Несіпбаев Т., Исхан Қ. Ж., Несіпбаева А.Қ. ҚҰс физиологиясы



бет41/103
Дата25.11.2023
өлшемі0,92 Mb.
#126940
түріОқулық
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   103
Байланысты:
Ќан жїйесі физиологиясы-emirsaba.org

В2 дәрмендәрісі (рибофлавин) кейбір сары түсті ферменттердің құрамына кіретін флавин тектес заттарға жатады. Ол өсімдік құрамында, жануарлар мен микроорганизмдер денесінде кең тараған. Рибофлавин балғын азықтар мен капуста құрамында, ашытқыларда, бауырда, жұмыртқада, бүйректе, сүтте көп болады. Ол зат алмасу процесінде маңызды рөл атқарады, түрлі ферменттер, әсіресе тыныс ферменттерін синтездеу үшін қажет.
Организмде рибофлавин жетіспесе көмірсулар алмасуы бұзылып, бауырда гликогеннің түзілуі баяулайды, сүт және пирожүзім қышқылдарының тотығуы нашарлайды. Бұл дәрмендәрі белоктың алмасу процесін дұрыс жүргізу үшін де қажет. Ол жетіспесе белок пен амин қышқылдарының пайдаланылу деңгейі төмендейді, көптеген амин қышқылдары еш өзгеріссіз несеп арқылы бөлінеді. Рибофлавин көру органдарының, жыныс бездерінің, жүйке жүйесінің қалыпты қызметі үшін қажет. Ол гемоглобинді синтездеу процесін реттеуге де қатысады. Рибофлавиннің жетіспеуінен организм гипохромдық анемияға, жүйке жүйесінің ауруларына шалдығады, әсіресе жүйкенің нәрлендіру қызметі бұзылады.

Рибофлавин тапшылығына құстар өте сезімтал. Ол жетіспеген жағдайда балапандардың өсуі баяулап (5-сурет), іші өтеді де, олар сал ауруға шалдығып, өле бастайды, ал сақа құстардың жұмыртқалау қабілеті төмендейді, балапандарда дерматит, конъюнктивит, кератит пайда болады. Ересек құстарда жұмыртқалау мен балапан басу төмендейді.


5-сурет. В2 дәрмендәрісінің балапандардың өсуіне әсері (оң жақта дәрмендәрі жетіспеген балапан)



Организмнің қалыпты тіршілігі үшін азықтың құрғақ затының әр кг-на тауық пен үйрек балапандары - 3 мг, күрке тауық пен үйрек - 4 мг рибофлавин қабылдау керек.

В3 дәрмендәрісі (пантотен қышқылы) А коферментінің құрамына енеді, оның қатысуымен организмде зат алмасу кезінде пайда болатын сірке қышқылы мен басқа да қышқылдар қалдықтары белсендіріліп, лимон қышқылы, стеролдар, глицеридтер және басқа көптеген қосылыстар синтезделеді. Жануарлар ұлпалары мен бактериялар денесінде пантотен қышқылы А коферменті түрінде кездеседі. Ол бауырда, бүйрек үсті бездерінде, жүректе, жұмыртқаның сары уызында, бүйректе көп жинақталады.
Пантотен қышқылы жеткіліксіз болған жағдайда құстың өсіп-жетілуі баяулайды, терісі ауруға шалдығып, жүйке жүйесінің, ас қорыту ағзаларының қызметі бұзылады. Бізде пантотен қышқылының қабылдау нормасы азықтың құрғақ затының әр килограмына тауық үшін 10 мг деңгейінде қабылданған.


В4 дәрмендәрісі (холин) лецитиндер құрамында болады. Ол көп мөлшерде жас жапырақтарда, ашытқыларда, дәнді дақылдарда, күнжарада, бауырда, балық және ет ұнтағында кездеседі.
Холин бауырды май басудан сақтауда, майдың сіңімділігін күшейтуде маңызды рөл атқарады, ацетилхолин медиаторын синтездеуге қатысады. Бұл дәрмендәрі жетіспеген жағдайда бүйректің құрылысы бұзылып (дегенерация), организмнің өсуі баяулайды, жүйке жүйесінің қызметі нашарлайды, май мен көмірсудің алмасуы бұзылады, перозис байқалады. Жұмыртқалау және балапан шығару көрсеткіштері төмендейді.
Құстың холинге деген мұқтаждығы рацион құрамындағы метионин деңгейіне, организмнің фоли қышқылымен, цианкобаламинмен қамтамасыз етілуіне байланысты өзгеріп отырады. Оның нормасы әлі толық анықталмаған. Ескертер жайт, организмде түзілген холин құс мұқтаждығын қамтамасыз етуге жеткіліксіз, сондықтан оны азыққа қосу керек. Холин тапшылығын азыққа метионин қосу арқылы толықтыруға болады.

В5 дәрмендәрісі (никотин қышқылы, РР дәрмендәрісі) тотығу-тотықсыздану дегидрогеназасының құрамына еніп, тотығатын органикалық заттардан сутегінің бөлінуін жандандырады. Ол қарын сөлі мен ұйқы безі сөлінің бөлінуін күшейтіп, жүрек жұмысын жиілетеді, шеткі тамырлар арнасын кеңейтеді, эритроциттердің түзілуін жақсартып, бауырдың қызметін реттейді, көмірсулар мен майлардың алмасу процесіне әсер етеді.
Никотин қышқылы ашытқыларда, кебекте, бидай ұрығында және жануарлардың ішкі ағзаларында (бүйректе, бауырда) көп жинақталады. Кейбір жануарлар ұлпаларында ол триптофан амин қышқылынан синтезделеді.
Никотин қышқылына көбінесе тауықтар зәру болады. Оның тапшылығы рацион құрамында жүгерінің үлесі көбейген, белоктар мен триптофан жетіспеген жағдайда байқалады. Бұл дәрмендері тапшылығының салдарынан пеллагра деп аталатын ауру байқалады. Бұл ауруға шалдыққанда тері зақымданады, іш өтеді, үлкен ми жарты шарларының қызметі бұзылады, шартты рефлекстік әрекеттер өзгереді.
Никотин қышқылының нормасы азықтың құрғақ затының әр кг-на шаққанда: тауық балапандарына 20 мг, күрке тауық пен үйрек балапандарына - 30, тауық, күрке тауық, үйректерге 10 мг.


В6 дәрмендәрісі (пиридоксин) өсімдік құрамында да, жануарлар организмдерінде де кеңінен тараған. Ол амин қышқылдарын карбоксилсіздендіретін, көмір қышқыл газын ажырата отырып ыдырататын, амин алмастыру реакцияларын өршітетін ферменттер құрамына енеді. Сондықтан пиридоксин жетіспегенде белок синтезі бұзылып, құстың өсуі баяулайды, қан плазмасы құрамындағы кейбір белоктар мен гемоглобиннің түзілуі нашарлайды. Ол метионин мен цистеиннің түзілуі, триптофанның дұрыс алмасуы, белок пен майдың синтезі, тұз қышқылың түзілуі үшін аса қажет.
Пиридоксинге ашытқылар, күріш кебегі, бидай дәндері, бауыр өте бай. Ол ішек микроорганизмдерінің әрекетімен синтезделеді. Құстардың пиридоксинге деген тәуліктік сұранысы - 1-2 мг шамасында.


В12 дәрмендәрісі (цианкобаламин) молекулалық құрамында металл бар жалғыз дәрмендәрі. Оның құрамында 4,5 % кобальт болады. Цианкобаламин қанның түзілуін реттейді, организмде өсімдік белоктарының пайдаланылу деңгейін арттырады. Ол жетіспеген жағдайда сүйек кемігінде дамып жетілмеген қан түйіршіктерінің саны көбейеді, олар қан айналымына қосылмайды, организмде қан азаяды (организм қатерлі анемияға шалдығады). Бұл дәрмендәріні қанға еккенде қан түйіршіктері тез жетіліп, қанға өте бастайды. В12 дәрмендәрісі құстың тоқ ішегінде жақсы синтезделеді, бірақ нашар сіңіріледі, сондықтан оның азықпен түсуі қажет.
Рационда кобальт болмаған жағдайда цианкобаламиннің синтезі тоқталады. Осының салдарынан гемоглобиннің, эритроциттердің түзілуі бұзылып, азотты заттар толық сіңбей, қан плазмасы мен бұлшық еттегі белоктардың синтезі нашарлайды, зат алмасу қарқыны төмендеп, кальций мен фосфор алмасуы бұзылады, организмнің түрлі ауруға төзімділігі нашарлайды.


С дәрмендәрісі (аскорбин қышқылы) аргиназа, амилаза, торша протеоазасы әрекетін жандандырып, бүйрек үсті безінің стероидты гормондарын, ДНК-ны түзуге қатысады, дәнекер ұлпаларда коллагеннің, бауырда гликогеннің түзілуін жақсартып, қарын сөлінің бөлінуін күшейтеді, тирозиннің тотығуын шапшаңдатады.
Аскорбин қышқылының көзі көк шөп, түйнек тамырлар болып табылады. Әрбір кг-ға шаққанда жас жоңышқада 360 мг, картопта - 115, сәбізде - 380, қызылшада - 80, сүтте - 7-26 мг аскорбин қышқылы болады. Құстар аскорбин қышқылын синтездей алады, сондықтан олар бұл дәрмендәріге мұқтаж болмайды.


Н дәрмендәрісі (биотин) орталық жүйке жүйесінің қызметін реттеуге, белок, көмірсу және май алмасуларына қатысады. Ол ферменттердің белсенді тобының құрамына еніп, аспарагин қышқылы, серин, треонин өзгерісіне, май қышқылдарын карбоксилдеу процесіне қатысады. Биотин жетіспеген жағдайда тері ауруға шалдығып (дерматит), қауырсын түсіп қалады (дәрмендәрі немістің Науt - тері деген сөзінен алынып, Н әрпімен белгіленген). Бұл дәрмендәріні ас қорыту жолының микроорганизмдері жақсы синтездейді, сондықтан қалыпты жағдайда оған мұқтаждық байқалмайды.

Вс дәрмендәрісі (фоли қышқылы) антианемиялық және өсу факторы болып табылады. Ол жапырақтан бөлініп алынған (латынша - folіum- жапырақ), сондықтан оны осылай атаған.
Фоли қышқылы тиамин мен метионин, қан түйіршіктері мен метил топтарын түзуге қатысады, бауырды шырланудан сақтайды. Сонымен қатар ол тимин мен тимидин, пуриндер түзу, глициннің серинге айналу процестеріне, гистидиннің ыдырауына қатысады. Ол жанама жолмен ас қорыту ағзаларының кілегейлі қабығының қалыпты қызметі үшін қажет пантотен және никотин қышқылдары ферменттерінің түзілуін жандандырады.
Рационда фоли қышқылы жетіспегенде жас балапандардың өсіп-дамуы тежеледі, қаны азаяды, қауырсыны жақсы жетілмейді.
Бұл дәрмендәрінің негізгі көзі жас жапырақтар, жануарлар бауыры, ашытқылар болып табылады. Сонымен қатар ол ас қорыту жолының микроорганизмдерінің әрекетімен синтезделеді.


Инозит көп атомды спирт тобына жатады. Ол май тасымалдауға және жүйкенің нәрлендіру процестерін жүзеге асыруға қатысады, зат алмасу процестерін жақсартады, жүрек қызметінің дұрыс атқарылуы үшін қажет. Инозиттің негізгі көзі өсімдік текті азықтар. Ол организмде ішек бактерияларының әрекетімен синтезделеді. Инозиттің жетіспеуі құстардың өсуіне және қауырсындануына кері әсер етеді.

Парааминобензойлы қышқыл (ПАБҚ) В тобындағы дәрмендәрілердің синтезіне қатысады, каротиннің алмасуын жандандырады, меланин пигментінің түзілуіне әсер етеді.
ПАБҚ жетіспегенде балапандардың өсуі тежеледі, гемоглобин мөлшері азаяды, тауық қауырсыны мен терісінің пигменттелуі бұзылады.
Аталған қосылыстармен қатар, дәрмендәрілік қасиет танытатын тағы басқа заттар да анықталған (В10, В11, В13, В15-пангам қышқылы), бірақ олардың құс организміндегі рөлі әлі толық белгісіз. Әзірше олардың өсу процесін жандандыратыны және зат алмасудың қалыпты деңгейде жүру үшін қажеттігі анықталған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   103




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет