Тері қабатының жылу алмасудағы қызметі. Құстардың тері қабатының құрылымы оның жылу алмасу қызметімен тікелей байланысты. Тері қабатының дамып, жетілуімен байланысты оның жылу реттегіштік қасиеті өзгеріске ұшырайды да, құс организмінің қоршаған ортаның температурасына бейімделуіне жағдай туғызылады.
Жұмыртқадан шыққан балапандар терісінің қабатына алғашқы күндері ювенальды жылу алмасу қызметі тән. Оларда жылу алмасу сипаты пойкилотермиялылар сияқты болады. Терінің мамық өспеген аумақтары балапандардың қоршаған орта температурасының ауытқуларына бейімделу қабылетін төмендетеді. Жылуды бөлу терінің барлық беткейімен жүзеге асырылады. Мұндай кезде балапанның дене температурасы 38,7-38,9° деңгейінде сақталады.
Алғашқы 30 күн ішінде балапандарда алғашқы мамық ювенальды мамықпен алмасады да, теріде микроқатпарлар пайда болады. Кейінгі 150 күн ішінде ювенальды қауырсын нағыз қауырсындармен ауысып, түлеу барысында қауырсындардың құрылымы жетіледі де, олардың жылу реттеуші мүмкіндігі артады. Нәтижесінде температуралық гомеостаз орнығып, дене қызуы 40,6-41° деңгейінде қалыптасады. Демек, балапандардың өсіп-жетілуі барысында теріде туындайтын құрылымдық-функционалдық өзгерістер нәтижесінде құс организмінің сыртқы орта температурасының ауытқуларына бейімделуін қамтамасыз ететін жағдай туындайды.
Бақылау сұрақтары. 1. Ауылшаруашылық құстарының әр түрлерінің қауырсындану ерекшеліктері қандай? 2.Құстардың терісі мен қауырсынның түсі қандай пигменттерге байланысты болады? 3. Ювенальды және маусымдық түлеу мерзімдері жайлы не білесіз? 4. Тауықтарда түлеу дәрежесін қандай қауырсынның алмасуына қарай анықтайды? 5. Түлеу процесіне қандай факторлар әсер етеді?
8 – т а р а у. Ішкі секреция бездерінің физиологиясы
Ішкі секреция жайлы жалпы түсінік. Ішкі секреция, немесе эндокриндік, бездер деп безге тән құрылымы бар, өздері түзген биологиялық белсенді заттарды тікелей қанға немесе сөлге (лимфаға) бөлетін органдарды айтады. Ішкі секреция бездерінің шығару өзектері болмайды, оларда пайда болған заттарды гормондар деп атайды.
Эндокриндік бездер қызмет ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлінеді:
1) тек эндокриндік қызмет атқаратын бездер. Оларға қалқанша, қалқанша серік бездер, гипофиз, бүйрек үсті бездер, эпифиз және тимус жатады.
2) аралас қызмет атқаратын бездер. Бұл топқа ұйқы безі мен жыныс бездері жатады (9- сурет).
9-сурет. Тауықтың ішкі секрециялық бездері:
1- Эпифиз; 2- гипофиз; 3- тимус; 4- қалқанша без; 5- қалқанша серік бездер; 6- аналық без; 7- бүйрек үсті бездер; 8- ұйқы безы; 9- тік ішек.
Ішкі секреция бездерінің мөлшері үлкен болмайды, бірақ олар қанмен мол жабдықталады. Безде қан тамырлары орасан көп капиллярлар торын құрайды. Сондықтан без бөлген өнімдер қанға тез сіңеді. Без тамыр қимылдатқыш және секрециялық жүйкелермен жүйкеленеді.
"Ішкі секреция" деген түсінікті ғылымға Клод Бернар енгізген. Ол ішкі секреция бездеріне дененің барлық органдарын жатқызған. Бұл тұжырымды ол барлық органдардан алмасу өнімдерінің қанға бөлінетінімен негіздеген. Шын мағынасында К.Бернар бұл жүйеге қалқанша, айырша (тимус), бүйрек үсті бездерін, көк бауырды (талақ), лимфа түйіндерін жатқызған.
Ішкі секрециялық құбылыс организмнің көптеген ұлпаларында орын алады. Мысалы, өзінің тіршілік әрекеті үстінде гипоталамустың нейросекрециялық ядролары, ас қорыту жолының эндокриндік торшалары, әр түрлі ұлпалар физиологиялық процестерге әсер ететін өнімдер бөледі. Организмде осындай құрылымдар бөлген гормондар, нейросекреттер және ұлпалық алмасу өнімдерінің әсерімен сұйықпен (гуморальдық жолмен) реттеу тетігі қалыптасады.
Эволюциялық даму кезінде ішкі секреция бездері жүйке жүйесінен әлдеқайда кеш пайда болған. Мысалы, ішек қуыстыларда шашыраңқы (диффузиялы) жүйке жүйесі байқалса, ішкі секреция бездеріне ұқсас құрылымдар алғаш рет тек буылтық құрттарда кездеседі. Демек, эндокриндік бездер филогенездік тұрғыда кешірек пайда болады. Ол алғаш рет жұмыр ауыздылар мен балықтарда байқалады.
Сонымен, ішкі секреция филогенез тұрғысында кешірек қалыптасқан және эндокриндік бездердің дамуына байланысты пайда болған процесс. Сол себепті ішкі секреция деген түсінікті органдардың, ұлпалардың, торшалардың алмасу өнімдерін бөлетін әрекетімен, ал гормонды - алмасу өнімдерімен шатастыруға болмайды. Жеке торшаларда түзіліп, солардың өзіне ғана әсер ететін биологиялық белсенді заттарды «торшалық гормондар» деп атайды. Ал торшаларда түзіліп, ұлпаларға жайылып, олардың қызметіне әсер ететін биологиялық белсенді заттарды «ұлпалық гормондар» немесе гистогормондар дейді. Ұлпаларда зат алмасу өнімдері ретінде бөлініп, биологиялық белсенділік көрсететін заттарды (мысалы, көмір қышқыл газы, несепнәр) парагормондар дейді. Ішкі секреция бездерінен басқа органдар мен ұлпаларда түзіліп, организмдегі зат алмасу процесі мен көптеген физиологиялық әрекеттерді реттеуге қатысатын, химиялық құрамы жағынан әртекті биологиялық белсенді заттарды гормоноидтар деп атайды. Олар аз уақыт қана әсер етеді де, ұлпа белоктарымен қосылып кетеді немесе тез бұзылады. Гормоноидтар тобына ацетилхолин, адреналинның түрленген аралық өнімдері, гистогормондар (гастрин, гепарин, секретин т.б.), гистамин, серотонин т.б. биогенді аминдер жатады.
Жоғарыда баяндалған жайлармен байланысты гормондық және гуморальдық реттеу деген түсініктерді ажырата білген жөн. Аталған реттеу тетіктерінің арасында көптеген ұқсастықтар бар. Бірақ гуморальдық реттеу тетігі организмде ертерек қалыптасқан, ол тіпті бір торшалы организмге де тән құбылыс. Ал, гормондар болса тек жоғары сатыда дамыған жануарларда кездеседі. Гормондық реттеу тетігі ішкі секреция бездері дамыған жануарларға тән.
Достарыңызбен бөлісу: |