Рефлекстердің жіктелуі. Рефлекс алуан түрлі болады. Оны бірнеше принципті негізгі ала отырып жіктеуге болады.
1. Биологиялық маңызына қарай рефлекстер қоректік, сақтану, жыныстық, бағдарлау т.б. болып бөлінеді.
2. Рецепторлар табиғатына қарайрефлекстер экстерорецептивтік, интерорецептивтік, проприорецептивтік болып жіктеледі. Экстерорецептивтік рефлекстер дененің беткейінде, интерорецептивтік рефлекстер - ішкі ағзаларда, ал проприорецептивтік рефлекстер - ет пен буында орналасқан рецепторлардың тітіркенуінен басталады.
3. Жүйке орталықтарының орналасу орнына қарай рефлекстер жұлындық, булбарлық, мезэнцефальдық, диэнцефальдық және қыртыстық болып бөлінеді. Демек, рефлекс күрделілігіне қарай жұлында, сопақша мида, ортаңғы мида, аралық мида, немесе ми қыртысында орналасқан орталықтардың басқаруымен атқарылады. Әрине рефлекстің бұл негізде жіктелуі көп жағдайда шартты топтастыру болып табылады, себебі ОЖЖ-ің әр түрлі құрлымдары арасында тығыз морфологиялық және функционалдық байланыс болады. Мысалы, ми қыртысы, ОЖЖ-ің ең күрделі және ең жоғары бөлімі болғандықтан, мидың әртүрлі бөлімдері мен жұлының қызметін үйлестіріп, бағыттап отырады.
4. Эфференттік бөлімнің сипатына қарай рефлекстер тәндік (сомалық) және вегатативтік болып бөлінеді. Сомалық рефлекстердің эффекторлары дене еттері болса, вегатативтік рефлекстер әртүрлі ішкі ағзалар мен қан тамырларының қызметінің өзгеруімен бейнеленеді.
5. Жауап реакциясының түріне қарай рефлекстер қимыл-әрекет, сөл бөлу т.б рефлекс болып бөлінеді.
6. Эффекторға әсеріне байланысты рефлекстер қоздырғыш және тежеуші болып бөлінеді.
Барлық рефлекстерді шартсыз және шартты де топтастырады.
Шартсыз рефлекстер - туа пайда болған рефлекстер. Олар белгілі бір жануарлар түріне тән, ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Әрбір шартсыз рефлекс белгілі бір рецептивтік өрістің тітіркенуімен басталады және шартсыз рефлекс доғасы ОЖЖ-нің төменгі бөлімдерінде тұйықталады.
Шартты рефлекстер тіршілік барысында жүре пайда болған, жеке дарақтарға ғана тән және ұрпақ қуаламайтын рефлекстер. Оның тұрақты рецептивтік өрісі болмайды (мысалы, шартты сілекей бөлу рефлексін электр шамына, қоңырауға, терінің әртүрлі бөліктерін тітіркендіруге т.с.с қалыптастыруға болады). Шартты рефлекстер доғасы үлкен ми жарты шарлары қыртысында тұйықталады.
Шартты рефлекс белгілі бір табиғи әрекетті тудыратын үйреншікті тітіркендіргіштің әсерінен емес, осы тітіркендіргішпен қабаттасқан белгінің - шартты тітіркендіргіштің, әсерімен байланысты қалыптасады. Демек, кез келген шартты рефлекс шартты тітіркендіргішті қабылдайтын анализатор орталығы мен шартсыз әрекетті реттейтін орталық арасында уақытша байланыстың пайда болуының нәтижесі болып табылады.