Несіпбаев Т., Исхан Қ. Ж., Несіпбаева А.Қ. ҚҰс физиологиясы


Липидтердің алмасуы және оның реттелуі



бет33/103
Дата25.11.2023
өлшемі0,92 Mb.
#126940
түріОқулық
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   103
Байланысты:
Ќан жїйесі физиологиясы-emirsaba.org

Липидтердің алмасуы және оның реттелуі. Липидтер деп май мен май тектес заттардан құралған органикалық қосылыстар тобын айтады. Майлар құс организмінің міндетті бөлшегі болып табылады. Тауықтарда дене массасының 3,1-16,8, үйректерде - 3,1-33,6, күрке тауықтарды – 8,5-22,9, қаздарда – 36,2-45,6 пайызын май құрайды.
Денедегі май протоплазмалық және қордағы болып екіге бөлінеді. Протоплазма майына торша мембранасының, митохондрийдің, микросоманың құрамына енетін майлар жатады. Оның құрамы мен мөлшері едәуір тұрақты, көп ауытқымайды. Май ми торшалары, жыныс бездері және шәует құрамында айтарлықтай көп болады. Қордағы майға тері шелінің майы, шарбы майлары, бүйрек, жүрек сияқты ағзалар маңында жиналған майлар жатады. Май торшалары - адипоциттер, альвеолалық ұлпалар мен ет талшықтары арасында да орналасады. Адипоциттер құрамындағы майлар ұлпаларда энергия жинақтаудың ерекше түрі.
Жануар майлары бейтарап майлар немесе үшглицеридтер және май тектес заттар – фосфолипидтер (фосфотидтер) және стериндер болып жіктеледі. Табиғи майлардың құрамына қаныққан (пальматин, стеарин, миристин т.б.) және қанықпаған (олеин, линолен, линоль, арахидон т.б.) май қышқылдары енеді. Қанықпаған май қышқылдарындағы көміртегі атомдарының арасында қос байланыс болады. Мұндай құрылым май қышқылдарының балқу температурасына әсер етеді. Бөлме температрасында құрамында қаныққан май қышқылдары бар майлар қатыңқы, ал қанықпаған май қышқылдары бар майлар -сұйық күйде болады. Құстар майының құрамында олеин қышқылы сүт қоректілерге қарағанда көп болады (қазда 90, сиыр етінде 32 пайыз), сондықтан да құс майының еру температурасы төмен, ол тауықтарда 23-40 градус, күрке тауықтарда 31-32, үйректерде 31, қаздарда 27-34, ал ірі қарада 40-51, қойлар 44-55 градус.
Майдың еру температурасы оның ішекте сіңуіне әсер етеді. Егерде майдың еру температурасы дене температурасынан жоғары болса, онда ол ішекте қиын эмульсияланады, ауыр қорытылады.


Майдың биологиялық құндылығы – оның энергия және су көзі болуында. Организмде 1 г белок, немесе көмірсулар тотыққанда 16,7 кДж энергия бөлінсе, 1 г май 38,9 кДж энергия бөледі. 100 г май тотыққанда 107 г су бөлінеді. Сонымен қатар майлар организмнің өсу факторы болып табылатын линол қышқылының көзі, жылу изоляторы, кейбір биологиялық белсенді заттардың (простагландин, стероидты гормондар, холин т.б.) негізі. Олар майда еритін А, Д, Е дәрмендәрілердің ішектен сіңірілуіне мүмкіндік туғызады, құстардың тері майының құрамына енеді. Тері майы құс қауырсынын кебірсуден, суланудан сақтайды. Май жұмыртқа түзу мақсатында пайдаланылады. Жұмыртқа сарыуызы құрамында 31% бейтарап май, 9% фосфатидтер және 1,7% холестерин болады.
Ас қорыту жолында (ішек қуысында) азық құрамындағы майдың бір бөлігі (30-40 пайызы) моно- және диглицеридтер мен май қышқылдарына ыдырайды. Глицерин ішектен оңай сіңіріледі, ал май қышқылдары өт қышқылдарымен әрекеттесіп, холеинді кешен түзген соң ғана сіңеді.
Ішек қабырғасында глицерин, май қышқылдары, моно-, ди- және үшглицеридтер, фосфолипидтер, холестерин эфирлері жинақталып, глицеридтер мен май қышқылдары эпителиоциттерде негізінен хиломикрондар мен тығыздығы төмен липопротеидтер түзіледі. Хиломикрон деп жұқа белокты қабықпен қапталған бейтарап май молекулаларын айтады. Хиломикрондар мен липопротеидтер негізінен лимфа жүйесіне өтіп, көкіректік лимфа өзегі арқылы жалпы қан айналым шеңберіне қосылады. Эфирленбеген май қышқылдарының қалдықтары қанға сіңіп, бауырға тасымалданады.
Құстарда липидтер көп бөлігі қанға сіңіп, бауыр арқылы жалпы айналымға қосылады. Қанға сіңген май бауырда қайтадан глицерин мен май қышқылдарына ажырайды. Глицерин глюкозаға айналып, гликоген түрінде қорға жиналады. Май қышқылдары бета-окси-, бета- кетоқышқылдары сатысынан өтіп, сірке қышқылына айналады да, ол тотығып, су, көмір қышқыл газы және энергия бөлінеді. Бауыр торшаларында организмге тән үшглицеридтер, фосфолипдтер және холестерин мен кетонды заттар да түзіліп, олар қанға бөлініп отырады.
Лимфаға сіңген хиломикрондар мен липопротеидтердің көп мөлшерін өкпенің ерекше торшалары - гистиоциттер сүзіп алады да, олар осы жерде тотығу процесіне ұшырап, энергияға айналады. Бұл процестің суық аймақта тіршілік ететін жануарлар үшін маңызы зор. Өкпеден өткен хиломикрондар бүкіл денеге тарап, май қорына айналады.
Май ұлпасы торшаларында май көмірсулар мен белоктардың азотсыз қалдығынан да түзіледі. Егер рацион құрамындағы азотты заттар мен азотсыз заттардың арақатынасы 1:13-1:17 аралығында болса, онда организмде майдың 80 пайызы көмірсулардан түзіледі; ал бұл көрсеткіш 1,2-1,4 аралығында болса, онда организмде майдың тек 4-5 пайызы көмірсулардан, ал көп мөлшері белоктардан түзіледі (Чирвинский деректері).
Әрбір организмде оның өзіне ғана тән май жинақталады. Әр түрлі құс майы еру температурасымен, йод санымен, консистенциясымен, қаныққан және қанықпаған май қышқылдарының ара қатынасымен ерекшеленеді. Құрамында қаныққан май қышқылдары көп майдың еру температурасы жоғары болады. Тауық майының еру температурасы - 33-40 болса, қаз майының еру температурасы -26-34.
Кейбір қанықпаған май қышқылдары (линол, линолен, арахидин) организмде түзілмейді, сондықтан олар азықпен міндетті түрде қабылдану керек. Бұл қышқылдарды алмастырылмайтын май қышқылдары деп атайды. Егер олар рацион құрамында болмаса майлардың алмасуы, өсу, көбею процестері бұзылып, тері ауруға шалдығады.
Организмге сыртқы ортадан энергия көзі аз мөлшерде түссе, онда ол куатты қорға жиналған майлардан алады. Бұл жағдайда ұлпалардағы май липаза ферменттерінің әрекетімен глицерин мен май қышқылдарына ыдырайды да, тотығу процесінен кейін су мен көмір қышқыл газы түзіліп, энергия бөлінеді.
Қордағы майдың басқа жолмен де пайдаланылуы мүмкін. Бұл жағдайда май өз қоймаларынан қанға өтіп, бауырға тасымалданады да, онда глицерин мен май қышқылдарына ыдырағаннан кейін энергия көзі ретінде жаратылады. Майлар ұлпалардан липотропты заттармен (холин, коламин, серин, инозит, метионин, бетаин т.б.) байланыс түрінде тасымалданады. Бұл заттар бауырды шырланудан сақтап, майдың басқа ұлпаларға тасымалдануын жеңілдетеді. Сонымен қатар бауырда май сутектендіру, сутектенсіздендіру процестеріне ұшырап, май қышқылдарының тізбектері ұзарып, не қысқарып отыруы да мүмкін.
Липидтердің алмасуы бұзылса, майлардың алмасу өнімдері толық тотықпай, кетонды заттар түзіледі де, организм уланады.
Рацион құрамында біршама мөлшерде май тектес заттар да кездеседі. Олар фосфатидтер және стериндер болып екі топқа бөлінеді.


Фосфатидтерге лецитиндер, кефалиндер, сфингомиэлиндер жатады. Аталған қосылыстар да глицериннің күрделі эфирлеріне жатады, бірақ олардың құрамында фосфор қышқылы және азотты негіз - холин болады. Фосфатидтер өсу және қайта қалыптасу (регенерация) процестерінде маңызды рөл атқарады, олар май қышқылдарының ішектен сіңірілуін қамтамасыз етеді. Фосфатидтер туындысы – ацетилхолин, қозу толқынының жүйке талшықтарынан бұлшық етке, жұмыс органдарына өтуін қамтамасыз етеді.
Фосфатидтерге жүйке ұлпасы бай келеді. Фосфатидтердің өзі ішек қабырғасы мен бауырда түзіледі. Тауық бауырында 3 пайыз, бұлшық етінде 0.2-0.4 пайыз фосфатид болады. Фосфатидтер май транспортына қатысады және бауырды май инфильтрациясынан сақтайды.


Стериндер - циклді спирттер тобына жатады. Олардың маңызды өкілі – холестерин болып табылады. Холестерин бүйрек үсті безінің, жүйке ұлпасының, эритроциттердің, өттің құрамында көп мөлшерде кездеседі. Бүйрек үсті бездерінің гормондары, жыныс гормондары, Д дәрмендәрісі стериндер туындылары болып табылады. Тауық бауырында 0.25 пайыз, ал бұлшық етінде 0.15 пайыз стерин болады.
Липидтер алмасуын реттейтін орталық гипоталамуста орналасқан. Бұл орталық қан мен ұлпалық сұйықтағы глюкоза деңгейіне қарай бір-біріне қарама-қарсы екі процесті – майдың қорға жиналуын және оның организм мұқтаждығы үшін пайдалануын, реттеп отырады. Қандағы глюкоза деңгейі көтерілсе липолиз (май бұзу) тоқтайды да, май түзу (липогенез) күшейеді, ал қант деңгейі төмендесе кері құбылыс байқалады.
Аталған процестер орталықтың симпатоадреналдық және гипоталамус-гипофиздік жүйелерге әсері арқылы жүреді. Орталық жүйке жүйесі май қоймаларының адипоциттеріне тікелей вегетативтік жүйкелер арқылы да әсер етуі мүмкін. Симпатикалық жүйкелер липолизді, ал парасимпатикалық жүйкелер - липогенезді күшейтеді. Липолиздік әсер адреналин, норадреналин, СТГ (соматотропты гормон), ТТГ (тиреотропты гормон), тироксин, глюкагон гормондарына тән, ал инсулин – майдың қорға жиналуын күшейтеді. Инсулин май торшаларының мембранасындағы рецепторлармен байланысып, адреналин мен норадреналиннің әсерін тежейді де, липаза ферменттерінің белсенділігін төмендетеді. Глюкокортикоидтар да глюконеогенез процесін күшейтіп, қандағы глюкоза деңгейін көтеру арқылы майлардың пайдалануын баяулатады. Липокаин – май қышқылдарының тотығуын күшейтіп, бауырды шырланудан сақтайды.
Липидтердің алмасуына майлардың ыдырау өнімдері де әсер етеді. Мысалы, глицерин майлардың ыдырауын шапшаңдатса, май қышқылдары оны бөгейді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   103




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет