Кірпікті түйінді барлық вегетативтік түйіндер сияқты екінші парасимпатикалық нейрондар құрайды (бірінші нейрондар вегетативтік ядроларда орналасады). Кірпікті түйін жасушаларының түйінненкейінгі тармақтары, rami postganglionares, - қысқа кірпікті нервтерді , nn. ciliares breves, түзіп, көз алмасының кірпікті бұлшықетін, m. ciliaris және қарашықты қысатын бұлшықетін, m. sphincter pupillae, нервтендіреді.
Кірпікті бұлшықет көзбұршақтың дөңестігін өзгерту арқылы аккомодацияны (көздің анық көруін) қамтамасыз етеді.
Шығыршық нерві (IV)
Шығыршық нерві, n.trochlearis, қозғалтқыш нерв, ортаңғы мидың – орталық сұр затында, төменгі төбешіктердің деңгейінде орналасқан қозғалтқыш ядро жасушаларының аксондарынан түзілген. Нерв дорсалды бағыт алып, ортаңғы мидан жоғарғы ми желкені жүгеншігінің латералды жағынан шығады да, ми аяқшасын латералды жағынан айналып өтіп, ми негізінде пайда болады. Шығыршық нерві бассүйек нервтерінің ішіндегі – мидың негізінен емес, ми дінінің дорсалды бетінен шығатын – жалғыз нерв. Одан кейін алдыға жүріп, көзұяның жоғарғы саңылауы, fissura orbitalis superior, арқылы көзұяға кіреді. Нерв көз алмасының жоғарғы қиғаш бұлшықетін нервтендіреді.
Үштік нерв (V)
Үштік нерв, n.trigeminus, сезімтал және қозғалтқыш талшықтардан құралған аралас нерв. Бұл нервтің : үш сезімтал, бір қозғалтқыш, төрт ядросы бар. Оның сезімтал ядролары:
1.Үштік нервтің ортаңғы милық ядросы, nucleus mesencephalicus nervi trigeminalis, ортаңғы мида орналасқан.
2.Үштік нервтің көпірлік ядросы, nucleus pontinus nervi trigeminalis, көпірде орналасқан.
3.Үштік нервтің жұлындық ядросы, nucleus spinalis nervi trigeminalis,жұлында орналасады.
4.Үштік нервтің қозғалтқыш ядросы, nucleus motorius nervi trigeminalis, көпірдің (ромбтәрізді шұңқырдың) жоғарғы бөлігінде орналасқан.
Үштік нерв ми негізіне сезімтал, radix sensoria, және қозғалтқыш, radix motoria, – екі түбіршікпен шығады. Бұл нервтің шығатын жері мишықтың ортаңғы аяқшасы мен көпірдің шекарасы болып табылады. Нерв алдыға жүріп, самай сүйек пирамидасының алдыңғы бетіндегі үштік батыңқыда орналасқан үштік түйінге, ganglion trigeminale, келеді. Бұл түйін (Гассер түйіні) сезімтал нейрондардан түзілген. Үштік нервтің сезімтал түбіршігін – Гассер түйініндегі сезімтал нейрондардың орталық өсінділері (аксондары) түзеді. Олар жоғарыда аталған сезімтал ядроларда аяқталады. Үштік нервтің қозғалтқыш түбіршігін – қозғалтқыш ядроның аксондары құрайды.
Үштік түйіндегі сезімтал нейрондардың шеткі өсінділері (дендриттері) үш тармақ түзеді: 1 тармақ – көз нерві; 2 тармақ – жоғарғы жақсүйек нерві; 3 тармақ – төменгі жақсүйек нерві (46-сурет).
Үштік нервтің тармақтарының ерекшелігі олардың жүру жолында парасимпатикалық түйіндер орналасады. Бұл түйіндер тікелей үштік нервке жатпайды (нервтің парасимпатикалық ядросы жоқ). Түйіндердің топографиялық жағынан, үштік нерв тармақтарының қасында орналасуына байланысты, олар үштік нервпен бірге сипатталады. Осы түйіндердің жасушаларында басқа бассүйек нервтерінен (VІІ және ІХ жұптар) шығатын парамсимпатикалық түйінгедейінгі тармақтар, rami preganglionares, аяқталады. Парасимпатикалық түйіндерден – түйінненкейінгі тармақтар, rami postganglionares, шығып, үштік нервтің тармақтарына қосылады да - бездерді нервтендіреді.
Үштік нервтің әр тармағының басталатын жерінен мидың қатты қабығына – қабықтық (менингеалдық) тармақ, ramus meningeus, кетеді.
46 – сурет. Үштік нерв.
1 – үштік түйін; 2 – төменгі жақсүйек нерві; 3 – тастық үлкен нерв; 4 – бет нерві; 5 – құлақ – самайлық нерв; 6 – тіл нерві; 7 – ұрт нерві; 8 – төменгі ұяшықтық нерв; 9 – иек нерві; 10 – қанаттәрізді өзек нерві; 11 – қанаттәрізді түйін; 12 – түйіндік тармақтар; 13 - жоғарғы ұяшықтық нерв; 14 – көзұяасты нерві; 15 – бетсүйек нерві; 16 – көзжас нервіне дәнекер тармақ; 17 – көзжас нерві; 18 – көзұяүстілік нерв; 19 – маңдай нерві; 20 – қысқа кірпіктік нервтер; 21 – кірпіктік түйін; 22 – мұрын – кірпіктік түбіршік; 23 – көз нерві; 24 – жоғарғы жақсүйек нерві
Достарыңызбен бөлісу: |