Иелес автор- басқа адаммен (адамдармен) немесе (ұйыммен) ұйымдармен бірігіп шығарма тудырған адам немесе ұйым.
Шығарма- қарапайым тілде туынды.
Шығармашылық- ақыл, ой арқылы мәдени, материалдық игілік жасауға бағытталған адамның қызметі.
Туынды- ақын, жазушылардың жарық көрген шығармашылық еңбегі.
Немесе:
Белгілі бір автордың жазған әдеби немесе ғылыми туындысы.
Сабақтағы оқушылардың жазатын шығармасы.
Ақын — поэзиялық туындыларды (өлең, жыр-дастан, поэма) ауызша айтып не жазып шығаратын өнер иесі, халықтың көркемдік талғамын қалыптастырып, жалғастыратын сөз шебері. Ақын ұғымының жырау, жыршы, өлеңші сияқты ұғымдардан ауқымы кең, ол солардың бәрін қамтиды. Ауыз әдебиетінде ақын өлең, жыр-дастандарды шығарушы да, айтып таратушы да болған. Халықтың сөз өнерінде ертеден қалыптасқан дәстүр бойынша шынайы ақындар өлеңді табан астында суырып салып айтқан. Ондай жағдайда өлеңді, жырды домбыра немесе қобыз сияқты музыка аспаптарына қосылып орындаған. Оларды халық әдебиетінің дәстүрлерін сақтайды деген мағынада біздің заманымызда “халық ақыны ” деп атайтын болды. Қазақ халқының Ж. Жабаев , Д. Нүрпейсова , К. Әзірбаев т.б. ақындары көптеген мұра қалдырған. Олар жыршылық өнерді де меңгеріп, кейде ұзақ дастан-жырларды жатқа айтқан. Мұндай ақындар тек қазақ халқында ғана емес, туысқан қырғыз, қарақалпақ халықтарында да кездеседі. Ақын деп жазба әдебиетінің өкілін де атайды. Бірақ мұндағы ақынның тұлғасы мүлде басқа. Жазба әдебиет өкілдерін алсақ, бұлардың өмір шындығын бейнелеу әдісі, көркемдік ой жүйесі, қолданатын жанрлары, стиль, тіл өзгешелігі қай жағынан да жаңа, соны қасиет-сипаттар мол. Қазақ әдебиетінде жазба әдебиетінің дәстүрін жан-жақты қалыптастырып дамытуға Абайдан бастап, С. Торайғыров, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров сияқты көптеген ақындар өз үлесін қосқан. Қазақ әдебиетіндегі көркем аударма саласын да алғаш қолдарына алған қазақ ақындарымыз екені де рас.