Баимбетова Г.З., ғылыми хатшы, ауылшаруашылығы ғылымдарының магистрі,
baimbetova.g@bk.ru, https://orcid.org/0000-0002- 3598-3479 Жалбыров А.Е., кіші ғылыми қызметкер,ауылшаруашылығы ғылымдарының магистрі,
aidos090@mail.ru, https://orcid.org/0000-0002-2765-1538
«Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Қазақстан Республикасы, Қызылорда қаласы
Аңдатпа. Мақалада Арал өңіріндегі мелиоративті-инженерлік жүйеге келтірілген суармалы алқаптың ауыспалы егіс топырағындағы күшейген тұздылық мөлшерін бәсеңдетудің жаңа технологиясы мен зерттелген нәтижелері баяндалады.
Қазіргі таңда 251 мыңнан аса ауыл шаруашылығына пайдалану жарамды жер бар. Оның 2020 жылы инженерлік жүйеге келтірілген 184 мың гектар жер пайдаланылады. Біздің мақсатымыз топырақты жақсартып қана қоймай, қалған 67 мың га аумақты айналымға қосу. Осы жерлердің жағдайын жақсартып, ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі мен сапасын және шаруашылықтардың экономикалық жағдайын жақсарту. Қазақстан Республикасының Президенті ауыл шаруашылығындағы маңызды міндеттердің бірі ретінде суармалы жер көлемін таяудағы уақыттың ішінде 3,0 млн. гектарға арттыру міндетін алға қойып, Үкіметке нақты тапсырма берген болатын. Осы тапсырмаға сәйкес Үкіметте суармалы жерлерді дамытудың 2028 жылға дейінгі жоспары бекітілген.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысы экономикасын дамытуда егіншілік саласының маңызы зор. Күріш – осы өңірдегі басты дақыл болғандықтан, оның егіс көлемі 80-85 мың гектардың маңайында тұрақталып, одан жыл сайын шамамен 450-500 мың тоннадан аса күріш салысы өндірілуі тиіс. Күріш дақылы соңғы жылдары аймақтағы бірден-бір экспорттық әлеуеті артып, нарықта оңтайлы жағдай қалыптастырып отырған бірден-бір дақыл.
Кілт сөздер:тұздылық,топырақ,терең өңдеу, топырақты дәстүрлі өңдеу технологиясы, күріш.
Кіріспе. Топырақтың тұздануыкезінде олардың құрамында суда еритін кешенді натрий және магний иондарының жинақталуы жүреді. Жалпы алғанда тұздану бұл – оның құрамына артық мөлшерде суда еритін тұздардың жинақталуы және топырақ ортасының катионды-анионды құрамының өзгеруімен сипатталады.
Сілтілі топырақтардағы зиянды заттарды бастапқыда күкірт қышқылымен және темір сульфидімен өңделген гипспен нитралдайды, ал одан соң пайда болған тез еритін тұздарды сумен шаяды. Тұздалған топырақты мелиорациялаудың бұл тәсілі өте кең таралған, бірақ оның нәтижелілігі шаятын сулардың мүмкіндігіне тікелей байланысты. Кей кездерде шаятын сулар жер асты суларымен бірігіп, олардың дәрежесін арттыра түседі де, кері әсер етеді. Нәтижесінде жер асты суларының көтерілуі салдарынан топырақтың екінші тұздану қаупі суармалы массивтерде көбейе түседі.
Тұзды топырақ қуаңшылық, шөлді дала аймақтарға тән. Себебі, ондай аймақтарда ауа райының ыстығынан, желдің күштілігінен, жер бетінен судың булануы өте қарқынды жүреді. Соған байланысты жер қабаттарындағы топырақ ерітіндісі буланып жоғары көтерілген сайын құрамындағы еріген тұздар да жоғары көтеріліп, топырақтың үстіңгі бетіне келгенде іркіліп жиналып қалады [1,2,13,15]. Оның үстіне өңірде соңғы жылдары ауаның жылдық орташа температурасы жоғарылап, жылыну қарқыны көтеріліп отыр.Ауаның салыстырмалы ылғалдылығы өте төмен, әсіресе булану мөлшері жаз айларында өте жоғары. Өңірдегі ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 54-58% аралығында болуы топырақтың құрғақтануын жылдамдатуымен қатар топырақтың тұздануы да ұлғайтуда [5,6,7]. Бұл фактор ауыл шаруашылығына қолданатын жерлерге де өз әсерін тигізіп жатыр.
Негізінен егістікке берілетін судың өсімдік өз қалпында өсу үшін 1,5-2,2 г/л тұздың құрғақ қалдық мөлшері болуы керек, ал дақыл түптену және пісу кезеңінде ол 2,5 г/л аспауы керек. Дегенменде пайдаланып жүрген суымызға хлордың, натрийдің көптігіне қарай оның тазалығына назар аударған жөн. Егер хлор ионы 0,35 г/л, натрий 0,25-0,35 г/л болса онда топырақ құрамы тұзданып жеріміз сорлануы мүмкін.
Арал өңірінің топырағы тұзданудың хлоридті-сульфатты түріне жатады.Қызылорда облысында ауыл шаруашылығына пайдаланатын 251034 га жер бар. Осы аумақтың топырағы тұздануы бойынша 2019 жылғы мәліметтерде төмендегідей көлемде жіктеледі [3,14].
1. Тұзданбаған – 2840га;
2. Әлсіз тұзданған – 123377га;
3. Орташа тұзданған – 89907 га;
4. Күшті және өте күшті тұзданған – 34910 га.
2020 жылы инженерлік жүйеге келтірілген 184,2 мың га жерді егін егуге пайдаланған. Қалған ауыл шаруашылығына пайдаланатын аумақ жердің тұздануына, сорлануына және т.б. жағдайларға байланысты айналымнан шығып қалып отыр.
Осыған байланысты институт ғалымдарының жүргізген көп жылдық зерттеулерінің нәтижесі бойынша күріш топырағының тұздану режимін реттеудің бірнеше жаңа технологиясы жасалынып отыр. Солардың бірі – күріштік жерлердің тұзданған топырағын чизель-культиваторымен терең өңдеу [1, 2, 4, 8]. Негізі жерді жылдан жылға бір тереңдікте жырта берсе, соқаның табанымен топырақ нығыздалып, оның төменгі қабатында «соқа табаны» деп аталатын қабат пайда болады. Ол өте тығыз, қатты қабат болғандықтан, өсімдіктер тамырларының, ауаның ылғалдың төмен қарай жылжуына кедергі келтіреді. Сонымен бірге топырақтағы тұз шайылып, қатты қабаттан әрі кете алмай, келесі жылы қайтадан топырақтың беткі қабатына көтеріледі. Сондықтан, чизель-культиваторды пайдаланып қатты қабатты босатып жіберетін болса топырақтың физикалық қасиеті жақсарып, босатылған қабат тұздың тез шайылуына да жағдай жасайды [9, 10, 11, 12].