Есте сақтау қасиеті молекулалық табақшада іске асады. Сыртқы түйіршікті және сыртқы пирамидалық табақша нейрондары адамның ойлау қабілетін қамтамасыз етеді.
Үлкен ми қыртысының әр бөлігінің құрылымы айтарлықтай өзгешелігімен сипатталады. Кейбір бөліктерінде нейрондардың 5-8 қабаттары ажыратылады. Бірақ, негізінен 6 қабатты болып келеді.Қазіргі кезде ми қыртысында әрқайсысы құрылымдық ерекшелігімен өзгешеленетін 200-дей алаңды ажыратады.
Үлкен ми қыртысының қызметтік орталықтары Үлкен ми қыртысының белгілі бір қызмет атқаратын бөлігі нервтік орталық болып табылады. Нервтік орталықтарпроекциялық және ассоциативтік болып екіге бөлінеді (М. В. Гайворонский, 2003).
Проекциялық орталықтар – анализатордың қыртыстық шеті (орталығы) болып табылады. Олар жоғарылаған және төмендеген өткізгіш (проекциялық) жолдар арқылы қыртысастылық ядролармен байланыста болады.
Анализатордың үш бөлігі: 1) рецепторы; 2) нервтік импулсті өткізетін жолы (жұлын немесе бассүйек нервтері, жұлынның немесе мидың афферентті өткізгіш жолдары) және 3) ми қыртысындағы орталығы ажыратылады. Қыртыста сыртқы ортадан және ішкі ағзалардан келетін ақпараттарға талдау жасалынып,оларға жауап беріледі. Анализатордың қыртыстық орталығы – қатаң шектелген аймақ емес, ол ядролық және шашыраңқы бөліктерден тұрады. Ядро шеткі рецептордың барлық элементтерінің қыртыстағы толық және дәл проекциясын береді де жоғары деңгейдегі анализ бен синтезді іске асырады. «Шашыраңқы элементтер» қарапайым анализ бен синтезді іске асырады, олар ядролық бөлім зақымданғанда белгілі бір деңгейге дейін ядроның қызметін ауыстырады.
Ассоциативтік орталықтар – қыртыс астылық ядролармен тікелей байланыспайды, олар проекциялық орталықтармен байланыста болып, жоғары нервтік қызметті қамтамасыз етеді.
Проекциялық нервтік орталықтар Бұл орталықтар адамдармен қатар жануарларда да болады және туғаннан кейін, бірден қызмет ете бастайды. Олар сыртқы және ішкі ортадан келетін ақпараттарды (бірінші сигналдық жүйе) қабылдап, талдайды және туғаннан кейін бірден қызмет ете бастайды.Төменде, кейбір маңызды анализаторлардың қыртыстық орталықтары қарастырылады. (32 - сурет).
32 - сурет. Үлкен ми сыңарының цитоархетектоникалық алаңдары. Түсініктемесі мәтінде берілген.