Кәсіби практика жоғары оқу орнында алған теориялық білімді бекіту, тәжірибелік машықты және құзыреттілікті арттыру үшін, сонымен бірге озық тәжірибені меңгеруге бағытталған.
Оқу үрдісі кезінде «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығының студенттері мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес төмендегідей кәсіби практика түрлерінен өтеді:
оқу практикасы;
педагогикалық практика;
өндірістік практика.
Практиканың барлық түрлеріне студенттердің жолдамасы ректордың бұйрығымен бекітіледі. Жолдамада практиканы өту мерзімі, практика базасы мен жетекшілері көрсетіледі.
Практика жетекшілері ретінде шет тілін оқыту және мектепте тәрбие жұмыстарын өткізу әдістемесін жақсы меңгерген кафедраның тәжірибелі оқытушылары – доценттер, аға оқытушылар тағайындалады.
Практика жетекшісі студенттерді мектептерге жолдайды. Практика мерзімін және мазмұнын қадағалайды, студенттерге сабақ жоспарын жазуға әдістемелік көмек көрсетеді. Практика басталмас бұрын бекіту конференциясын өткізіп практика ережелерімен, талаптарымен таныстырады, құжаттарды толтыру бойынша кеңес жүргізеді, практика бағдарламасына сәйкес студенттермен кеңес өткізеді, практика өту барысын қадағалайды, практика қорытындысын бағалайды және практикадан өту бойынша қорытынды есепті жазбаша түрде өткізеді.
Студент-практикант практикаға дайындық және практикадан өту барысында: практикадан өтетін ұйымды, мекемені таңдауға; топ жетекшісіне әдістемелік көмекке және туындаған мәселе бойынша практика базасы әкімшілігіне жүгінуге; практика жетекшісінің келісімімен педагогикалық кеңеске, семинарларға және басқа іс-шараларға қатысуға; практика нәтижесімен студенттік ғылыми конференцияда сөз сөйлеуге; практика кезінде курстық және дипломдық жұмыстарға материалдар жинақтауға; практиканы ұйымдастыруды жетілдіруге ұсыныс енгізуге; ұйымдағы әдебиеттерді, техникалық құралдарды, қажетті құжаттарды, дерекқорды және оргтехниканы қолдануға құқылы.
Студент – практикант практикадан өту барысында міндетті:
практика бағдарламасында қарастырылған тапсырмаларды толық орындауға;
практикадан өтетін мектептің ішкі ережелеріне бағынуға;
практика күнделігін толтыруға, барлық атқарылып жатқан іс шараларды күнделікке түсіруге, бақылау нәтижелерін және оларды талдауға;
кафедраға практика орнының мөрімен расталған және қол қойылған практика бойынша есепті (пікір немесе мінездеме, жазбаша есеп) уақытында өткізуге;
практика бағдарламасы бойынша тапсырманы уақытында орындауға, өз уақытында есеп беруге, қорытынды конференцияда белсенділік танытуға;
бекітілген мерзімде денсаулығына байланысты немесе басқа да дәлелді себептермен практикадан өтпеген жағдайда, басқа мерзімде практика бағдарламасын өтеуге.