Жұмыртқалау процесі күрделі рефлекс түрінде атқарылады. Бұл рефлекс жетілген жұмыртқаның қынаптың кілегейлі қабығындағы рецепторларды тітіркендіруінен басталады. Осыдан туындаған қозу толқынына жауап ретінде жұмыртқалық жол байламдары босап, қынап пен жатыр еті күшті жиырылады да, қынап тесігі саңғуырға қарай томпая шығып, айналшыққа (анусқа) жақындайды, жұмыртқа саңғуырға түспей, сыртқа шығады. Бұл процестер атқарылғанда жұмыртқа саңғуыр қабырғасымен жанаспайды, бұл қауызды ластанудан сақтайды.
Жұмыртқалық жолдың бірыңғай салалы еттері парасимпатикалық және симпатикалық нервтермен нервтенеді. Парасимпатикалық нерв жатыр еттерінің жиырылуын жандандырады, ал симпатикалық нерв – тежейді. Адреналин мен окситоцин жатыр еттерінің жиырылуын күшейтеді, ал прогестерон – кері әсер етеді.
Аталық құстардың көбею мүшесінің физиологиясы. Аталық құстың көбею мүшелері ен, ен қосалқысы, шәует жолы және жыныстық қатынас мүшесінен (кежек пен ата қазда болады) тұрады (11–сурет).
11- сурет. Қораздың жыныс мүшесі:
А- жалпы көрінісі; Б- ен қосалқысындағы өзекшелер схемасы;
1-Оң жақ ен; 2-ен қосалқысы аумағы; 3-шәуеттік өзек; 4-оң жақ бүйрек; 5-зәр ағар; 6-шәуеттік өзектің етті бөлімі; 7- белоктық бөлім; 8- шәует өзегінің дөңгелек қыртысы; 9- лимфалық қыртыс; 10- оң бөлуші өзек; 11- тік ішек тесігі; 12- саңғуыр қабырғасы; 13- ен; 14- тор; 15—шығарушы өзек; 16- ен қосалқысының өзегі.
Ен - сопақша, не бұршақ пішінді, құрсақ қуысында, бүйректің алдында орналасқан жұп жыныс безі. Енде жыныс торшалары мен жыныс гормондары түзіледі. Сырт жағынан ол өзара жабыса орналасқан сыртқы сірлі, немесе еннің меншікті қабығымен, және ішкі фиброзды, немесе еннің ақ қабығымен қапталған. Ақ қабықтан еннің өзегіне қарай дәнекер ұлпалы перделер тарайды да, олар енді бірнеше бөлікшелерге бөледі. Әр бөлікшенің ішінде 5–6 ирек түтікшелер орналасады. Ирек түтікше торшалары әртүрлі даму сатысындағы аталық жыныс торшалары мен нәрлік (трофикалық) және сүйеніш қызметін атқаратын тұлғалық (сомалық) торшалардан тұрады. Сертолий торламасы (синцитий) деп аталған нәрлік торшалар арасында ұрық түзуші (сперматогендік) эпителий торшалары орналасады. Олар бастапқы жыныс торшаларынан бастап жетілген жыныс торшалары (спермий) күйінде болады. Демек, ұрық түзу процесі (сперматогенез) осы ирек түтікшелер қабырғасында жүреді.
Сперматогенез төрт кезеңде өтеді: көбею, өсу, жетілу және қалыптасу. Көбею сатысындағы ең жас аталық жыныс торшаларын сперматогоний деп атайды. Олар ірі ядролы майда торшалар, ирек түтікшелер қабырғасының сыртын ала орналасады. Бұл торшалар мейоздық бөліну нәтижесінде көбейіп, бірінші реттік спермацит деп аталатын торшалар түзеді. Өсу үстінде олар үлкейіп, өзгере (редукциялана) бөлінуге қажетті жағдайлар тудырады да, гаплоидтық хромосомалар жиынтығымен сипатталатын екінші реттік спермациттер түзіледі. Осыдан кейін торшалар жетіліп, екі мәрте бөлінеді. Екінші рет бөлінгенде әрбір хромосома екі жартыға – хроматидтерге ажырайды да, хромсомалардың жартылай (диплоидтық) жиынтығы бар торшалар - сперматидтер түзіледі. Сперматидтер әрі қарай бөлінбейді. Олар сперматогенездің төртінші - қалыптасу кезеңіне өтіп, олардың цитоплазмалық құрылымдары күрделі өзгерістерге ұшырайды да, құйрық пайда болып спермийге айналады.
Түзілу барысында ирек түтікшелер өзегіне алдымен спермийдің құйрық жіпшелері, соңынан бастары өтеді де, спермий толығымен түтікшелерге түседі.
Жетілген спермийлер мөлшері жағынан сперматогониялардан әлде қайда кіші болады. Жетілу үстінде олар өз цитоплазмасы мен қосалқы компоненттерінің көп бөлігін жоғалтып, бас бөліктен, дене тұлғадан және құйрықтан тұратын торшаға айналады. Спермий басы ядролық заттардың шоғырланған жері. Спермий денесі мен құйрығы цитоплазмадан түзіледі. Спермий басының апикальдық ұшында цитоплазманың бір бөлігі мен Гольджи аппараты шоғырланады. Олардан торшаның бас қапшығында акросома қалыптасады. Бұл органоид спермий басының аналық торшаға енуі үшін қажет. Ал құйрық спермийге қимылдағыштық қасиет береді. Құс спермийі минутына 1-1,5 мм жылдамдықпен жылжиды. Сперматогенез мерзімі қоразда 25 күнге созылады. Жетілген спермийлер қозғалғыштық қасиетке ие болғаннан соң ен қосалқысына өтеді.
Ен қосалқысы – құстарда нашар дамыған құрылым. Оған түзілген спермийлерді өткізетін көптеген ен өзекшелері ашылады да, олардың топтасуы нәтижесінде шәуеттік жол бастау алатын қосалқы өзегі пайда болады. Ен қосалқысында спермийлер жетіле түсіп, олардың ұрықтандырғыш қасиеті күшейеді. Мұнда еннің ирек түтікшелері мен шығарушы өзектерінде бөлінген секреттің (шәует сұйығының) әсерімен жыныс торшаларының тіршілігіне қажет орта қалыптасады.
Шәует жолы шәуетті ен қосалқысынан алып шығатын иректелген жіңішке түтікше мүше. Шәует жолының қабырғасы кілегейлі, етті және сірлі қабықтардан тұрады. Ол ен қосалқысының өзегінен бастау алып, саңғуырдың ортаңғы бөлігіне ашылады. Шәует жолының құрылымы жыныс аппаратының белсенділігіне байланысты өзгеріп отырады. Жыныстық белсенділік кезінде түтікше ұзарады, оның қабырғасы қалыңдап, иректер саны артады.
Жыныстық қатынас мүшесі қораздар мен күрке тауықтарда дамымаған. Оларда шәует жолының томпая кеңіген тұсында жыныстық қозу кезінде ісінетін кішкентай ғана кеуекті дене болады. Шәуеттің бөлінуіне шәует жолының ұшында орналасқан лимфалық қатпар мен тамырлы дене көмектеседі. Жұптасу кезінде қораз бен мекиеннің саңғуырлары бір-біріне жабысады да, қынап томпая шығып, оған шәует бірден айдалып, шәует жыныс жолына түседі.
Кежек пен ата қазда жыныстық қатынас мүшесі лимфамен толу нәтижесінде қатаятын (эрекция) қос фиброзды денеден тұрады. Шәует осы денелер арсындағы науамен ағады. Физиологиялық тыныштық жағдайында жыныстық қатынас мүшесі саңғуыр қуысында тік ішектен жоғарырақ орналасады да, жыныстық қатынас кезінде екі түрлі арнаулы еттердің әрекетінен саңғуырдан томпайып шығады.
Жыныстық қатынас кезінде бөлінетін шәует мөлшері құстың түріне байланысты өзгеріп отырады. Әтеш бір қатынас кезінде 0,6-2 мл шәует бөледі, ал оның 1 мл –де 3,2 млрд/мл спермий болады. Ата қаз эякулятының мөлшері 0,1-2 мл, ондағы спермийлер саны 340-350 млн/мл, ал кежекте бұл көрсеткіштер тиісінше 0,1-1мл және 0,7-3,,5 млн/мл. Әтеш шәуеті ақ түсті болады да, оның рН 7,04-7,27 құрайды. Кежек шәуетінің рН-ы 6,6-7,8.
Жыныстық рефлекс. Жыныстық жетілумен байланысты құстарда жыныстық рефлекстер пайда болады. Олардың жыныстық рефлекстері сүт қоректі жануарларға ұқсас және мына құрамалардан тұрады: 1) жақындау, немесе жыныстық қимыл рефлекстері; 2) эрекция рефлексі; 3) жыныстық қатынас рефлекстері; 4) эякуляция (шәует бөлу) рефлексі. Аталған рефлекстер бір-бірімен тығыз байланысты, бір-біріне жалғаса атқарылады. Егерде осы рефлекстердің біреуі атқарылмаса, онда барлық процесс бұзылады.
Қораздар күніне 25-41 рет шағылысады. Дегенмен, жиі шағылысу салдарынан шәует көлемі азайып, ондағы спермийлер саны кемиді, жұмыртқаның ұрықтану көрсеткіші төмендейді.
Құстарда шартсыз жыныстық рефлекстермен қатар, шартты рефлестер де қалыптасады. Олар оң не теріс болуы мүмкін.