ҚАЗАҚ ЖӘНЕ МОҢҒОЛ ТІЛДЕРІНДЕГІ ОРТАҚ БЕЙНЕЛЕУІШТЕРДІҢ ФОНОЛОГИЯЛЫҚ СИПАТЫ
Камалашқызы Х., Халықаралық қатынастар факультеті, түркітану кафедрасы
докторанты, kamalashkyzy2014@mail.ru, https://orcid.org/0000-0002-2990-1772
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақстан Республикасы
Аңдатпа. Бұл мақалада автор қазақ және моңғол тілдеріндегі ортақ бейнелеуіш сөздердің фонологиялық ерекшеліктеріне талдау жасайды. Талдаулар лингвист ғалымдардың бейнелеуіш сөздердің дыбыстық ерекшеліктеріне қатысты ғылыми концепциялары мен қорытындыларына сүйене отырып түсінідірілді. Сонымен бірге жалпы түркі тілдеріндегі имитативтерді де қоса қарастырады. Талдау, салыстыру әдістері арқылы тілдік фактілер мен тілдік бірліктердің құрылымы зерделенеді.
Жалпы түркі тілдеріндегі еліктеуіш сөздердің шығу тарихы өте ескіден, тұлғалық-мағыналық табиғаты күрделірек келетін, қолданыс аясы да кең байырғы құбылыстарға жататындығымен ерекшеленеді. Сондықтан да кез-келген түркі халықтарының тіліндегі еліктеуіш сөздердің пайда болуын этностың балаң кезінде қоршаған өлі-тірі табиғаттың түрлі құбылыстарының салдарынан және әр-түрлі дыбыстардың жаңғырығы т.б қимыл-қозғалыстың әрекеттерін өз тілінде еліктеп, қайталаумен байланыстырады. Сондықтан да кез-келген түркі тілдеріндегі салыстырмалы зерттеулерде еліктеуіш сөздердің қалыптасуында көптеген ұқсастықтар бар екендігін ғалымдар пікірлері аңғартады.
Осының негізінде мақалада қазақ-моңғол тілдерінің ортақ бейнелеуіштерін салыстыра отырып дыбыстық сипатын анықтайды.
Кілт сөздер: қазақ тілі, моңғол тілі, фонетика, морфология, семантика, имитативтер, бейнелеуіш сөздер, дыбысбейнелеуіш сөздер т.б.
Кіріспе. Түркі-моңғол тілдерінің, соның ішінде қазақ-моңғол тілдерінің ерекшеліктерін салыстыра қарастыруда олардың ежелден тұрмыс тіршілігі мен рухани жағынан ұқсастықтары бар халықтар болғандығын байқауға болады. Моңғол тілінің сөздік қорында санскрит, тибет т.б. тілдерінен енген кірме сөздер бар болса, ал қазақ тілінің сөздік қорына араб, парсы сияқты шет тілдерінен енген кірме сөздер кездесіп жатады. Осыған қарамастан қазақ-моңғол тілдерінің ішінара ортақ элементтерінің біртіндеп кездесуі түркі-моңғол халықтарының тілдері біртекті тілдерден екенін байқаймыз. Түркі, моңғол, тұңғыс-маньжчур, корей, жапон тілдерін Г.И.Рамстедт тарихи тұрғыдан салыстыра зерттеп «Алтай тіл теориясы»-ның негізін қалады.
Б.Базылхан Алтайлық тектілдерді тарихи тұрғыдан салыстыра зерттеуде Г.И.Рамстедттің ұстанған бағытына сүйене отырып, түркі-моңғол тілдері – ең негізгі дереккөз екенін атап өтеді [1, 6 бет].
Кейін түркі тілдерінің төңірегінде біртіндеген салыстырмалы зерттеулер қолға алынып, жаңаша деректер шыға бастады. Түркі тілдеріндегі түбірлер туралы академик А.Т.Қайдаровтың, профессор Е.З.Қажыбековтың, ғалым Э.В.Севортянның еңбектерінде Алтайлық тектілдерді салыстыра отырып, фонологиялық, морфологиялық, семантикалық жағынан көптеген құнды мәліметтер береді [4, 33 бет].