Бұлшық ет жұмысы және еттің қажуы.Бұлшық ет күші. Еттің жиырылу дәрежесі тітіркендіргіш күшіне, еттің өзінің морфологиялық ерекшеліктеріне және физиологиялық күйіне байланысты. Ұзын бұлшық еттер келте еттермен салыстырғанда көбірек қысқарады.
Еттің жиырылу күші оның созылу деңгейімен байланысты өзгереді. Еттің аз шамада созылуы серпінділік компонеттерін ширықтырып, жиырылу күшін арттырады. Ал, ет шамадан тыс созылса, оның жиырылу күші әлсірейді. Оның себебі ет күшті созылғанда актин мен миозин жіпшелерінің жанасу аймағы азайып, оларды қосатын өсінділер саны кемиді.
Еттің күші оның физиологиялық көлденең енінің (талшықтар бағытына перпендикуляр қиындысының) мөлшеріне байланысты. Таранды және жартылай таранды еттер күштірек болады да, бүйірлі еттер одан әлсіздеу, ал талшықтары параллель орналасқан еттер өте әлсіз келеді (15-сурет). Бұлшық еттің изометриялық жиырылу кезінде барлық ет талшықтарының қатысуымен дамытқан ширығу (кернеу) деңгейін еттің максимальды күші деп атайды.
Еттің максимальды күші оның құрамына енетін талшықтардың санына, жуандығына байланысты. Бұл көрсеткіштер еттің анатомиялық көлденең енін құрайды. Еттің максимальды күшінің оның анатомиялық көлденең еніне қатынасын еттің салыстырмалы күші деп атайды. Ол кг/см2 өлшемімен бағаланады. Ал еттің максимальды күшінің оның физиологиялық көлденең еніне қатынасын еттің абсолюттік күші дейді.
15-сурет. Талшықтары әр түрлі бағытта орналасқан еттердің анатомиялық (а-а) және физиологиялық (б-б) көлденең ені:
А – талшықтары қатар (параллель) орналасқан, Б – сыңар таранды, В – қос таранды, Г – көп таранды еттер.
Ет жұмысы. Ет жиырылған кезде оның ұзындығы қысқарып, белгілі жұмыс атқарылады. Еттің нақтылы жүкті қозғалту, буын арқылы сүйек қимылдарын қамтамасыз ету үшін атқарған жұмысын динамикалық жұмыс дейді. Бұлшық ет изометриялық жиырылу жағдайында болғанда, оның ұзындығы өзгермегеннің өзінде жұмыс атқарылады. Бұл жұмысты статикалық жұмыс деп атайды.
Еттің динамикалық жұмысының (W) мөлшерін жүктің массасын (Р) ол көтерілген биіктікке (h) көбейту арқылы анықтайды да, килограмм/метр бірлігімен өлшейді: W= Р h (кгм).
Еттің жұмысы ол көтерген жүк мөлшеріне, жұмыс ырғағына байланысты өзгеріп отырады. Ет жұмысының жүк салмағына қарай өзгеруін орташа салмақ заңымен бейнелейді: салмақ орташа болса, ет күшті жиырылады, ет қызметі мықты болады. Бұлшық еттің ең күшті жұмысы жиырылудың ырғағы орташа болғанда байқалады (орташа жылдамдық заңы).
Бұлшық еттің қажуы. Қажу деп әрекет атқарғаннан кейін жеке органдардың, немесе бүкіл организмнің жұмыс қабілетінің уақытша төмендеуін, не жойылуын айтады. Бұлшық ет ұзақ уақыт жұмыс атқарудың салдарынан қажиды. Қажыған кезде еттің функционалдық қасиеттері - қозғыштығы, лабильділігі және жиырылғыштығы, төмендейді. Қажудың салдарынан еттің жиырылу күші бірте-бірте әлсірей бастайды, дара жиырылуды бейнелейтін сызық көлбеу тартып, босаңсу сатысы ұзарады.
Қаңқа еттері бірыңғай салалы еттерден шапшаңырақ қажиды. Ал, қаңқа еттерінде алдымен ақ еттер, содан соң қызыл еттер қажиды.
Қажудың мәні әлі толық анықталмаған. Бұл құбылысты түсіндіру үшін И.Шифф титықтау теориясын ұсынған. Бұл теория бойынша қажу процесі бұлшық еттегі қуат қорының, атап айтқанда гликогеннің азаюына байланысты туындайды.
Е.Пфлюгердің улану теориясына сәйкес жұмыс үстінде бұлшық етте сүт және фосфор қышқылдары мен басқа да алмасу өнімдері жиналып, олар бұлшық етке жағымсыз әсер етеді, оны уландырып, әрекетін нашарлатады. Фосфор қышқылы кальций иондарын байланыстырып, еттің жиырылу күшін әлсіретеді, ал зат алмасу өнімдері бұлшық ет талшықтары мембранасының әрекет потенциалын тарату қабілетін төмендетеді.
Аталған екі теория да оқшауланған ет талшықтарына жүргізілген тәжірибелер нәтижесіне сүйеніп, ұсынылған. Сондықтан олар қажу процесін біржақты және үстіртін түсіндіреді.
Біртұтас организм жағдайында жүргізілген тәжірибелер қажу процесі кезінде бұлшық етте қуат көзі - АТФ пен гликоген қорының, креатинфосфат деңгейінің азаятынын, оттегі тапшылығы туындайтынын көрсетті. Сонымен қатар бұлшық еттің жиырылу процесін қамтамасыз ететін белоктарында да құрылымдық өзгерістер байқалады. Атап айтқанда актомиозин құрамындағы сульфгидрильдік топтар азайып, АТФ-тің әрекеті бұзылады.
Табиғи жағдайда организмнің қимыл аппаратының қажуы көп факторлы процесс. Тұтас организмде органдарға қоректік заттар мен оттегі толассыз жеткізіліп, алмасу өнімдері үздіксіз шайылып әкетіліп отырады. Қажыған кезде органның жұмыс қабілетінің төмендеуімен қатар, көптеген органдар мен жүйелердің (шеткі жүйке-ет аппаратының, тыныс алу, қан айналым жүйелерінің) қызметі бұзылып, гипоксия, гипогликемия байқалады, алмасу өнімдерінің әсерінен жүйке торшаларының қызметі төмендейді, орталық және вегетативтік жүйке жүйелерінің реттеуші қызметі нашарлайды, қимылдар үйлесімі бұзылады, синапстарда ацетилхолин қоры азаяды.