Мұстафа Шоқай (25 желтоқсан, 1890 жыл, Сырдария губерниясы, Ақмешіт уезі, Наршоқы — 27 желтоқсан, 1941 жыл, Берлин) - көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Түркістан автономиясының жетекшісі.
Мемлекеттік Думада жұмыс істеуі
Ақпан төңкерісіне дейін Алаш көшбасшысы Ә.Бөкейханмен бірге Ресей Мемлекеттік Думасының мұсылман фракциясында хатшы қызметін атқарады. 1916 жылғы дүрбелең кезінде Түркістан және жалпы қазақ жеріндегі бассыздықтарды әшкерелеп, Мемлекеттік Думаға арнайы құжатты мәліметтер ұсынады. Сөйтіп, осыған байланысты комиссия құруға себепші болады. 1917 жылы төңкерістер тұсында мықты Түркістан мемлекетін құру идеясын ұстанады. Ташкентте «Бірлік туы» газетін ашады. Орынбордағы Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыс ұстайды. Алаш партиясы құрылатын бірінші жалпықазақ сиезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын екінші жалпықазақ сиезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады. Алғашқы сиезде «Шора-и-ислам» жұмысына қатысатын 8 қазақ өкілінің бірі болып сайланады. Екінші сиезде Алашорда үкіметі — Ұлт кеңесіне Сырдария атынан кіреді. 1917 жылы Жаңа Марғұланда өткен өлкелік мұсылмандар кеңесінде қайраткер Бүкілтүркістандық мұсылмандардың құрылтайын Қоқан қаласына шақыру туралы бастама көтереді. Қарашада Қоқанда Түркістан автономиясын жариялау шарасына бастан-аяқ қатысады. Мұсылмандарының IV төтенше құрылтайына қатысуы
Түркістан аймағы үшін осы ерекше жиын — 1917 жылы 26 қараша күні Қоқанға шақырылған өлке мұсылмандарының IV төтенше құрылтайы еді. Аталған құрылтай 26-27 қараша аралығында өтті (жаңаша ресейлік жыл санау бойынша 9-10 желтоқсан). Бұған Сырдария, Закаспий, Самарқан, Фергана, Жетісу 200-ден аса делегат қатысты. Олардың ұлттық құрамы да айрықша: қазақ, өзбек, түркімен, қырғыз, әзірбайжан, тәжік, орыс, украин, поляк, еврей т.б. Бұл оның халық деген ұғымды Түркістанның тарихи тағдырымен байланыста қарағанын көрсетеді.
1918 жылы қаңтарда Түркістан автономиясының алғашқы үкімет басшысы М.Тынышбаев өз еркімен жұмыстан босағанда, М.Шоқай осы қызметке сайланады. Большевиктер бұл автономияны ақпанда қанды қырғынмен таратты. 1918 жылы қыркүйекте қайраткер Самарада бас қосқан Ресейдің азаттық жолындағы күрескерлерінің Құрушы мәжілісіне (Комуч) қатысады. 1919 жылы ақпанда Түркістан мемлекеті бағдарын одан әрі қозғау үшін Бұхар әмірлігі мен Закаспийдегі ағылшын корпусы басшылығымен келіссөзге Ашхабатқа келеді. Сол жылы Баку мен Тифлисте сәл аялдап, (гүржі жерінде «Яни дүния», «Шафак» атты газеттер шығарысып, «Вольный горец» басылымына атсалысады) Стамбулға аттанады.
Түркия арқылы алғаш Германияға, сонан соң Францияға барып орнығады. Эмиграцияда «Жаңа Түркістан», «Жас Түркістан» журналдарын шығарып, кеңестің озбыр саясаты туралы зерттеулер жазады. Қайраткер 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлинде жұмбақ жағдайда қайтыс болады.
Назарларыңызға рахмет
Достарыңызбен бөлісу: |