Энергия алмасуға әсер ететін факторлар. Энергия алмасу процесінің қарқыны құс денесінің ірілігіне, құстың түріне, тұқымына, жынысына, жасына, өнімділігіне, қимыл белсенділігіне, сыртқы орта температурасына, тәулік мерзіміне, құстың азықтандырылуына т.б. факторларға байланысты.
Ірі құстармен салыстырғанда майда құс организмінде жылу көбірек өндіріледі. Мысалы, 1 кг дене массасына шаққанда тәулігіне: ат 11,3; қаз 74,5; үйрек 89,1; канарейка 1060 кал энергия бөледі. Тіршілік ортасының жағдайына, нерв жүйесінің күйіне және басқа физилогиялық факторларға байланысты жылу алмасу процесі айтарлықтай құбылып отырады. Дегенмен, әр түрлі жануарларда тәулігіне 1 м2 дене беткейіне шаққанда шамамен бірдей мөлшерде энергия өндіріледі: тауықтарда 943, қаздарда 969, аттарда 948 ккал (Д.Я. Криницин бойынша).
Құстарда негізгі зат алмасу түнге қарағанда күндіз күшейеді. Аталық организмде аналықпен салыстырғанда энергия алмасуы қарқынды жүреді.
Құста энергияның біршама мөлшері жұмыртқа өнімділігіне жұмсалады. Тауық жұмыртқасында орта есеппен 85-90 ккал энергия болады. Жұмыртқа өндіруге шығындалатын энергия жұмыртқа энергиясының 40-50 % құрайды. Азықтың физиологиялық пайдалы энергиясының 70 %-ы жұмыртқа өндіруге, ал қалған энергия - бұлшық ет ұлпасына және май түзуге пайдаланылады.
Құстарды азықтанғаннан кейін энергия алмасу қарқыны жоғарылайды. Азықтанғаннан кейін байқалатын бұл құбылысты азықтың өзіндік динамикалық әсері дейді. Ең көп өзіндік динамикалық әсер белоктарға тән. Олар энергия алмасу қарқынын 30-40 % көтерсе, ал май мен көмірсулар тиісінше 15-6 % ғана жоғарылатады. Азықтың өзіндік динамикалық әсері қоректік заттардан бөлінген ыдырау өнімдерінің (амин қышқылдарының, сірке және құмырысқа қышқылдарының, ацетальдегидтің) организмдегі биохимиялық процестерді жандандыруына байланысты. Бұл әсер жүйке жүйесінің қатысуымен атқарылады. Симпатикалық жүйкенің құрсақтық тармағын қиып тастаса бұл құбылыс байқалмайды.
Дене температурасы және оның реттелуі. Организм сыртқы ортамен зат және энергиямен алмасып отыратын ашық жүйе. Зат алмасу кезінде организмде жылу түзіліп, ол қоршаған ортаға беріледі де, организм мен сыртқы орта арасында динамикалық тепе-теңдік қалыптасады.
Сыртқы орта температурасының ауытқуларына бейімделуіне байланысты жануарлар стенотермиялы және эвритермиялы болып бөлінеді.
Стенотермиялы жануарлар қоршаған орта температурасы аз ғана мөлшерде ауытқитын жағдайда тіршілік етеді. Оларға тропикалық теңіз жануарлары жатады.
Эвритермиялы жануарлар сыртқы орта температурасының көп мөлшердегі ауытқуларына төзіп, тіршілік етеді. Оларға құрлықта, тұщы суларда тіршілік ететін жануарлар жатады.
Жоғары сатыдағы жануарлар (сүт қоректілер мен құстар) денесінің температурасы қоршаған сыртқы орта температурасына тәуелсіз және біршама тұрақты деңгейде сақталады. Дене температурасының тұрақтылығын изотермия деп атайды. Бұл қасиет эволюция барысында біртіндеп пайда болған, оның арқасында жеке органдар мен ұлпалар сыртқы орта температурасының ауытқуларынан тәуелсіз қызмет атқарады. Изотермияны күрделі физиологиялық тетіктер қамтамасыз етеді, олардың ішінде негізгі рөлді жүйке жүйесі атқарады. Осы себепті изотермия жүйке жүйесінің дамуына байланысты қалыптасады.
Төменгі сатыда дамыған жануарларда изотермия болмайды. Барлық омыртқасыз жануарларда, балықтарда, қос мекенділерде, бауырымен жорғалаушыларда дене температурасы тұрақсыз және қоршаған орта температурасына тәуелді өзгеріп отырады. Орта температурасы жоғарыласа дене температурасы көтеріледі, салқындаса - төмендейді. Мысалы, күн ысыған кезде кесіртке денесінің температурасы 400С-ға дейін көтеріледі. Осындай дене температурасының тұрақтылығын сақтай алмайтын жануарларды пойкилотермиялы жануарлар («салқын қандылар») деп атайды (Роікіlоs - грек тілінде түрлі, ала-құла, therm- жылу деген мағына береді). Организм температурасын бір қалыпта сақтап тұратын жануарларды гомойотермиялы (gоmоіоs - бірдей) жануарлар («жылы қандылар»)деп атайды.
Изотермия тек филогенезде ғана емес, онтогенездік даму кезінде де біртіндеп қалыптасады. Жас балапандарда дене температурасын бір қалыпта ұстау қабілеті жұмыртқаны жарып шыққаннан кейін бірнеше күннен соң ғана қалыптасады.
Құс гомойотермиялы жануарларға жатады, оларда дене температурасын реттеу тетіктері жақсы жетілген. Дегенмен, ішкі ағзалар мен мидың температурасы дененің орташа температурасынан жоғары болады, ал тері температурасы төменірек болуы мүмкін. Сондықтан «дене температурасы» деген түсінік салыстырмалы ұғым. Құстың температурасын тік ішектің температурасын өлшеп анықтайды. Құстың ректалды температурасы сүт қоректілерге қарағанда жоғары және ол орта есеппен 40-42 º құрайды. Әр түрлі құстың дене температурасы әртүрлі болғанымен, әр құста ол аз ғана шекте ауытқиды.
Дене температурасы физиологиялық шекте (0.4-0.5º-қа) тәулік мерзіміне, азық қабылдауға, құстың жасы және жынысына, қимыл белсенділігіне т.б. байланысты ауытқып отыруы мүмкін. Аналық құстарда аталықтармен, балапандарда ересектермен салыстырғанда температура жоғарылау болады. Құстарда дене температурасының ең төменгі көрсеткіштері аяқтың ұшында байқалады. Қанат астында температура ректалды температураға жақынырақ, көп жағдайда тек 0.1-0.2º айырмашылық байқалады. Сондықтан құс температурасын оның қанатының астынан өлшеп аңықтауға да болады. Практикалық тұрғыдан қанат астының температурасын электротермометр арқылы өлшеу тиімді әрі оңайырақ.
Дене температурасының тұрақтылығы жылу түзу және оны бөлу процестері тепе-тең болған жағдайда ғана сақталады. Бұл тепе-теңдік арнаулы физиологиялық тетіктер арқылы реттеледі. Жылудың түзілуін, яғни организмдегі химиялық процестердің қарқынын, бағыттауды химиялық жылу реттеу деп атайды. Денеден жылудың қоршаған ортаға берілуін үйлестіруді физикалық жылу реттеу деп атайды. Осы тетіктерге байланысты қалыпты жағдайда денеде түзілген жылу шығындалған жылудың орнын толтырып отырады да, организмде температура тұрақтылығы сақталады.