Несіпбаев Т., Исхан Қ. Ж., Несіпбаева А.Қ. ҚҰс физиологиясы


Жүйке орталықтары және олардың физиологиялық қасиеттері



бет82/103
Дата25.11.2023
өлшемі0,92 Mb.
#126940
түріОқулық
1   ...   78   79   80   81   82   83   84   85   ...   103
Жүйке орталықтары және олардың физиологиялық қасиеттері. Жүйке орталығы деп организмнің нақтылы қызметін реттейтін орталық жүйке жүйесіндегі нейрондар жиынтығын айтады. Организмде қанша рефлекстік қызмет болса, сонша жүйке орталығы болады. Мысалы, тыныс алу, қан айналым, ас қорыту, сілекей бөлу, жылу реттеу т.с.с. Жүйке орталығы деген таза физиологиялық ұғым, оның себебі белгілі бір қызметті реттеуге қатысатын жүйкелік құрылымдар орталық жүйке жүйесінің әртүрлі бөлімдерінде орналасуы мүмкін. Мысалы, тыныс орталығын жұлында, сопақша, ортаңғы, аралық мида, ми қыртысында орналасқан жүйкелік құрылымдар жиынтығы құрайды.
Жүйке орталықтарына бірнеше физиологиялық қасиеттер тән. Олар: Қозуды бір бағытта өткізу. Қозудың өтуін бөгеу (баяулату). Қозудың жайылуы. Конвергенция (тоғысу). Дивергенция (ажырау). Жеңілдету. Окклюзия (кептелу). Қозғыштықтың салыстырмалы төмендігі. Төмен лабильділік. Қозу ырғағы мен күшін түрлендіру (трансформациялау). Әрекет ізі. Тізбекті және ауқымды жинақтау. Сопақтану (даңғылдану) феномені. Икемділік. Инерттілік. Жүйке импульсінің тұйықталған нейрондар тізбегінде айналуы. Басымдылық (Доминанта). Тонус. Қарқынды зат алмасу. Шапшаң қажығыштық.


Жүйке орталықтары қызметіндегі үйлесімдік. Орталық жүйке жүйесі қызметін үйлестіруде жүйке орталықтарының физиологиялық қасиеттерінің - қозу процесінің мысқалдап (біртіндеп) күшеюінің және тежелу процесін тудыруға икемділігінің маңызы зор. Аталған қасиеттердің арқасында орталық жүйке жүйесінде қозу мен тежелу процестерінің арасында тиімді ара қатынас қалыптасып, әртүрлі әсерлерге организм қайтаратын жауапта реттілік, жүйелілік пайда болады.
Орталық жүйке жүйесінде қозу мен тежелу процестері әрі ауқымдық, әрі мерзімдік ара байланыста болады. Ауқымдық ара байланыс арқылы орталық жүйке жүйесінің әртүрлі бөлімдерінің, түрлі жүйке орталықтарының арасындағы үйлестік қалыптасады. Мерзімдік ара байланыс арқылы ОЖЖ-нің нақтылы бір бөлімінің, белгілі бір орталығының қызметі өзгеріп отырады.
Қозу және тежелу процестерінің арасындағы ауқымдық ара байланыс екі түрде байқалады: иррадиация (жайылу) және индукция (әсерлестік). Иррадация деп орталық жүйке жүйесінде сыртқы тітіркендіргіштің әсерінен пайда болған реакцияның таралып, жайылуын айтады. Қозу процесі де, тежелу процесі де әлсірей өше жайылады.

Индукция деп ОЖЖ-дегі әрекетті орталықтан тыс аймақтарда қарама-қарсы сипатты процестің дамуын айтады. Мысалы, сыртқы тітіркендіргіш әсерімен белгілі бір орталықта қозу ошағы пайда болса, ОЖЖ-нің іргелес, тіпті алшақ аймақтарында тежелу процесі туындайды. Егер тежелу ошағының әсерінен іргелес аймақтарда қозу ошағы пайда болса, онда бұл құбылысты оң индукция деп атайды. Қозу ошағы іргелес аймақтарда тежелу процесін тудырса, оны теріс индукция деп атайды.
Сонымен, орталық жүйке жүйесінде сыртқы тітіркендіргіштер әсерімен пайда болған қозу және тежелу ошақтары иррадиация және индукция заңдылықтарына сәйкес әсерлесіп отырады. Демек, кез келген үйлесімді әрекет, нақтылы рефлекс орталық жүйке жүйесіндегі қозу және тежелу процестерінің өзара ықпалы нәтижесінде қалыптасады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   78   79   80   81   82   83   84   85   ...   103




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет