Нұрғали Қадырбаев


ЖАЗУШЫ МАРХАБАТ БАЙҒҰТТЫҢ ПОВЕСТЕРІ ЖӘНЕ



Pdf көрінісі
бет6/14
Дата21.01.2017
өлшемі0,86 Mb.
#2344
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
ЖАЗУШЫ МАРХАБАТ БАЙҒҰТТЫҢ ПОВЕСТЕРІ ЖӘНЕ 
ОНДАҒЫ КЕЙІПКЕРЛЕР ӘЛЕМІ 
 
 
Жазушы  Мархабат  Байғұттың  көркемдік-шығармалық  әлемін  өзінің 
повестерінсіз  көз  алдымызға  елестете  алмаймыз.  Қаламгердің  төрт  томдық 
шығармалар  жинағында  негізінен  алғанда  «Интернаттың  баласы»,  «Дос 
пейілі»,  «Ақ  шымылдық»,  «Машаттағы  махаббат»,  «Патефон»,  «Таудағы 
андыз», «Әдебиет пәнінің періштесі» повестері жинақталған. 
        «Интернаттың  баласы»  повесі  –  ХХ  ғасырдың  60-жылдарында  мектеп-
интернатта  ұзақтағы  ауылдардан  келіп  оқитын  оқушылардың  өмірі  мен 
балалық  және  бозбалалық  шақтағы  тыныс-тіршілігі  жан-жақты  әрі 
жазушының жылы ой-сезімдеріне тола шебер тілімен, сергек көңілімен, ойлы  
толғаныстарымен  жазылған  тамаша  прозалық  шығармасы.  Повесте 
суреттелетін  сол  кезеңдегі  ауыл  өмірі,  балалар  қауымының  бір-біріне  деген 
ақпейіл  мейір-шапағаты,  тұрмыстағы  жетіспеушілікке  қарамастан  өзара 
қарым-қатынасындағы бауырмал қасиеттері, шынында да, өз оқырмандарына 
ізгі ниет пен оң пейілді молынан дарытады.  
Повестке  көрнекті  жазушы  Шерхан  Мұртазаның  «Нұр  жаусын  саған, 
интернаттың  қара  наны!»  деген  тағылымды  сөзі  эпиграф  ретінде  жазылған. 
Интернаттың  қара  нанын  азық  еткен  оқушылар  бертін  келе  елімізді  ілгері 
сүйрей  білген  нар  тұлғалары  болып  өскендігін  көзіқарақты  оқырман  жақсы 
білетіндігі мәлім.  
         Повесть  ауыл  баласы,  Қоғалы  елді  мекенінен  шыққан  Ноқтабай  және 
әпкесі Нұриланың үлкен жолға, интернатқа апаратын жолға қарай ат үстінде 
келе  жатқанын  суреттеуден  басталады.  Екеуінің  әкесі  жоқ.  Аналары  ауру. 
Нұрила  анасын  бағып-қағу,  үйді  асырау  мақсатымен  ауылда  қалады.  Анасы 
мен өзінің ендігідегі арман, үміті – Ноқтабайды оқыту. Интернатта білім мен 
тәрбиені  мықты  береді  деп  сенеді  әпкесі.  «Көрдің  бе?  Интернат  осы. 
Алтынсарин атындағы мектеп осы. Аудан бойынша ең күшті мектеп, – деген 
Нұрила.  –  Мен  сені  осында  әкеліп  оқытайық  деп  едім,  өкімет  алып  қояды, 
мейірімсіз болып  кетеді,  детдомға  өтіп кетеді  деп  көнбеді  ғой  ауылдағылар. 
Бәрі  далбаса,  дымды  түсінбейді.  Көрерсің  де  тұрарсың,  сенің  сол 
туысқандарыңнан  интернат  жақсы...»  Әпкесі  осылай  дейді  бастапқыда 
Ноқтабайды  бастан-аяқ  киіндірмек  ниетпен  келген  шақта  интернат 
орналасқан жердегі базар ішінде. 
Әпкесі  Нұриланың  бойында  інісі  Ноқтабайға  деген  бауырмалдық, 
мейірімділік өте зор. Шынайы. Табиғи. «– Балалықты таста. Біздің еркелейтін 
кіміміз  бар?  Сені  оқысын  деп,  адам  болсын  деп  жүрміз.  Сені  оқытуға  апам 
екеуміздің шамамыз келетін шығар. Жұрттан кем болмассың. Бірақ адам бол, 
әйтеуір. Сенетін, еркелейтін кіміміз бар біздің?..» 
Әпкесінің  ақпейіл,  адал  тілегін  тебіренбей  оқи  алмайсыз,  сірә.  Біздің 
де, көбіміздің әпкеміз болған. Дәл солар секілді біздің халықта өзге ешқандай 

 
85 
да  бауырмал  жандар  дүниеде  жоқ-ау,  шіркін!..  Өз  басын  ойламай,  өзінен 
кішілеріне қамқор бола білген аяулыларымыз-ай, дегіңіз келеді осындайда. 
Ноқтабай  интернатқа  орналасады.  Жетінші  класқа  қабылданады. 
Жатақхананың  бір  бөлмесінде  жеті  бала  жатады.  Олардың  бірі  –  Тәжен 
Ошаев. Ұйымдастырғыш, өзі спортшы, өз күшіне сенімді  ер бала. Екіншісі –
Бақажан. Лақап аты – Жиренше шешен. Оқуы онша емес. Бірақ адамгершілігі 
жоғары.  Сөзшең.  Үшіншісі  –  Көшен.  Өзі күйші.  Сегізінші   сыныпта  оқиды. 
Төртіншісі – Жақсылық. Лақап аты – Жак.    
Паганел  кітапты  көп  оқиды.  Тоғызыншы  сыныпқа  өткен.  Салмақты. 
Ақылды.  Табанды.  Бесіншісі  –  Ырысбек.  Алтыншыда  оқиды.  Лақап  аты  –
Үндемес. Ендігіде интернатқа жанадан Ноқтабай келіп қосылса, жетінші бала 
болып жатақханадағы «р»-ға тілі келмейтін арық, аққұба Еркінбек Ермекбаев 
орналасады. 
Повесте  оқиға  барысы  шынайы  суреттеледі.  Ол  кезде  көлік  те, 
байланыс  та  кем.  Қазіргідей  техналогиялық  өркениет  жоқтың  қасы.  Әпкесі 
мен  інісінің  арасын  жалғастыратын  тек  қана  хат  арқылы  жолданатын 
хабарлар.  Әпкесі  Нұриланың  хатынан  үй-іші  жағдайының  қоңыр  тіршілік 
деңгейінде  екендігінен  мағлұмат  аламыз.    Інісіне  деген  әпкесінің  қамқор  да 
мейірге тола пейілін толғана оқимыз.Бәрі де рас. Баршасы да шын. Ашқұрсақ 
болып жүріп, бауырдың, баланың жайын ойлап, көңілі күпті болған ана мен 
әпкенің хал -ахуалы, інісінің оларды, ауылды ойлап, сағынған балалық іңкәрі 
табиғи әрі шынайы. Жазушы повестегі кейіпкерлердің әрбірінің жан дүниесін 
көркем  өрнектей  білген.  Әрқайсысы  жеке-жеке  әлемде  ғұмыр  кешкенмен, 
ортақ тұтастықты сақтай алады. Жеке-дара кейіпкерлер бейнесіне көтерілген 
оларды  бір-бірімен  шатастыра  алмайсыз.  Әр  кейіпкер  өзіндік  портретке,  іс-
әрекетке,  мінез-құлыққа  ие.  Даралық  –  олардың    басты  сипаты.  Әрине, 
мұндай 
кейіпкерлер 
әлемінің 
галереясын 
айтулы 
қаламгердің 
шығармашылық  лабороториясының  нағыз  суреткерге,  көркемсөз  зергеріне 
тән төл қасиеті деп түсінеміз. 
          Әпкесі  Нұриланың  хатын  оқи  отырып,  анасының  өзі  ауру  болса  да, 
төсек  тартып  жатса  да,  өзін-өзі    алдаусыратып,  «Ауа  райының  өзгерейін 
дегені  ғой,  ештеңе  етпейді,  қорықпандар»  деген  басалқы,  байсалды  кейпін 
көз  алдымызға  келтіреміз.  Ауылдағы  Ниеткүл  кемпірдің  қап  көтеріп,  тезек 
жинап  жүріп,  өзін  емес,  жастардың  аман  болуын  тілеп,  дүниеден  өткен 
бейнесі де оқырман жадында жатталып қалады. Жазда да, қыста да жалаңаяқ, 
жалаңбас  жүретін,  бұрын  сау  болған,  ендігіде  есі  ауыс-түйіс,  домбырашы, 
көпшіл, сау адамнан сөзі  ілгері Жақсыбайдың ешкімге де елеусіз өмірі адам 
баласының  қаншалықты  саналуан  әрі  бірін-бірі  қайталамас  мінез-құлқын, 
келбет-болмысын  және  бір  рет  есімізге  түсіреді.    Жақсыбай  жалғанның 
жарық дүниесіне біреудің үйінде той яки өлім-жітім болса, сол үйлердің қаз-
қатар  тізілген  самауырларын  бұрқ-сарқ  қайнатып  жүру  үшін  келген  сияқты; 
желе-жортып, екі езуі екі құлағында болатын, омырауы ебіл-дебіл, көнтерілі, 
көнгіш бейне. 
            «Р» - ға тілі келмейтін Еркінбек ше? Оның сақаулығын бүкіл интернат 

 
86 
оқушылары  біледі.Үлкені  де,  кішісі    де  оны  мазақ  етеді.  Тек  қана  Ноқтабай 
оған  қамқор  пейілде.  Ноқтабай    оның  қамқоры.  Еркінбек  те  жетім.  Оның 
анасы жоқ. Жетім балалардың жалтақтау, жалтаңкөз болып өсетіндігі белгілі. 
Олардың  именшектеу,  өзгеге,  қандай  нәрсеге  болса  да,  тиісуге  батылдары 
бармай,  реңдері  кірмей,  кіртиіп  жүргендері  оқырман  жанын  кей-кейде 
егілтеді.  Езіп  те  жібереді  еңсені.  Алайда  қолдан  не  келер.  Аяйсың,  тіпті. 
Бірақ  орынсыз  аяу  оларды  ерлікке,  еңселерін  көтеріп  жүруге  ықпал    ете 
алмайды.  Сол  үшін  қолдан  келсе,  оларды  қайрау,  қайраттандыру  керек 
сияқты.  Бұл  да  үлкен  күш  естияр  жандар  үшін.  «Менің  де  шешем  жоқ  қой, 
Ноқтабай-ау!»  деп,  оның  жылап-сықтамай,  үлкен  адамдарша  сөзін  нықтап, 
мәнерлеп, әуендетіп айтқаны оның ерте есейе бастағанын аңғартады.  
             Повестегі  Ноқтабайдың  балалармен  ашық-жарқын  қарым-қатынасы, 
ептілігі,  естиярлығы  және  жетіммін  деп  жалтаңкөз  танытпағаны  ер  көңілді 
оқырманның көңілін көншітеді. Жатақхананың он төртінші бөлмесінде бірге 
жататын,  өзінің  қара  күшіне  сенетін  Тәженмен  екеуінің  арасындағы  сөз 
қақтығысы да көп нәрсені аңғартады. Екеуі қол күресі арқылы бірін-бірі жеңе 
алмай  тең  түскен  сәтте,  Тәжен  оған  мен  сені  аядым  деп  өзінше  тіл  қатуы, 
елеусіз  тұрған  кезінде  иегінен  соғып  құлатуы,  орнынан  қайтадан  тұрғанда 
аяғынан шалып құлатуы Ноқтабайдың ашу-ызасын туғызады.  
             Әпкесінің  интернатта  оқы,  адам  бол,  шпана  болып  кетпе  деген 
сөздерін  есінде  мықтап  ұстаса  да,  Ноқтабай  ендігіде  өзі  үшін,  намысы  мен 
арын  аяқ  асты    етпеуі  мақсатында  Тәженге  былайша  үн  қатады:  «Тиіссең, 
аямаймын.  Интернатыңнан  шықсам,  шығып  кетейін.  Аямаймын.  Көп  болса,  
Қоғалыға  барып,    Несіпбек  көкемнің  арбасын  айдармың.»  Сондай-ақ, 
Ноқтабайдың мына бір сөзі оның үлкен арман мен мақсатты алға қойғанын, 
анасы мен әпкесінің үлкен үміттерін өз мойнына артқанын жақсы түсінетінін 
аңғартады.  Ол  осы  сөзінде  өзінің  ынжық,  жалтақ  еместігін  сездіреді.  Үзінді 
келтірелік:  «– Жетіммін мен, білдің бе?!.  Жетім бала ешкімнен қорықпайды 
біліп қойыңдар.» Тентектігі басымдау болғанымен ұйымдастырушы қабілеті 
мол    жетім  бала  Тәжен  ендігіде  жуаси  бастайды.  Бұрынғы  бет  қаратпас  бір 
бет мінезіне тізгін салады сол сәтте. 
          Интернатта  оқып    жүріп,  Ноқтабайдың  бақилық  болған  әкесін  еске 
түсіріп,  көз  алдында  елестетуі,  сағынышқа  тола  ойлары  повесте  шынайы 
суреттеледі.  Толғантады.  Әйтпесе,  Ноқтабайдың  әкесі  кезінде  мықты 
шабандоз болған. Көкпар тартқан. Есімі елге елеулі  қара қасқа  атты жүйрігі 
бар Бескемпір шабандоз атанған. Баласы Ноқтабайды атқа мінгізіп, төртінші 
класта-ақ  көкпардың  додасына  салған.    Еті,  бойы  үйрене  берсін  деген. 
Ноқтабай  ұзын  бойлы,  иықты,  ат  үстінде  тіп-тік  асыратын  әкесінен 
ешқашанда көз алмайтын болған. Өйткені әкесі келісті-ақ кісі еді. 
           Бірде  Қоғалыдан  аудан  орталығы  Петровкаға  қара  қасқасына  мініп, 
әкесі жолға шығады. Содан қайтарда көктемгі тасқын жаңбырда тулай аққан 
Жыланды  өзенінен  өтпекші  болған  уақытта,  суға  кетіп  өледі.  Аяқ  астынан 
келген ажал Ноқтабойды, үй-ішін әп-сәтте жетімдіктің кебінін кигізеді. 
           Повесте  ХХ  ғасырдың  50-жылдарының  екінші  жартысы  мен  60- 

 
87 
жылдардың бас кезіндегі кеңестік жүйедегі сыңар саясат салдары  да көрініс 
тапқан.  Ол  –  қазақ  даласында  жылқы  жануарын  қынадай  қырған  бір  жақты 
саясаттың  іс-әрекеттері  еді.  Жылқы  жануары  зиян,  өйткені  ол  өсімдік 
атаулысын  түп-тамырымен    құртады;  экологиялық  тепе-теңдікті  бұзады 
деген  негізсіз  желеумен  жылқыны  жаппай  етке  өткізу  науқаны  сол  кезеңде 
кең  етек  жайған  еді.  Оның  түп  төркіні  қазақ  халқының  тектілігін  жоюға, 
ұлттық болмыс-тіршілігін түбегейлі қопарып тастауға бағытталғаны қитұрқы 
саясаттың астарында жасырынып жатқан-ды. 
          Автор  халқымыздың  тұрмысына  етене  жақын  болған  жылқыларды 
жаппай  құртуға  негізделген  саясатты  қолдамағанын  повестегі  кейіпкерлер 
арқылы ұғынықты әрі түсінікті көркем тілмен, мәтіндік тұтас ұғыммен және 
авторлық баяндаулар  үдерісінде  шебер  суреттей  білген.  Рас,  жылқы  малына 
жаудай  тиген  кеңестік  саясатты  қолдаушылар  да  ел  ішінен  табылған. 
Мәселен, ондай кейіпкерлердің қатарына Пірімбек шалды қосуға болады. Ол 
былай  дейді:  «Әй,  шынында  да,  осы  жылқыдан  көріп  жүрген  пайдамыз 
шамалы  емес  пе?..»,  «Жарықтық  не  күйіс  қайыру  жоқ,  не  басқа  жоқ,  күрт-
күрт еткізіп... шөптің нағыз соры ғой». 
Жазушы  жылқы  жануарына  жаны  ашитын,  оны  халқымыздың 
тіршілігінің  тіні  деп  есептейтін  ұғымды  ту  етіп  ұстаған  кейіпкер  ретінде 
жаман  тонды,  ел-жұртқа  жынды  атанған  Жақсыбай  арқылы  бере  білген.  Ол 
Пірімбек  шалдың  белсене  сөйлеген  сөздерін  қабылдамайды.  Дұрыс  деп 
бағаламайды.  «Күйсе-күйсе,  Піреке,  «Отта,  отта,  Піреке,  оттап  қал»  деуі 
жылқыны зиянды деп есептеген жанға деген қарсылығы. Текетірес іс-әрекеті. 
Әрине,  ел-жұрт  Пірімбек  ақсақалға  қарсы  шыға  алмайды.  Ол  көпті  көрген. 
Жасы  үлкен  адам.  Ал  Жақсыбай  ше?  Оны  ел-жұрт  жынды  деп  санайды. 
Үстіндегі киімі де ескі-құсқы. Кім оның сөзін бетке тұтады. Ешкім де. Бірақ 
жазушы  осынау  елеусіз,  үсті-басы  жұқа,  жынды  деген  атаққа  ие  болған 
Жақсыбай  арқылы  ұлттық  болмысымыздың  ұстынын  ашып  көрсеткен. 
Жақсыбай  шынында  да  жақсы  ойымен,  ел-жұртқа  жайлы  іс-әрекеттерімен 
есте қалады.  
Ноқтабайдың  әкесі  де  сол  алып  мемлекеттің  осынау  саясатына  іші 
жылымаған.  Оны  өзінің  досы  бригадир  Несіпбекке  де    айтады.  Жылқыны 
құрту  керек  дегенді   «Тістерің  қышып,  осы  заңды  өздерің  шығарып  жүрген 
жоқсыңдар  ма?»  дейді  де.  Несіпбек  бригадир  өз  ой-пікіріңді  өзің-ақ 
айтпайсың  ба  жоғарыға  дейді.  Ал  Ноқтабайдың  әкесі  Бескемпір  үшін  ең 
жоғары  адам  –  досы  Несіпбек  бригадир.  Мінеки,  күні  кешегі  кеңестік 
жүйедегі бір шеңберден, бір  жүйеден шықпау заңының қасаң да қалыптасқан  
дәстүрі. 
Алғаш рет  бала Ноқтабай үлкендердің тірлігін, өмір сүру ойынын әкесі 
Бескемпір  өлгенде  көреді.  Ақ  сақалды  Пірімбек    шалдың:    «Бескемпірді 
Балабек  бажасының  қасына  көму  керек  еді  сырласып-мұңдасып  жататын» 
деген    күле  сөйлеген  сөзін  есітеді.  «–  Жә,  қайдағы-жайдағыны  шатады 
екенсіңдер!  Дардай  сақалдарыңмен!»  деп,  тәйт  сөзін    айтқан  Ісмәт  атаның 
тәлімін  көкірегіне  түйеді.  Жетім  қалған    Ноқтабай:  «Күйсесін-күйсесін, 

 
88 
үндемеңіз,  Ісмәт  көке»  деген  жаман  тонды  Жақсыбайдың  тоқтам  сөзін  ішкі  
түйсігімен  жылы  қабылдайды.  «Жетім  сөйтіп-сөйтіп  жетіледі  де»  деген 
сөздің ақиқаты повесте менмұндалап аңғарылады.  
Интернат  оқушыларының  өмірі,  онда  өтілетін  түрлі  іс-шаралар 
олардың көзқарасын қалыптастыруға, дүниетанымын кеңейтуге игі ықпалын 
тигізеді.  Әрине,  ол  жылдары  оқушыларды  тәрбиелеу  ісінде  озық  үлгілердің 
де  көп  болғаны  рас.  Кей  мәселелерді  көбірек  айтуға,  ашық  түрде 
насихаттауға  жол  берілмегені  де  шындық.  Мәселен,  повесте  көрініс 
тапқандай оқушылардың арасында махаббат болуы мүмкін бе деген тақырып 
аясында  пікір  айту,  пікірталас  мүлдем  болмайтын.  Оған  шектеу  салынатын. 
Әрі  сол  уақыттарда  компьютерлік  технология  мен  ғаламтордың  ауылы 
мүлдем ұзақта болатын.  
Интернаттағы  келеңсіз  оқиғалар  да  жас  Ноқтабай  мен  алтыншы 
кластың  оқушысы  Беркінбектің  психологиясына  сай.  Аурушаң  қарындасын  
өте жақсы көретін Еркінбек Петровкадағы кітап дүкенінен түрлі-түсті кітапқа 
көзі  түседі.  Осы  кітапты  апарып  берсе,  қарындасы  аурудан  жазылып 
кететіндей  сезіледі.    Бірақ  қалтасында  ақша  жоқ.  Өмірі  ұрлық-қарлық 
жасамаған,  біреудің  ала  жібін  аттауды  білмеген  Еркінбек  «Сезікті  секіреді» 
демекші,  жасаған  ұрлығының  салдарынан  беті  оттай  жанып,  дүкен  ішінен 
сыртқа  шыға  алмай  қалады.  Өзінен-өзі  сезіктенген  халде  кітап  сатушының 
қолына  түседі.  Кітап  сатушы  Еркінбекті  қорқытады.  Үркітеді.  Интернат 
директорына  айтып,  масқараңды  шығарамын  дейді.  Әрине,  оның  айтқаны 
дұрыс  та.  Еркінбек  жатақханаға  келіп,  жылап  жатып  қалады.  Жаны  ашыған  
Ноқтабай  тәрбиеші  Жанат  апайына  Еркінбекті  ертіп  апарып,  болған  жайды 
мәлім  етеді.  Жәрдем  беруін  өтінеді.  Жанат  апайдың  кітап  сатушыға  барып, 
Еркінбекке  кешірім  жасауын  сұранады.  Жанат  апайдың  балалардың  талап-
тілеген  қабылдап,  оларға  жөнді  тәрбие  беру  ісіндегі  іс-әрекеттері  жазушы 
тарапынан жылы суреттелген.  
Повестегі  Жиренше  шешеннен,  бертінде  «байқасам»  деген  сөзді  әр 
сөзінде жиі айтатындықтан  Байқасам атанып кеткен  Бақажаннан өзгелерінің 
бірінде не әкесі, не шешесі жоқ, тіпті, тас жетім балалардың аянышты өмірі 
оқырман  жүрегін  жібітпей,  көз  жанарын  мөлдіретпей  қоймайды.  Олардың 
жазушы өрнектеген мынадай сөздерінің өзі тереңде жатқан жан сезімдеріңді 
аямай қамшылағанда еріксіз  езілетініңізді айтсаңызшы. Мәселен, менменшіл 
Тәкеннің  өзі:  «Менің  де  әкем  жоқ  қой.  Сен  сияқты  әпкем  де  жоқ.  Жалғыз 
шешем бар ғой менің. Жетіммін ғой мен...» деген ішкі  мұңы мен жан айқайы 
төрт жағы  түгел сәттегі оқырманның  көңілінде дауыл орнатады емес пе?!.  
Балаң  көңілдерден  шыққан  есті  сөздерге  қаншама  қанықсақ  та, 
«Шешесі  бар  адам  жетім  емес»  деп,  Ноқтабай  тоқтам  ойға  келсе  де,  «Әкем 
жоқ  болған  соң,  бәрібір  әлдекімнен  именіп,  әлденеден  қорынып,  торығып 
бітеді  екенсің»  дейтін    Тәженнің  сөзі  де  «Әке  –  асқар  тау»  деген  ұғымды 
кемел жасқа жетпей-ақ,  соның дәмін жете  тұшына білген жас өрендерге ақ 
адал пейілмен алаңдаймыз.  

 
89 
Шыны  керек,  повестегі  балаң  кейіпкерлердің  бәрі  дерлік  өзегі  қарс 
айырылып,  өкініш  мұңымен  мейілінше  мейілдете  тойынғандар.  Баршасын 
түгелдей  десек  те  болар,  өйткені  олар    «Әкем  болса,  бүйтпес  едім-ау», 
«Шіркін,  анам  болса  ғой»  деген  арман  қиялын  ту  етіп,  бақилық  болған  ата-
аналарын жандарынан, ойларынан бір елі тастамағандар әулетінен  екендігін 
айқын сезінесіз.  
Тіпті,  Тәжен  бастан  кешкен  оқиға  осынау  балаң  баланың таза  жүрегін 
өткір  пышақпен  қараптан-қарап  тілгілеп  жіберген  трагедия  деуімізге  әбден 
болады. Анасының өтініші бойынша ауылына барып, үйдің төбесіне жабатын  
қамысты анасы екеуі орып, сілесі әбден қатқан  Тәжен алғаш рет  тағдырдың 
қитұрқы талқысын көзімен көруге мәжбүр болады. Оны көрмей-ақ, білмей-ақ 
қоюына  болар  еді.  Бірақ  жетім  баланың  еншісіндегі  нәрсе  –  өмірдің  өзі  қос 
жанарының  көруіне  тікелей  ықпал  жасайды-ау,  шамасы.  Сол  кезде  өзі 
айтқандай  әкесі  бар  болғанда,  ондай-ондайды  көрмес  те  еді,  білмес  те  еді. 
Бұл – шындық. Бірақ  әкесі жас болғандықтан, өзін қоярға жер таппай, басы 
ауған жаққа лағып кетерлік оқиғаға тап келеді.  
Тәженнің  анасы  қамыс  орып  жатқанда,  оның  жанына  ферма 
меңгерушісі  болып    істейтін  Ермек  келеді.  Тәжен  едәуір  уақыт  бойы 
бүлдірген теріп жүреді. Бір кезде баланың қызығушылығы  оянып кетіп, олар 
не  жөнінде    ұзақ  уақыт  бойы  әңгімелесіп  жатқандығын  білмек    болғанда, 
анасы  ферма  бастығына  өзінің  аяғы  ауыр  болып  қалғанын,  содан  соң  әлгі 
еркектің анасын құшақтағанын көзі көреді. Әкеге деген сағыныш, ал ананың 
әке  аруағы  алдындағы  сатқындығы  менменшіл  Тәженнің  мөлдір  әлемінің 
нәзік  те  қорғансыз  терезесін  күлпарша  етеді.  Мінеки,  жетімдер  трагедиясы 
дегеніміз осы! 
Бір  үзік  үзіндінің  өзін  осы  орайда  бейжай  оқып  шығу  мүмкін  емес: 
«Мен  не  болғанын  білмей  кеттім.  Әйтеуір,  беталды  жүгіре  беріппін. 
Қамыстың арасымен келе жатыр екенмін бір қарасам. Бір қарасам, қолдарым 
қан! Бетімнен де бірдеңе жыли ағады. Жылап келеді екенмін ғой деп қоямын. 
Бетімді  сыйпаймын.  Сөйтсем,  бетім  қан!  Қамыс  тілгілеп  тастаған  екен. 
Жылай бердім, жылай бердім, жылай бердім.  
Суреткер  жазушы  «Интернаттың  баласы»  повесіндегі    осынау  мәтін 
жолдары арқылы бала көңіл жетім оқушылардың мұңды жас  пен жоса-жоса 
қанға  бөккен  ішкі  жан  сарайының  арпалысқа  тола  сәттерін  терең 
психологиялық иірімдермен керемет көрсете білген деп ойлаймыз. 
Әкем де сен, интернат, шешем де сен, 
Қия алмаймын қиянға кетем десем, – 
деп жырлаған Тәженнің өлеңдері сол оқу орнында білім алып, тәрбиеленген 
жетімдердің  әнұраны  секілді.  Интернат  болмаса,  ондағы  өзі  секілді 
жасөспірім  жаста  болса  да,  мұңға,  шерге  тола,  тағдыр  талқысын  мейілдете 
татқан  серіктері  болмаса,  өз  бойларындағы  запыранын  сыртқа  төгіп,  кімге 
айтар еді. 
Тәжен  де,  Еркінбек  те  ішкі  сырын,  құпия  ойларын  өзгеге  емес,  Ноқтабайға 
айтады.  Жетімек  тағдырлар  тоғысқан  интернат  олар  үшін  биік  қорған  әрі 

 
90 
берік  панатұғын.    Әкесі  жоқтар  әкем  болсадеп,  әкесі  барлар  әке  қадырын 
білмейтін кей-кей сәттерде адам баласы не нәрсе жоқ болса, соны армандап 
өтетін пендеуи дүниеге қайран қаласыз. 
 
Алайда  Ноқтабай  Тәженге  өзгеше,  тосын  ақыл  айтады.  Ноқтабайдың 
аса  парасатты,  пайымды  ақылына  өмірді  көрген,  көп  нәрсені  көкірек  көзіне 
түйген  оқырманның  өзі  іштей  таңданыс  халде  қабылдайды.  Ноқтабайдың 
жасындағы  бала  үшін  мұндай  ақыл,  дәл  осындай  ой  тым  салмақты-ақ.  Тым 
ерекше  құбылыс.  Тіпті,  ересек  жастағыларға  тән  данагөйлік  секілді.  Ол 
былай 
дейді: 
«– 
Сен 
ойлан. 
Жақсылап 
ойлан. 
Жынданбай, 
салқынқандылықпен  ойланып  көр.  Жас  емессің.Біз  жаспыз  дей  алмаймыз. 
Әкеміз жоқ па, жоқ. Өзіміз әке бола білуіміз керек. Қазір сен ешкімнің сөзіне 
де,  күлкісіне  де  қарама.  Елеме  де,  қарама  да.  Қайта  анаңа  сүйеу  бол,  серік 
бол. Апаңа қазір өте қиын, бұдан былай одан да қиын болады. Кітапты несіне 
оқисың, тоқи алмасаң. Менің айтар ақылым осы.»  
Рас,  Ноқтабай  Тәженге  мұндай  ақыл-кеңесті  тектен-текке  айтқан  жоқ. 
Ол  Тәженнен  ферма  басшысының  қандай  адам  екенін  сұрап  біледі. 
Тәженннің айтуынша, ол жаман адам емес. Ауылдағылар сыйлайды.  Өзінің 
баласы жоқ. Әйелі тумаған. Содан кейін ғана естияр адамдай тіл қатады оған 
Ноқтабай. 
«Адам  баласы  дүниеге  сынақ  үшін  келеді»  делінеді  қасиетті  кітапта. 
Бірақ  интернатта  жүрген  жетім  балалардың  тыныс-тіршілігі  бір  қалыпты, 
қалыптасқан  ережеге  сай  ұйымдастырылса  да,  олардың  жеке  өмірі  тым 
күрделі,  өте  қиын  әрі  сан  қатпарлы  тағдыр  талайымымен  ерекше 
болатындығын  жазушы  повесін  оқып  шыққанда  үлкен  таным  мен  тағылым 
алатыныңызға сенімдісіз, құрметті оқырман. Бір қора жетім баланың өміріне 
тосыннан  тап  болып,  бел  омыртқалары  қатып  үлгермеген  балалардың 
ешкімді  тірек  тұтпай,  тек  өздерінің  қабырғаларымен  кеңесіп,  өзі  секілді 
тағдыр  иесіне  қолдан  келгенше  жақсылық  жасауға  бүйрек  бұрғандары 
көңілді  тербейді.  Бір  ұяның,  интернат  атты  тәлім-тәрбие  қазанында  бірге 
қайнау  олардың  сана-сезіміне  мықтап  дарығанын  сезінуі  –  оқырманның 
жетім балаларға деген оң пейілін нығайта түседі. 
Ноқтабай да төртінші класты бітіргенде әкесінен айырылады. Одан әрі 
қарай  оқуы  үшін  ауылда  тиісті  жоғары  кластар  болмағандықтан,  ендігіде 
оның тағдырын тікелей шешер қамқорынан жұрдай болған-ды. Сөйтіп, үлкен 
нағашысының  үйінде  оқуға  мәжбүр  болады.  Кіші  нағашысының  балалары 
көп болғандықтан, ол жерде оқу жағдайға байланысты мүмкін болмайды. 
Ал  үлкен  нағашысының  үйінде  Ноқтабайдың  жағдайы  күн  санап 
мүшкілдене береді. Әйелі адуынды, ала көзді болғандықтан, ішер астың өзін 
үлкен  ұрыс-керіспен  алдына  алып  босататын.  Ноқтабай  тұйыққа  тірелген 
балаң  тіршілігінің  сұрқай  тартқан  тірлігін  долананың    тамырын  балтамен 
армансыз шауып, оны үздіксіз жара берумен алатын. 
Үлкен нағашысының үйінде балалық күндері жылыстап өтіп жатқанда, 
ауылдағы  Пірімбек  шалды  көреді.  Ол  Ноқтабайдың  өсіп  қалғандығын,    дәу 
жігіт  болғандығын  айтумен  бірге,  анасының    Есімбектің  баласына  тиіп 

 
91 
алғанын естіртеді.  Өз  естігеніне  сену  үшін  Ноқтабай  ауылына  барып  келуге 
бел  буады.  Үлкен  нағашысы  үйде  жоқ.  Оның  әйелінен  келер  қайыр  жоқ. 
Ноқтабай  кіші  нағашысының  атына  мініп,  ауылға  барып  келуді  сұранады. 
Кіші  нағашысы  қойға  мініп  бару  керектігін  уәж  етіп,  өтінгенін  бермейді. 
Содан  соң  екі  арада  таудың  бар  екендігін,  онда  қасқырдың  кездесуі  
мүмкіндігін  біле  тұра,  Ноқтабай    екі-үш  сағаттық  жолға  жаяу  шығады. 
«Қасқыр  кездесуі  мүмкін-ау.  Мейлі!  Жесе  жеп  қоя  салсын.  Бүйтіп  көрген 
күні құрысын!» деп Ноқтабай іші шер мен мұңға  тұнған күйі, қауіп-қатерден 
сескенбей  ауылына  бет  алады.  Осынау  оқиғалар  желісін,  оқиғалар  дамуын 
бейжай оқу мүмкін емес. 
Бір  деммен,  бір  леппен  оқылатын  мәтін  жолдары,  әрине,  жүрекке 
қорғасын  салмақ  салады.  Адам  баласының  психологиясын,  оның  терең 
иірімдерін  тану,  білу  ешқашанда  түгесілместігін,  доғарылуы  мүмкін 
еместігіне қаламгер туындысы айқын куә болар еді дегіміз келеді. Мұнда тек 
қана оқиға қуушылық кездеспейді. Онда оқиғаның басталуы, дамуы, шешімі, 
кейіпкерлердің сан алуан мінез-құлқымен, іс-әрекеттерімен, ойлау деңгейінің 
әрқилылығымен  ерекшеленеді.  Повестегі  кейіпкерлердің    нақты  өмірде 
прототиптері  де  бар  болар.  Алайда  олардың  болмыс-бітіміндегі  детальдар, 
портреттер,  мінездер,  іс-әрекеттер  ХХ  ғасырдың  60-жылдарындағы  мектеп-
интернатта  оқығандардың  ғұмырнамасына,  тіршілігіне  тән  ортақ  қасиеттер 
өте  мол.  Сол  себепті  де  «Интернаттың  баласы»  повесі  кеңестік  кезеңдегі 
мектеп-интернаттарда оқыған жас ұрпақтар үшін сөз өнеріндегі көркем проза 
үлгісіндегі ескерткіш деп түсінеміз.  
Әкеге  деген  мөлдір  сағыныш,  әкенің  арын  қорламау,  анасының  ар-
намысты  болғанын  қалау  ниеті  Ноқтабайды  сонда  ауылға  жетелеген  еді. 
Пірімбек  шалдан  естіген    сөздің  рас-өтірігіне  қану  үшін  үйіне  оралған 
болатын  Ноқтабай.  Шалдан  естігенін ол  анасына  ашық айтады.  Бірақ  анасы 
бұл  сөзге  күледі.  Кімнен  естігенін  сұрайды.  «–  Кім  айтып  жүр оны?  Не  деп 
тұрсың  жарығым-ау!  Мен  енді  байды  не  қыламын,  басқаны  не  қыламын? 
Жарығым-ау! Менің барым да өзің, байлығым да өзің, өздерің, Нұрила екеуің 
ғой.  Кім  айтып  жүр  олай  деп?»  деп  анасы  Ноқтабайдың  алай-дүлей  болған, 
өсек  сөз  таза  жүрегін  тілгілеген  жарасының  аузын  аналық  мейірімімен, 
шапағатымен  жазады.    «Қайран  біздің  аналар,  арды  ойлаған»  дегіңіз  келеді 
осындайда. 
  
Жатақханасының 
он 
төртінші 
бөлмесінде 
жататын 
балалар 
интернаттың асханасында өткен концертте өз өнерлерін көрсетеді. Оған бәрі 
де  алдын-ала  даярланады.    Көпшілікті  қамтитын  шаралардан  шет  қалу  –
олардың    табиғатына  жат  болатын.  Мәселен,  Ноқтабай  «Жайық    қызы»,  ал  
Еркінбек  «Береза»  әнін  орындайды.  Тәжен  сықақ  өлеңді  жаттап  айтып, 
көптің қошеметіне бөленеді. Кітапты көп оқитын, Жак Паганель – Жақсылық 
шахматтан  чемпион  болады.  Ол  бір  жазушының  романынан  үзіндіні  жатқа 
орындайды.  Күйші  Көшен  домбырасымен  күй  тартып,  кешті  тәмамдайды. 
Олар,  сөйтіп,  өздерінің  үкілеген  үміттерін  шыңдай  жүріп,  үлкен  өмірге  
алдын  ала  зор  қуатпен,  асқан  қажырмен  даярланып,  сан-салалы  тіршілікке 

 
92 
белсене  араласа  бастайды.  Мектеп-интернатта    оқитын  осынау  балалардың 
бойындағы  өнегелілік,  тәрбиелілік  оқиғалардың    дамуы  және  өрбуі 
арнасымен  қасиетті  қаламгерлік    ауқымда  аса  зор  шеберлікпен  тамаша 
суреттелген. 
Ноқтабай  –  повесте  пайымды,  сабырлы,    арлы,  намысты  әрі  көпшіл 
болып  суреттелген.  Шығарманы  оқи  отырып,  автор  оның  есімін  неге 
дұрыстау  атпен  атамаған  деген  сауал  да  көңілде  тұрады.  Көркем  туындыда 
бұл  сұраққа  да  жауап  беріледі.  Оның  сыры  Ноқтабайдың  әпкесі  Нұриланың 
хатында  нақты  жазылған.  «Көңіліңе  алма,  сенің  атыңды    жазған  сайын  бір 
түрлі  боламын.  Неге  Ноқтабай  қойды  екен  деп.  Бірақ  бес  бала  бірдей 
тұрмаған  соң  солай  атадық    дейді  апам.  Мәселе  адамның  атында  емес,  
затында дейді ғой  үлкендер» деп жазады Нұрила әпкесі  өз хатында. Мінеки, 
Ноқтабай есіміне берілген түсініктеме, тұжырым. 
Повесте  суреттелетін  негізгі  кейіпкерлердің  бірі  –  фельдшер    Бейсен. 
Ол ауылға дәрігер болып қызметке орналасқаннан бастап, елге мінсіз қызмет 
етуге  ден  қояды.  Ауыл  балаларын  жинап  алып,  облысқа  алып  кетеді.  Ол 
кезде  Қоғалыда  басына  жара  шыққан  төрт  бала  бар  екен.  Соларға  Бейсен 
фельдшер    қамқорлық  жасайды.  Ноқтабайдың  анасы  екі  ағасы  бола  тұра, 
олардың  өз  әйелдерінің  сөзінен  шыға  алмайтынын  білгендіктен,  ендігіде  
жесірліктен  қолы  қысқа  болып,  баласын  қайда  апарарын  білмеген  кезде 
осынау  фельдшер    Бейсеннен  барша  жақсылықты  көреді.  «Кейбіреулер  өз 
жақынына,  өз  бауырына  қарамай  қойғанда,  сен  өзгенің,  бөтеннің  балаларын 
жинап  алып,  жер  түбінде  жатқан  облысқа  апардың,  айналайын»  деп, 
анасының  Бейсенге айтқан жылы сөздері сөзімізге дәлел бола алады. 
Повесте балалар тәрбиесіне, нақтырақ айтқанда, ер балалар тәрбиесіне 
қатысты оқиға жазушы қаламы арқылы сенімді әрі уәжді суреттелген. Аудан 
орталығындағы  кинотеатрға кіргізетін, билет кесуші қарттың сағатын ұрлап, 
өзіне меншіктеп алған Бақажанды Ноқтабай тәртіп талқысына салады. Тіпті, 
оған Ноқтабай қол жұмсайды. Ұрлықы тірлікке зығырданы қайнайды. 
Осы  орайда  интернатта  оқыған  және  бір  замандастың  балалықпен 
жасаған  бір  ұрлығы  еске  түседі.  Жазда  демалыста  аулына  келген  сол 
замандас дос көрші үйге барады. Сол жерде өз құрбыларымен ойнайды. Есік 
алдында  үйіліп  жатқан  жаңа  қазылған  картопты  көреді.  Ешкім  білмеді-ау, 
көрмеді-ау  деген  сәтте  омырауына  үш  түйір  картопты  салып,  замандас  дос 
анасына  әкеліп  беріпті.  Үш  түйір  картопқа  қарап  қалған  заман  аса  ауыр 
уақыттардың  белгісіндей  көз  алдымызға  елестейді.  Соғыстан  кейінгі 
қиындықтар  кезеңі  ғой.  Сонда  анамыз,  шіркін:  «Қайдан  алдың,  балам,  сол 
жерге  апарып  қой»  депті.  Өзі  жалшымай  отырып,  көрегенділік  танытқан, 
біреудің  титімдей  дүниесіне  көз  алартпаған  қасиет  біздің  халықтың  төл 
табиғатындай-ау осы, дейсің осындайда.  
Қазірде осылай айтады ма? Неге айтпайды, айтады. Бірақ, әй қайдам?!  
Ноқтабайдың  тірлігі    де,  іс-әрекеті  де  тектіліктен,  парасаттылықтан, 
адалдықтан  айнымауды  өмір  бойы  өз  болмысына  бағдаршам    еткендей 
көзіқарақты  оқырманға  түйіледі.  Үлкен  ой  салады.  Жақсылық  атаулысына 

 
93 
жан-тәнімен, шынайылықпен берілуге, содан үйренуге ғибрат ететіндей. Бұл 
орайда  повестің  айтары  аз  емес.  Повестегі  кейіпкерлер  тағдыры 
халқымыздың  басынан    өткен  күрделі  тарихы  іспеттес.  Анасы  мен  інісі 
Ноқтабайға  қамқор  болып,  бір  үйдің  барша  тауқыметін  көтеріп  жүрген 
Нұриланың тағдыры да тым аянышты. Неге олай? Себебі бірнешеу секілді.  
Халқымызда кей-кейде жалған намысты ту етіп көтеру әдеті күнделікті 
тіршілігіне  дендеп  енген  секілді.  Мәселен,  Нұрила  сол  кезде  колхоз 
орталығына  картоп  тазалау  ісіне  барады.  Әрине,  тұрмыс  тапшылығының  
әсері де бар. Бес-алты күн осы жұмысты атқарсаң, бір қап картоп беретіндігі 
үшін анасы да Нұриланың сонда баруын қалайды.   
Жастықтың  жалынымен,  өзімен  бірге  жұмыс  жасайтын  бір  қыздың 
шақыруымен  оның  үйіне  қонаққа  барады.  Кейін  оны  көрші  үйге  кіргізеді. 
Басына  орамал  жабады.  Қайтадан  үйіне  қайтуға  Нұрила  намыстанады.  Ел-
жұрттың сөзіне қаламын деп. Анасының  да соңғы кездері дұрыс жігіт болса, 
көңілің  сәл-пәл  қаласа,  күйеуге  шық  деген  сөзі  де  Нұриланың  ішкі 
қарсылығын басады. Әйтпесе, ол жігітті құлай сүйген емес-ті. Сөйтіп, көңілі 
құлазыған  күйде  барған  жерінің  шаңырағында  келін  атанып,  қалып  қояды. 
Бұл  тақырып  жөнінде  талай-талай  ой-пікірлер  айтуға,  талас-тартыстар 
өрбітуге болар. Бірақ осынау мәселе әлі де өзінің түбегейлі озық, оң шешімін 
таппағандығы оқырман жанын әлі де толқытады. 
Әрине,  повесте  интернат  оқушыларының  барлығы  дерлік  жетімдер 
екендігін атап айттық. Олардың ерте есейгендігі де, пайымды әрі парасатты 
өсіп келе жатқандығы да жазушы назарынан тыс қалмаған. Алайда, баланың 
аты  –  бала.  Ол  өз  табиғатына  сай  еркелеуге,  балалықпен  шалалықты  тірлік 
жасауға  бейім  болатыны  да  аян.  Сондай  сәттер  де  Ноқтабайдың  басынан 
өтеді. Әпкесі Нұриладан хат алып, қағаз бетінен соңғы кездегі жаңалықтарды 
оқып,  біліп,  әпкесінің  еріксіз  халде  күйеуге  шыққанына  көзі  жетіп,  көңілі 
сенген  Ноқтабай  дел-сал  күйге  түседі.  Сабақтарға  дайындалмайды.  Кей 
пәндерден нашар баға алады. Тіпті, мінез де көрсетеді.  
Тарақов Есіркеп ағай оның күндей күркіреп,  қабағын тас-түйін түйген 
болмысын көріп, мені ұрайын деп тұрсың ба деген сөзіне ия  деп жауап беруі  
істі  насырға  шаптыртады.  Тарақов    Есіркеп  қатты  ашуланып,  Ноқтабайды 
сотқа  беремін  деп  долданады.  Дұрыс-ақ.  «Бала  емес,  бәле  тәрбиелепсіңдер  
сендер.  Бала  дейсіңдер.  Интернаттың  баласы  дейсіңдер.  Жетім  балаларға 
өзгеше  қамқорлық  керек  дейсіңдер.  Ал  енді  жемісін  жина!  Деректірдің 
жүрегін  жұлмалап,  шұрқ  тесік  қылған  осылар.  Енді  интернат  меңгерушісін 
өлтіреді  бұлар.  Ерте  есейген  дейсіңдер.  Жан-жүрегі  шерлі  дейсіңдер!  Мен 
оны сотқа берем!»  дейді ашу-ызаға булыққан ұстаз.  
Кімді  кінәларсыз?  Ұстаз  да  адам.    Оның  да  жүйкесі  жұқаратын,  сыр 
беретін  кезі  болады.  Бала  психологиясының,  әлеуметтік-тұрмыстық  деңгейі 
өзгеше  жас  ұрпаққа  қаншама  мейір  нұрын  төккенімен  аяғын  қате  басатын, 
кемшілікке жол беретін сәттері ұрпақ тәрбиесінде аз кездеспейді. Бәрінен де 
бұрын  мұндай сәттер дәстүрге айналмасын деп тілейміз. 

 
94 
Повестегі  оқиғалар  желісі    ХХ  ғасырдың  60-жылдарындағы  кеңестік 
өмірді  көз  алдымызға  елестетеді.  Бір  жағынан  кеңестік  елдің  сол  кезеңдегі 
қол  жеткен  табыстарын  қалайша  ұмытарсыз.  Алғаш  рет  әлемде  адамзат 
баласы  ғарышқа  көтерілді.  Қоғамдық  өмірде  еркін  ойлау  үдерісі  басталды. 
Екінші жағынан алып қарағанда   қоңыр тіршілік, қоңыр тұрмыс ауқымында 
өмір сүрушілер де аз емес еді.  
«Интернаттың баласы» сол кезеңдегі жетім балалардың, тұрмысы ауыр 
отбасылардың  өмірін жете  суреттеген,  терең  игерген  көркем  туынды  болып 
қала  беретіндігін  атап  айтқан  жөн.  Қоғамда  бәрі  де  бірдей  жақсы  ғұмыр 
шегуге болса да, ұлы Абай айтқандай:  «Қарашада бір үй тұр, қарайлай жүр 
артыңа»    дегеніндей,  тұрмысы  төмен,  ата-анасы  бақилық  болған  жетімек 
жандардың  тіршілігіне  бір  уақыт  көңіл  бөліп,  солармен  бірге  ғұмыр 
кешкендей  ауыр  тағдырға  ортақтасасыз.  Повесте  нағыз  өмір  бар. 
Кейіпкерлердің сергек те, толғанысты сезімдері әбден жеткілікті. Езілесіз де, 
ерге  тән  мінезге  де  ие  боласыз.  Шығарма  көркем  де  қуатты  тілмен 
өрнектелген.  
Дәлел  үшін мына  бір  ғана  сөйлемді  мысал  үшін келтірелік:  «Одан  әрі 
Нұрила солқылдап жылап жіберді. Атасы мен апасы:  «Жынды ағаңмен ауру  
ініңді үйге кіргізер жайымыз жоқ,» – депті. Құдаларға жарыған екенбіз деген 
сияқты. Сары кесел балаларға жұғады депті. Анау жындыдан шошиды деген 
сияқты.»  
Өмірмен  етене  суреттелген  шығарманы  оқи  отырып,  күрделі  де  сан 
қырлы,  құпиялы  да  сырға тола тіршіліктің  бір қазанында қайнап жүрсек те, 
бұдан да тыс ерекше өмір бар екендігіне көзіңізді жеткізе түсесіз.  Бірін-бірі 
түсінсе де түсінбейтін, яғни өз орбитасына өзге біреулерді енгізуге тұла бойы 
қарсы,  әлдеқайдан  келген  ғарыш  адамдарындай  болған  адамзат  баласының  
беймәлім де мәлім психологиясына қаныға түсесіз. 
Ноқтабайдың ойлау жүйесін де жазушы аса бір ұлттық ерекшелікке сай 
суреттеген.  Ноқтабай  көктемнің  суық  болып  келгендігін  айтқысы  келгенде:           
“Көкем  өлген  көктемнен  бері  өрік  жөнді  салмай  қойды”  деген  сөзбен 
өрнектейді. Ноқтабай интернаттың мәні мен маңызын сипаттағанда да, үлкен 
нағашысының  үйінен  әлдеқайда  артық  екенін,  ақ  жайма,  ақ  жастық  дегенге 
ол жақта жатып көріп пе еді деп, ой толқытады. Ноқтабай Жанат апайын еске 
алғанда,  оны  өзінің  әпкесі  Нұриламен  салыстырады.  Әнші  болғанда,  ол  да 
өзгеше өмір сүрер ме екен деп. Жанат апайы секілді қызмет етер еді-ау деп.  
Ноқтабай  өзінің  сары  ауруы  жұқпалы  екендігін  біліп,  әпкесінің  үйіне 
қондырмағандығын  дұрыс  деп  есептейді.  Әпкесінің  келген  жерін 
айыптағысы келмейді. Бірақ суық жел мен жаңбыр сіркіреп жаууға айналған 
кеште оларды кең де атшаптырым ауласына қондыруға болатын еді ғой. Бұл 
ел ішінде тентек, жынды атанған жаман тонды Жақсыбайдың сөзі. Бірақ ол – 
нағыз  бауырмашыл.  Нағыз  мейірбан.  Аптап  ыстықта  саясын  өзгеге  түсіруге 
құмбыл жан. 
«Бауырым-ау,  ауруың  қайталап  қалмаса,  қайтсін!  Кілдіреп,  төсектен 
жаңа  тұрғанда  мынадай  жағдайға  тап  болдың.  Сорлап  қалмасаң  қайтсін.  

 
95 
Мені  қойшы,  мен  итті  қойшы.  Сорым  қайнай-қайнай  қара  күйе  боп  кеткен. 
Ай,  атаңа  нәлеттер-ай!  Жүрегі  де  тас,  бүйрегі  де  тас,  бауыры  семент 
оңбағандар-ай!  Алтындай қызды алып алды. Ендігі қылғандары мынау. Ай, 
атаңа  нәлеттер!»  деп  жаман  тонды  Жақсыбай  дегбірінен  адасса  да,  ақыл-
есінен  танбай  Ноқтабайдың  аурудан  кейінгі  әлсіз  ахуалына  бейжай  қарай 
алмайтын мінезімен айрықшаланады. 
Сары  аурудан  айыққан  Ноқтабайды  жаман  тонды  Жақсыбаймен  бірге 
бастауыш  мектепте  бірге  оқыған  сауыншы  Еркебала  және  оның  күйеуі  
фермадағы  есепші  өз  үйлеріне  кіргізеді.  Ауруы  жұғады  десе  де:  «Не  бопты 
сонша  ел  тыныш,  жұрт  аманда  үйге  қонақ  кіргізбегендей»  деп,  жылы 
қабақпен қарсы алады олар.  
Ертесіне  жолға  шыққанда,  Жақсыбай  мен  Ноқтабай  Нұрилаға 
жолығады. Ол алғаш аттаған табалдырығын тастап, Қоғалыға біржолата келе 
жатады.  Әрине,  анасы  тағдыр  талқысына  қор  болып  жылайды.  Бірақ 
Ноқтабай  бойын  жинап,  әпкесінің  өзі  таңдап  алған  қадамын  құптайды.  
Кейінірек,  әпкесі  де  аудан  орталығындағы  сырттан  оқыту  мектебіне  барып 
оқуға жазылады. 
Қоңыр  тіршілікке  көндігіп,  елдің  алдына  шығуды  іштей  ниеттенсе  де, 
бас  аман,  ел  тыныш,  қарын  аш  болмаған  тұрмысқа  шүкіршілік  еткен 
Ноқтабайдың анасының сөзі де парасаттылығымен, пайымдылығымен жүрек 
төрінен орын алады. «– Айналайын,  жарығым, әкесіне тартқан жарығым!» – 
деуші еді апасы. – Шыли жақсы оқымай-ақ қойыңдаршы. Тіл-көз деген бізге 
жақпаушы  еді.  Ел  қатарлы  оқысаңдаршы...»  Осы  орайда  дана  халқымыз 
айтатұғын  «Көштің алды болма, көз тиеді. Көштің соңында жүрме, сөз тиеді. 
Көштің қақ  ортасында жүр, сонда көз де, сөз де тимейді» деген сарабдал да 
салиқалы тағылымы  еске түседі. 
Тағдыр  Ноқтабайды және де қатты қапа етеді.  Ол анасының дүниеден 
өткендігі  жөніндегі  жеделхат  болатын.  Онда  анасының  ауыр  хал  үстінде 
жатқаны, бұның жедел жетуі туралы хабар жазылған-ды.  Бәрін де алдын ала 
біле  қоятын,  түгел  түсініп,  сезе  салатын  Ноқтабай  осынау  мағлұматтың 
астарын лезде аңғарады. Тағдыр Ноқтабайдың соңғы қамқоры болған анасын 
да  ендігіде  бақилыққа  алып  тынған-ды.  Бірақ  Ноқтабай  жыламайды. 
Таусылып  егілмейді.  Есейген  қалып  танытады.  Сабыр  атаулысының  бәрін 
дерлік  бойына  жинап,  қорғасын  салмақты  жүкті  иығына  артқандай 
болмысымен туған топырағы Қоғалыға қарай бет алады. 
Повестің  эпилогы  екі  хатпен,  оның  мәтінімен  оқырман  қауымға  
ұсынылған.  Тағдыр  тауқыметін  көп  көрсе  де,  өмірге  кінә,  реніш  артпаған 
Нұрила  да,  Ноқтабай  да  ел  тұтқасы  боларлық тұлғаларға  айналыпты.  Арада 
жиырма  жыл  өткенде  Ноқтабай  институт  ректоры  болған.  Нұрила  аудан 
басшыларының  біріне  айналған  фельдшер  Бейсенбекке  тұрмысқа  шыққан. 
Еркінбек білдей журналист атанған. Тәжен зоотехник болып қызмет атқарып 
жүрген  кезде  жол  апатынан  қаза  бтапқан.  Қоғалыдағы  жаңа  мектепке 
Жақсылық -– Жак Паганель директор болып орналасқан. 

 
96 
Повесть  көркемдік  әлеуетімен,  кейіпкерлер  әлемінің  тұтастығымен, 
композициялық  біртұтас  қуатымен  әрі  жүйелігімен,  авторлық,  азаматтық 
дүниетанымымен  мықты-ақ    дегіміз  келеді.  Бұл  орайда  жазушының 
шығармашылық  зертханасы  өмірлік  тәжірибесінің  молдығымен,  төл 
тіліміздегі    сөздік  қорды  кемел  де  кешенді  түрде  суреткерлік  көркем 
шеберлікпен игере білуімен  қатар, оны  байыта түскендігін анық байқаймыз. 
Бұның  бәрі  де  қалам  қуатын  арттыра  түсетін  басты  сипаттар.  Ақиық  ақын 
Мұқағали  өлеңінде  жырланғанындай:  “Өмір  деген  қызық  қой,  Қызық  жерін 
сызып қой. Өмір деген өксік қой, Сөйтіп жүріп өстік қой.» демекші, повестегі 
жетім балалар тағдырымен танысқанда дәл сондай өзекті кейде өртеп, кейде 
жылытқан саналуан көңіл иірімдерін бастан кештік. 
 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет