Ақынның махаббат туралы жырлары
Қасымның қай өлеңінен болса да сөз өнеріне деген адалдығы айдарланып тұрады. Әсіресе, бұл ерекшелік оның махаббат лирикасынан айқын сезіледі.
Ақынның «Орамал» деген өлеңіндегі орамал – символдық белгі. Сол символдық белгі арқылы ақын соғыстың қасіретін көрсете отырып, адал жарының сезімінің сұлулығын, махаббатының пәктігі мен тазалығын, сертінің беріктігін, жан-дүниесінің тереңдігін асқан шеберлікпен ашқан;
- Қасымның махаббат лирикасы өз заманында тиесілі бағасын ала алған жоқ. Тоталитарлық жүйе тақымын қысып, дәурені дәуірлеп тұрған заманда белгілі бір қалыпқа симайтын, албырт сезімі өз арнасынан шығып кетіп еркін толқыған ақынның махаббат музасының өзіне тиесілі лайықты бағасын алып, жоғары бағалануы мүмкін де емес еді. Әйтсе де Қасымның махаббат лирикасы туралы ең алғаш пікір білдірген сыншылдарымыздың бірі Есмағамбет Ысмаилов болды;
- Қасым сезімінің кіршіксіз тазалығын тебірене толғағанда, адамның көңіл-күйінің қалтарысында бұғып жатқан нәзік пернелерін аса бір үлкен сезімталдықпен таба біледі, кез-келген пенденің басынан өтетін махаббат шаттығының қас-қағым сәттерін де, жүрегінді балқытатын әдемі көздерін де судыраған жібектей майда тілмен әсерлі жеткізеді. Ақынның махаббат жырларын оқығанда көңілің алабұртып, жүрегінді әлдебір сезім қытықтап қоя береді;
- Қасымның махаббат лирикасы сезімге жан бітірген Мағжан поэзиясының заңды жалғасындай болып көрінеді. Мағжан поэзиясымен ішкі үндестікті аңғарамыз.
Үшінші тарау «Қасым Аманжолов лирикасының көркемдік әлемі» деп аталады.
Қасым Аманжолов лирикасының тілі бейнелі суретке толы. Қасым Аманжолов көркемдеу құралдарының халықтық үлгісін пайдаланып, өз тұсынан оны жетілдіре, дамыта түскен талант екендігі даусыз;
Өлең сөз өнерін игеру мәселесінде қазақ қауымы Абайға соқпай өтпейді. Қасымның тіпті әйгілі үлкен ақын танылған, өзіндік ерекшелігі, өз стилі қалыптасқан шағының өзінде жазған «Оңаша ой» (1949), «Жасып қайғы ойлама» (1951), «Еркіндеп-ақ келесің» (1952), «Абайға айтарым (1954), «Сыйса егер өмір сыры бір жаныңа» (1950), «Абай арманы» (1950), «Шыңғыстауда» (1950) тәрізді өлеңдері Қасымның Абайдан үйренгендігін, үлгі алғандығын танытады;
- Қасым үлгі алған, үйренген ақындарымыздың бірі- Ілияс Жансүгіров. Ілияс Жансүгіровтің шығармалары Қасымға үлкен әсер еткен. Қасым Ілиясты үлгі, өнеге тұтқанда, оның өмірді өлең ету тәсілдерін, түрін, стилін ғана ұстап, сонан ғана үйренген жоқ, Ілиястың тіл, бейнелі сөз өрнегін, көркемдеу құралдарын қолдану тәсілдерінен де үйренді. Мұнда да Қасым өз шығармаларында Ілиястың өзіне ұнаған тәсілдерін, бейнелі сөз өрнектерін қолданып отырды;
- Қасым Аманжолов өткен поэтикалық мектеп осылар ғана десек, қате болар еді. Өйткені Қасым шығармашылығына орыс әдебиеті классиктерінің — Пушкин, Лермонтов, Некрасовтардың, орыс поэзиясы классиктерінің — Маяковский, Твардовскийлердің, шығыс әдебиеті өкілдерінің, ұлттық республикалар әдебиеті өкілдерінің әсері болғаны да даусыз;
- Қасым Аманжолов творчествосында ең көп ұшырасатын, ақынның әртүрлі жағдайда әрқилы қолданып көрген көркемдеу құралының бірі — эпостық жырларда кездесіп отыратын бейнелі сөз үлгілері. Бұлар көбінесе ақын поэтикасы қалыптасуының алғашқы кезеңінде туған өлең, толғауларынан жиі ұшырайды;
- Лирикалық қаһарманның сипатын ашуда, оқиғаны баяндауда тұспалдау, ажарлау, құбылту үндестікпен жұмсалып отырылған. Теңеу, эпитет, ауыстыру, алмастыру, кейіптеу, ұлғайту, т.с.с. айшықтау орынды қолданылған.
-Ақын тілінде метафоралар мол. Кей өлеңдерінің тақырыбының өзі метафораға құрылған.(Мектеп-кеме, білім-теңіз т.б.).
Төртінші тарау «Қасым Аманжоловтың аудармашылық шеберлігі» деп аталды. Онда ақынның аудармалары жайлы сөз еттік.
Қасым Аманжоловтың ақындық жолында көп ізденгеніне – оның аудармалары куә. Ақынның поэзия айдынында балықтай жүзіп, өлеңде өзін еркін сезінуі әлемдік әдебиетті керемет білгендігінің арқасы. Ақын поэзиясын ыждаһаттылықпен зерделеген оқырман жырларынан Шығыстың өлең үлгілерін де, Батыс мәдениетінің ою-өрнектерін де байқай алады;
Қасымның Еуропа ақындарын қазақ тіліне асқан шеберлікпен аударуының басты сыры да – оның ақындық талантында жатыр. Қасымның аудармасында А.Пушкиннің лирикалық жырлары, М.Лермонтовтың өлеңдері, А.Твардовскийдің «Василий Теркин» поэмасы ақынның төл туындысындай болып кеткен. Ақын аудармада да өзіндік қолтаңбасын таныта білді.
Достарыңызбен бөлісу: |