Бірыңғай салалы еттердің функционалдық ерекшеліктері. Бірыңғай салалы еттер ішкі ағзалар мен қан тамырлары қабырғасында, теріде кездеседі. Олар сфинктерлер түзеді.
Бірыңғай салалы еттер бүйірлі (ұршық тәрізді) ет торшаларынан құралған. Әр торшаның ұзындығы 30–500 мкм (ас қорыту ағзаларында 70–400 мкм), диаметрі 2–10 мкм шамасында. Сыртынан ол плазмалық мембранамен қапталады. Мембрана беткейінде ойыстар және бүйір өсінділер болады. Бүйір өсінділер торшалар арасындағы байланысты қамтамасыз етеді. Осы байланыстар тұсында іргелес орналасқан торшалардың плазмалық мембраналары беткейлік мембранамен бірігіп кетеді де, екі торша арасында тығыз жанасу табақшасы (нексус) пайда болады.
Бірыңғай салалы еттерге өзіндік ерекшеліктер тән. Олар қаңқа еттерінен баяуырақ жиырылады, жиырылу жағдайын ұзақ уақыт сақтай алады. Бірыңғай салалы еттердің тонусы оларды оқшаулағаннан кейін де сақталады. Демек, еттің бұл түрінде қозу толқыны жүйке импульсінің әсерінен емес, жүрек етіндегі сияқты миогендік жолмен пайда болады. Бұл құбылысты бірыңғай салалы еттер автоматиясы деп атайды.
Бірыңғай салалы ет торшаларында тыныштық потенциалының деңгейі төмен, 10–20 мВ шамасында. Тыныштық потенциалын тудыруда натрий, калий иондарымен қатар кальций және хлор иондары қатысады. Ал, әрекет потенциалы пейсмекерлік потенциал әсерімен кальцийлік арналардың активтенуі салдарынан торша мембранасының табалдырықты деңгейге дейін үйексізденуі нәтижесінде пайда болады.
Бірыңғай салалы еттердің қозғыштық қасиеті төмен. Оның қозу табалдырығы жоғары, ал хронаксиясы ұзақ болады.
Бірыңғай салалы еттерде қозу процесі бір торшадан іргелес орналасқан торшаға оңай өтеді. Қозудың таралу жылдамдығы секундына бірнеше миллиметрден бірнеше сантиметрге дейін жетеді.
Бірыңғай салалы еттердің жиырылу кезеңі ұзағырақ, әсіресе оның босаңсу кезеңі созылыңқы келеді. Бірыңғай салалы еттердің жасырын кезеңі де ұзаққа созылады.
Көлденең жолақ ет сияқты бірыңғай салалы еттерге де икемділік және созылғыштық қасиеттері тән. Бірақ олардың созылғыштық қасиеті икемділік қасиетінен нашарырақ дамыған. Созылғыштық қасиет әсіресе ішкі қуыс ағзаларда жақсы байқалады, осымен байланысты қуыс ағзалар толған сайын олардың қабырғасы созыла түседі де, ішіндегі қысым өзгермейді.
Бірыңғай салалы еттерде тонус жақсы жетілген және тонустық жиырылу кезінде олар онша көп энергия шығындамайды.
Бақылау сұрақтары. 1. Қаңқа еттерінің құрылымдық ерекшеліктерін баяндаңыз. 2. Ет ұлпасына тән қандай физиологиялық қасиеттерді білесіз? Олардың әрқайсысына сипаттама беріңіз. 3. Бұлшық ет жиырылуының қандай түрлерін білесіз? 4. Бұлшық ет жиырылуының механизмін баяндаңыз. 5. Еттің жиырылу процесін қалай түсіндірер едіңіз? 6. Бұлшық еттің жиырылу процесі қалай қуаттанады? 7. Ет күші дегеніміз не оған қандай факторлар әсер етеді? 8. Қажу дегеніміз не және бұл процесс қалай туындайды? 9. Бірыңғай салалы еттердің морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін атаңыз.