Кілт сөздер: дәстүр, фольклор, ақындық мектеп, дүниетаным, ұлттық ерекшелік,ұлттық поэзия, ұлттық сипат, стиль, классикалық әдебиет
Кіріспе. Әдебиеттану ғылымында ақындық мектеп туралы, оның өкілдері, өмірі, шығармашылығы, өсу жолдары туралы әркез жазылып, зерделеніп жүр. Десек те Сыр елі өнер тарландарының мұралары, әдеби мектебі жайында бүгінге дейін толық зерделеніп біткен жоқ. Біздің мақсат осы ақындық мектеп, оның өкілдері, орындаушылар жайында жаңаша көзқарас, пікір таныту.
Aқындық-жыраулық поэзия қазақ тарихының барлық кезеңдерiнде де халықтың тұрмыстық қарым-қатынастарының дәнекерi, насихатшысы болып, өскелең ұрпақтың өлең өнерiне деген аса iлтипатты көзқарастарын қалыптастыруға негiз болды. Сөз өнерiнің мұралары еліміздің барлық аймақтарында белгілі теориялық тұжырымдарға сәйкес айқындалады. Aрал теңiзi айналасы мен Сырдария өзенiнiң төменгi атырабы төңiрегiндегi ақындық өнер мұраларында стиль, ағым, бағыт ерекшелiктері анық аңғарылады. Өнер үлгісі, ақындық мектеп заманына қарай өзгеріп, жаңарып отыратын құбылыс. Дәстүр ұғымының аясында стиль, ағым, бағыт категориялары қамтылады деп жүрміз. Ойымызды академик З.Қабдоловтың пiкiрiмен нақтылар болсақ «Стиль-өнер ерекшелігі. Әр стиль-бір-ақ суреткердің өнеріне тән ерекшелік, ағым – бiрнеше жазушыға тән творчестволық бiрлiк, стиль – әр жaзушының дара қасиетi болса, aғым – әр жазушының ортақ сипаты, әр дәуірдегі идеологиялық күрестің әдебиеттегі көрінісі, ағым-әр жазушының әдеби бағыты» [1, 34 бет]. Aрал теңiзi айналасы мен Сырдария өзенiнiң төменгi атырабы төңiрегiндегi ақындық мектеп өкілдерінің әдеби мұраларынан осындай стиль, ағым, бағыт ерекшелiктері танылады.. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» [2],-деген пікірі рухани жаңғырудың қазіргі таңдағы қоғамдық сананы жаңғыртудағы роліне баса назар аудартады. Әралуан боялы өрнектерді қалыптастырған ақындық мектеп дәстүрi қазақ әдебиетi дамуының бiртұтас жүйесi болып табылады.
Ұлттық әдебиеттiң көркемдiк мазмұнын, шығармашылық тұлғалардың даралық стильдерiнен құралған ортақ бағыттағы ағымдар мен ой-пікірлерді қалыптастырған мектептер жүйесін таныту қажет деп білеміз. Көне дәуір мұраларынан қалған небір сөз маржандарын Сыр сүлейлері уақыт көшімен ілгері қарай қалыптастырып, дамытып келеді. Ғалым Р.Нұрғалиев:«Үздік үлгілерден үйренуге құмарлық, адамзат дәстүрлеріне ден қою, туған топырақ байлығынан қол үзбеу-әлемдегі барша таланты қаламгерлерге ортақ қасиет. Ұлттық дария, әлемдік телегей теңіз – осы телағыстың тоғысуынан қазақтың арналы қазынасы- көркем әдебиет жасалады» [3, 6 бет], - деп әдеби дамудағы әдеби жалғастық, даму, әдеби байланыстар, мәдени тоғысулардан туатынын зерделеп берген.
Озат туынды беру үшін шығармашыл тұлғалар халық даналығын, өзіне дейінгі көркемдік тәжірибе, дәстүрді игеріп, бойына сіңірген суреткер ғана әдебиеттің талабына сай шығарма бере алады. Дәcтүр дeгeн бiрлiктi, әрине, өнeр өрiciмен шатастырмау қажет. Oсы oрайда ғалым M.Бaзaрбaeвтың мына құнды пікіріне мән беруді жөн көрдік. «Дәстүрдің берері көп, әйтсe дe оның бар элементтерін талғаусыз, тұрлаусыз оп-оңай әкеп қондыра салу бірeудің киiмінe киюге бaрa бaр. Бірақ, нaғыз мін мұнда да болмaуы мүмкін. Үлкeн қате – оның қолдануында, жaрaспaуында, модaдaн шығып қaлуындa», - дейді. [4,38 бет]
Тұрмағамбет Ізтілеуовтің әдеби мұрасы еңбегінде Ұ.Жанбершиева әдеби дәстүр ұғымына былайша анықтама береді: «Дәстүр дегеніміз-өнер, тарих, өмір атты үш бірліктен құралған өнер бесігі десек, Сыр бойында дүние кешкен ақындардың шығармаларындағы дәстүр жалғастығы осы арналар арқылы үндесіп жатыр» [5, 240 бет], -деп Сыр өңірінен шыққан өнер саңлақтарының өзіне дейінгі дәстүрді жаңашылдықпен меңгеріп, шығыс әдебиеті дәстүрін шығармашылықпен игерген дүнетаным көзқарастарын дәстүр жалғастығы аяында бағалауды ұсынады.
Сыр бойы ақындарында байқалатын бір ерекшелік, қобыз не домбыра, не сырнайды қолға алып, әуез арқылы шабыт алып, жыр төгу өнері бар. Осы өнерді құрметтеп, рухани байлыққа айналдырған халық оны атадан балаға жеткізіп дәстүрге айналдырған. Сондай-ақ, Сыр өңірі ақындарында дәстүрлі түрде қалыптасқан жазба айтысы да бар. Бір тақырып төңірегінде топтасып айтысу және жұмбақ айтысы, жазысып айтысу дәстүрін қалыптастырған. Сол сияқты дидактикалық сарын мол кездесетін ақындарға айтылатын аралық сөздер де дәстүрлік сипатқа ие болған.
Халықтық сипат алып, халықтық дәстүрге айналған Сыр өңірі ақындық мектептерінің ерекшелігін Ұ.Жанбершиева: Осындай жүйрік, ерекше танылғандарды халық өнерде «дүр ақын, сүлей» деп атаған, яғни, «дүр» асыл тас болса, «сүлей» деп Сүлеймен патшадай, яғни жыр патшасы деп дәріптеген» [6,13 бет].