1.2.2 Қазақ тілінің гендерлік қырының ғылыми пайымы
Тіл ғылымында гендерлік бағыт бірден пайда болмағаны сияқты қазақтың гендерлік лингвистикасының тырнақалды белгілері қазақ тіл білімі аясында ХХ ғасырдың алғашқы жартысында пайда болды. Қазақы гендерлік бағытты қалыптастыруда Ахмет Байтұрсынұлы мен Құдайберген Жұбанов ғылыми мұраларын зерттеп-зерделеудің өзіндік орны бар. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде бұрынғыдай гендерлік атаулар емес, ер мен әйел тіліне тән гендерлік ерекшеліктер, атап айтқанда, «ғұрып сөзі», «қалып сөзіне» байланысты ашып көрсетілген. Соның ішінде жар-жар, беташар, жоқтау, бата (ғұрып сөзі), бесік жыры (қалып сөзі) т.б. турасындағы пікірлері гендерлік тұрғыдан пайымдалады. Ғалым: «ғұрып сөзі» ғұрып сарынымен, яғни ғұрып бойынша істелетін істерге байлаулы сөздер айтылған. Қалып сөзі тұрмыс қалпында болатын істер сарынымен айтылады. Мәселен «жар-жар – қыз ұзатар үйде айтылатын, қызды жұбату үшін айтылатын өлең» [5, 426-433], - дей келіп, үнемі қайталанып отыратын бастапқы екі жолды бөліп көрсетеді:
Есік алды құба тал майда болсын,
Ақ бетімді көретін айнам болсын, -
дегеннің орнына:
Жазғытұры ақша қар жаумақ қайда,
Құлын-тайдай айқасқан оң жақ қайда, -
деп те айтылады [5, 427]. Қазақ қызының гендерлік бейнесін сипаттайтын мұндай өлең түріне байланысты А.Байтұрсынұлы зерттеулерінің орны ерекше. Қазақ әйелдерінің тілдік ерекшелігі туралы Қ.Жұбанов еңбектерінде алғаш гендерлік тұрғыдан сөз болады: «Әйелдерге ғана арнаулы, жүйелі болмаса да, әйел тілінің ерекшелігі қазақта да жоқ емес. Сол өзгешеліктердің бірі әйелдерде ғана болатын «ернін шығару» (кеміткенде), «бетін шымшу» (ұятсынғанда), «аузын шылп еткізу» (таңданғанда), «аузын быртылдату» (кекеткенде). Міне, мұның соңғы екеуінде үнсіз ым ғана емес, дыбыс шығару да бар. Бірақ дыбыс айырынды емес» [6, 41]. Ғалым әйелдердің ат атамауын бұрынғы кездегі «бірнәрсені не жаман, не жақсыға санаса, ол затты айтпастан одан бұрын басқа бір сөзді айтатын болған» әдетімен түсіндіреді де, бұрын «атты ру басы қойған не көсемнің аты қойылған», - деп, ат атамауды содан қалған әдет ретінде пайымдайды [6, 54].
Достарыңызбен бөлісу: |