БІЛІМ БЕРУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ: ІЗДЕНІС, ЗЕРТТЕУ, НӘТИЖЕ
Ибраева А. (Қызылорда)
Еліміздің ертеңгі болашағы-бүгінгі мектеп қабырғасынан алған білім нәрімен сусындаған оқушы жастар. Сондықтан да оқушыларға сапалы білім берудің тиімді жолдарын іздестіру өзекті мәселелердің бірі болып отыр.Мысалы, қазіргі кезде бастауыш мектепте оқыту мазмұнын жаңарту жұмыстары жүргізіліп, оқыту, тәрбиелеу ,дамытудың жаңа мүмкіндіктері ашылуда.Жаңа технологияны меңгеру ,азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып,оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.Бір технологияның өзі атқарушылардың шеберлігіне байланысты әр қилы жүзеге асырылуы мүмкін.Белгілі психолог Выготский: «Дұрыс ұйымдастырылған оқыту процесі ғана баланың жеке басының дамуын ілестіре алады.»-дейді.
Қазіргі білім беру үрдісі қиын да,күрделі педагогикалық үрдіс екеніне ешкімнің таласы жоқ. Оқушының нәтижелі, сапалы білім алуы көп жағдайда мұғалімге байланысты.
Мұғалім өз жұмысын жауапкершілікпен, ізденістермен, тәжірибе жинақтарымен толықтырып отыруы керек.
Қазақ халқының көрнекті педагогы Ы.Алтынсарин: «Халық мүдделері үшін ең керектісі-оқытушы.Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілген инспекторлар бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды»-деп мұғалімнің баланы оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі жауапкершілік міндетін жоғары бағалаған. Қазір бұл міндет төмендеген жоқ,қайта ғылыми-техникалық прогреске сәйкес оқушыларға терең білім беру, ізденістер мен нәтижеге бағытталған педагогикалық іс-әрекеттің жетістігін көрсету қолға алынып жатыр.
Оқушыға сапалы білім беру үшін ең алдымен оқушының жан дүниесін түсініп, оның қасиетін анықтап алып, икем дағдысына қарай, қабылдау, түсіну,ұғыну деңгейіне қарай отырып оқыту процесін жан-жақты жүйелі түрде жүргізуі керек.
Әр оқушының бойында тек өзіне ғана тән таным әрекетінің, эмоциялық өмірінің, жігері мен мінезінің ерекшеліктері болғандықтан, әрбір бала өзіне жеке –дара қатынасты талап етеді.Сол себепті алдымен оқушының ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін зерттеп алу қажет. Отбасындағы ата-аналар тәрбиесі мен бала арасындағы қарым-қатынасты да зерттеп барып жүргізілген білім сапасы нәтижелі болмақ.
Мен өз тәжірибемнен нәтижелі білім алу үшін жүргізген жұмыстарымды, кездескен прблемаларды , оны шешу жолдарын қалай ұйымдастырғаным жайлы таныстырмақпын.
Қазіргі менің сыныбым бірінші сынып. Әрине бәрімізге де белгілі бірінші сыныптан бастап сауатын дұрыс аша білсек, дұрыс бағыт берсек сапалы білім алудың бастамасы болады. Жақсы жүргізіп оқып кету үшін нәтижелі де жүйелі жұмысты алдымен әріп танытудан бастап көрейік.
Бірінші сынып оқушыларының қабылдау деңгейі әртүрлі, тез ұғып, қабылдайтын бала бір сыныпта үш-төртеуден аспайды. Көптеген оқушыларға қайталау, жеке-дара қарым-қатынас жасау, көрсету, ұғындыру арқылы ғана ойымызды іске асыра аламыз.
Мысалы: Буындарды әріптен ажырату кезінде көптеген қиыншылықтар кездеседі.Бірінші сыныптың баласы әріпті жақсы танығанымен буын оқу кезінде жаңылысу әрекеттері басталады. «ТА МА ША» деген сияқты буындарды таныстыру басталған кезде әріппен қатар салыстыра отырып үйреткен дұрыс. Т-ТА М-МА Ш-ША С-СА
Әріп пен буынның дыбысталу ерекшелігін, жазылу ерекшелігін көзбен көріп салыстыра қарап ұғынса буынның не екеніне, жеке әріптен қандай айырмашылығы бар екеніне көздері жетеді.
Барлық әріптерді жаттап болғанша буын түрлерімен салыстыра таныстыру қатар жүріп отырады. Буынның жазылуын көзбен көріп жаттыққаннан кейін буын диктантын алу керек. Алғашқы екі-үш дыбыстың әріп таңбасын өткен кзден бастап –ақ салыстыра таныстыру, буын диктантын алып отыру керек.Сонда ғана оқушы буынды жақсы жазып, оқу деңгейі көтеріледі.
Сонымен қатар бірінші сынып баласында әліппедегі бағандағы сөздерді жаттап алып оқулары көп кездеседі. Оны оқып жатыр деген оймен тексермей кете берсек, сауатсыз бала, оқуда көп қиындық келтіретін проблемалар шыға келеді. Міне осындай проблемаларға кездеспес үшін алдын ала оқушымен жеке жұмыс жүргізіп тексеріп отыру керек. Ол үшін бағандағы сөзді оқытып болған соң бірінші, екінші буыны қайсы, көрсет,
Бірінші буыны қандай әріптерден құралған, тақтаға жазып көрші деген сияқты тексерулер, пысықтау жұмыстарын жүргізген дұрыс деп ойлаймын.
Және де дыбыс пен әріптің екінші сағатында оқулықта жазылған бағандағы сөздерді тақтаға параққа жазып іліп топқа тапсырма беруге болады. Әр топтың басшылары барып парақтағы сөздерді оқып орнына келіп топтағы оқушыларға есіне сақтаған бойы айтып жаздыртады. Кезек-кезек барып оқып бір-біріне жаздыртуға болады. Бұл «Эстафета» түрінде жүреді. Мен осылай жүргізіп көргенімде оқу,жазу сауаттылығында жылдам ілгерілеу бар екенін түсіндім.
Суретпен әңгіме құрау жұмыстарын көбірек жүргізу керек. Бір суретке әңгімені барлық оқушы құрауға да болады. Бірінші баланың айтқан сөйлемін қайталамау керек. Осы шартты қатаң ұстаса бала өз сөйлемін құрастыруға талпынады. Сонымен қатар бала байқампаздыққа, шеберлікке үйренеді. Ана тілі пәнінен мазмұн айту дағдысы қалыптасады. Мазмұн айта білу дағдысын қалыптастыруға қосымша ертек, әңгіме оқып бере отырып жүргізілген жұмыстарда пайдалы. Ол үшін шағын қызықты әңгімені оқып беріп болған соң, Суретін көрсете отырып сұрақ қойып, балалардан толық жауапты талап ету керек. Сол әңгіме мазмұны бойынша тақтаға сызба сурет салғызуына болады. Өте кеш қабылдайтын балалар сол суретке қарап әңгімені өз ойымен айтып беруге болады.
Осылайша ана тілі пәніне дайындық жүреді. Әрбір өлеңді оқып берген соң әр шумағын, әрбір жолын талдап қара сөзбен өрнектеп айтып беріп отырса, бала оқығандарын түсінуге қалыптасады. Сөйлемнің, өлеңнің әрбір сөздерін анықтап, астарына қарап түсінуге талпыныс пайда болады, Келе-келе оқығандарын бірден ұғып отыратын дәрежеге жетеді. Бұндай тиянақты, жүйелі жүргізілген жұмыс мазмұндарын еркін айта білу дағдысын қалыптастырады.
Мұғалім әр сабағын түсіндірген кезде, оқушыға қиындық тудырып тұрған жайттарды ойға түйіп қою керек. Келесі сабағында сол қиындықты қалай жеңуге болады деген оймен, ізденіспен жұмыс жүргізу керек. Жеке тапсырманы әр баланың қабылдау деңгейіне қарай жүргізу керек. Жұмыстың нәтижелілігі мұғалім мен оқушының бірлескен әрекеті негізінде ғана жүзеге асады.
Алаш ардагері Ахмет Байтұрсынов «Бала тәрбиесін, оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерді өзі жақсы білуі керек, екінші баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек. Оны білуге баланың туғаннан бастап өсіп жеткенше тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын іздеу керек.» дейді.
Ахмет Байтұрсыновтың бұл пікірі дәл бүгінгі, ертеңгі күннің талап-мақсатымен үндес,өмір бойы өшпейтін,ескірмейтін өсиет. Бұлай дейтініміз-болашақ ұрпақты жан-жақты тәрбиелеу, білім сапасын нәтижелі ету үшін іздену мұғалімге міндет.
Білім сапасында мұғалім нәтижеге жету үшін, әрбір кездескен проблемалық қиындықтарды шешу жолдарын іздестіріп таба білу керек.
Осы орайда сөзімді «Шеберлік-жетуге болатын нәрсе, шебер ұста, шебер зергер сияқты шебер педагог та бола алады., ол үшін көп ізденіп, тынымсыз еңбектену керек.» деген А.С.Макаренконың ойымен қорытқым келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |