ІІ ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНДЕГІ ЭТНОНИМДЕРДІҢ ГЕНДЕРЛІК ҚЫРЫ
2.1 Қазақ тіліндегі этнонимдердің зерттелуі
Тіліміздегі халық атауларының шығу, даму тарихын, лексикалық құрамы мен морфологиялық құрылымын және семантикасы мен этимологиясын зерттейтін тіл білімінің саласы – ономастика ( грек сөзі «onoma» - есім, ілім+логия). Ономастиканы негізгі бөлімдері антропонимика (адам аттары мен фамилияларын зерттейді), топонимика (жер, су, қала, дала аттарын зерттейді), этнонимика (ру, тайпа, ел, халық аттарын зерттейді), космонимика (ай, жұлдыз, әлем, аспан аттарын зерттейді), зоонимика (үй-хайуандарының аттарын зерттейді). Ономастикаға тән бұл терминдердің әрқайсысы ішінара жеке-жеке тармақтарға бөлінеді. Мәселен, топонимиканың бөлімдері: гидронимия (өзен, су, көл аттары), оронимия (тау, төбе, шың, қыр аттары), ойконимия (елді мекен аттары) болып сараланады. Антропонимика ғылымының бөлімдері: фамилиялар, әке аттары, кісінің шын аты, лақап аттар, бүркеншік аттар, антропотопонимдер (антропонимдер мен топонимдер арқылы жасалған аттар) болса, этнонимиканың бөлімдері: этнос (ру, тайпа, халық аттары), этноантропонимдер (этнонимдер мен антропонимдерден ауыса қойылған аттар) т.б. [ 7, 12]. Ономастиканы: антропонимика, топонимика, космонимия, фитонимия, этнонимияны т.б. зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері тілмен сабақтастықта қарастырылатын ұлттық этномәдени, әлеуметтік сипатын анықтаудың қажеттілігін В.В.Радлов, В.В.Бартольд, Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев, Н.Катанов, С.Е.Малов, Н.К.Дмитриев, А.Н.Кононов, Н.А.Баскаков, Қ.Жұбанов, І.К.Кеңесбаев, С.Аманжолов, Ә.Қайдар, Т.Жанұзақов, Ә.Әбдірахманов, Е.Жанпейісов, Қ.Рысбергенова т.б. ғалымдар ономастиканың негізін қалаушылар және тарихи деректерге сүйене отырып, ұлттық ономастика жүйесінің өзекті мәселелерін анықтап, ғылым ретіндегі даму бағытын да бірізге салып беру жолында толымды жұмыстар атқарды. Қазіргі уақытта ономастика ұлттық тіл саясатының жетекші бағыттарының бірі ретінде тек ғылыми-практикалық, мәдени-тарихи ғана емес, сондай-ақ қоғамдық-саяси маңызға да ие болып отыр. Қоғам дамуының кез келген кезеңінде ономастикалық атаулардың саяси, әлеуметтік маңызы болды. Сол сияқты тіліміздегі ру, тайпа, халық аттары мен кісі аттарының өзара байланысы, ауысу процесі тарихи дәуірлермен ұштасып келе жатқан құбылыс.
Достарыңызбен бөлісу: |