Несіпбаев Т., Исхан Қ. Ж., Несіпбаева А.Қ. ҚҰс физиологиясы



бет83/103
Дата25.11.2023
өлшемі0,92 Mb.
#126940
түріОқулық
1   ...   79   80   81   82   83   84   85   86   ...   103
Байланысты:
Ќан жїйесі физиологиясы-emirsaba.org

ОНЖ тежелу процесі. Тежелу - тірі құрылымдардың ерекше биологиялық күйі. Тежелу жүйке орталықтарына да тән қасиет. Орталық жүйке жүйесінде тежелу процесінің болатынын алғаш реті орыстың ұлы ғалымы И.М.Сеченов (1862 ж) ашқан. Физиология ғылымында бұл құбылыс “Сеченов тежелуі“ деген атпен белгілі (практикумды қара).

Тежелу - белгілі бір әрекеттің әлсіреуімен немесе тиылуымен сипатталатын процесс. Қазіргі кезде қалыптасқан көзқарастарға сәйкес тежелуді енжар (пассивті) процесс деп есептемейді. Табиғаты жағынан ол да қозу сияқты белсенді жүретін процесс. Филогенездік және онтогенездік тұрғыда тежелу әрі баяу, әрі қозудан кейін туындайды. Бұл тиянақсыз құбылыс және организм үшін қолайсыз әсерлердің салдарынан тез тиылады. Сырт белгілері жағынан тежелу қажу процесіне ұқсас. Бірақ физиологиялық мәні тұрғысынан олар әртүрлі процестер. Қажу - ұзаққа созылатын, біртіндеп тереңдейтін және айтарлықтай салдар қалдыратын процесс. Ал тежелу - қозуды шектейтін белсенді жүйкелік процесс.
Орталық жүйке жүйесінде тежелудің екі түрі байқалады: бастапқы және салдарлық. Бастапқы тежелу орталық жүйке жүйесіндегі арнаулы тежегіш нейрондардың әрекетінің нәтижесінде туындайды, ал салдарлық тежелу арнаулы тежегіш құрылымдардың қатысуынсыз қозу процесін тудыратын нейрондарда пайда болады.
Бастапқы тежелу бірнеше түрге бөлінеді Оның тежегіш синапстың постсинапстық мембранасында пайда болған түрін постсинапстық тежелу деп атайды. Тежелудің бұл түрі постсинапстық мембранада өршіген гиперүйектену нәтижесінде тежегіш постсинапстық потенциалдың (ТПСП) пайда болуымен байланысты.
Постсинапстық тежелуді 1951 жылы австралия нейрофизиологы Джон Экклс аяқтың бүккіш және жазғыш еттерінің қызметін реттейтін жұлынның қозғағыш нейрондарының биопотенциалдарын зерттеу нәтижесінде ашқан. Бір аяқтың бүккіш еттері қызметін реттейтін орталық қозса, осы аяқтың жазғыш еттері қызметін реттейтін орталықтың тежелері белгілі. Бұл құбылыстың механизмін Экклс анықтады. Мысалы, жазғыш еттің қызметін реттейтін қозғағыш нейронды қоздыратын афференттік жүйке талшығы тітіркенді дейік. Бұл жағдайда жүйке импульсі жұлын түйінінде орналасқан сезімтал нейронға жеткен соң оның аксонымен жұлында екі бағытта тарайды: жазғыш еттердің қызметін реттейтін қозғағыш нейронды қоздырады және бүйір тармақтар арқылы өсінділері бүккіш еттердің қызметін реттейтін қозғағыш нейрондармен жанасатын тежегіш нейрондарға беріліп, қызметі қарсы еттердің әрекетін тоқтатады. Тежелудің бұл түрі орталық жүйке жүйесінің барлық бөлімдеріндегі кереғар орталықтарды өзара байланыстыратын аралық нейрондарда кездеседі және оны үдемелі постсинапстық тежелу деп атаған. Үдемелі постсинапстық тежелу жүйке орталықтарының арасында қозу және тежелу процестерінің таралуын бағыттап, келістіріп отырады.
Постсинапстық тежелудің екінші түрі қайтарымды (анитдромды) тежелу деп аталады. Бұл құбылыс арнаулы тежегіш нейрон - Реншоу торшаларының қатысуымен туындайды. Реншоу торшаларымен қозғағыш нейрондар аксонының бүйір тармақтары жанасады, ал бұл торшалардың аксоны қозғағыш нейрондар беткейінде тежегіш синапстар түзеді. Қозғағыш нейрон неғұрлым күшті қозса, оның аксоны арқылы қаңқа еттеріне неғұрлым күшті импульстер бағытталса, соғұрлым Реншоу торшалары да күшті қозып, ол қозғағыш нейрондар белсенділігін төмендетеді. Бұл қозғағыш нейрондарды шектен тыс қозудан сақтайтын механизм болып табылады.
Бастапқы тежелудің тағы да бір түрі - пресинапстық тежелу. Пресинапстық үйексіздену баяу дамиды және ұзаққа созылады. Пресинапстық тежелудің биологиялық маңызы оның афференттік импульстердің жүйке орталықтарына бағытталуын шектеуінде. Демек, тежелудің бұл түрі жүйке орталығына бағытталатын афференттік сигналдарды екшеп отыратын механизм болып табылады. Осының нәтижесінде әлсіз, асинхронды импульстер жүйке орталығына жіберілмей, тек маңызы күшті афференттік импульстер ғана өткізіліп, орталық жүйке жүйесі мәні аз, әлсіз импульстерден қорғалады, оларды өңдеуден құтылады.


Салдарлық тежелу қозу процесін тудыратын құрылымдарда пайда болады. Салдарлық тежелудің үш түрі болады.

Пессимальды тежелу - жүйке орталығына оның функционалдық мүмкіндігі мен лабильділігінен жоғары, тым күшті әрі жиі импульстер әсер еткен жағдайда байқалады. Пессимальды тежелу негізінен синапстарда туындайды, себебі синапстың лабильділігі төмен болады. Орталық жүйке жүйесінде синапстар көп болғандықтан тежелудің бұл түрі онда кең тараған. Пессимальды тежелуге мысал ретінде дем алу процесі шегіне жеткен кезде дем алдыратын орталықтың тежелуін келтіруге болады. Өкпе қатты керілген кезде кезеген жүйкенің орталыққа тепкіш талшықтары арқылы дем алдыратын орталыққа келетін импульстердің күші мен жиілігі осы орталық лабильділігінен артып кетеді де, орталық тежелу күйіне көшеді. Ал дем шығартатын орталықтың лабильділігі жоғары болады, ол жиі қозу ырғағын игере алады, сондықтан дем алу процесі дем шығару процесімен алмасады.

Парабиоздық тежелу орталық жүйке жүйесі құрылымдарының лабильділігі күрт төмендеп, бір мезгілде бірнеше афференттік жол қозған кезде, мысалы жарақаттан есеңгіреу жағдайында байқалады.

Қозудан кейінгі тежелу нейрондарда қозу аяқталысымен туындайды. Ол нейрон мембранасында күшті іздік гиперүйектенудің басталуымен байланысты.

Бақылау сұрақтары. 1. Орталық жүйке жүйесінің маңызы қандай? 2. Нейрон дегеніміз не, оның құрылымы қандай? Нейрондар қандай топтарға жіктеледі? 3. Глиялы торшалар дегеніміз не, олардың қандай түрлерін білесіз? 4. Рефлекс дегеніміз не, оның сақиналы сипатын қалай түсінесіз? 5. Жүйке орталықтары дегеніміз не, оның қандай қасиеттерін білесіз? 6. Тежелу процесіне анықтама беріңіз. Орталық жүйке жүйесінде тежелудің қандай түрлері кездеседі? 7. Орталық жүйке жүйесінің үйлесімді әрекеті қандай негізде қалыптасады?


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   79   80   81   82   83   84   85   86   ...   103




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет