Неврология модуль


Тепе-теңдік талдағышы мен оның бөлімдерінің сипаттамасы



бет71/83
Дата15.11.2023
өлшемі0,56 Mb.
#122945
1   ...   67   68   69   70   71   72   73   74   ...   83
Байланысты:
Неврология модуль-emirsaba.org 2

19.Тепе-теңдік талдағышы мен оның бөлімдерінің сипаттамасы
Тепе-теңдік (вестибулярлық) талдағышы. Тепе-теңдік талдағышы кеңістіктегі бүкіл дененің қозғалысы мен бұлшықеттердің тонусын реттеуге және тепе-теңдікті сақтауға тікелей қатынасады. Ол түзу сызықты немесе айналмалы қозғалыста, сонымен бірге кеңістікте бастың қалпы өзгергенде пайда болатын жеделдету, баяулату ақпаратын жеткізеді және оны талдайды. Дененің өзгерген тұрысын қалпына қайтарып, табиғи қалыпты ұстайды, сонымен қатар қимылды үйлестіруге қатысады. Тепе-теңдік талдағышының шеткі (қабылдағыш) бөлімі кіреберіс аппаратында орналасады. Ол кіреберіс (vestibulae) және үш имекті арналардан тұрады. Имекті арналар өзара байланысқан үш түрлі жазықтықта: жоғарғысы – фронталды (маңдайлас), артқысы – сагиталды (жебетәріздес), сыртқысы - көлденең орналасады. Әрбір арнаның бір ұшы кеңейтілген (ампула тәрізді), оларда қысым өзгерістеріне сезімтал қабылдағыштар болады. Кіреберіс құрамына тағы екі қапшық кіреді. Оның біреуі иірімді түтігіне, екіншісі имекті арналарға жақын жатады. Бұл қапшықтарда отолит аппараты (кальций карбонатының түйіршіктерінен тұратын желе тәрізді мукополисахарид) орналасқан. Қапшықтың қуысына қарай шығып тұрған қабылдағыш бөлімі қозғалатын ұзынырақ бір түктен (киноцилий) және бірбіріне жабысқан қозғалмайтын (40-60 дана) жіңішке түктерден (стереоцилий) тұрады. Бұл түктер құрамында әктің кішкентай түйіршіктері (отолиттер) бар іркілдек мембрана арқылы өтеді. Кіреберістегі түкті жасушалардың қозуы осы мембрана түктері бойымен сырғанау салдарынан, яғни олардың бүгілуінен туады. Сүйек арналарының формасын қайталайтын ішіндегі жарғақ арналар лабиринт (шытырман) тәрізді, олар тұтқырлығы суға қарағанда 2-3 есе көп эндолимфамен толтырылған. Эндолимфа қозғалған уақытта түктер (стереоцилий) бір жаққа (киноцилийге қарай) иіледі, осы кезде түкті жасушалардың қозуы пайда болады. Ал олар қарма-қарсы қозғалыста тежеледі. Кіреберіс және ампуланың түкті рецепторларының қозу нәтижесінде қабылдағыштық потенциал пайда болады. Бұл потенциал осындағы түйіспеде (синапста) ацетилхолиннің бөлінуіне келтіріп, ол қозуды әрі қарай өрістетеді де, кіреберіс жүйкесіне жеткізеді. Тепе-теңдік талдағышының өткізгіш бөлімі афференттік (сенсорлық) және эфференттік (әрекеттік мобилді жылжымалы түкті жасушалар) талшықтардан тұрады. Медиатордың әсерінен биполярлы нейронның постсинапстық мембранасында генераторлық потенциал дамиды, ол әрі қарай әрекет потенциалына (ӘП) айналады. Биполярлы нейронның аксоны (кіреберіс жолының І-ші нейроны) кіреберіс ганглийлері арқылы сопақша мидың вестибулярлық ядроларына (жоғарғы кіреберістегі Бехтеревтің, жанама кіреберістегі Дейтерс пен Швальбе ядроларына) бағытталады. Осы ядролардың нейрондары (ІІ-ші нейрон) бұлшықеттер мен буындардан, қөз қимылдатқыш еттерден, мишықтан қосымша ақпараттар қабылдайды және бұл сигналдарды ОЖЖ-нің көптеген бөлімдеріне: жұлынға, көзқимылдатқыш жүйке ядросына, мишыққа, торлы құрылым ядроларына, таламус пен гипоталамусқа (ІІІ-нейрон), одан әрі тікелей үлкен ми қыртысына жеткізеді. Тепе-теңдік талдағышының қыртыстық бөлімі (І-ші вестибулярлық аймақ) нейрондары ми қыртысының самай және төбе бөлімдерінде шашыраңқы –артқы орталық қатпарда, жоғарғы самай қатпарында, жоғарғы төбе бөлімшесінде және Бродманның 20, 21 алаңдарында орналасады. Мидың қозғалыс қыртысынның төменгі жағында ІІ-ші вестибулярлық аймақ табылған, оған ақпараттар тікелей емес (вестибуло-церебелло-таламус) жолдармен жетеді. Тепе-теңдік талдағышының әсерленістерінің ішіндегі ең маңыздылары кіреберіс-жұлын, кіреберіс-вегетативтік және кіреберіс-көзқимылдатқыш реакциялары болып табылады. Кіреберіс-жұлын әсерленістері кіреберіс-торлы құрылым мен қызыл дақжұлын жолдары арқылы жұлын сегменттерінің деңгейіндегі нейрондар серпіністерін өзгертуді қамтамасыз етеді. Осылай тепе-теңдік сақтауға керек рефлекстік реакциялар мен бұлшықет тонусының жылжымалы өрістеуін іске асырады. Кіреберіс-вегетативтік әсерленістер қалыпты жағдайда бұлшықеттердегі дәл осы уақытқа қажетті зат алмасу деңгейін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бұл әсерленістерге жүрек-қантамырлар жүйесі, қарын-ішек жолы және басқа ағзалар қатысады. Әсіресе ағзаға күшті және ұзақ жүктемелер әсер еткен кезде қозғалыс ауруы деген патологиялық көріністер пайда болады (теңіз ауруы). Оның сипатты белгілері жүрек соғуының жеделдеуі (тахикардия) немесе баяулауы (брадикардия), адам өңінің қашуы, қантамырларының тарылуы немесе кеңеюі, қарын қозғалысының күшеюі, бас айналуы, суық тер шығуы, лоқсу және құсу әсерленісі түрінде байқалады. Қозғалыс ауруының алдын алу арнайы жаттығулармен (айналу, әткеншек, алтыбақан тебу т.б.) және дәрі-дәрмек қолдану арқылы орындалады. Кіреберіс-көзқимылдатқыш рефлекстері. Бұл адамды үдемелі және тез айналдырғанда, көздің қарама-қарсы жаққа баяу ырғақты қозғалысынан кейін, кері қарай ауыстырылатын секірмелі көз ойнақшуы (нистагм) байқалатын әсерленістер. Айналмалы көз нистагмінің сипаттамасы және оның пайда болуы – тепе-теңдік жүйе қалпының негізгі көрсеткіштері. Бұл авиациялық, теңіздік және ғарыштық медицинада, сонымен қатар клиника мен тәжірибеде кеңінен қолданылады. Тепе-теңдік талдағышы қалыпты жағдайларда кеңістікті бағдарлау, көру және тепе-теңдік сезімтал жүйелерінің бірлескен қызметін қамтамасыз етеді. Тепе-теңдік аппаратының қызметі зақымданған адам дене қалпын сақтау қабілетінен айырылады. Вестибулярлық аппаратты машықтандыруда спортпен шұғылданудың маңызы зор.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   67   68   69   70   71   72   73   74   ...   83




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет