен. Бірақ сен
мені «Аз күнгі азапқа төзбей, тауы шағылып, тауаны қайтып қапты»


деп ойлама. Сол нəрсеге жібі босай қалатын күйреуік жандарды
көрсем-ақ арқам қозып кетеді. Онша-мұнша сырқаттың тауқыметін
котере алмай, иленген терідей болбырай қалатын жан мен емес.
Гауһар! Сен тірі тұрғанда мойныма тау тесіп ілсе де қыңқ
етпейтініме иманыңдай илана бер. Тек қырықтың қырқасынан аспай
жатып-ақ қияметтей ауыр дертке шалдыққанымды есіме алған
сəттерде ғана мен көңілімнің көк жайлауынан ел көшіп кеткендей
құлазып қалам.
Əрине, адамның қашанда басы аман, бауыры бүтін боп, ауырмай-
сырқамай айдарынан жел есіп жүргеніне не жетсін. Бірақ
ғұмырында, сірə, мұрттай ұшып, ауырып көрмеген, өзін науқас
қаттырақ қысып, жаны жарға таянбаған адам коп нəрсені терең
түсіне де, сезіне де алмайтын шығар. Өйткені ажал үрейі өз басына
шындап төнген қауіп-қатерлі сəттерде ғана сан жылдар бойы
жүректің терең түпкірінде əбден бұйығып жатқан, үйлығып қалған
ой-сезімдер оянып кететініне көзім жетті. Осы ауруханаға келгелі
бері ғана ұйқылы зердем оянып, санамның көзі шындап ашыла
бастады десем, иланасың ба?
Гауһар! Саған бүгін мұның бəрін қалай түсіндірсем екен?
Жайшылықта біз көп нəрсені ой елегінен өткізіп, екшеп, елеп
жатпайды екенбіз. Оған күнделікті күйбеңмен жүргенде мұршамыз
да келмейді, мойнымыз да жар бермейді ғой.
Ал, ауруханада санамен сарғайып жатқанда, ой түбіне жетпек боп,
қиял қойнауының қатпар-қатпарын ақтара беріп, шақшадай басым
шарадай болды. Кешегі бір түннің өзінде төсегімнен тоғыз тұрып,
тоқсан толғандым десем өтірік емес.
«Ержан не ойланады екен?» дейтін шыгарсың. Есілдертім сен боп
қалдың ғой, Гауһар.
Балаларды ойлаймын. Болашағымыз туралы толғанам.
Гауһар! Бəрі де кеше ғана болған сияқты еді. Сөйтсек, екеуіміздің
отбасын құрып, өз алдымызға түтін түтете бастағанымызға да он
жылдай боп қапты-ау. Өмір-өзен бір минутқа кідірмей, сынаптай
сырғып өтіп барады екен ғой. Сау кезімізде соңымызға
жалтақтаудан гөрі, дүрмекке ілесіп, алға қарай ұмсына берсек керек.
Əйтсе де, жолаушының оқта-текте бір тоқтап, өзі басып өткен өмір


жолдарының кедір-бұдырына көз қырын тастап қойғаны да зиян
емес пе деп қалдым. Өйткені кешегі кемшілік ертеңге сабақ қой.
Міне, біздер он жылдан бері бір мəрте де жүз шайыспай, əй-шəй
деспей, тату-тəтті өмір сүріп келдік. Адам, сірə, бұл өмірдің
қызығына тойған ба?! Дегенмен, өзіңмен жақсылы- жаманды бірге
өткізген азды-көпті күндеріме мен өле-өлгенше ризамын Жоқ' Атай
көрме'


Мені озіңмен бақылдасып, қоштасып жатыр екен деп ойлап қалма
Рас, қазір мен жатқан аурухана жеңіл-желпі сырқаттар келетін жер
емес. Бұл — нейрохирургия ауруханасы Мұнда ең қиын, ең қауіпті
операциялар жасалады. Адам миының ішіне, яки омыртқа сүйектің
қуысында жасырынып жатқан жұлынға операция істейді.
Мұнда адамның бас сүйегін, яки омыртқасын кұдды жаңғақ шағып
жатқандай шақыр- шұқыр аршып, бұжыр- бұжыр ми етінің қат-
қабаттарын тілгілеп, жалғап, жамап жатады. Осындай онерациядан
аман-есен шыққан науқас адам құдды дозақ отынан өтіп келгендей
ақырет азабын шегеді десем артық айтпаганым. Тіршілік үшін
ажалмен арпалысқа түсіп, өмірдің зəрін татып жатқандарды күнде
көрем Өзімнің де дол сондай операцияға түсіп, солар сияқты
қиналатыным есіме түссе болғаны, денем түршігіп, тобе құйқам
шымырлап кетеді
Бірақ ой азабы адамның ұшар көгін, қонар көлін тарылтып
жібереді екен ғой. Кейде мен өзімді бірте-бірте ой жеңіп бара ма деп
те іштей тіксініп қалам. Сондықтан дəл қазір қасымда болмасаң да,
бар сырымды өзіңе осылайша ақтара бергім келіп тұр.
Гауһар! Сені тура бүгінгідей ешқашанда аңсап, сабыр суым
сарқыла күтпеген едім.
Мүмкін, бұл əдеттегі, үйреншікті сағыныш емес, езіме де беймəлім
басқа бір сезім шығар.
Кейде адамда мұндай да болады екен-ау. Өзіңді кеше ғана көрдім
Ал, бүгін сағынып қалдым. Жəудіреген мөлдір жанарыңды да,
сүйріктей аққу мойныңды да, үлпілдеген кемір қара шашыңды да, қас
қағымда жанымды баурап əкететін сүйкімді наз-қылығыңды да
аңсадым.
Мүмкін, сен басқалар үшін айта қалғандай əдемі де емес
шығарсың. Мұның бəрі менің қанатты қиялымнан туған сағым-
бейне ғана болар. Бірақ мен үшін өзің ең қымбатты жан екеніңе
бүгін анық көзім жетті. Неге дейсің ғой? Асықпа. Бəрін рет-ретімен
айтамын.
Бір айдан кейін сен жиырма жетіге толасың. Ал, мен отыз беске
шығамын. Арамызда тұтас бір ғұмырдай боп, сегіз жыл көлбей


түсіп жатыр екен-ау. Соны бүгін ғана тұңғыш рет ойлаппын ғой.
Өйткені ол екеуіміздің де ойымызға кіріп шыққан емес.
Білем, сен қазір жұмыстасың. Мен сияқты кімнің нешеге
келгенін есептеп, бос қиялға беріліп жатқан жоқсың. Əсіресе, мен
ауруханаға түскелі бері жүмысбасты, ер жанышты боп кеттің.
Өйткені бəрін — үй шаруасын да, бала күтімін де жалғыз өзің
тындырып жүрсің. Бүгін сен жұмыстан шыққан бойда тура балалар
бақшасына барасың, Қайратты əкелесің. Оған дейін мектептен
Мұхит та кеп қалады. Сосын үшеуің маған келесіңдер.
Оған дейін əлі бірнеше уақыт бар. Ал, мен қазір сол өзің көрген
кереуетте шалқамнан түсіп, қыбыр етпей, сан қилы ойға шомып
жатырмын.
Кешегі өзің көргендей мəре-сəре емеспін. Бүгін көңілім су
сепкендей басылып қалған сияқты. Неге дейсің ғой?
Түскі тамақты енді алдымызға алып едік, бір топ дəрігер сау етіп,
біздің палатаға кіріп келді. Жүрегім тас төбеме шықты. Өйткені
олар түскі ас кезінде, сірə, бүйтіп келген емес. Араларында осы мен
жатқан аурухананың бас дəрігері, өзің білетін профессор əйел бар.
Демек, біздің алтыншы палатадағы үш наукастың біріне шұғыл
түрде операция жасау керек болғаны деп түйдім. Кімге?
Қайсымызға? Неге тезірек айтпайды?
Соның алдында ғана біздер калжың, күлкіге енді көшкен едік.
Нейрохирург профессорды көргенде, күлкіміз пышақпен кескендей
күрт тыйылды. Шыдам-төзімім таусылса да, жұмған аузымды ашуға
шамам келмей, іштен тынып, оқ тиген ұзақ көзденіп жата бердім.
Тағатым таусылып, тынысым бұрынғыдан бетер тарыла түсті. Бірақ
еңсені жаншып жіберердей өлі тыныштықты бұзуға ешкімнің
жүрегі дауаламай-ақ қойды.


Бір кезде барып профессор қолындағы көкшіл қағазға үңілді. Сол
сəтте ол маған бейне бір айтуға ауыр, аса қатал үкімді оқып
естіртейін дегі тұрған соттың төрағасы тəрізді боп көрініп кетті.
Профессор мен жаққа карады. Мен оданқаймығып, жүзімді
тайдырып əкеттім. Бірақ құтыла алмадым. Ол қағаздан баскаларды
емес, тура менің фамилиямды оқыды. Сосын профессор маған тік
қарап: «Ертең сізге операция жасаймыз», — деді де, əлгі ақ халатты
бір топ адамды соңына ертіп, дереу палатадан шығып кетті.
Сол-ақ екен, жанымда жатқан екі науқас та иықтарындағы зілдей
жүкті біреу лып еткізіп лезде алып тастағандай-ақ: «Уһ», — деп
жеңілдеп, тыныстары кеңіп сала берді. Ə дегенде мен сең соққан
балықтай есеңгіреп, не істерімді білмей ошарылып қалдым.
Сəлден кейін барып көзім бұлдырап, құлағым ың-шың боп шулап
кетті.
Не керек, бүгін ойда жоқта көңіл-күйім сабындай бұзылды. Əп-
сəтте жаным құлазып, көңілім ойсырап қалды. Əлденеден меселім
қайтып, қажырым мұкалғандай болды.
Жаңа ғана палата іші жап-жарық нұрлы шуаққа толы сияқты еді.
Енді айнала төңіректің бəрі күңгірт тартып, тылсым үрей төніп келе
жатқандай. Əзірше өзіме де беймəлім бір жамандықты сезгендей
жүрек қүрғыр зуылдап алып ұшып барады. Не болды маған?
Соншама неден зəрем қашады? Ертеңгі операциядан жүрегім
шошып жатыр ма?
Гауһар! Сен біздің профессорды білесің ғой. Ол өзі мығым денелі,
сəл еңкіштеу, қабағы түксиіп қалған, мосқал əйел. Бір қызығы оның
жүріс-тұрысы да, адамдармен сойлесуі де, тіпті гүрілдеген жуан
даусы да əйелден гөрі ер адамға көбірек ұқсайды. Ауруханада оны
ешкім Елена Андреевна деп аты-жөнімен атамайды. Жүрттың бəрі —
аурулар да, дəрігерлер де «профессор» дейді.
Елена Андреевна басқа дəрігерлер сияқты қиын жағдайда
қипақтап, мəймөңкелеп жатпайды. Құдды төбеден тоқпақпен
қойып қалғандай етіп, ойындағысын тура айта салады. Мүмкін,
сол себепті шығар, əйтеуір осындағы науқастар оған инедей
шүбə келтірмей, иманындай сенеді.


Əдетте профессор науқас кісілерге, əсіресе, бүгін-ертең операция
столына жатайын деп тұрғандарға жылы шырай байқатпайды екен.
Қайта əлденеге қатты жаны кейіп түрғандай сыңай көрсетіп, күрең
қабақ танытып, қатал сөйлеседі. Мұндай «жасанды қаталдықтың»
бар қүпия сырын мен кейінірек барып түсінгендей болдым.
Əр сөзін шегелеп жатқандай-ақ нығыздап-нығыздап айтып,
даусын сəл көтеріңкіреп, ызалы үнмен сойлесудің кімге керегі бар
дейсің ғой? Мұнда гəп бар екен. Оны өзім де кештеу ұқтым.
Ажал иісі аңқыған қан майданға кірер алдында азды- көпті үрейге
бой алдырып тұрған жауынгерді сəл де болса демеп, жігерлендіріп,
жан-дүниесін шықпыртып жіберетіндей қаһарлы сөз қажет емес
пе?! Арпалыс алдында командир жауынгерлеріне «Айналайын!»
— деп жəмпеңдеп жатпайды. Қайта қаһарына мініп, өз бойындағы
жауға деген өшпенділікті, ашу-ызаны, от-жалынды қатардағы
жауынгерлерге де бөліп бергісі келгендей өзінен-өзі буырқанып,
бусанып, айбат шегіп кетеді ғой. Мұның өзі солдаттарды табанда
жігерлендіріп, бойына кұш-қуат беріп, қайрап жібереді.
Біздің профессор да əрбір нейрохирургиялық операцияны адам
өмірі үшін болған қан майдан деп біледі. Өзін сол қиян-кескі
шайқастың командирі сезінсе керек. Ал, біздерді, науқастарды,
əрине, ол бұйрықты мүлтіксіз орындауға тиісті солдат санайды.
«Ауруды жеңіп шығу үшін сендер өздерің де аянбай барларыңды
салып күресулерің керек», — дегенді бізге жиі айтады ол.
Осындай дертке шалдығып, ауруханаға түскелі бері өзім де əбден
күдікшіл, кісі қабағын аңдығыш боп кетсем керек. Мен қазір кез
келген адамның өзіме туралы не ойлап


тұрғанын бетіне бір қарап-ақ, көздерінен қапы жібермей оқимын
десем иланасың ба? Тегінде, өзгелердің ой-пікірін жүзіне қарап,
осылайша «оқи алмаған» жандар бақытты шығар. Біреудің мал-
мүлкіне көз салып жүрген ұры сияқты боп, əлдекімдердің ішкі
дүниесін, ішек-қарнын рентгенмен қарағандай ұдайы көріп
отырудың несі мəртебе?!
Жұрттың айтуынша, профессор əдетте кеселі тым асқынып
кеткен, операциядан тірі шығуы дүдəмал науқастармен ғана
сыпайылық сақтап, жылы шыраймен, «жақ- сылап» сөйлеседі
екен. Ол жаңа біздің палатаға кіріп келгенде маған бір түрлі
мейірлене, жаны ашып қарағандай болған еді. Содан секем алып
қалдым.
Демек, мен ертеңгі операцияның өзінен емес, профессордың мені
əлденеге қиғысы келмегендей-ақ іштей мүсіркеп тұрған, мейірімге
толы көздерінен үрейленіп кетсем керек.
Рас, мен өзіме операция жасалатынын бүгін ғана есітіп отырғаным
жоқ. Маңдайшасына абажадай кесек əріптермен баттитып
«Нейрохирургия» деп жазылған есіктен кірген əрбір адам о баста-ақ
миына операция жасатуға іштей белш буып келген жандар. Олар осы
есіктің табалдырығын аттаудан бұрын талай-талай түндерді ұйқысыз
өткізіп, ақыры басқа лажы қалмаған соң осы қадамға тəуекел
жасаған кісілер.
Көк семсердің жүзіндей қылшылдап, ителгідей жұтынып тұрған
небір жүрек жұтқан жігіттердің өздері де осы есікке келгенде
ұнжырғалары түсіп, əлекей-шəлекей боп қалғанын талай көрдік.
Бəріміз де мына есіктен қорқа- қорқа кіргенбіз Неге дейсің ғой?
Өйткені мұнда адамның ең жанды, ең күрделі жеріне — миына
операция жасалады. Көне медицина ғылымының басқа салаларымен
салыстырғанда нейрохирургия өлі жас екен. Адамның бүкіл
организмін басқарып тұрған сиқырлы орталықтың ғылымға белгісіз
сырлары да аз емес тəрізді. Əсіресе, арқа омыртқаның ішінде
жатқан жұлын ми хақында əзірше адамзаттың білетіні мардымсыз
сияқты.
Бір жолы маған профессор əзіл-шынын араластырып: «Қазір адам
баласы өз жұлынының қызметінен гөрі, аспандағы айдың құрамын


жақсырақ біледі», — деп күлген еді. Мүмкін, сонысы рас та шығар.
Əйтеуір операция столына жатқандардың бəрі бірдей тірі шығады
деп ешкім де, тіпті осы атышулы профессордың өзі де кепілдік бере
алмайды.
Иə, нейрохирургия ауруханасының табалдырығынан өз еркімен
аттап өтіп, ішіне кіруге өзін-өзі қалайда көндіре алған кісілер — бір
жағынан үмітке иек артып, ал екінші жағынан ажалды іштей
мойындап келген жандар. Мен де солардың бірімін. Соны ұмытпа,
Гауһар!
Тірішліктегі ең қатерлі, ең сұсты нəрсе — өлімнің өзіне де тəуекел
жасап, ажалға бас тіккен адам енді неден жасқанады дейсің ғой?
Айтайын. Бір айдан кейін келетін өлім қатерінің қорқынышы бір
бөлек те, тап қазір, бүгін- ертең төбеңнен төніп тұрған үрейдің жөні
бір бөлек екен. Бір айдан, не бір жылдан кейін болатын операциядан
адам онша шоши қоймайды «Арада өлі уақыт бар», — деп əркім
өзін-өзі іштей жұбатса керек.
Мұндайда науқас жандар уақыт дейтін қорғанды паналап, соған
арқа сүйейді. Ал, «ертең операция» дегенді естігенде адам жан-
жағынан жаудың оғы борап тұрған қиын-қыстау сəтте бас
паналайтын бірде-бір бұтасы жоқ, алақандай ашық далада қалып
қойған жауынгерге ұқсайды. Жаңа «ертең» дегенді естігенде мен
сондай күйге түстім. Рас, мен бойымды үрей билеп, көңілім сөгіліп
бара жатқанын тірі жанға сездірмеуге тырыстым. Бірақ қорқыныш
сезімі адамның еркінен тыс нəрсе ғой. Құрық тимеген асаудай
тулайтын үрей сезіміне тізгінсалып, ауыздықтап алу көрінгенің
қолынан келе беретін жеп-жеңіл іс емес. Ішкі дүнием алай-дүлей
боп, дауылды күнгі теңіздей толқып жатты.
Теңіздей тулап, бойымдағы басқа сезімдерді бас көтертпей
тұншықтырып, билеп- төстеп бара жатқан қаһарлы үрей бір сəт
өзінен-өзі саябырлап, сабасына түсе бастады. Əл- сəтте қанымды қақ
қылған қап-қараңғы қорқыныш пердесі өзінен-өзі ысырылып, сонау


көкжиектен үміт шүғыласы шашырай бастағандай болды. Шынында
да, осы мен неге сонша үрейленем? Неге құтым қашады? Неден
қорқамын? Операциядан ба? Əлде өлімнен бе? Жалпы қорқыныш,
үрей деген не өзі? Ойымнан осындай сауалдар шықпай-ақ койды.
Енді осы сурақтарға жауап таппай тұрып, көңіліңнің тыншымасын,
басқа нəрсе ойлай алмайтынымды сездім.
Гауһар! Сенен несін жасырам? Жайшылықта қоян жүрек
қорқақтығым байқалмаған сияқты еді ғой. Мүмкін, кімнің қорқақ,
ал кімшің батыр екенін тек төбеден төнген өлім қаупі ғана
анықтайтын шығар. Əйтеуір мына үрей мені ой азабына салып
қойды. Қазір ешкімнің сөзіне сене қоймайтын сияқтымын. Бүрын
өзім анық-қанық білетін нəрселерге де бүгін іштей күдіктене
бастадым. Бұл не?
Үрей адамды ойшыл етіп жібере ме деп қалдым. Мен қорқыныш,
үрей сезімі хақында бұрын-соңды ойланып көрмеген едім.
Ойланатын несі бар дейсің ғой? Бар екен.
Аузын арандай ашқан ажалмен жеме-жемге келгенде ғана адам
осындай сауалдарға жауап іздейтін шығар. Сонымен мен неден
қорқам? Ертеңгі болатын операциядан ба? Демек, операцияға, оның
сəтті боларына онша сенбегенім ғой. Сонда үрей дегеніміздің өзі
сенімсіздіктен туатын болғаны ма? Мұндай күрделі,
нейрохирургиялық операция сəтті аяқталады деп күні бұрын ешкім
үзілді- кесілді айта алмайды. Тіпті профессордың өзі де ойдағыдай
өтеді деп мені тас-түйін сендіріп отырған жоқ. Демек, қауіп-қатер
бар.
Қорқыныш дегеніміздің өзі қауіп-қатерді күні бұрын сезіну емес пе
екен?
Бізбен көрші палатадағы бір кісі операция жасатар алдында
қасындағы жолдастарына əзілдеп «Қорықпаңдар Менің өлуге
правом жоқ. Өйткені балаларым əлі тым жас», — депті Мүмкін, осы
бір əзіл сөзде көп шындық жатқан шығар. Онда əлгі үрей дегеніміз
аса күшті жауапкершілікті сезіну ғана болып шықпай ма?
Бір данышпан «Үрей — басқа түсетін бəле-жаланы,
бақытсыздықты, азапты күту», — депті ғой. Ар-ұят дегеніміздің өзі
де абыройды айрандай төгіп алудан қорқу, үрейтену емес пе? Демек,


кəдімгі ұяттың өзі де үрей. Дəлірек айтсақ, адамдар бақытсыз боп
қалам ба деп үрейленеді екен. Онда тек бақытты жандар ғана қауіп-
қатерден шошитын болғаны ма? Ал, бақытсыздар ше? Олар
тəуекелшіл, жанкешті боп келе ме? Мен ертең операцияға баруға
жүрексініп тұрмын. Демек, мен азды-көпті бақытты жан болғаным
ғой
Бірақ бақыт дегеннің өзі не? Мен соны толық түсінем бе деген
күдік ойда жоқта сап ете түсті. Бақыт адамның ойлаған арманына
жетуі шығар. Бірақ адамда арман көп қой. Соның бəріне қолы
жеткен адам ғана шын бақытты ма? Əйтсе де, адамның арманы, сірə,
тіршілікте таусыла қоймас. Сонда қалай, жер бетінде бақытты жан
жоқ па? Бар, əрине.
Көп Əйтпесе неге біреулерді бақытты, біреулерді бақытсыз дейміз?
Мүмкін, бақыт дегеніміз өзгермейтін, тұрақты, қатып қалған нəрсе
емес шығар. Бүгін бақыттың дəмін татқан кісі, күні ертең-ақ
қайғыға уланып қалуы ықтимал емес пе?
Сөйтіп, мен бақыттымын ба, жоқ па? Арманына жеткен адам
бақытты десек, мен, шынында да, бақытты шығармын. Оқыдым
Өзім қалаған мамандыққа ие болдым.
Қызметім де жаман емес. Тату-тəтп отбасын құрдым. Екі бірдей
ұлым бар. Жап-жақсы пəтер алдым. Бірақ мен тек осыларды
армандадым ба? Жоқ, əрине Арманым көп. Мүмкін, бір кезде бүкіл
арманымның бəрі түп-түгел орындалар. Ол үшін күресу қажет. Ал
күресу үшін ертеңгі операциядан тірі шығу керек
Меніңше, бақыт дегеніміз қара бастың қамы емес. Басқаларға
қыруар қуаныш, зор шаттық сыйлаған жандар ғана бақытты. Ал,
мен өзгелер үшін не істедім? Бəрін тек өзім үшін ғана істеп жүрген
сияқтымын ғой.


Рас, біздің құрылыс үйымы жақсы-жақсы түрғын үйлер салды.
Инженер-құрылысшы ретінде мен де оған аз үлес қосқам жоқ.
Өзіміз салған үйлерде біреулердің тұрып жатқанын көргенімде,
төбем көкке жеткендей болады. Бірақ сол үйлердегі мындаған
түрғындардың тым құрыса бір-екеуі мына жарық дүниеде Ержан
деген инженер барын біле ме? Жоқ, əрине. Білуі шарт па? Жоқ.
Білмей-ақ қойсын. Риза болса да жетіп жатыр.
Дегенмен, осының бəрі сəл-пəл өкінішті-ақ. Мəселен, артист
сахнаға шығып үш минут өлең айтып берсе, бүкіл зал даурығып қол
соғады. Ал, біздер күні-түні тынбай еңбек етеміз. Адамдарға үш
минуттық емес, ғұмырлық қуаныш сыйлаймыз. Алайда, бізге тірі
пенде қошемет көрсетпейді. Əй, қойшы, сол қошеметті. Соны өзім
де жақтырмаймын. Сол үйлерді əйтеуір біреулер терлеп-тепшіп
түрғызғанын жұрт біледі емес пе?
Сонымен, мен бақыттымын ба, Гауһар? Сен осыны көп сұраушы
едің ғой. Бұрын бұл сауалға жауап бере салу даоп-оңай көрінетін.
Шындап ойланған да қиын екен-ау.
Адам жайшылықта жұмыстан бас көтере алмай титықтап
жүреді ғой. Мұндайда ол өзінің шексіз бақытты екенін де онша
сезе бермесе керек.
Тап бүгінгі күнге дейін уайым атаулы ойыма кіріп те шыққан
жоқ еді. Əке-шешем мандайымды күнге шалдырмай өсіріпті.
Тоным тозып, атым арып көрген емес. Жұрт қатарлы оқыдым.
Инженер-құрылысшы болдым. Қызмет жағынан да тасым өрге
қарай домалап келе жатыр еді.
Отбасы жағынан да мен өзімді ешкімнен сорлы санамаймын.
Суымды сүт қылып отырған сен ғой, Гауһар. Екі ұлым кешкісін
алдымнан жүгіріп шығып, мойныма асылғанда ет жүрегім
елжіреп кетеді.
Мен десе ішкен астарын жерге қоятын достарым да аз емес.
Қызметтес жолдастар өз алдына бір төбе. Туған-туысқандар да
жетіп жатыр.
Жер жұқартып жүрген жанға бүдан артық не керек?! Еш нəрсе.
Онда мен осынша байлықтан — ең алдымен сенен, Гауһар, екі
бірдей баламнан, сосын жора- жолдастарымнан, сүйікті


жұмысымнан, бауырларымнан айрылыпқалам деп қорқып
жатқан шығармын. Егер бұлардың бірде- бірі менде жоқ
болғанда ертеңгі операцияға тайсалмай батыл жүріп барар ма
едім?
Жоқ, əрине. Бүлардың бəрінен де қымбат тағы бір нəрсе бар. Ең
алдымен мен соны қимайтын сияқтымын. Ол — өмір. Сол өмірге
деген қүштарлық. Демек, мен өмірдің өзіне ғашықпын. Ғашықтар
бірін-бірі оңайлықпен қиып тастап кетпейтіні саған да мəлім ғой.
Жер бетіндеп тіршілік иесінің бəрі де өмір сүруге шексіз қүмар.
Бұл қүмарлық олардың бойындағы табиғи соқыр сезімнен туындап
жатпай ма? Ажалды соншалықты үреилі етіп көрсететін нəрсе де сол
өмірге деген қүштарлыққа байланысты шығар. Егер дана-табиғат
оларға осы бір корқыныш сезімін сыйламағанда не болар еді? Онда
бірде-бір тіршілік иесі өзіне төнген қауіп-қатерден қорғанып, өзін-
өзі сақтап қалуға əрекет жасамас еді Ал, қорықпаса, қорғанбаса,
онда олардың бəрі жер бетінен əлдеқашан-ақ жойылып, жоғалып
кетпес пе еді?
Гауһар! Сен мынадай бір нəрсеге назар аудардың ба? Əдетте өз
бетінше жабайы өскен өсімдіктер мен ағаштардың тікенегі сұмдық
көп болады ғой. Ал, бау-бақшада қолдан егілген гүлдер мен жеміс
ағаштарында тікен жоққа тəн. Неге? Себебі жабайы өсімдіктерге
инедей өткір тікендер керек-ақ. Өйткені олар өлмей, тіршілік етуі
үшін өзін-өзі қорғауға мəжбүр. Құрап қалмау үшін олар барын
салып, жеті қабат жер астына бойлап, тереңге тамыр жайып, су іздеп
табады. Бұл өмірге құштарлық емес пе?! Ал, бау-бақшадағы
өсімдіктер тым нəзік келеді. Кезінде бап- тап, суарып тұрмаса, тез
қурап қалады. Себебі ол адамның мəпелеуіне «арқа сүйеп кеткен»


Жан-жануарлар да солай ғой. Олар бір-бірінен қорқады. Бір-
бірінен сақтанады Соның арқасында ғана олар жер бетінен мүлдем
жойылып кетпейді. Белгілі бір мөлшерде сақталып отырады.
Бесенеден белгілі нəрселерді несіне жіпке тізіп айтып отырсың
дейсің ғой? Мұнда да гəп бар. Мен саған бұл арқылы қорқыныш
дегеніміз тек жиіркене қарайтып жексұрын сезім емес, қайта
тіршілік атаулыны жойып жібермей, сақтап қалу үшін өте-мөте
қажетті қасиет демекпін.
Қорқыныш сезімі адамға да жат емес қой. Бұл заңды да.
Өйткені адам да өзін-өзі сақтап, əрі қарай жетіле түскісі келеді.
Əйтсе де су жүрек, қорқақ адамды ешкім дəріптемейді ғой.
Қайта ондай қоян жүректерді жұрт мазақтап, масқара етеді.
Неге?
Міне, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне енді ғана жетіп келдік.
Адам басқа тіршілік иелері тəрізді табиғи қорқыныштың құлы емес.
Ол өз бойындағы небір сұмдық үрей сезімдерін өз еркіне
бағындырып, қорқыныш атаулының бəрін ақыл-парасатқа жығып
бере алады. Демек, үрейге бой алдыру яки алдырмау адамның өз
қолындағы нəрсе. Белгілі бір құбылыс қорқынышты ма, жоқ па деген
мəселені адам қашанда Парасат таразысына салып көріп шешуге
тиісті сияқты.
Ал, мен операция жасату жайын ақылға салып, қабырғаммен
кеңесіп, əбден толғанып барып, үзілді-кесілді шешкен сияқты едім
ғой. Олай болса, бүгін үрейге бой алдырғаным қалай? Əйтсе де,
мұндайда бір тоқтамға тоқырап, көңілді тас түйін бекітіп алу қиын
екен. Үрей толқындары қайта-қайта тулап, жаныма тыныштық
бермей- ақ қойды.
Минут сайын əр ойдың түбіне бір түсіп, ақылым алпыс жаққа
алып қашты. Ақай жоқ, тоқай жоқ неге шошимын сонша? Басымды
неге бүгін бүлт айнала берді? Дүниенің бар тауқыметі жалғыз
маған төнгендей соншама таусылғаным несі? Үрейден жүрегім
қарс айрылатындай-ақ оншалықты су жүрек емес едім ғой. Əлде
сол жүрек құрғырдың өзі бір сұмдықты сезе ме?
Ə, өзімдегі үрейдің сырын енді ғана ұқтым, Гауһар! Кешегі бір
жайсыз оқиға есіме түсті. Жүрегіме дерт байлап, көңіліме түйткіл


түсірген нəрсенің не екенін енді ғана ойлап таптым.
Гауһар! Сен мені операциядан зəресі қалмай жатыр екен деп ойлап
қалма. Менің тап қазіргі көңіл-күйімді тереңірек сезінсін деп
əңгіменің бояуын сəл-пəл қоюлатып жіберсем керек. Əйтпесе көңіл
жүдеп, жан жұтайтындай маған еш нəрсе бола қойған жоқ.
Əділін айтып, ақ сөйлегенге не жетсін. Біздің профессор-
нейрохирург қолы алтын, ғажайып жан ғой. Ол талайларды тікелей
төніп тұрған ажал аузынан суырып алып қалды деуге болады. Аяқ-
қолы бірдей сал боп, талай жылдар үйінде тырп етпей жатқан
мүгедектер осында келіп, кəдімгідей жазылып кетіп жатыр. Осында
зембілге жатып келген жарымжан байғұстар бір-екі айдың ішінде
үйлеріне өз аяқтарымен жер басып кетуде. Нейрохирургиялық
операциядан кейін қос балдағын лақтырып тастап, аяғын батыл-
батыл басып кетіп бара жатқандардың куанғанын көрсең бар ғой,
Гауһар, онда көп нəрсені маған айтқызбай-ақ түсінер едің.
Бірақ адамның құлағы жақсылықтан гөрі, жамандық хабарды
тезірек шалып қалады-ау деймін. Қаншама көп адам осы
ауруханадан құлан-таза жазылып шығып жатыр ғой.
Дегенмен, олар онша көзге көріне бермейтін тəрізді. Үйреншікті
нəрсе сияқты. Ал, оқта- текте ұшырасып қалатын бірен-саран
қайғылы оқиғаны сол заматта-ақ күллі аурухана егжей-тегжейлі
есітіп үлгереді.
Кеше үш науқасқа операция жасалды. Екеуі аман-есен
шыкты. Біреуі операция столында дүниеден өтіпті.


Міне, осы суық хабар дүңк ете түскенде бəріміздің де қабырғамыз
қайысып, еңсеміз езіліп кеткендей болды. Қас пен көздің арасында
бір палатадағы үш адамның да жілігі шағылып, меселі қайтқаңдай
еді. Сол сəтте бəріміз де еріксіз тұнжырап, көпке дейін еңсемізді
көтере алмай қалдық.
Əйтсе де, біржола торығып, түңіліп кеткен жоқпыз. Сəлден кейін-
ақ біздер езіміздің үйреншікті қалпымызға келе бастадық. Тіпті
онша-мұнша əзіл-қалжың да естіле бастады. Бірақ оқыстан палатаға
бір топ ақ халатты адамдар мен нейрохирург кіріп келгенде,
төбемізден жай тускендей боп, іштей тіксініп, бəріміз де үрпиіп
қалдық. Өйткені біз кешегі өлген жігітті əлі ұмыта қойған жоқ едік.
Мына профессор бүгін бізге күндегідей мейірімді емес, қайта тура
жан алғыш əзірейілдің езіндей боп көрініп кетті.
Ажалға араша түсе алмаған осы бір топ ақ халатты жандарды
іштей кінəлап тұрғанымда, профессор маған тесіле қарап: «Ертең
сізге операция жасаймыз», — деді. Бұл маған: «Ендігі кезек сенікі,
ертең сен өлесің» дегендей боп естілді. Бүрынғыдан бетер
зəре-құтым қашты.
Дəрігерлер есіктен шығып кетісімен-ақ үшеуіміз де мойнымызға
су құйылғандай тұнжырап, бір-бірімізге тіс жармай, сөлбіредік те
қалдық.
Қасымдағы кісілердің не ойлап, не қойғанымен ісім болған жоқ.
Мүмкін, олар бір- бірімен сөйлескен де шығар. Бірақ өз басым тас
керең боп қалған адамдай ештеме естігенім жоқ.
Бар ойым кеше өмірден өткен жігітте еді. Кейде тағдыр адамға
қандай қатыгездік жасайды десеңші. Небəрі жиырма бес жаста екен.
Ал, мен отыз бес жастамын ғой. Демек, ол өмірдің ащысын да,
тұщысын да менен он жыл аз татқан. Бірақ кім білсін?.. Өмірде не
болмайды. Мүмкін, ол өмірдің азабын да, лəззатын да менен көбірек
сезінген шығар.
Əрине, адам жүз жасаса да көптік қылмайды. Бірақ мезгілсіз
сөнген өмір шамынан өкінішті, одан қасіретті дүниеде еш
нəрсе жоқ шығар.
Сол палатадағы жігіттердің айтуынша, оның дерті де құдды менікі
сияқты, яғни омыртқаның ішіне, жұлын- миға өсіп шыққан ісік екен.


Медицина тілінде мұндай науқасты эпиндимома деп атайды. Бірақ
оныкі осы кеселдің тым асқынып кеткен түрі. Бұл аурудың ең басты
белгісі: аяқ-қолдың қызметі нашарлай бастайды. Ал, əлгі жігіт соңғы
кезде мүлдем жүре алмай, төрт тағандап қалған екен. Мен де бес-
алты айдан бері өзімнен- өзім кəдімгідей ақсаңдай бастадым.
Алғашында мұны əншейін өткінші, қыңқыл-сыңқыл ауру шығар деп
онша елең қылмай жүрдім. Бірақ, өкінішке орай, науқасым мен
ойлағандай жеңіл-желпі боп шықпады. Дəрігер əбден қарап болған
соң маған: «Сізді профессордың өзі көруі керек», — деп осы
нейрохирургтың фамилиясын атады. Бұдан кейінгі оқиғаның бəрі
өзіңе жақсы мəлім ғой, Гауһар. Есіңде ме, осы профессормен алғаш
əңгімелескеніміз? Қасымда сен де бар едің ғой.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет