МУЗЫКАЛЫҚ ТӘРБИЕ ӘДІСТЕРІ
Сегізова Ж.С. (Ақтөбе)
Оқу-тәрбие жұмысында ұлттық мектептің негізгі ерекшелігі оқушыларды өз халқының ғасырлар бойы қол жеткізген табыстарына ұмтылуға тәрбиелеу, ұрпақты ата-баба салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен қайта табыстыру.
Музыка өнері әрбір оқушының әсемдік әлеміне үйірсек болып қана қоймай, оны қорғауға және рухани мәдени деңгейін көтеруге табиғи жағдай жасайды. Сол себепті әрбір қоғам мүшесін өнерпаздыққа тарту қоғамның обьективті қажеттілігі және заңдылығы болу керек.
Білім беру саласында оқушылардың эстетикалық, этикалық және адамгершілік нормаларын меңгерту міндетін жүзеге асыруда музыка пәнінің орны ерекше. Музыка тәрбиесі жастарды өнер құндылықтарын жасауға қатыстыра отырып олардың бойында белгілі адамгершілік-эстетикалық мәдениетті, көркемдік талғамды, шығармашылық қабілетті дамытады.
Тәрбиедегі басты мақсат:қоғам мүшелерін әлеуметтендіру болатын, яғни өнер- адамның тек қана рухани өмірінің құрамдас бөлігі болыпқоймай, әлеуметтендірудің аса пәрменді құралы болды.
Ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келген халықтық қазынаны,оның таңдаулы үлгілерін жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу құралына айналдыру, нақтырақ айтқанда,олардың көркемдік,музыкалық, эстетикалық талғамы мен мәдени деңгейін жоғарылату-басты міндет. Бағдарлама мазмұнына ауыз әдебиеті жанрларынан балаларға үлгі боларлықтай, тәрбиелік маңызы зор шығармалар енгізілген.
Халық мұрасын мұғалім оқушылардың жан-жақты тәрбиесінде орынды пайдалануы қажет. Мақал-мәтелдерді, жұмбақтарды балалардың жас ерекшелігіне, сабақтардың мазмұнына байланысты талдап, тәрбиелік мәнін оқушыларға дәлелдеп түсіндіру, мұғалімнің шығармашылық ізденуіне, әдістемесін жетілдіруіне көмектеседі.
Бағдарламада шешендік айтыс, суырып салма ақындық өнері, ән айту, жыр-терме, театр өнері, би сабақтары да интеграцияланған курстарда өз бейнесін тапты. Ұлттық өнерге осылай оқушыларды жастайынан баулу олардың адамгершілік, эстетикалық қасиеттерінің дұрыс қалыптасуына, мәдени дәстүрге деген сыйластық сезімін дамытуға әсерін тигізді, оқу-тәрбие процестерінің сапасын арттырды. Оқушылардың әсемдікті түсіну қабілетін дамытады.
Ұлы Абай өмір шындығын дәл бейнелеу жөнінде поэзия мен музыканың рөлін былайша суреттеді: әсемдік сыры, биік мұратталғандары, көркем шарттары, шығармадағы дарындылық пен шеберлік ән мен күйді орындаудағы дәстүрлер, т.б. мәселелерді көтере келіп, эстетикалық тәрбиенің негізгі өлшемдеріне ғылыми таңдаулар жасады. Ойшыл ақын жеке адамның эстетикалық сезімдерін дамытудың нақты жолдарын қарастырды. Абайдың түсінігінше, баланы жастайынан көркемдікке баулуда үлкендер неғұрлым ертерек ойластыруы қажет, өйткені бесіктегі нәрестенің өзі ананың әлдиі, құлағына жеткен ән-күйдің әуезді үні арқылы сұлулық пен көркемдіктен хабардар болып жатады.
Жастарға эстетикалық тәрбие беру ісінің мазмұнды, деректі, ұғынықты келуі, әр ән мен күйдің көкейге қонымды, әсерлі болуын қажет етеді.
Оқушы күнделікті өмірде музыкамен етене араласады. Мұны салыстырмалы түрде алғанда үш жүйеге бөлуге болады:
1)Музыка сабағында ұжымдық тапсырмаларды орындауы (бірігіп күй тыңдауы және музыкалық шығармаларды талдауы);
2) Өз бетінше қатысуы;
3) Музыканы кездейсоқ тыңдауы.
Ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби «Музыкалық идея оны жүзеге асыратындай әрекет ету қабілетінсіз іске аспайды, музыканы көп тыңдау, жаттығу түрлерін бір-бірімен салыстыру, әуенді талдау, әрбір тонның дыбыстық әсерін мұқият есептей білу арқылы музыкалық қабілетті дамытуға болатындығын айта келіп, тәрбиелеу барысында тәжірибе жинақтаудың рөлі зор екенін атап көрсетеді» т.б. өзгерісін бақылап, сезінуге үйренеді. Оқушы эстетикалық сезім мен эмоциялық көңіл күй арқылы қоршаған ортаны әсерлене сезінеді.
Оқушы өз жауабын жолдастарының жауаптарымен салыстыра отырып, пікірінің дұрыстығына немесе жаңсақтығына көз жеткізеді. Сол арқылы оның музыка жөніндегі ойы мен талғамы қалыптасады.
Музыкалық шығарманы талдау, әңгімелесу әдісі арқылы жүргізіледі. Көркемдеу құралын, көркем бейнелердің жасалу жолдарын сабақтың тақырыбы ретінде алынған белгілі бір мәселе төңірегінде талдау оқушы танымын кеңейтіп, сөздік қорының молайуына жол ашады. Талдау үшін музыкалық құбылыстарға тән ұғымдардың қалай аталатынын білу қажеттігі туындайтындықтан бұларды түсіндіріп отыруды мұғалім басты мақсат етіп қояды. Бұл ретте оқушылардың музыкалық сөздік дәптерінің болғаны жөн. Себебі, оқушы бұл ұғымдарды күнделікті өмірде аса көп пайдалана бермейтіндіктен, тез ұмытуы мүмкін. Сөздік дәптер арқылы әр сабақ сайын оқушының сөздік қоры молайып, талдау мүмкіндігі кеңейе түседі..
Талдау, үйретудің алғашқы сатысында музыкалық екі шығарманы салыстыру оқушыға өз ойын жеткізу жеңілдігін тудырады. Мысалы, ән және күй жанрдың ортақ белгілері(нық,жігерлі,екпінді) талдау мен қатар, тиісті айырмашылығы(бір жеңілдеу,екіншісі ауырлау болса, бірі жоғары, екіншісі төмен регистерде орындалуы) арқылы тыңдаушылардың Белгілі бір тобына арналатындығы анықталады. Оқушы осының бәрін әсерлене тыңдай отырып,талқылауға белсене қатысады.
Мектеп оқушыларына аспаптық музыканы талдау біртіндеп күрделене береді. Мектеп қабырғасының осылайша құрылуы оқушылардың көркемдік талғамын музыкалық қабылдауына жол ашумен бірге,олардың озіндік пікірін айта алатындықтай деңгейге жеткізеді. Музыкалық шығармада адам сезіне әсер етудің қайнар көзі музыкалық тақырып болып табылады.
Тақырып шығарманың мазмұнын түсуде басты рөл атқаратындықтан,оның басталып, аяқталуын анықтай алу дағдысын әдетке айналдырған жөн. Мұндай дағдының болмауы шығарманы түсінбегендігі десе де болады. Сондықтан шығарманы тыңдап, талдауда оқушы музыкалық тақырыпқа барынша зейін қоя мән беріп, сол арқылы көңіл күйдің (жігерлі, сергек, сабырлы, ойлы, қайғылы) өзгерістерін бақылауға үйреніп шығама болмысынан саналы түрде түсіну сатысына қарай ауысады.
О.Апраксина: «Музыканы оқушылармен бірге талдау, дұрыс бағытта болуы шарт» -дейді. Талдау барысында музыка тілінің элементтерін түсідірумен шектелмей, ол элементтердің көркем шығармадағы рөлін анықтауға күш салған жөн. Әрине, оның рөлін әр оұушы өзінің түсінігіне тәжірибесіне сүйеніп анықтайды. Мұғалім оқушыға шығарманың мазмұнын композитордың ойымен барынша жақындата түсіндіруді басты мақсат етіп коюы қажет.
Тыңдауды неден бастау керек? Бұл-музыка тыңдауға үйретудің күрделі де маңызды мәселелерінің бірі.
Жалпы, қабылдау процесі жөнінде О.Апраксина: «...кез келген қабылдау күрделі процесс, оған түрлі сезім мүшелері қатысады, нәтижесінде күрделі шартты рефлектордың байланыстар жиынтығы түзіледі». «Музыкалық қабылдау-оның мәні шындықтың көркем бейнесін музыкалық шығармадан ести алу және оның мазмұнын көркемдік бірлік ретінде сезіне отырып бастан кешіре білу қабілеті»-деп атап көрсетті.
Музыкалық шығарманы қабылдау процесі үстінде оқушы оны толық тыңдайды, бірақ толық түсінбеуі немесе мүлдем түсіне алмауы мүмкін. Бұл оның музыка тыңдаудағы тәжірибе ауқымына байланысты. Музыкадағы барлық оқиға желісі музыка үнінің құдіретті тілі арқылы беріледі. Күрделі мазмұнға құралған композиторлық желісі, байланысы бар кесек туындыларды тыңдай білгенмен, толық түсіне білу қиын. Сөз жоқ, ішкі мазмұны музыка тілі арқылы берілетін күрделі шығармалардың негізгі өзегі оның әуені болып табылады. Ал, тыңдаушы музыкалық білімнің,әсіресе тыңдау қабілетінің аздығынан сол әуеннен ештеңені сезіне алмай, музыканы шала ұғып, эстетикалық әсерленуі ойдағыдай болмайды. Кейде соның салдарынанмузыкалық шығарманы түсінбей де қалады. Бұдан музыканы қабылдауы үшін тек тыңдап қана кою жеткіліксіз екенін аңғарамыз. Сондықтан қабылдау процесі-музыкалық шығарманы тыңдаумен қатар, естіте алу процесі ретінде қарастырады.
Музыкалық шығарманы талдап, тыңдатудың екінші жағы-музыканы ойнап көрсету. Мұғалім шығарманы өзі орындайды немесе үнтаспадан тыңдатады. Бастауыш сыныптарда музыкалық шығарманы мұғалім өзі орындап көрсеткені тиімді. Бұл сыныптарда өтілетін музыкалық шығарамалардың көлемішағын болғанымен, орындау үлкен шеберлікті қажет етеді. Бір шығарманы әртүрлі аспаптарда ойнап көрсету, мәнерлі орындау. Ойнатуға мұғалімнің мүмкіндігі жетпеген жағдайда музыкалық шығарма үнтаспадан тыңдатылады. Оның сыры мынада: күрделі шығармадан үзінді орындаған симфониялық оркестрдің құрамындағы сан қырлы аспаптардың бояуын ешқандай да орындау ауыстыра алмайды. Оратория, кантата, опера, симфониядан алынған үзінділерді үнтаспадан тыңдатқанда ғана сабақ мақсатына жетеді. Қай жағдайда да орындаушы- шығарма мазмұнын жеткізуші.
Аспапта ойнау балаларды ұйымшылдыққа, бірлікке, сезімталдыққа, адамгершілікке баулыса,ол өзінің тәрбиелік міндетін атқарады деген сөз. Оқушылар, әдетте, өздеріне қолдарына ұстап, ойнап отырған аспаптары туралы, тыңдау үшін орындалған музыкалық шығарма туралы әңгіме басталса-ақ болғаны елең етіп үлкен ынтамен тыңдауға кіріседі. Ендеше, балалар сабақта тек ән айтып,аспаптарды ойнап қана қоймай, музыка әлемінің сырын ашып сұхбаттасуға дайын. Сондықтан, сыр сандықты ашып, саз маржанын шашу үшін үлкен ізденгіштік қабілет керек. Қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, болашақ музыка мамандарына,ғұлама ғалымдар мен музыка тарихын зерттеушілердің ғылыми еңбектеріне сүйене отырып, біз біраз мағлұматтар бердік. Бұл деректердің балалардың өздері ойнап отырған аспаптарына деген ықыласын, ынтасын арттыратыны сөзсіз.
Сонымен, сабақ өткен сайын балалардың аспапты меңгеруі шыңдала түседі. Бірак,мұғалім балалармен жұмыс кезінде олардың әрқайсысының музыкалық қбілетін ескергені жөн. Кейде бір оқушы сабақ сайын бір ғана аспапта ойнайды. Ол дұрыс. Себебі, оқушы сол аспапта ойнаған сайын оның қыр сырын терең түсініп, техникалық ойнау шеберлігін тереңдете түседі.
Шығарманы тыңдап болғаннан кейін оның мазмұнын түсінуге бағытталған сұрақтар жүйесін сабақтан бұрын жан-жақты ойластырып алу қажет. Бұл мәселеде мұғалім белгілі бір материалды талдау арқылы оқушыларға нені меңгертетінін өзі анықтап алады. Қойылатын сұрақтар жүйесін дайындауда тағы да бір ескеретін мәселе, сабақ өтілетін сыныптың жалпы музыкалық жабдықталу деңгейі. Осы екеуін ескере отырып,нақты сұрақтар жүйесі дайындалады. Олар анық,қысқа,нақты,дұрыс жауапқа бағыттау арқылы оларды жалпы нәрседен ең бастысын қорытындылай білуге үйретеді. Тәжірибелік көркем бейнелеу іс-әрекеттері барысында:
- оқушылардың көркемдік білім негіздерін игеру және олардың бейнелі ойлау қабілеттерін дамыту;
- балалардың көркемдік образдар жасау және шығармашылық іс-әрекеттерінде әдеби шығармалардан, фольклордан әсерлі сюжеттерді немесе тарихи оқиғаларды көрсете, ұлттық музыканы естірте отырып, туған жер тарихымен, халық өмірімен, тұрмыс-салтымен,мәдени дәстүрлерімен байланысты тақырыптарды мейлінше оңтайлы пайдалану.
Өнерді эстетикалық мәнде қабылдау саласында:
Оқушылардың өнерді эстетикалық қабылдауын жүйелі қалыптастыру, шығарма мазмұнын талдай және бағалай білу дағдыларын дамыту;
Шындық обьектілері мен өнер туындыларынын мазмұнын салыстырмалы талдай білге баулу;
Оқушылардың туған халқынын өнердегі көркемдік дәстүрлерін танып білуіне ықпал етеді.
Музыка сабағында нақты мақсат қойылу арқылы оқушының сезімін (эмоция) ояту үшін қабылдауда белсенділік мақсаты қойылады.
Бұл мақсат:
А) Музыкалық шығарманың мазмұнын оқушылармен бірге талдау;
Ә) музыкалық-дидактикалық ойындар ұйымдастыру;
Б) тиімді әдісті таңдап ала білу.
В) оқушылардың жас ерекшеліктері мен музыкалық даму ерекшелігін ескере отырып, музыкалық шығарма таңдау арқылы жүзеге асырылады.
Екінші міндет-музыканы саналы түсінуге баулу. Саналы түсіну үшін белгілі бір деңгейде музыкалық білім болу керек. Сондықтан, бұл міндетті жүзеге асыру үшін, нота сауатын меңгерту мақсаты қойылады.
Нота сауаты:
а) музыканың көркемдік құралдарының (екпін, саз, ырғақ, әуен, тембр, гармония,өлшем т,б.) музыкаық шығарма мазмұнын жасаудағы ерекшеліктерін түсіндіру;
ә) әнді нотамен орындау;
б) түрлі көрнекіліктер пайдалану;
в) ырғақтық қимылдар жасау (нота биіктігін көрсету, қолды ырғақпен шапалақтап ұру) арқылы меңгеріледі..
Үшінші міндет- музыкалық шығарманы өз шама шарқынша орындауға үйрету барысында орындаушылық дағдыларды меңгерту. Орындаушылық дағдыларды меңгерту арқылы көркемдік білім беру мақсаты қойылады.Бұл мақсат:
а) вокальды хор дағдыларын;
ә) аспапта орындау дағдысын;
б) ырғақтық-би дағдыларын;
в) шығарманы тыңдап,талдау алу дағдысын меңгерту арқылы жүзеге асады.
Үшінші міндеттегі тағы бір мақсат-оқушының шығармашылық қиялын дамыту:
а) ладтық сезіміне байланысты сурет салуға;
ә) суырып салып айтуға (импровизациялау) баулу арқылы жүзеге асырылады.
Осы үш міндет жүзеге асырылу арқылы оқушылардың көркемдік талғамы қалыптасады, әртүрлі жанрдағы музыканы талдай отырып, оның сапасын ажырыта білуге үйренеді.
Музыкалық-дидактикалық ойын.
1.Тоқсан бойынша өтілген әндер мен күйлерді тыңдатып, композиторлары мен шығарманың аттарын ажырата білуге дағдыландыру.
2.Сонымен бірге орындалу ерекшеліктеріне (қандай музыкалық аспаптарда немесе оны кім орындады. т.б) көңіл бөлу.
3.Ойынды түрлі көрнектілер(карточкалар, таблицалар т.б) пайдалану арқылы өткізу.
Сонымен,сабақ өткізу барысында немесе сыныптан тыс музыкалық жұмыс кезінде балалар ұжымының бірігіп аспапта ойнауды қуанышпен сезінуі,бірін-бірі тыңдай білуі,музыкалық аспапқа деген балалардың ынтасының артуы,олардың көңіл-күйінің көтерілуі,музыкалық ой-өрісінің кеңеюі,ең бастысы,әр баланың өз сыныбына,ұжымына керек екенін сезінуі-үлкен өмірге баратын жолдаманың басы екендінін мектеп мұғалімі әрқашанда үлкен жауапкершілікпен сезінуі тиіс.
Бүгінігі таңда музыка мамандарының алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі-осы ата-бабаларымыздай музыканың құдіретін терең түсініп, оны өзінің рухани азығы етіп адам өмірін нұрландыруға ат салысатын музыкалық білімді азамат тәрбиелеу. Баланы музыка тыңдауға,тыңдай отырып оны саналы түрде қабылдауға баулу-музыкалық тәрбие беру жұмысындағы күрделі міндеттерінің бірі. Өйткені, ол оқушының музыкалық мәдениеттілігін қалыптастырудың алғашқы шарты болып есептеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |