Көпірдің артқы бөлігінде, pars dorsalis pontis, сопақша ми торлы түзілісінің жалғасы болып табылатын торлы түзіліс; V,VI,VII және VIII жұп бассүйек нервтерінің ядролары («ромбтәрізді шұңқырды» қараңыз) орналасады. Сонымен қатар үштік нервтің жұлындық, ортаңғы милық ядролары және VIII жұп нервтің кіреберіс ядроларынан басталып, көзқозғалтқыш, шығыршық, әкететін, қосымша нервтердің ядроларын қосатын медиалды бойлық буданың талшықтары орналасқан.
Медиалды бойлық буда, fasciculus longitudinalis medialis, көз алмасы мен бастың үйлесімді қозғалысын қамтамасыз ететін, жоғарылаған және төмендеген талщықтардан тұрады.
Көпірдің де дорсалды бөлігінде негізінен жоғарылаған өткізгіш жолдар: медиалды және латералды ілмек, ауырсыну және температура сезімталдығының және т.б өткізгіш жолдар өтеді.
Бұл бөлікте сонымен қатар төмендеген: қызыл ядро-жұлындық, төбе-жұлындық және торлы-жұлындық жолдар орналасады.Олар жұлынның сұр затының алдыңғы мүйізінің қозғалтқыш жасушаларында аяқталады.
Трапециятәрізді денені кіреберіс-ұлу нервінің (ҮІІІ жұп) ұлулық ядроларынан шығатын есту жолының талшықтары түзеді. Трапециятәрізді дене талшықтары көпірдің қарама-қарсы жағында, жоғарғы жаққа бағытталады да латералды ілмек, lemniscus lateralis, деп аталатын жолды түзеді («Есту ағзаларын» қараңыз).
Мишық
Мишық, cerebellum, бассүйектің артқы шұңқырында, үлкен мидың шүйделік үлесінің астында, сопақша ми мен көпірдің үстінде орналасады (13-сурет). Ол оң және сол мишық сыңарлары, hemispheria cerebelli, мен олардың арасында орналасқан, мишықтың ескі құрылымына жататын құртшасынан, vermis, тұрады. Мишықтың беттерінде оны жұқа жапырақшаларға, folia cerebelli, бөлетін көптеген саңылаулар, fissurae cerebelli, орналасқан. Олардың ішіндегі терең орналасқан саңылаулар мишықтың құртшасын арнайы атаулары бар – 8, сыңарларын – 5 үлесшелерге, lobuli, бөліп тұрады. Олардың ең тереңі горизонталды саңылау, fissurа horizontalis, мишықты – жоғарғы, facies cerebelli superior, және төменгі беттерге, facies cerebelli inferior, бөледі. Мишықтың төменгі бетінде орналасқан, екі сыңардың арасындағы ұңғыл – алқапша, vallecula cerebelli, деп аталады.
Мишықтың филогенездік дамуы бойынша үш: 1) ежелгі бөлігі, paleocerebellum, (жырым және түйінше); 2) ескі бөлігі, archicerebellum (құртша) және жаңа бөлігі, neeocerebellum (мишық сыңарлары) ажыратылады.
Мишық сыңарларының төменгі бетінде, ортаңғы аяқшаның артында, кішкене құрылым – жырым, flocculus, орналасқан. Ол құртшаның құрамындағы түйіншемен, nodulus, байланысып тұрады.
Мишық ақ және сұр заттан тұрады. Ақ зат – милық зат, corpus medullarе, мишықтың тереңінде орналасып, ақ жолақ түрінде әр жапырақшаға кіріп тұрады. Бұл жапырақшалар сұр затпен жабылған. Мишықтың сагитталды кесіндісіндегі осы ақ және сұр заттардың жалпы көрінісі өмір ағашы, arbor vitae cerebelli, деп аталып кеткен. Сұр зат мишық қыртысын, cortex cerebelli, және ақ заттың ішінде орналасқан, мишық ядроларын түзеді. Мишық сыңарында – тістәрізді ядро, nucl. dentatus,оның медиалды жағындағы құртшада – тығынтәрізді ядро, nucl. emboliformis, дөңгелек (шартәрізді) ядро, nucl. globosus, және шатыр ядросы, nucl. fastigii, орналасады (16 - сурет). Мишық орталық нерв жүйесінің көрші орналасқан бөліктерімен үш жұп аяқшалары арқылы байланысады.
16 – сурет. Мишықтың көлденең кесіндісі
1 – төртінші қарынша; 2 – мишықтың жоғарғы аяқшасы; 3 – шатыр ядросы; 4 – дөңгелек (шартәрізді) ядро; 5 - тығынтәрізді ядро; 6 –тістәрізді ядро; 7 – мишық қыртысы.
Достарыңызбен бөлісу: |