Аралшық, insula, немесе аралшықтық үлес, lobus insularis, эмбриондық даму барысында, үлкен мидың латералды жүлгесінің тереңіне енетін жоғарғы - латералды бетінің бөлігі болып табылады. Аралшық латералды жүлгенің жиектерін ашқанда ғана көрінеді. Ол ми сыңарының басқа бөліктерінен дөңгелек жүлге, sulcus circularis insulae, арқылы шектеледі. Оның бетінде, жүлгелер арқылы бөлінген аралшықтың ұзын қатпары, gyrus insulae longus, және аралшықтың қысқа қатпарлары, gyri insulae breves, орналасады.
Ми сыңарының медиалды беті
Ми сыңарының медиалды бетінде, facies medialis hemispherii, жекелеген үлестердің жүлгелері мен қатпарларынан басқа келесі құрылымдарды ажыратады ( 24,25 – суреттер ).
Сүйелді дене,corpus callosum, – екі ми сыңарының біртектес бөліктерін бір-бірімен байланыстыратын, комиссуралық нерв талшықтарынан тұратын мықты дәнекер құрылым. Сүйелді дененің буылтығын, splenium corporus callosi, діңін (сабауын), truncus corporis callosi, иінін, genu corporis callosi, төмен және артқа бағытталған құстұмсығын, rostrum corporis callosi, ажыратады. Құстұмсық төменгі жағында шекаралық табақшаға, lamina terminalis, жалғасады. Сүйелді дененің көлденең талшықтары ми сыңарларының тереңіне еніп, сүйелді дене тарамдарын, radiatio corporis callosi, түзеді.
24 – сурет. Үлкен ми сыңарының медиалды және төменгі беттерінің жүлгелері мен қатпарлары.
1 – ми күмбезі; 2 – сүйелді дене құстұмсығы; 3 - сүйелді дене иіні; 4 - сүйелді дене діңі; 5 - сүйелді дене жүлгесі; 6 –белдеулік қатпар; 7 – маңдайлық жоғарғы қатпар; 8,10 – белдеулік қатпар; 9 – орталықжанындағы үлесше; 11- сынаалды; 12 – шүйде – шекелік жүлге; 13 – сына; 14 – топшылық жүлге; 15 – тілдік қатпар; 16 – шүйде – самайлық медиалды қатпар; 17 - шүйде – самайлық жүлге; 18 - шүйде – самайлық латералды қатпар; 19 – гиппокамп жүлгесі: 20 – гиппокампжанындағы қатпар;
25 – сурет. Үлкен ми сыңарының медиалды және төменгі беттерінің жүлгелері мен қатпарларының сызбасы.
1 – ми күмбезі; 2 – сүйелді дене құстұмсығы; 3 - сүйелді дене иіні; 4 - сүйелді дене діңі; 5 - сүйелді дене жүлгесі; 6 – белдеулік қатпар; 7 – маңдайлық жоғарғы қатпар; 8,10 – белдеулік қатпар; 9 – орталықжанындағы үлесше; 11- сынаалды; 12 – шүйде – шекелік жүлге; 13 – сына; 14 – топшылық жүлге; 15 – тілдік қатпар; 16 – шүйде – самайлық медиалды қатпар; 17 - шүйде – самайлық жүлге; 18 - шүйде – самайлық латералды қатпар; 19 – гиппокамп жүлгесі: 20 – гиппокампжанындағы қатпар.
Күмбез, fornix, сагитталды бағытта жүретін доғатәрізді бойлық нерв талшықтарынан тұратын және сүйелді дене астында орналасқан құрылым. Ол мидың ақ затына жатады және иіс сезу миының құрамына кіреді. Оның ортаңғы бөлігі күмбез денесі, corpus fornicis, деп аталады. Ал алдыңғы және артқы жақтарында екіге бөлінеді, алдыңғы жағында corpora mammillaria - мен байланысатын оң және сол жақтағы күмбез бағаналарын, columnae fornicis, ал артқы жағында күмбез аяқшаларын, crura fornicis, түзеді. Күмбез аяқшалары таламусты айналып, оң және сол бүйір қарыншалардың төменгі мүйіздеріне өтеді де, гиппокамп шашағын, fimbria hippocampi, түзеді. Күмбез аяқшаларын көлденең нерв талшықтары түріндегі күмбез дәнекері, comissura fornicis, қосып тұрады. Бұл комиссуралық дәнекер оң және сол гиппокамптарды қосады. Күмбез бағаналары мен сүйелді дененің құс тұмсығының аралығында алдыңғы дәнекер, comissura anterior (rostralis), орналасады. Бұл комиссуралық дәнекер оң және сол жақтағы алдыңғы тесіктелген затты және екі жақтағы гиппокампжанындағы қатпарларды бір – бірімен қосады. Екі дәнекер де иіс сезу миына жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |