ҮЙ ТАПСЫРМАСЫН ОРЫНДАУДАОҚУШЫҒА АТА –АНАСЫНЫҢ КӨМЕГІ
Имашова Т. (Қызылорда)
Қазіргі кездегі мектептің қойып отырған, талабы –жеткіншек ұрпақтарды негізгі пәндермен терең де берік қаруландыру, ал меңгерген ілімдерді күнделікті өмірде өз деңгейдегі іскерлік –шеберліктермен қолдана білу. Мұндай күрделі мәселені мектеп тек қана ата-ананың бірігіп жұмыс істеуі нәтижесінде шеше алады.
Мектепке барған бала еңбектің жаңа түрі – оқумен шұғылдана бастайды. Бірінші класс оқушыларының көбінің оқуға деген талабы болады. Бұл –бірақ алғашқы мектепке, оқуға деген сыртқы еліктеу. Сондықтан оқушының осы бастауыш сыныптан бастап оқуға деген қызығушылығын қалыптастырмаса, оқу жылының соңында бірінші сынып оқушысының оқуға, тіптен мектепке бару талабы жойылады. Сол себепті ата-ана баласының оқып жүргеніне немқұрайлы қарамауы тиіс. Амал жоқтықтан оқып жүрген оқушы өзіне де, отбасына да, мектепке де көптеген реніш әкеледі. Ата-ана осыған байланысты баласының мектепке барған күнінен бастап оның оқуына, тәртібіне көңіл бөліп, тиісті дәрежедеде қадағалап, көмектесуі керек.
Ата-ана баласының кейбір мәселені білмей, шеше алмай жатқан кезінде оны кекетпеуі керек, себебі ол баланыңалғашқы қадамдары. Егер бала ата-анасының сабақ дайындау барысында қиын мәселеллерді шешуге көмектесетінін білсе, оларды сыйлаушылығы артады. Төмен баға алса, олардан ұялып қысылады. Сөйтіп келесі жолы жақсы баға алып, ата-анасын қуантуға тырысады. Ата-ананың көп қателесетін мәселесі, ол мұғалімнің бірінші сынып оқушыларына қоятын бағасы жөнінде. Кейбір ата-ана баласын тек қана «4» пен «5» алуға тиісті деп те айтады. Мұны естіген бала ата-анасының жазалауынан қорқып, «2» немесе «3» бағасы тұрған күнделіктің бетін жыртуға, бағаны түзетуге немесе басқаша жолдармен оларды алдауға барады. Сол себепті ата-ана баға баланың оқуындағы маңызды, бірақ басты мәселе емес екендігін білулері керек. Тек жақсы баға үшін оқыған балада танымды қызмет пен қызығушылықтың жақсы дамуы екіталай. Сонымен қатар бала өтірік айтуға тек өзіне пайдалы жаққа ғана әдістенуге, жағымсыз қылықтарға үйренеді. Ата- ана баласының сабақ дайындау барысында қиын мәселелерді шеше алмай жалғыз қалмауына жол бермеуі керек Егер болмаса «2» алса, оның себебін біліп , оның тез арада жою шараларын қолдануы керек . Үштік бағамен де қанағаттанған дұрыс емес. Бұл баға да баланың біліміндегі олқылықты көрсетеді. Сол себепті «2» мен «3» деген баға оқушыға көмек керек екендігі жөніндегі хабарлама болып табылады. Ата –ана баланың үйде жасайтын өзіндік жұмысына қажетті жағдай жасауы керек, бала өз оқуының туған туыстары үшін аса маңызды екенін түсінуі тиіс. Ата-ана баланың бойына лайықты үстел, кітап қоятын сөре, оқу құралдары, қалам қара және түсті қарындаш , сызғыш, өшіргіш, т/б құрал-жабдықтары бар оқушы бұрышын жасауы керек. Оқуға барған күннен бастап бала үйге белгілі бір уақытта сабақ дайындау үшін күн тәртібі (режимі) болуы тиіс. Бала сабаққа дайындалғанда бөлме іші тыныштықта болған жөн. Осыдан-ақ бала әке-шешесінің оның оқуына үлкен мән беретінін байқайды. Үйде сабағын тамақ ішетін үстелде дайындайтын балалар бар. Мұндай жағдайда ата-ана «сабағыңды үстелдің үстінен алып кет, басқа жерге, не қоя тұр»-деп ұрысады. Тамақтан кейін ата-ана телевизор көреді, олармен қосылып бала да көреді, сосын ұйықтап қалады. Соның нәтижесінде ертесіне «2» деген бала алады. Осылайша ата-ана баласының оқуға деген ынтасын бұзады. Ата-ананың оқушыға беретін ең бір қажетті көмегі үйде өздік жұмыс жасату. Үй тапсырмасын орындау барысында оқушының өзіндік жұмыс жасауына дағдыландыруда ата-ананың көмегі қандай болуы керек?
Мәселен: «Ана тілінен» балалар бірінші сыныпты бітірер кезде әрбір сөзді дұрыс, мәнерлеп оқи білулері керек. Тез оқу дағдысы түрлі жаттығулардың нәтижесінде қалыптасады. Әрина ,бұл жөнінде де ата-ана тарапынан бақылау болуы керек. Бірақ «осыны оқымай, орныңнан тұрмайсың» деуге болмайды. Кітапты оқып көп отыра беру баланы жалықтырып жібереді. Баланың одан гөрі берілген тапсырманы дауыстап бірнеше минуттай оқығаны жөн. Осылайша күнде оқуы керек. Ата-ана баланың оқуын қадағалауға уақыт бөліп дұрыс бағалап отырса, баланың өзіне деген сенімділігі күшейе түседі.
Білім негізі бастауышта қаланатындығы әркімге аян. Баланың оқуға деген ынталылығы, қабілетінің дамуы, мінез-құлқында болатын ерекшеліктер осы жаста мектеп және отбасы тәрбиесіне байланысты біртіндеп қалыптасып, дами береді. Кейбір бала жолдастарымен дұрыс қарым-қатынас жасаудың орнына, орынсыз ашуланып, ызаға булығып, керісіп қалады. Сөйтіп өз жолдастарынан оқшаулана беретін баланың өзі де, достары да байқамайды.Кейбір бала сабақты ықыластана тыңдағанымен, түсінігін айтып бере алмайды. Үй-ішінде, өзге адамдармен әңгіме арасында ойын жеткізе алмайды. Мұндай баланың отбасында көп сөйлеуіне көңіл бөліну керек. Ол үшін сұрақтар қойып, жауабын тыңдап, өзінің естігенін айтқызған жөн. Бала ойын жеткізе алмауының екінші себебі – сөз қорының жеткіліксіздігінен де болады. Сондықтан отбасында баланың тілін дамыту керек. Кейбір 1-сынып оқушысы тексті кітап бойынша оқи алады, бірақ,жазуы нашар. Және үйге берілген жаттығуды орындамай келеді. Себебі, бала үйінде сабақ орындауға дағдыланбаған. Демек, отбасында баланың сабаққа дайындалуына, өздігімен оқуына мән берілмеген. Ата-ана бастауыш сынып оқушысы өзін-өзі бақылай ала ма деген қате пікірде болады. Қайта оларды өзін-өзі бақылауға осы жастан үйрету пайдалы. Сонда ғана қандай істі болмасын ойланып істеуге үйренеді.
Баланы бақылау дегеніміз – оның ісінің дұрыс –бұрысына мән беріп дұрыс бағытқа салып отыру ғой. Бала жас еркешелігіне, ойының дамуына, іс-әрекетіне қарай белгілі бір бағыттағы тәрбиені қажет етеді. Сондықтан, ата-ана ой-пікірін әрдайым мектеп мұғалімдеріне айтып, ақылдасып отыруға тиіс.
Өздеріңізге аян, оқушылардың мектепте алған білімі тиянақты болуы үшін әрдайым үйге тапсырма беріледі. Оқушылар сол тапсырманы ойдағыдай орындаса,сыныпта алған білімін нығайтып,тиянақтайды. Келесі сабақты жақсы түсінетін болады.Оқушы үйге берілген тапсырманы орындамаса, өткен сабақты шала түсінеді, соның салдарынан жаңа сабақты меңгеруі де қиынға соғады.
Демек, үйге берілген тапсырманы орындаудың маңызы қандай екенін осыдан көруге болады. Сондықтан отбасында ата-ана баланың үй тапсырмасын орындауына баса көңіл аудару қажет. Кейбір ата-ана баласының математикадан берілген есебін өзі шығарып береді, бұл өте зиян. Біріншіден, баланың өз бетімен жұмыс істеуіне кедергі жасайды. Екіншіден, баланың өзіне деген сенімділігін жояды. Үшіншіден, баланы жалқаулыққа үйретеді. Оқушыға көмектескенде, түсінбеген ережені не емлені түсіндіру керек. Сөйтіп, оқушының әрі қарай өз бетімен оқуына, тапсырманы орындауына бағыт берген жөн. Жазбаша жаттығуды орындамас бұрын, сол жаттығуды орындаудағы нені білу керектігін және соған байланысты тақырыпты тағы да жақсылап оқып, қайталау қажет.
Сондай-ақ бала тақпақтарды, прозадан үзінділерді жаттағанда, мазмұнын түсініп жаттады ма және көркемдегіш сөздеріне мән берді ме, мәнерлеп оқи ала ма? Осы жағына зер салу керек. Бастауыш сыныпта-ақ үй тапсырмасын мүлтіксіз орындауға дағдыланған бала жоғары сыныпта өз бетімен үй тапсырмаларын мұқият орындайтынын өмір тәжірибесі айқын көрсетіп отыр. Әрине, бұдан жоғары сынп оқушыларына бақылау жасаудың қажеті жоқ деген қорытынды тумайды.
Ата-ана баласының үй тапсырмасын орындауын, уақытты тиімді пайдалануын үнемі бақылып, қамқорлық көрсетіп отырғаны абзал.
Достарыңызбен бөлісу: |