3.3 Қазақ тіліндегі қысқарған сөздер, олардың жасалу жолдады мен түрлері Тілдегі үнемдеу, ықшамдау заңдылығы əлем тілдерінің барлығына да тəн құбылыс. Бұл заңдылық əр тілде түрліше көрініс тауып, тілдің түрлі салаларына қатысты болып жатады. Қысқарған сөздердің пайда болуы да осы ықшамдау заңдылығымен тікелей байланысты. Яғни, қысқарған сөздер тілдегі үнемділікті қамтамасыз етудің бір тəсілі. Көпбуынды немесе бірнеше сыңардан құралған күрделі сөздерді қысқартып, айтуға, жазуға икемдеп қолдану тілде ертеден бар. Қазақ тіліндегі сөзжасам мəселелерін зерттеуші ғалымдар сөздерді əдейі қысқарту кеңес дəуіріне дейін кісі есімдерімен байланысты орын алғандығын айтады [64]. Біздің пікірімізше, кісі есімдерін бұлайша айтуда сөзді ықшамдау, үнемділіктен гөрі қазақтың сыйлы, елге қадірлі адамдарын, үлкенді құрметтеу мен кішіні еркелету, əлпештеу сипаты басым сияқты.
Сөз табына қатысы тұрғысынан қысқарған сөздер негізінен заттық немесе абстракті ұғымдарды білдіретін зат есімдер. Қысқарған сөздер екі, үш немесе одан да көп сыңарлардан тұратын күрделі атаулардың ықшамдалған тұлғалары. Бірнеше сөзден құралып, сөздердің тіркесуі арқылы жасалған түрлі ұғымдардың атаулары қысқарымдарға негіз болады да, олардың құрылымы ықшамдалып, өзгеріске ұшырайды. Күрделі ұғым атаулары фразеологиялық тіркестер сынды бастапқы қалпын сақтай алмай, ықшам нұсқада жұмсалуға көшеді. Мұны басқа зат есімдерге қарағанда, қысқарымдардың өзіне тəн сипаты, ерекшелігі деуге болады.
Əдетте, сөзжасам үдерісі кезінде пайда болған жаңа сөзбен бірге жаңа мағына да туындайды. Мысалы, əкімдік, жасуша, кеденші, қаржыгер, хаттама т.б. Қысқарған сөздер жасалғанда жаңа мағына туындамайды. Соған қарамастан қысқарған сөздер сөзжасам аясында қарастырылады. «Неге бұлай болуы керек?» деген сұрақтың жауабын іздесек, оның ең басты себебі – қысқарған сөздер күрделі толық атаулардың бір нұсқасы ретінде дербес сөз қызметін атқаратындығы. Яғни, қысқарған сөздердің де сөзге қойылатын талаптардың барлығына жауап беретіндігі. Ал тіл білімінде сөздердің белгілі бір мағынасының болуы, дайын қалпында қолданылуы, сөйлемге дайын сөз ретінде кіруі, сөйлемде бір ғана сұраққа жауап беруі, сөйлемнің бір мүшесі қызметін атқаруы, тұрақты бір құрамда жұмсалуы, біртұтас қалыпта жазылып-айтылуы, бір екпінге бағынуы – сөзге қойылатын негізгі талаптар болып саналады. Мұның бəрі сөзге тəн негізгі белгілер десек, осы сипаттардың барлығы да қысқарған сөздерге де тəн болғандықтан, олар тілдегі лексикалық бірліктер тобынан жеке сөз ретінде орын иеленеді. Яғни, сөзжасамның бір амалы ретінде қалыптасқан қысқарымдар лексикалық бірлік болып танылады.
Қысқарған сөздер қолданыстағы күрделі атаулар негізінде туындайды, жасалады. Лексикалық мағынаның болуы – туынды сөз жасауға қатысатын лексикалық бірліктерге қойылатын негізгі талап болып саналады. Олардың тұлғасы мен құрамына ешқандай шек қойылмайтындықтан, туынды сөздің жасалуына негіз болатын сөздің қызметін негізгі түбір сөз де, біріккен сөз де, қысқарған сөз де атқара беретіндігі белгілі.
Қазақ тіліндегі қысқарған атаулардың көпшілігі орыс тілі үлгісімен жасалып келгендігіне қарамастан, өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Сондай ерекшеліктердің бірі жөнінде белгілі тілші ғалым Ы.Мамановтың төмендегі пікіріне назар аударғанжөн. “Қысқарған сөздер де қазақ тілінде сөз негізі болып қолданылады. Орыс тілі мен қазақ тілдерінде қысқарған сөздердің кейбіреулері ғана болмаса [буыннан қысқарған], негізінен олар өзгермейді. Ал қазақ тілінде қысқарған сөздердің барлығы да грамматикалық өзгеріске түседі, сөздің негізі ретінде қолданылып, оған түрлі қосымшалар жалғанады. Мысалы, КазГУ-ге, РТС-тан, ВЛКСМ-ның т.б.» – деп жазады ғалым.
Тілші ғалым қысқарған сөздердің сөз негізі болатындығын жəне олардың грамматикалық өзгеріске түсетін ерекшелігін атап көрсеткен. Тіліміздегі қысқарған сөздердің табиғатын тану бағытында жасалған мамандардың мұндай тұжырымдары жинақталып, қорытылып, алдағы уақытта олар жаңа зерттеулермен толыға беруге тиіс.
Негіз сөздің немесе сөз тіркесінің мағынасымен сөзжасам үдерісі кезінде пайда болған туынды сөздің лексикалық мағынасы тең болуы да кездеседі. Бұл сөзжасамның дəл осы қысқарту тəсілі арқылы жасалатын сөз түрлеріне тəн сипат. Мысалы, Бұқаралық ақпарат құралдары ═ БАҚ, Дүниежүзілік сауда ұйымы ═ ДСҰ, Еуразия экономикалық қоғамдастығы ═ ЕурАзЭҚ, Жабық акционерлік қоғам ═ ЖАҚ, Ұлттық бірыңғай тестілеу ═ ҰБТ, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы ═ ҚР ҰҒА, Түкітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясы ═ ТүркПА т.б.
Бұл сөздердің толық нұсқасы мен қысқартылған нұсқаларының арасына тепе-теңдік белгісін қоюға болады. Өйткені мұндай сөздердің екі нұсқасының арасында мағына теңбе-теңдігі сақталған. Яғни, ауызша сөйлеу барысында немесе жазба тілде «БАҚ» қысқарымы қолданылса, оны тілді тұтынушылар «бұқаралық ақпарат құралдары» деп түсінеді. Қысқарған сөздердің тілдегі қолданысы тұрақтап, жалпыға бірдей танымал болатын деңгейге жеткенде, оның толық нұсқасымен мағыналық жəне қолданыстық тепе-теңдігі де орнайды.
Қазақ тіліндегі қысқарған сөздерді тақырыптық жəне семантикалық топтарға қатысына қарай негізінен халықаралық ұйымдардың атаулары [БҰҰ, ШЫҰ, НАТО т.б.], жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің, орталықтардың атаулары [ҚазҰУ, ТарМУ, ТБИт.б.] географиялықжəнеəкімшілік [мемлекетер мен облыстар] атаулары [АҚШ, ГФР, ҚХР жəне ШҚО, ОҚО, БҚО, СҚО т.б.], орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті мемлекеттік жəне өзін-өзі басқару органдарының [ПƏ, БҒМ, ТЖМ, СІМ, ІІМт.б.], қоғамдық, саяси, əскери, жастар, спорт ұйымдары мен бірлестіктердің, одақтардың, қорлардың атаулары [ЖСДП, ҚСА, КО т.б.], ғылыми, техникалық, əскери терминология [ДНҚ, БЖБ, ШТƏ, ЖМ, ТШт.б] жиірек кездеседі. Көптеген тілдерде өте жиі ұшырасатын кəсіпорындар мен өндіріс орындарының, ауылшаруашылық кəсіпорындарының, зауыттар мен фабрикалардың, машиналар мен аспаптардың, əскери техникалардың қазақша қысқарған атаулары елімізде олардың өзі сирек болғандықтан немесе өндірілмейтіндіктен өте аз кездеседі. Еңжиі ұшырасатын қысқарымдар – жоғары оқу орындары мен орталық мемлекеттік органдар атаулары. Бірігіп, қосылып, қайта құрылып жататындықтан, олардың толық атаулары да, қысқарған атауларды да жиі өзгеріске ұшырап жатады. Мысалы, БАМ (Байланыс жəне ақпарат министрлігі), ҚазМемҚызПИ (Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты), ҚазҰМА (Қазақ ұлттық музыка академиясы) сияқты атаулар қазір басқаша аталады.
Тіл мамандарының арасында қысқарған сөздің бізге қажеті жоқ, бұл қазақ тіліне жат нəрсе деген пікірді ұстанатындары да бар. Алайда бұл пікірмен келісудің негізі бар дей алмаймыз. Егер қазақ тіліне қысқарған сөз қажет болмаса, оның шынымен-ақ біздің тіліміз үшін жат құбылыс екендігі рас болған болса, онда қазіргі қолданыстағы жүздеген қысқарған атаулар пайда болмас еді. Оны басқа тілдің ықпалымен немесе жекелеген адамдардың қалауымен туындаған құбылыс ретінде дəлелдеу қисынсыз. Тіл үнемділікті, аз сөзбен көп ойды жеткізуді ұнатады. Бірнеше сөздің тізбегінен тұратын күрделі атауларды мəтін ішінде қайта-қайта шұбалтып қолдана бермей, ықшамдап беру арқылы ақпаратты мол қамтып, аз сөзбен көп ой айтуға əрі басылым бетінде орын үнемдеуге болатыны белгілі. Бұл жалпы баспасөз тіліне де, ғылым тіліне де тəн нəрсе. Қысқарған сөздерді тілде толық мағынасы бар күрделі атаулардың «орынбасары» немесе «алмастырушысы» деп қабылдаған күннің өзінде тіл үшін мұндай «орынбасар» сөздер өте қажетекендігінедаужоқ. Солсебептенде «біздіңтілімізгетəнемес» деп қысқарған сөздерден негізсіз бас тартуға да, «қысқарған сөз де сөз болып па» деп оларды жасауға жауапсыз қарауға да, олардың қолданысын бетімен жіберуге де болмайды. Керісінше, оларды жасауға да, тіліміздегі толық мағыналы атауларды жасағандай талғаммен, кəсіби біліктілікпен, үлкен жауапкершілікпен қарағанымыз жөн. “Күрделі атауларды қысқартып қолдануда совет дəуірі кезінде тілімізде орыс тілінің үлгісі қабылданды [67] – деген пікірдің негізсіз айтылмағаны анық. Оны теріске шығаруға ұмтылу тарихи шындықты мойындамай, тілдік деректерді ескерусіз қалдыру болар еді. Сондықтан қысқарған атауларды жасау жолдарының орыс тіліндегі түрлерінің біздің тілімізден де орын алғанын тілдік-тарихи дерек ретінде қабылдан жөн. Қазіргі қазақ тіліндегі қысқарған зат есімдер жасалу жолына қарай төрт топқа бөлінеді.
1. Əріптік қысқарымдар. Екі немесе одан да көп сөздер тіркесімінен құралған күрделі атаулар құрамындағы сыңарлардың басқы дыбыстарынан құралған қысқарымдар. Мысалы, АҚ (акционерлік қоғам), АҚШ (Америка құрама штаттары), ЕК (Еуропалық Кеңес), ЕКПА (Еуропа Кеңесі Парламентік Ассамблеясы), ҚТЖ (Қазақстан темір жолы) т.б. 2. Буындық қысқарымдар. Күрделі атаулар сыңарларының негізінен басқы буындарынан құралған қысқарымдар: Мысалы, кеңшар, ұжымшар, Ономком, Терминком, 3. Аралас қысқарымдар. Күрделі атауларды құрайтын сыңарларының басқы буындары мен бастапқы дыбыстарынан құралатын қысқарымдар. Яғни, сөз тудырудың мұндай жағдайында қысқарған сөз жасаудың екі түрлі тəсілі де, əріптік жəне буындық қысқарту да пайдаланылады. Мысалы, ҚазТАГ, ҚазҰУ, АлМУ т.б.
Қысқарған сөздер жасалуына, мағынасына, құрамы мен қолданысына қарай бірнеше түрге бөлініп, іштей жіктеледі. Қазақ тіл білімінде қысқарған атаулардың түрлерін ажыратып, ғылыми əдебиеттерде негіздеп бірізді беру мен мектеп, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда оларды іштей жіктепжіліктеп оқыту жағы əлі кемшін түсіп отыр. Бұл да қысқарған сөздер мəселесінің бізде жан-жақты зерттеліп, оларға жеткілікті көңіл бөлінбей келе жатқандығын айғақтайтын факторлардың бірі. Жасалу сапасының əркелкі екендігіне қарамастан, жинақталған материалдар көлемі бүгінгі таңда қазақ тілінде қолданылып жүрген қысқарған атауларды жан-жақты зерттеп, олардың пайда болу, қолданылу үдерісін үнемі назарда ұстап отыру қажеттігін анық көрсетті. Қысқарған сөздер мəселесі Н.Алдашевтың кандидаттық диссертациясында ғана арнайы зерттелген жəне тіл мамандары тарапынан жазылған бірнеше мақала бар. Сөздің бұл түрінің тілдік табиғатын тереңірек тану үшін қысқарған сөздердің жай-жапсарын мамандар əр қырынан əлі де қарастыра түсуі қажет деп білеміз.
Қазақ тіл білімінде қысқарған сөздер түрлері ажыратылып, олардыңатымензатыанықталып, біржүйегетүсеқоймағанымен, өзге тілдерде оларды іштей жіктеу біршама орныққан деуге болады. Біз тілдік қолданысымыздағы қысқарған атаулардың дені олардың өзге тілдердегі сəйкес баламаларының үлгілері бойынша жасалғандықтан, қысқарымдарымызды сол тілдердің тəжірибесін негізге ала отырып, жіктеу қисынға келеді.
Əр түрлі ұғымдардыбілдіретін күрделі атаулардықысқартқан кезде олардың қысқартылған нұсқалары бірдей болып шығып жататын жағдайларды көптеген тілдерден кездестіруге болады. Осындай білдіретін ұғымдары басқа-басқа, ал қысқартылған нұсқалары бірдей дыбысталатын қысқарымдар – омонимқысқарымдар (сокращения-омонимы) деп аталады.
Мұндай омоним-қысқарымдардың мейлінше аз, ең дұрысы тілдік қолданыста болмағаны дұрыс. Бірақ бұл талап үнемі орындала бермейді. Қысқарған сөздер күрделі атауларды шұбыртпай сөзқолданыстағы ықшамдылық, икемділік үшін, мақсатты түрде жасалатын екінші аталым [вроичная номинация] нəтижесі. Сондықтан оларды саналы түрде жасау, қалыптастыру үдерісіндеыждағаттылық танытып, бірдей дыбысталатын қысқарған атаулардың қолданысқа еніп кетпеуінжолға қоюға болады. Əрине, ол үшін тілдегі сөзжасам үдерісін үнемі қадағалап, жаңа туындап жатқан атаулар мен қолданыстардың бəрін дер кезінде тіркеп, жиып-теріп, лингвистикалық сараптан өткізіп отыру ісі кəсіби деңгейде жүзеге асып жатуы тиіс. Егер мұндай жұмыс өз деңгейінде жүзеге асырылатын болса, тіліміздің сөзжасам жүйесінен орын алып, кейінгі жиырма жыл көлемінде қарқын ала бастаған қысқарған сөзжасау үдерісіндегі омонимияның көп орын алмауына, басқа да кемшіліктерге жол берілмеуіне негіз қаланады. Мысалы, қазір тілімізде Еуропалық одақ та – ЕО, Еуразиялық одақ та – ЕО түрінде қысқартылып қолданылып жүр. Сондықтан ЕО қысқарған атауын оқыған адамда “Бұл қай одақ?” деген сұрақ туындауы табиғи нəрсе. Ендеше, жұртшылықбірдентүсінетінқысқарымқалыптастырамыз десек, Еуроазиялық одақты – ЕО деп қалдырып, ал Еуропалық одақты – Еуроодақ түрінде қолданысқа енгізген жөн болар еді.
Біздің тілімізде қысқарған сөздердің жасалып, қалыптаса бастағанына бір ғасырға жуық қана уақыт болғандықтан, ағылшын, неміс, орыс т.б. тілдерімен салыстырғанда олардың қоры соншалықты бай емес. Мысалы, орыс тілі қысқарған сөздерге өте бай тілдердің бірі. Айталық 1984 жылы жарық көрген «Словарь сокращений русского языка» сөздігінің 4-ші басылымында 18 000 мыңға жуық қысқарған атау қамтылған. Соған сəйкес орыс тілінде омоним-қысқарымдар да жиі ұшырасады. Мəселен, ВП – военный порт, ВП – воздушная подушка, ВП – выжидательная позиция, ВП – вторичное предъявление т.б. Бірақ бұдан біз де қысқарған сөздер қорын мақсатты түрде орыс тіліндегідей көбейтіп, омоним-қысқарымдарды да көптеп қалыптастыра беруден қашпайық деген түсінік туындамауы тиіс. Əр тілдің өзіндік ерекшелігі, төл табиғаты бар. Соған сəйкес қажеттілігіне қарай жасалған қысқарған сөздерімізді жазу мен айтуға қолайлы, тілдік нормаға сай қалыптастыру маңызды міндет.
Қазір транслитерацияланбаған қысқарымдардың (нетранслитерированные иноязычные сокращения) тілдік қолданысымызға ене бастағаны байқалады. Олардың қолданысын осы кітаптың келесі тармағында берілген мысалдардан көруге болды.
Кеңестік кезеңде тілімізде ТУ–134, ТУ–144, ТУ–154, МИ–8, ДТ–75, ГАЗ –53, ЗИЛ–130, ЮМЗ –70, К –700 сияқты əріп пен санның немесе сөзбен санның қосындысынан құралған əріпсан қысқарымдар (инициально-цифровые аббревиатуры) баспасөзде, жалпыхалықтық тілде жиі қолданылып, көпшілікке түсінікті болса, қазір қысқарымның бұл түрі арнаулы сала əдебиеттерінде болмаса, өте сирек кездеседі. Баспасөзде А–20, АН–24, ЯК– 42 тəрізді бірді-екілі қысқарымдар ғана ұшырасады.
Бірреттік немесе жекелеген мəтін ішінде ғана қолданылатын қысқарған сөздер түрін окказионал қысқарымдар, мəтіндік қысқарымдар (окказиональные, текстовые сокращения) деп жіктеу бар. Баспасөз беттерінен мұндай қысқарымдар түрі көп ұшырасады. Қолданушылардан басқаларға мүлде таныс емес, толық нұсқасын қоса көрсетпесе түсініксіз мұндай атауларға мысал келтіру қажеттілігі бола қояр деп ойламаймыз.
Қысқарған сөздерді тілде белсенді немесе өте сирек қолданылуына байланысты да жіктеуші ғалымдар бар. Қысқарған сөздер де тілдегі лексикалық мағынасы бар сөздер сияқты қоғам өміріндегі тарихи өзгерістерге байланысты қолданыстан шығып немесе өте сирек қолданылатын көнерген сөздер қатарына енеді. Белсенді қолданыстан шығып, пассив сөздер қатарына енген ондай қысқарған сөздер – тарихи қысқарымдар [сокращения-историзмы] деп аталып жүр.
Сондай-ақ күрделі атауларды құрайтын сөздердің төл сөз немесе кірме сөз болуына байланысты қысқарту кезінде солардың негізінде туындаған қысқарған атаулар да құрамына қарай будан (гибрид) болып шығады. Біздіңше, оларды будан қысқарымдар деп атауға болады. Мысалы, ҚазБытХим(Казахстанская бытовая химия, ҚазМұнайГаз, ҚазТрансГаз, Мемтерминком, Мемономком, Санпедқадағалау (санпеднадзор) жəне т.б. «ҚазБытХимнің» хош иісті сабындары. («Егемен Қазақстан», 7 қыркүйек 2012 жыл. №590-591); Бұл туралы кеше санпедқадағалау комитетінің облыыстық департаменті хабарлады. («Айқын», 23 сəуір 2010 жыл. № 70).
Қысқарған атауларды бұлайша жіктеуді біз лингвистикалық əдебиеттерден кездестіре алмадық. Қысқарған сөздердің мұндай түрі қазіргі қолданысымызда жиі ұшырасатын болды. Сол себепті бұл секілді қысқарымдарды өзінше бөліп қарауға негіз бар деп білеміз. Тілімізді кірме сөздер мен терминдер өте көп болғандықтан, кейінгі жылдары солардың қатысуымен жасалған будан терминдер мен осындай будан қысқарымдар саны күрт көбейіп келеді. Мұндай үдеріс үздіксіз жалғасып, кірме дыбыстар мен кірме сөздерді өз тілімізге икемдемей, түпнұсқа тілдегі қалпында өзгеріссіз қабылдай берсек, соған сəйкес қазақ сөз құрамының елеулі өзгеріске ұшырайтынын болжау қиынға соқпайды.
Қысқарған сөздердің осы аталған түрлерімен қатар окказионал қысқарымдар, мəтіндік қысқарымдардан кейбір авторлық қысқарымдарды бөліп қараған жөн деп санаймыз. Авторлық қысқарымдар оның авторы тарапынан белгілі бір мақсатты көздей отырып жасалып, бір емес, бірнеше рет арнайы қолданатындығы тұрғысынан ерекшеленеді деген пікірдеміз.
Қазіргі баспасөз бен көркем шығармаларда кейбір авторлық қысқартулар кездеседі. Авторлық қысқартуларды жиі қолданытындардың бірі – ақын Мұхтар Шаханов. Белгілі ақын өзінің ауызша сөйлеген сөздерінде, сұхбаттары мен мақалаларында, өлеңдерінде «ТЖ» – туфли жалағыштар қысқарымын, «жағымпаздар, жарамсақтар» деген мағынада қолданады. «ШҚ» – шала қазақтар, «МҒ», «МҒҚ» – мордиясы ғана қазақтар. Автор осы қысқарымдарды бірнеше мақалаларында, ауызша сөйлеген сөздерінде, өлеңдерінде мақсатты қолданады.
Ж.Кеттебектің «Қарағаш» əңгімесіндегі мына қысқарымдар да мақсатты қолданыстар. «ТҚ-ларға» жаққан нəрсе «ҚҚ-ларға» жақпай, «ҚҚ-ларға» жаққан нəрсе «ТҚ-ларға» жақпай, екі тайпа бір-бірімен аңдысып, қырық пышақ қырқысып жататын (Жəлел Кеттебек. Қарағаш. «Жас Алаш», 14 мамыр 2013 жыл. № 37). Мұндағы ТҚ – Түзу Қалпақтылар, ҚҚ – Қисық Қалпақтылар. Бұл іспетті қысқарған сөздердің поэзия мен прозада, көркем шығармалар тілінде қолданылуын да арнайы қарастырған жөн.