Жұлын Жұлын, medulla spinalis, омыртқа бағанасы өзегінде орналасқан. Пішіні алдынан артына қарай аздап қысыңқы, цилиндртәрізді болып келеді. Оның мойындық, кеуделік және белдік бөліктерін ажыратады. Ұзындығы еркектерде орта есеппен 45 см, әйелдерде 42 см шамасында, жуандығы 8 мм-ден ( кеуделік бөлігінде) 14 мм- ге (мойындық және белдік бөліктерінде) дейін болады. Жоғарғы жағында, шүйде сүйектің үлкен тесігінің деңгейінде жұлын сопақша миға жалғасады (4-сурет).
4 - сурет. Жұлын,medulla spinalis, алдыңғы көрінісі.
1 - сопақша ми; 2 - мойындық буылтық; 3 - алдыңғы орталық саңылау; 4 - алдыңғы латералды жүлге; 5 – бел-сегізгөздік буылтық; 6 – милық конус.
5 – сурет. Жұлын,medulla spinalis, артқы көрінісі.
А – мойын – кеуделік бөлігі: 1 - сопақша ми; 2 – артқы орталық жүлге; 3 – мойындық буылтық; 4 – артқы латералды жүлге; 5 – тістәрізді байлам; 6 – жұлынның қатты қабығы; 7 - бел-сегізгөздік буылтық;
Б - бел-сегізгөздік бөлім: 1 – артқы орталық жүлге; 2 – милық конус; 3 – соңғы жіп; 4 – «ат құйрығы»; 5 - жұлынның қатты қабығы; 6 – жұлын түйіні; 7 –соңғы жіп.
Шүйде сүйектің үлкен тесігі мен ауыз омыртқа аралығында жұлыннан бірінші жұп жұлын нервтері шығады. Жұлынның төменгі шеті сүйірлене милық конус,conus medullaris, түрінде I-II бел омыртқалары деңгейінде аяқталады (5 – сурет). Милық конус жіңішке соңғы жіпке, filum terminale, жалғасады, ол II құйымшақ омыртқаның артқы бетіне бекиді. Жұлынның жуандаған мойындық буылтығы,intumescentia cervicalis мен бел – сегізкөздік буылтығы,intumescentia lumbosacralis, ажыратылады, олардан қол және аяқ нервтелуіне байланысты, аталған буылтықтарда нейрондар көп орналасқан. Жұлынның алдыңғы бетінде алдыңғы орталық саңылау, fissura mediana anterior, артқы бетінде артқы орталық жүлге,sulcus medianus posterior, орналасқан, олар жұлынды симметриялық екі бөлікке бөледі. Жұлынның әрбір жартысында алдыңғы латералды жүлге,sulcus anterolateralis және артқы латералды жүлге, sulcus posterolateralis, өтеді. Артқы латералды жүлгеге артқы түбіршік, radix posterior (сезімтал), енеді. Бұл түбіршіктің алдыңғы түбіршікпен қосылатын жерінде сезімтал нейрондардан түзілген жұлын түйіні,ganglion spinale, орналасқан. Осы нейрондардың орталық өсінділері (аксондары) артқы түбіршікті құрайды. Алдыңғы латералды жүлгеден алдыңғы түбіршік, radix anterior, (қозғалтқыш) шығады. Бұл түбіршік жұлынның алдыңғы мүйізінде орналасқан қозғалтқыш нейрондардың аксондарынан түзілген. Алдыңғы және артқы түбіршіктер жұлынның бүйір жақтарында омыртқааралық тесіктің медиалды жиегінде бір-бірімен қосылып - жұлын нервісін, nervus spinalis,түзеді. Жұлыннан 31 жұп жұлын нервтері шығады.
Жұлынның бір жұп жұлын нервтеріне сәйкес келетін бөлігі ( кесіндісі ) жұлынның сегменті, деп аталады ( 6 – сурет).