О.БӨКЕЙДІҢ «ҚАМШЫГЕР» АТТЫ ӘҢГІМЕСІНДЕГІ МӘДЕНИ ЛЕКСИКАНЫ АУДАРУ ЖОЛДАРЫ
Саруарова Асыл Абдиуалиевна
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті, Аударма ісі мамандығының 2-курс студенті, Нұр-Сұлтан, Қазақстан
Ғылыми жетекшісі: Ph.D докторы Нұрмира Жұмай
Көркем аударма күні бүгінге дейін шетел әдебиетінің шығармаларын меңгерудің негізгі және тиімді жолы болып жалғасын табуда. Көркем аударма теориясы мен практикасы саласындағы зерттеулердің салыстырмалы түрде зерттеу үшін маңызы зор, өйткені ол елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстардың орнап, дамуына ықпал етеді. Соңғы жылдары қазіргі Қазақстан өмірінің барлық саласында халықаралық байланыстарының кеңеюіне байланысты көркем аудармалардың әлеуметтік-мәдени маңызы арта түсті. Мақаланың негізі ретінде Оралхан Бөкейдің «Қамшыгер» әңгімесі алынды. Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы жарық жұлдыздарының бірі болған Оралхан Бөкей жазушы да, драматург те болған еді. Мақалада жазушының жазған «Қамшыгер» әңгімесінің түпнұсқасын ағылшын тіліндегі аудармасымен салыстырыла талдау мәселесі қарастырылады. Шығармадағы аударылу ерекшеліктері, аударма кездескен қиындықтар, аудару тәсілдері қарастырылып, талдау жасалынды.
Кілт сөздер: реалия сөздері, доместикация мен форенизация стратегиялары, көркем әдебиет.
Жазушы Оралхан Бөкей туындыларының бір ерекшелігі – мифтік желіні қолдануында да болып табылады. Миф – халық шығармашылығының өте ертеден келе жатқан ең көне жанрларының бірі. Миф алғашқы қауымдық қоғам адамдарының дүние туралы, әлемге әмір етер сыртқы күштер, яғни құдайлар мен рухтар образдары туралы және табиғаттан тыс құбылыстар мен оқиғалар жөніндегі түсінігі туралы көзқарастардан қалыптасқан. Мұндай мифтік сарын Оралхан Бөкейдің «Қамшыгер» атты әңгімесінде де кездеседі. Мәселен, айды қасиет тұтқан көне мифтік мазмұн шығармада барынша әсерлі берілген. Бұл жерде әңгіменің басы мен аяғында бүкіл обьект, яғни Садақбай ай астында алып қаралады. Жазушы «Ай астында...» деген тіркесті әңгіменің басында және соңында да қайталап келтіреді. «Ай астында» Садақбайдай қамшыгердің тағдыры, жан күйзелісі, барлық өмірі бейнеленеді. «Қамшыгер» атты әңгімесінде Садақбай образы арқылы оқырманды еріксіз әртүрлі ойларға жетелейді.
О.Бөкей шығармаларын орыс тіліне Ресей мен Қазақстанның көрнекті аудармашылары Анатолий Ким, А.Кончиц, О.Мирошниченко, Б.Момышұлы, Р.Сейсенбаев, Ю.Домбровский, А.Орлов, В.Мироглов, Арина Ким аударған. Жазушының алғашқы әңгімесі «Қамшыгер» аудармасын жазушы Роллан Сейсенбаев жасаған. Осы орыс тіліндегі Роллан Сейсенбаевтың нұсқасынан ағылшын тіліне аудармашы Саймон Холлингсворд тәржімалаған [1].
Қамшыгер – жазушының шеберлігін толық көрсете алатын ерекше туындыларының бірі. Оқиға желісі, ондағы образдар мен пейзаждардың барлығы басынан-ақ қоырмандарын баурап алады. Қазақ халқының салт-дәстүрінен, өзіне ғана тән ұлттық ерекшеліктерінен хабар беретін бұл шығармада реалий сөздер жиі қолданыс тапқан.
Аударма теориясы және практикасы саласының белді зерттеушілері С.И. Влахов және С.П. Флориндердің пікірінше, реалия сөздердің аудармасы екі рет шартты: қағида бойынша реалия сөздер аударылмайды (сөздік тәртіп бойынша) және қағида бойынша ол аудару тәсілімен (контекстте) жеткізіледі [2, 56].
Ал зерттеуші И. Левый реалия сөздерді «аудармашының азабы» деп атаған [3, 19].
Осыған қарамастан А. В. Федоров «басқа тілге аударылмайтын сөз жоқ, яғни, берілген тілдің көп таралған сөз тіркестерімен сипатталмайтыны жоқ» деген пікір айтады [3, 198].
Аударма кезінде реалия сөздерді жеткізуде негізгі екі қиыншылық кездесетіні туралы айта кету қажет: аудару тілінде сәйкес сөздің (эквиваленттің) болмауы, бұл осы тілде сөйлейтін адамдарда осы реалиямен белгіленген объектінің болмауына байланысты; реалияның заттық мағынасын (семантикасын) жеткізгенде оның нақышын (коннотациясын), ұлттық-тарихи ерекшелігін де жеткізу қажеттігі туындайды.
Реалия сөздер көркем әдебиетте өте жиі кездеседі. Олар белгілі бір халықтың мәдениетімен байланысты. Осы халықтың тілі үшін жалпы қолданбалы, ал басқа тілдер үшін жат. Қандай да болса ұлттық бояусыз, ғылым саласына жататын терминдер жасанды түрде пайда болады. Олар тек қана затты не құбылысты атау үшін қолданылады. Енді «реалия» терминінің әр алуан анықтамаларын қарастырайық:
1) реалия – бұл ұғым, практикалық түрде басқа тілде сөйлейтін адамдардың өмірінде болмайтын ұғым;
2) сыртқы лингвистикамен және аударматанумен зерттелінетін әр түрлі факторлар және олардың тілде бейнеленуі, сондай-ақ берілген елдің мемлекеттік құрылымы, халықтың тарихы, мәдениеті, тілі, берілген тіл меңгерушілерінің байланыстары және т.б.;
3) сөздің номинативті мәні үшін негіз болып табылатын материалдық мәдениеттің заттары;
4) өмірдің және тұрмыстың ұлттық ерекшеліктерін белгілейтін сөздер [4, 2].
Реалия сөздер сипаттайтын факторларына сәйкес келесі топтарға бөлінеді:
1) заттық (географиялық, тұрмыс, киім, ақша, өлшеу бірлігі, сәулеттік, атақ және лауазым, партиялар, саяси-әлеуметтік қозғалыстар, әскери, әкімшілік-территориялық бірліктер, фольклор, ойыншықтар, ойындар, билер, жанрлар, мәдени реалия сөздер);
2) жергілікті (ұлтқа және тілге байланысты);
3) уақыттық (осы заманғы және көне реалия сөздер);
4) аудармашылық. [2, 50].
Енді жазушы Оралхан Бөкейдің «Қамшыгер» атты шығармасында кездесетін реалияларды топтарға сәйкес жіктеп көрейік.
Аудармада түпнұсқаға сәйкес Tuyetas, Sharyktybulak, Suykshat, Buzkashi деген реалия сөздерін кездестіре аламыз. Бұның барлығы заттық реалиялардан бөлінген географиялық атауларға жатады. Ағылшын тіліне аударылғанда, оқырманға түсінікті болуы үшін атауларға сәйкес ravine, abyss деген географиялық элементтері жалғанады.
Бірнеше тұрмысқа және киімге қатысты реалия сөздерін кездестіреміз. Kumiss, soil, сhekpen сөздері ағылшын тілінде ешбір аналогсыз, қазақ тіліндегі түпнұсқадағыдай транслитерация тәсілімен аударылған.
Aul, Sholpan сөздерінің территориялық бірліктер мен аспан элементіне сәйкестігін ескере отырып, қазақ тіліндегідей ерекшелігін сақтап, аударылмай берілген.
Сонымен қатар заттық реалиялар тобының ішіне кіретін лауазым мен атақтардың бірнешеуін әңгімеде кездестіре аламыз. Олар: Dzhigit, aqsaqal, karaqsaqal сөздері адамдардың қазақ қоғамындағы жоғары орындағы лауазымдарын көрсетіп тұр [5].
Реалия сөздерді жеткізу үшін, мәтіннің жанрына қарап, талдап, ойлану қажет. Егер де бұл ертек болса, онда ұлттық ерекшеліктеріне қарау қажет, егер бұл этнографиялық очерк немесе басқа елдерге, аудандарға саяхат туралы әңгімелер болса, онда реалия сөздер максималды түрде жеткізілуі керек.
Біз жазушы О. Бөкей шығармаларынан автордың өз оқырмандарына қатты әсер алу ерекшеліктері бар екендігін байқаймыз. Жазушы О. Бөкейдің шығармаларын аудару барысында жоғарыда аталған аудармашы аударманың доместикация және форенизация стратегияларын қолданған. Бұл стратегиялардың қолданысы көбінесе ұлттық және мәдени ерекшеліктерді сипаттайтын тілдік бірліктерді аудару барысында анық көрініс табады.
Әңгімеде біз аудармашының форенизация стратегиясына басымдық бергенін көре аламыз. Мысалы, «Керегеде салбырап ілулі тұрған бұзау тіс он екі өрім қамшының ұшынан сүт ағып тұр...» - His heavy crop hung on the wall with a copper ball on the end, twisted from twelve strong straps. Келтірілген мысалдардан кереге-wall, бұзау тіс он екі өрім қамшы- twisted from twelve strong straps сияқты халқымыздың ұлттық ерекшелігіне сай элементтер келтірілген. Барлық мысалдарда аудармашы доместикация стратегиясын қолдана отырып, ағылшын тілді оқырманға түсінікті етіп, мәдени ерекшелігі бар көрсеткіштерді өз ерекшеліктерінен айыра аударған.
Кейбір мысалдарда доместикация стратегиясына негізделген аудармада осындай ұлттық ерекшеліктер сөздің бастапқы мағынасын толық жеткізе алмай қалған. Мысалы: қараша үй – modest [6, 414].
қымыз – a wondrous milk [6, 416].
күнәһар – a sinner т.б [6, 430].
Әңгімеде аудармашының форенизация стратегиясына басымдық беріп, қолданғанын да байқауға болады. Әңгімеде кездесетін көптеген ұлттық және мәдени ұғымдар аудармасыз қалған. Мысалы, киіз үй – yurt, жігіт - dzhigit, ақсақал - aqsaqal. Аудармашы транслитерация әдісі арқылы ағылшын тілінде кездеспейтін сөзді орынды берген. Қамшы – crop. Мұнда аудармашы өз тілінде кездесетін жоғары эквивалентті сөз аудармасын сәтті қолданған. Қымыз – kumiss, шекпен – chekmen, аул – aul. Бұл сөздерді аударуда да аудармашы көптеген әдістердің бірін - транскрипция әдісін қолданған.
Қорыта келгенде, шығарманы аудару барысында екі аударма стратегиясының да қатар қолданылғаны белгілі болды. Аудармашы екі стратегияны қолдана отырып, доместикация мен форенизация стратегияларының қолдануының арасында тепе-теңдік сақтап, қазақ халқының мәдени мен ұлттық ерекшеліктерін ағылшын тіліне барынша жақын етіп беруге тырысқан.
Пайдаланылған әдебиеттер:
О.Бөкей – Әдебиет порталы https://adebiportal.kz/kz/authors/view/846
Классификация реалий С.И. Влахова и С.П. Флорина. 1980, 57-58.
Иржи Левый. Искусство перевода. - М.: Прогресс. - 1974. - 395 с.
Вестник КАСУ №2 - 2010, Қазақ Филологиясы, 89 бет.
https://docviewer.yandex.kz/view
O. Bokeev. The man-deer and other stories. - Almaty, 2017. 441p
Достарыңызбен бөлісу: |