Несіпбаев Т., Исхан Қ. Ж., Несіпбаева А.Қ. ҚҰс физиологиясы


-т а р а у. Ас қорыту жүйесінің физиологиясы



бет23/103
Дата25.11.2023
өлшемі0,92 Mb.
#126940
түріОқулық
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   103
4-т а р а у. Ас қорыту жүйесінің физиологиясы
Құстардың ас қорытуы жүйесіне біршама морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктер тән, сондықтан олардың ас қорытуында сүт қоректілермен салыстырғанда біраз өзгешеліктер байқалады. Ауыл шаруашылық құстарының ас қорыту мүшелері өсімдік тектес азықтарды да, жануар тектес өнімдерді де қорытуға бейімделген. Құстарда зат пен энергия алмасу деңгейі айтарлықтай жоғары болады. Қабылданған азық шапшаң қорытылады, ыдырау өнімдері қарқынды сорылады, қоректік заттар жылдам сіңіріледі. Ас қорыту жолының ұзындығы сүт қоректілермен салыстырғанда айтарлықтай қысқа, сондықтан қоректік заттардың одан өту мерзімі өте қысқа. Жас балапандарда қоректің ас қорыту жолының бойымен жылжу жылдамдығы сағатына 30-39 см, ересек балапандарда – 32-40 см, ал тауықтарда 40-42 см. Құстарда асқорыту жолында азық массасының бар болғаны 2-4 сағат аялдайды.

Ауыз қуысындағы ас қорыту. Құс азықты тұмсығымен шоқып қабылдайды. Әртүрлі құстарда тұмсықтың пішіні мен көлемі түрліше болып келеді. Тауықтарда, күрке тауықтарда және кептерлерде олар қысқа, сүйір және қатты, аздап төмен қарай имектелген. Үйрек пен қаздар тұмсығы ұзын әрі жалпақ, ұш жағы доғал және оның төмен иілген өсіндісі – тырнақшасы, болады. Тұмсықтың үстіңгі бөлігінің жиегінде суды сүзуге және өсімдіктерді қиюға ыңғайлы мүйізді майда кертпештер (тісшелер) орналасады. Тұмсықтың мүйізді затында үштармақ жүйкенің көптеген қапшықты сезімтал ұштары болады, олар сезгіш денешіктер деп аталады. Мұндай құрылымдар сонымен қатар қатты таңдай мен тіл эпидермисінің мүйізді қабатының астында да кездеседі.
Тілдің пішіні мен көлемі құс тұмсығына сәйкес келеді. Тілдің беткейінде ұштары көмекейге қарай бағытталған мүйізді кертпештер болады. Олар қабылданған азықты ауыздан түсірмеуге және өңешке қарай бағыттауға мүмкіндік береді. Су құстары тілінің жиектерінде мүйізді қылтықтар мен инешіктер болады. Олар тұмсықтың көлденең табақшаларымен бірлесіп, суды сүзген кезде азықтың ауыздан шығып кетуіне мүмкіндік бермейді.
Құстар азықты көру мүшесі көмегімен тауып қабылдайды. Бұл процесте дәм және иіс сезу мүшелерінің қатысы онша болмайды. Тауық пен күрке тауықтар алакөлеңкеде азықты нашар қабылдайды. Тауық минутына 180-240, күрке тауықтар – 60-қа дейін шоқу қимылын жасайды. Нақтылы бір мерзім аралығында құс қабылдайтын азық мөлшері қорек орталығының қозу деңгейіне, құстың түрі мен жасына байланысты болады. Құс тәбетін реттейтін орталық гипоталамуста орналасады. Бұл отралықтың қозып, тежелуі түрлі экзогенді (азықтың түрі мен сипаты, азықтандыру жиілігі мен ұзақтығы) және эндогенді (зат алмасу қарқыны) факторлардың әсеріне байланысты.
Сұйық азық пен суды құс басын тез жоғары көтеру арқылы қабылдайды. Осының нәтижесінде сұйық масса мен су ауыз қуысынан өңешке ағады. Кептерлер ғана суға тұмсығын батырып, сорып ішеді.
Ауыз қуысындағы азық сілекеймен шыланады да, тез жұтылады. Құстарда сілекей бездері нашар дамыған. Құстарда сілекейдің бар болғаны қабылданған азықтың өңеш бойымен жылжуын оңайлатады.
Құстарда жұту актісі тілдің шапшаң қимылымен басталады. Осының нәтижесінде азық жұтқыншақтың жоғарғы жолымен өңешке бағытталады. Осы сәтте көмекей алға тартылып, жоғары көтеріледі де, оның кіреберісі тіласты сүйегінің табаны мен тіл түбіріне қысылып, тыныс алу жолдарын жабады. Сондықтан тіл түбіріне жиналған азық тек өңешке өтеді де, оның толқынды (перистальтикалық) жиырылуының нәтижесінде бөтегеге түседі, ал құс аш болса ол бірден қарынға бағытталады.
Өңеш ұзына бойына қатпарлы кілегей қабықпен астарланған. Оның терең қабатында морфологиялық тұрғыдан ауыз қуысындағы бездерге ұқсас кілегей бөлетін түтікті бездер орналасады. Олар бөлген шырышты түзінді (секрет) өңеш беткейін шылап, жұтылған азықтың түтікше бойымен жылжуын жеңілдетеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   103




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет