Әдебиеттер
1. [Бастауыш мектеп 2009 №9, №7]
2. [«Ақпараттық технология және қашықтықтан оқыту» Мұхамбетжанова С.Т. п.ғ.к., ББЖКБАРИ ]
3. [Қазақстан Республикасының бiлiм беру жүйесiн 2010 жылға дейiн дамытудың Мемлекеттiк бағдарламасы. ]
4. [Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін 2015 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы ]
ОРТА КӘСІПТІК ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІ АРАСЫНДА ҰШЫРАСАТЫН ЖАҒЫМСЫЗ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚТЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ТАНЫМДЫҚ ІС-ӘРЕКЕТТЕРІН БЕЛСЕНДЕНДІРУДІҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Нуркасымов Б. Б. (Ақтөбе)
Орта кәсіптік оқу орындарының студенттері жас шамасы жағынан ересектік деңгейге өту алдындағы жасөспірімдер болғандықтан ұжымдағы құрбыларымен, оқытушылармен өзара қатынаста айрықша сезімталдықпен ерекшеленеді. Бұл жағдай көбінесе аталған жас кезеңінің өзіндік ерекшеліктерімен тікелей байланысты.
Жасөспірімдер өздерінің іс-әрекетіне, тұлғалық жеке қасиетіне қатысты айтылған жағымсыз сындарды жаны күйзеле қабылдайды. Оқу мәселесіндегі жетістіктердің болмауы олардың бойында ішкі қарсылықты, кей жағдайда ой еңбегін жек көруге, тіпті іскерлік қабілеті мен өз күшіне сенбеушілік, оқытушыларды іштей жақтырмау сияқты келеңсіздіктерді туындатады. Олардың тәртіпсіздікпен ұштасып жатқан оқуға деген қанағаттанарлықсыз ынта-ықыласын назарға ала отырып, жас шамасы жағынан ересектік деңгейге өту алдындағы жағымсыз мінез-құлықты жасөспірімдерге осындай мінездемелер беруге тура келеді. Осындай іс-әрекеттерінің салдарынан олардың танымдық деңгейлерін белсендендіру процесі барысында оқытушылардың оқыту-тәрбиелеу ісінде түрлі қиындықтар туындайды. Мұндай студенттер жұмыс қабілетінің төмендігімен ерекшеленеді, тез шаршайды және алаңдағыш келеді, ұстамсыз, байыпсыз, қызба мінезімен өзіне басқалардың көңіл аудартады. Олардың мінез-құлқы айналасында болатын жағдайлар әсеріне тәуелді болғандықтан көп жағдайларда олар нашар басқарылатын, дау-жанжалды және агрессивті болып келеді. Өзгеше мінез-құлықтарымен жүрген жерлерінде өздеріне де, өзгелерге де проблема жасап жүреді. Олар айналасындағыларды ызаландырып өзіне қарсы қояды. Арнаулы зерттеулердің басым көпшілігінде жағымсыз мінез-құлықтардың туындауы мен болу себебі және оларды болдырмау жолдарын алдын-ала қарастыру әдістері ғалымдарға белгілі болғанымен көп жағдайда оқытушы педагогтардың қолынан келе бермейтін іс. Бұл жағдай оқытушылардың жағымсыз мінез-құлықты жасөспірімдермен жүргізетін жұмысын, «дұрыс мағына» қисыны бойынша істеп көру және қателесу әдісімен стихиялы түрде жиі жүзеге асыруына әкеліп соқтырады. Бұл ретте мінез-құлықтары мен тәрбиесі әртүрлі студенттерге оқытудың және тәлім-тәрбиенің жалпыға ортақ әдістері қолданылады. Осының салдарынан оқу үдерісін ұйымдастыру процесінде қателік жіберіліп, жағымсыз мінез-құлықты студенттермен, олардың жастас құрбыларымен шиеленісу жағдайы жиі болып тұрады.
Жағымсыз мінез-құлықты жасөспірімдердің негізгі ауытқу өрісі – оқу ісінде олар қиналыспен, жалқаулықпен, нашар оқиды ал, іс-әрекетінде айтқан ақылды тыңдамауға тырысады, оқу орны мен одан тыс жерлерде тәртіп пен талаптарды бұзып өзін жақсы қырынан көрсете алмайды. Дегенмен де, олардың арасында сыртқы ортаның жағымсыз жағдайы мен ықпалынан шыға алмау себебінен әлеуметтік пайдалы нәтиженің іске асыру ретін таба алмай жүрген, белсенділік деңгейі жоғары, бойында шығармашылық қабілеті мен басқа да жағымды қасиеттері бар студенттер жиі кездеседі.
Мұндай жағдайға түскен студенттердің педагогикалық тұрғыдан қараусыз қалу себебі мектеп тәрбиесінің кемістігі болып табылады. Соның ішінде педагогикалық тәрбиеден қараусыз қалғандардың көпшілігі өзін жоғары бағалайтын мектеп оқушылары. Олар жалпы білім беретін мектептерде берілетін тапсырмаларды басқы уақытта шамасы келгенінше шешкенімен, келесі оқу жылдарында қиындықтарды жеңуге үйрене алмай, қойылған талаптардың жоғарылауынан аз жұмыс істеп дағдыланғандар. Жылдан-жылға қойылған талаптар мен білім деңгейінің шамасы жоғарылаған сайын олардың оқыту мекемелеріне, сонымен бірге оқып-үйрену ісіне деген немқұрайлығы да арта түседі. Осының салдарынан оқу мәселесі бұрынғы деңгейінен нашарлай түседі.
Төмен оқитын студенттерде танымдық іс-әрекетін дамытуға кедергі болатын мынадай кері тартпа мінездер қалыптасады: шалағайлық, енжарлық, тұрақсыздық, еліктеушілік, ұғынбаушылық, ойлануға тырыспаушылық. Екіншіден, мұндай категориядағы студенттер белгілі бір әрекетті үлгі немесе нұсқау бойынша істей алмайды, оқу ісіне байланысты жеке дара тапсырмаларды, мысалы: белгілі бір тақырып материалын талдау немесе жүйелеуді өз бетімен орындау кезінде қиындыққа душар болады, тапсырманы шешуде көшіріп алуға тырысады, жалпы айтқанда түсінуге, қолдануға жағдай жасайтын оқу ісінің әдістерін меңгермейді және бұл әдістерді жаңа жағдайға ауыстырып аяқтап шыға алмайды. Бұлардан басқа, оқыту әрекетін орындату кезінде келесі ерекшеліктері байқалады: бірнеше әрекеттерді бір-бірімен біріктіре алмайды және оның іске асыру тәсілін жеткіліксіз әрі шала орындайды, өзін-өзі бақылау және дәлме-дәл бағалау қасиеттері қалыптаспаған.
Сонымен, жағымсыз мінез-құлықты студенттердің танымдық іс-әрекеті оның негізгі құрамдас бөліктерінің қалыптаспағандығымен немесе мүлдем болмауымен ерекшеленеді.
Қалыптаспаған танымдық іс-әрекеттің құрамдас бөліктеріне мыналар кіреді:
1) мақсаттар;
2) танымдық себептер;
3) танымдық қызығушылықтар;
4) өзіндік бақылау.
Жалпы алғанда жас шамасы жағынан ересектік деңгейге өту алдындағы жағымсыз қылықты жасөспірімдердің танымдық іс-әрекетінің ішкі процесін ояту үшін (студенттің тұлғалық ерекшеліктері: қызығушылығы, себептері, еркі, эмоциялары) оқытудың ең тиімді жағдайын жасау, өзгеше бір ыңғайын қарастыру арқылы, осындай жасөспірімдердің танымдық іс-әрекетін қарқындатуға жағдай жасайтын арнайы әдістер мен тәсілдерді таным процесіне қосу реттерін іздеу қажеттілігі туындайды. Оқытушы тарапынан жасалатын сыртқы әсерге кірісуден бұрын ересектік деңгейге өту алдындағы мінез-қылығында ауытқуы бар жасөспірімдердің танымдық іс-әрекетіне қатысты ерекшеліктерді алдын-ала анықтап, екі арадағы арақатынасты белгілеп алу қажет.
Бұл мәселе тұрғысында жағымсыз мінез-құлықты жасөспірімдердің танымдық іс-әрекетін қарқындату жағдайына апаружолдарын қарастырған ғалымдардыңәртүрлі тәсілдері бар. Адамды таным процесіне белсендіре қосу танымдық іс-әрекет әсерімен сананың барлық процесін жетілдіруге әкеледі. Бірақ ол тек қана оқушыларға емес, тәрбие ісімен айналысатын педагогтарға да өте күрделі іс. Сондықтан ғалымдар оқушыларды танымдық іс-әрекетке белсендіре қосуға және оқу процесін тиімді ұйымдастыруға қажетті мүмкіншілік пен жағдай тудыратын проблемаларды ерекше бөліп көрсетеді.
Бірінші факторы - оқу күні, оқу аптасы және оқу жылы кезеңдерінде олардың басым көпшілігінде жұмыс қабілеттілігінің жақсы жақтары емес, жағымсыз әрекеттері тіркеледі. Іс-әрекеттерінде үлгермеушілік пен тәртіпсіздік белгілерінің айтарлықтай ұлғайғандығы байқалады.
Екінші факторы - білім алушылардың оқу мүмкіншіліктері мен сабақтардағы оқу жұмысы қарқынының сәйкессіздігі туындайды. Ғалымдардың зерттеулері бойынша ересектік деңгейге өту алдындағы жағымсыз қылықты жасөспірімдердің іс-әрекетінің қарқыны құрбыларымен салыстырғанда 2-3 есе төмен екендігін көрсетеді. Бұл жағдайда, аталған жасөспірімдер оқытылған материалды игеріп кете алмайды, соның нәтижесінде үлгерушілер қатарынан қалып қояды. Осының салдарынан түсінбеушілік, қиыншылық, білім алушылардың қателіктер жасау фактілері туындап, олардың танымдық іс-әрекетке қатысты белсенділіктері мен өз бетінше жұмыс істеу қабілеттерінің басылып қалуына әкеліп соқтырады.
Үшінші факторы - оқу жүктемесінің игерілу нәтижесі экстенсивті сипаттама ретінде анықталады. Бұл жағдайда жағымсыз қылықты жасөспірімдердің сабақ уақытын тиімсіз пайдаланатындығы, оқу материалын игермейтіндігі, берілген тақырыптың бекітілу кезеңі олар үшін теориялық сабақты дұрыс түсінбеген, тәжірибелік сабақтағы іс-әрекетті дұрыс тәсілмен игермеген жағдайда аяқталатындығын көрсетеді. Бұл мәселеде оқытушының аталған кемшіліктерді сабақ кезінде түзеп үлгеруі сирек болатын жағдай. Осыдан кейін жағымсыз қылықты жасөспірімдердің танымдық іс-әрекеті сабақта жіберілген кемшіліктеріне байланысты жақсы мазмұнда сипатталмайды.
Төртінші факторы – жағымсыз бағалану жағдайларының басым түсуі. Іс-әрекеттерінде ауытқу нышандары бар оқушылар педагогтар тарапынан көптеген сын, ескертулер, жағымсыз бағалар алады. Мазасыздану, кінәлану алдындағы қорқыныш, төмен баға алу олардың басында тұрақты түрде болып тұратын жағдайға айналады. Бұл фактор жағымсыз қылықты жасөспірімдердің танымдық іс-әрекетін жақсарту ісіне кері әсерін тигізеді.
Бесінші факторы – оқу және тәрбие жүйесімен тікелей байланысты емес, педагогтардың жіберген қателерінің салдарынан туындайды. Оны әлеуметтік-педагогикалық ауытқу себептеріне жатқызуға болады. Оған жасөспірімдердің оқудағы үлгермеушілік себебіне байланысты отбасында туындаған келіспеушілік жағдайлары жатады. Отбасындағы мұндай келіспеушіліктердің шығуына, көпшілік жағдайда жағымсыз қылықты жасөспірімдердің оқудағы іс-әрекеті мен үлгерімі үшін педагогтар тарапынан қойылған жағымсыз бағалар мен сын, ескертулер себепші болады.
Жоғарыда келтірілген қателер оқытушылар тарапынан мүлдем жіберілмеуі керек, өйткені олар жағымды өзгерістерге бет бұру мүмкіншілігін қиындатады, жасөспірімдер тұлғаның дамуына ыңғайсыздық әкелетін жағдайлардың ортасында қалады. Бұлардың барлығы жасөспірімдердің мінез-құлықындағы ауытқудың тұрақты түрде қайталана келіп, жағымсыз әдеттердің бекуіне әкеліп соқтырады. Осы қателіктерді болдырмау жас шамасы жағынан ересектік деңгейге өту алдындағы жағымсыз мінез-құлықты жасөспірімдерді танымдық іс-әрекетке тарту және жағымды мінез-құлыққа қалыптастыру мүмкіншілігін арттырады.
Танымдық іс-әрекетке тарту процесіне оқытушы және студент қатысады, олардың әрқайсысының атқаратын өз міндеттері бар. Бұл іс-әрекеттің табысы педагог пен білім алушы арасындағы түсіністікке, екі жақты әрекеттестік деңгейіне, арақатынас түріне байланысты. Егер тілектестіктің эмоциялық жағдайы, оқытушылардың студенттерге және олардың ата-аналарына деген сыйластық ара-қатынастары құрылмаса, онда жасөспірімдер мен оқытушылар арасында жағымсыз қатынас орнап, өзара түсініспеушілікке әкеледі.
Жағымсыз мінез-құлықты жасөспірімдерді танымдық іс-әрекетке нәтижелі түрде тарту үшін оқу орнында жағымды эмоциялық жағдай мен оқытушылардың студенттермен тілектестік және сыйластық жағдайда қатынас жасауының маңызы зор. Танымдық іс-әрекеттің сыртқы жағдайы, яғни педагогтың проблемалық оқыту әдістерін дұрыс таңдауы және жүзеге асыра білуі проблемалық оқыту-тәрбиелеу ісінде бұл әрекеттің ішкі жағының, яғни білім алушылардың жеке ерекшеліктерінің дамуын қамтамасыз етеді. Жағымсыз мінез-құлықты жасөспірімдердің танымдық іс-әрекетін белсендіру ісіндегі дидактикалық құралдардың өзгешелігі осы топтағы білім алушылардың жеке ерекшеліктеріне байланысты.
Білім алушылардың танымдық іс-әрекетінің өту ерекшеліктерін зерттеу мақсатында жасалған жұмыстар барысында алға қойылған істің табысты шешілуі мен белсендірілуі, алдымен оқу-тәрбиелік ықпалды студенттердің қабылдауына, соның ішінде оқудың мәнін түсінулеріне, жеке қызығушылықтарын туғыза білуге тікелей тәуелді. Бұл әрекеттің нәтижелілігі, сол сияқты тұлғаның зияткерлік сапаларына, ақыл сапасының дамуына, білім игеру қабілетіне де байланысты.
Үйрену, дағдылану және танымдық іс-әрекет әдістері оқыту барысында ғана қалыптасады. Өз реті бойынша ересектік деңгейге өту алдындағы жағымсыз мінез-құлықты жасөспірімдердің үйрену және дағдылану қабілеттері көп жағдайда жарым-жартылай, толық емес немесе дұрыс емес күйде қалыптасады. Бұл жасөспірімдерге оқи білу дағдысын бекіту, яғни білімдегі жетіспеушіліктерді жою, оның ішінде толықтық, жүйелілік, икемділік, беріктік қағидалары бойынша білім қорын кеңейту; іс-әрекетті нұсқау және орындалу тәртібі бойынша іске асыру, оқытушы тарапынан толық бақылаудың болатындығын сезіндіру, жаңа тақырыпты көрнекілік құралдарын пайдалана отырып нақты бөлшектеріне дейін айтып шығуға, әрбір іс-қимылды сенімділікпен еркін орындауға үйрету. Істің нәтижесі бойынша әрекет ету тәсілдерін ажырата білуге, бірнеше тәсілдерді салыстыра білуге, қажетті жағдайда тәсілді өзгертіп жаңа жағдайға көшуге, яғни жоспарға, көрнекілікке, кестеге сүйене отырып әртүрлі әдістерді пайдалана білуге дағдыландыру үшін оларды арнайы мақсатпен күрделі әрекеттерге үйрету қажет.
Сонымен, жағымсыз мінез-құлықты жасөспірімдерді танымдық іс-әрекетке тарту үшін оқу орнында жағымды эмоциялық жағдайлар жасауымыз қажет. Барлық оқытушылар болып осындай категорияға кіретін студенттермен тілектестік, сыйластық, түсінушілік жағдайындағы қатынастарды орнатуымыз керек. Әрбір педагог проблемалық оқыту әдістерін дұрыс таңдай отырып, оқыту-тәрбиелеу ісінде танымдық деңгейін жақсарту керекті білім алушылардың жан-жақты дамуын әрекеттескен түрде жүзеге асыруы қажет.
Білім алушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, ынта-ықыластары мен қызығушылықтарын туғызу, оқудың маңызын түсіндіру, сонымен бірге оқу-тәрбиелік жағымды ықпалдар жасай отырып берілген тәлім-тәрбиелерді олардың санасына қабылдату жолдарын табуымыз керек.
Достарыңызбен бөлісу: |